Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Нұрлыбек ШАКИЗАДАҰЛЫ: Шаранамен туып едің...

02.10.2013 1821 0 пікір

Адам баласы бұл дүниеге ештемесі жоқ пәк күйінде қалай келген болса, бұл дүниеден де ештеме алмай құрқол қайтады. Бірақ, не сауап, не күнә арқалап өтеді. «Қайдан келдім? қайтсем пайдам? өлгеннен соң не болам?» - деп Ислам шариғатын (философиясын – авт.) терең түсінген Шәкәрім Құдайбердіұлы бабамыздың жырлағаны осы екен.

 Шаранамен туып едің,

 Бөз оранып өтесің.

 Бір сағымды қуып едің,

 Қай уақытта жетесің?

 Қанша дәулет жиып едің,

 Бәрі қалды, нетесің?

 Мал үшін жан қиып едің,

 Қайтіп алып кетесің?

 Бала-шағасына, туған – туыстарына өмірдің мағынасын, қамшының сабындай мына қысқа өмірдің көзді ашып жұмғанша өте шығатынын насихат қылып көп айтады әрбір асқар таудай әкелер. Алайда әкенің насихатын тыңдайтын жан барма. Тыңдамайды әрине.

 Күндердің бір күнінде сондай әкелердің бірі «дүние тіршілігінің сәні» (Әли Имран сүресі) болған бала-шағаларын бір дастарханның басына жинап, «Сүйікті менің ұл-қыздарым! Соңғы уақытта науқасым үдеп, күннен-күнге әлім құрып нашарлап жүргенімді сезім жүрмін. Жасым болса міне сексеннің бесеуіне келіп қалды. Аллаға мыңда бір шүкір, өміріме ризамын. Жаратушымды естен шығармай, бала-шағамды адал табыспен асырап, өндіріп, қызды қияға ұшырып, ұлды ұяға орналастырдым. Қолымнан келгенше сендерге де өмірдің мәнісін түсіндіруге, діннің маңыздылығын ұқтыруға барымды салып, насихатымды айтып жүрдім. Қате-кемшіліктерімді кешіре гөр Жаратқан Ием!» деп іштей күрсінді.

Сосын басын жастықтан көтеріп: – Көзімнің қарашығы болған балаларым! Сөзіме құлақ салыңдар! Ажал айтып келмейді. Жассың ба кәрісіңбе оған да қарамайды. Көзімнің тірісінде айтып кетер екі өсиетім бар айналайын құлындарым. (Үлкен балалары «Айтыңыз әке, айтыңыз. Не болса да орындаймыз ғой» деп жатыр)

Бірінші өсиетім: Марқұм анамның бала кезімде жүннен тоқып, тігіп берген шұлығы бар еді. Анамның көзі деп әлі күнге дейін сол шұлықты сақтап келем балаларым. Мен өлгенде осы шұлықты менімен бірге көміңдер. Екінші өсиетімді жастығымның астына бір парақ қағазға жазып кетем. Алайда бұл өсиетімді тек менің жаназамды шығарып, жер қойнына тапсырған соң бірақ ашыңдар айналайын шырақтарым, жарай ма!», – деп дауысын қаттырақ шығарды. Тепсе темір үзетін жастағы үлкен балалары: «Әрине әке, сіздің айтқан сөзіңіз бізге заң ғой»,- деп өтірік – шыны аралас күбір етісті.

Арадан көп уақыт өтпей бала-шағасының қамын күйттеп, өмірінің соңына дейін адал еңбек еткен әкенің көзі жұмылып, ана дүниеге аттанып кетеді. Әдеттегідей мұсылмандық рәсімдерін орындап, жаназасын шығарып, қабірдің басына көмуге алып келеді. Қабір басында ауылдың құрметті Имамына үлкен баласы әкесінің жүрек жарды соңғы сөзі, өсиетін айтып, аманат етіп тапсырған шұлықты бірге көму үшін рұқсат сұрайды.

Имам: «Мұныңыз болмас, шариғатта бұл амалыңызға рұқсат жоқ. Әкең марқұм да шариғатты жақсы білушеді, неге бұлай істегенін түсінбедім. Қазір сізге рұқсат берсем ертең басқалардың да пәленшемді, түгеншемді бірге көм деп айтпасына кім кепіл. Айналайын бауырым, қайғыңа ортақтаспын. Әкең өте жақсы адам еді. Алайда шариғатпен ойнауға болмайды» - деп көркем тілмен, түсінікті етіп жауап қайырады.

Үлкен баласы: «Жарайды имеке, сол шұлықта тұрған не бар дейсің. Көмбесек көмбей – ақ қояйық. Шариғат рұқсат етпеген болса, әкеміздің аруағы да ренжи қоймас» деп, марқұм әкесін жер қойнына тапсырады.

Үйге көңіл айтып келген көңіл айтушылар тарқаған соң, үлкен ұлы өз бауырларын, марқұм әкесінің немерелерін және басқа туыс – туғандарын шақырып барлығы бірігіп әке айтқан өсиет хатты оқуға жиналады.

«Жастықтың астындағы бір парақ қағазға жазылған өсиетте не айтылды екен? Қандай құпия немесе қызық сөз бар екен? Әлде әкеміздің бізге қалдырып кеткен аманаты, мұрасы барма екен», – деп алаңдап отырған бала-шағалардың жұдырықтай жүректері дүрсілдейді ғой осындайда әлбетте.

Үлкен ұлы жастықтың астындағы қағазды қолына алғаны сол еді, тұрған күйінде қатты қалды. Санаулы секунттардан кейін – ақ, қол – аяғы дірілдеп, көзі мөлтілдеп, ақыры шыдамай балаша еңкілдеп жылап жіберді. Өзін тоқтата алар емес. Бүкіл болмысымен, жан-дүниесімен назар аударып ентелеп отырған басқа бауырлары да шулап: «Не болды ағатай, айтсаңшы бізге де. Сізді осынша жылатқан не нәрсе? Айтыңыз бізді уайымға салмай» деп дауыстады.

Үлкен ұл көз жасын сүртіп жатыр.(.. бірақ осындайда жүректен шықтан жасы тоқтамайды ғой!) Ақыры өксігін баса алмаса да бір ауыз жазылған өсиетті еріндерінің діріліне ие бола алмай, бірінші сыныпқа енді барған баладай бөліп – бөліп, зорға оқыды – ау әйтеуір.

Аманат хатта:«Көрдің бе балам! Адамдар бұл дүниеден өзінің тозған жаман шұлығын да алып кете алмайды екен, көзің жетті ме!?» – деп жазылған екен...

Құдіреті шексіз, аса қамқор, ерекше мейірімді Алла тағала: «Адам баласы үшін әйел, бала – шаға, алтын, күміс, сәнделген аттар, мал және егіндерді қызыға сүю әдемі, тартымды көрсетілді. Бірақ олар дүние тіршілігінің сәні ғана. Негізінде орынның жақсысы Алланың қасында» – деп айтқан. (Әли Имран сүресі 14 – аят)

Ұлы сахаба Амр ибн Ас жеткізген хадисте Мұхаммед Пайғамбарымыз да (с.ғ.с.): «Шындығында адам баласының жүрегінің әрбір тесігінде арман бөлмелері бар. Кімде – кім сол армандарға құнығып, соңында жүретін болса ақірет күнінің иесі Алла Тағала ол құлына көңіл аудармайды, баға бермейді. Ал кімде – кім бұл дүниенің арман, байлығына құнықпастан, жалғыз Алладан қорқып, Оған тәуекел ететін болса, бұл дүниедегі және ақыреттегі бүкіл армандарының орындалуына кепіл болады» – деп ескерткен екен.

 Ал Хазіреті Әли: (Алла ол кісіден разы болсын)

«Дүние нығметін сұрасаң Исламнан артық нығмет жоқ. Шұғылданатын іс сұрасаң тағат – ғибадаттан артық амал жоқ. Ал ғибрат боларлық нәрсе сұрасаң өлімнен артық ғибрат жоқ», – деген екен.

Шәкәрім Құдайбердіұлы бабамыз да сөзін жақсы аяқтайды:

Есің барда елің тап,

Барғанда кірер жерің тап.

Жаратқанның құлысың,

Жағатұғын ебің тап!

Жаратқан жар болсын ағайын!

 

Нұрлыбек Шакизадаұлы

«Дінтанушы»

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат