Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

БАС МҮФТИ – МАХАМБЕТ АУДАНЫНДА (ФОТО)

15.04.2018 188 0 пікір

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз Атырау облысына жасаған сапары аясында Махамбет ауданы жұртшылығымен кездесті.

Кездесуге ауданның құрметті азаматтары, әкімшілік қызметкерлері, ардагерлер мен жастар қатысты.

Қариялар Бас мүфтиден аудан жұршылығын қасиетті Құранның қазақша мағынасы мен түсінігі туралы кітаппен, жалпы ислами бағытта жазылған құнды туындылармен қамтамасыз етуді өтінді. Серікбай қажы Ораз өз кезегінде «Ұлы дала төсіндегі Ислам» атты кітабын сыйға тартты. Сонымен қатар, ауыл ақсақалдарының өтінішін орындауға уәде берді.

Мешітте өткен басқосуда ұлағатты ұстаздар қазіргі жастардың тәрбиесін түзеу мәселесінде дін қызметкерлерімен ынтымақтаса отырып қызмет ету қажеттігін атап өтті.

«Расында, бүгінгі жастар имандылыққа бет бұрып жатыр. Мешітке келетін жамағаттың 80 пайызы жастар. Өскелең ұрпақтың ізгілікке ұмтылуы құптарлық құбылыс. Алайда, «менің ғана діни көзқарасым дұрыс» деп қатып қалған қағиданы ұстанатын, радикалды пиғылдағы жастарға баршамыз дұрыс жолды көрсетуіміз керек. Өйткені, ол сіз бен біздің баламыз, туысқанымыз, көршіміз. Мәселе баршамызға ортақ болған соң бір-бірімізге көмекші болып, бірлесе қызмет етуіміз керек», – деді Серікбай қажы Сатыбалдыұлы.

Бөгенбай батыр ауылынан келген азаматтар Бас мүфтиден аталған елдімекенге мешіт тұрғызу жұмысына ықпал етуді сұрады. Өз кезегінде мүфти бұл өтінішті қарастыратынын жеткізді.

Басқосуда аудан тұрғындары көкейде жүрген сауалдарына жауап алды.

Бас мүфти ауданнан шыққан тұлғалардың рухына қасиетті Құран аяттарын бағыштап, дұға жасады. Ақ самайлы әжелер мен ақсақалдар мүфтидің қызметіне тілеулестік білдіріп, ақ батасын беріп, шығарып салды.

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру