Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Кеңшілік Тышхан: «Қазақстандағы ислам тарихы тәкфіршілерден басталмайды»

19.12.2014 1148 0 пікір

«Қазақстандағы ислам тарихы тәкфіршілерден басталмайды»Кеңшілік Тышхан
Философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы,
Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің аға оқытушысы

 «Қазақстандағы ислам тарихы тәкфіршілерден басталмайды»

- Әңгімеміздің әлқиссасын жақында ғана құзырлы органдармен тыйым салынған «Ат-Тәкфир уәл-Хиджра» ұйымының тарихынан бастасақ...

- Ислам тарихында діни-теологиялық ерекшеліктерінен гөрі саяси арандатушылық сипаты басым бірнеше атышулы топтар бар. Сондай ағымдардың бірі Ислам халифатының соңғы кезіне қарай пайда бола бастаған «Харижиттер» деп аталатын ағым.

Кейіннен осы ағымның жанданған түрі ретінде Мысырда «Жамағатүл-мүслимин», яғни, «Мұсылмандар жамағаты» пайда болды. Мысырдың сол кездегі саяси ахуалын пайдаланып, билікке қарсы шығып, өздері бөлек територияға шығып, «Біз осы мұсылмандар территориясында бірігуіміз керек!» деп ұрандатқан болатын. «Бұл топ бүгінгі атауын қалай иемденді?» десек, «Хиджра», «Тәкфир» деген ұғымдарды топтарының атауына желеу ете отырып, олар өз мақсаттарын басқа азаматтарды мұсылмансыздықпен, күпірлікпен кінәлау шараларына ұластырған болатын. Олардың түсінігі бойынша, егер орта мұсылмандық тіршілікке қолайлы болмаған жағдайда басқа ортаға, яғни, мұсылмандар ортасына көшуді мақсұт етті. Аталған ұйымның Мысырда пайда болу кезеңі өткен ғасырдың 67-70 жылдарына сәйкес келеді. Содан кейін олардың белсенділігі төмендеп, Йемен, Сауд Арабиясы сияқты елдерде бытыраңқы қызмет еткен. Негізгі мақсаты саяси жүйені күйрету, ислам атын жамылып, қаражат жинау және басқа бағыттарды қамтыған топтың белсенділігі әлем бойынша айқын аңғарыла бастады. Сол топ мүшелерінің қолдарының іздері әр жерде жиі қалып қойып жатыр. Олар – мұсылмандар арасына сына қағу әрекеттері.

- Ағым мүшелерінің қол іздері жиі табылып жүр дедіңіз... Бұл ұйымды тағы қандай әрекеттері арқылы тануға болады?

- Бұл жамағат жақтастарының ерекшелігі мұсылмандардың өзін сыннан өткізуі. Қалай өткізеді сыннан? Өздерінің қоятын талаптары, критерийлері бар. Сол критерийлерге сәйкес келмейтін болса, «бұл адамды күпірлікпен кінәлауға болады. Демек, ол адамдармен ары қарай күресуіміз керек!» деген сияқты ұстанымдарымен әйгілі бұл топ. Бұлардың тағы бір ерекшелігі бар. Ислам әлемінде, тіпті, мұсылман мемлекетінің территориясында болған күннің өзінде басқа дін өкілдеріне өмір сүруге мүмкіндік берілген. Егер ол мемлекеттің заңдарын сақтайтын болса, салығын төлейтін болса, ол басқа дінді ұстанса да сол территорияда өмір сүруге құқылы еді. Бірақ бұл ағымның, бұл топтың жақтаушыларының ерекшелігінде мұндай бір үшінші категория, үшінші бір тап жоқ. Не мұсылмансың, не емессің. Яғни кәпірсің. Демек, бүкіл әлемдегі адамдарды екіге бөледі: Мұсылман жамағаты, кәпір жамағаты. «Егер мұсылман жамағаты болсаң, біздің қатарымыздан табылуың керек. Егер біздің қатарымыздан табылмасаң, демек, сен – онда, күпірлікке түскен адамсың. Немесе «күпір қоғамды», «күпір билікті» қолдап отырған адамсың. Демек, сен – солардың әскерлеріненсің». Сонымен бірге, «Мұртад», яғни, діннен шыққан немесе «мұнафық» – екіжүзді деген сияқты айыптаулары, оларға өздері шығарған үкімдері арқылы жаза тағайындайтыны тағы бар.

- Демек, ел аузында жүрген «намаз оқымайтын кісінің ақысын харам көрмейтін топ» осы болды ғой... Өз беттерінше елге айып тағып, оларға үкім шығарып, дүние-мүлкін тартып алып, тіпті, адамның жанын алуға да өздерін құзіретті санап жүр емес пе олар?

- Иә, «Мұнафық» – екіжүзді» дейтін болса, ол - кәпірден төмен. Демек, оны да өлтіру керек» дейді олар. Олардың ең қатал ұстанымы – күрес. Тек қана идеологиялық жақтан қарсылық көрсетіп, адамдардың иманына қатысты категорияларға бөліп қана қоймай, «жиһад» мәселесін бірінші орынға шығарады. Өздері «кәпір» деп санаған адамдармен, «шайтан мемлекет» деп санаған елмен немесе соның жүйесімен күреседі. Яғни, былайша айтқан кезде, «біз өзіміздің ойымыздағы, санамыздағы идеяны орнатуымыз керек» дейді. Осы тұрғыдан біздің зайырлы қоғам, азаматтық қоғам тұрғысынан, имандылық тұрғысынан, бұрыннан ата-бабамыздан келе жатқан исламды түсіну тұрғысынан көптеген қайшылықтарды табамыз. Яғни біздің дүниетанымда басқа адамдарды «кәпір» деп кінәлау жоқ. Яғни, біздің дүниетанымда басқа дін өкілі болса да, оны біз сырт теппей, сол мұсылманшылықтағы жылы уағыздармен олардың жүрегін жақындату, олардың жүрегін жібіту немесе Исламның өзінде бар «Муәлләфә-и қулуб», яғни, басқа діннің өкілі Исламға жылы қабақ танытуы үшін оған садақа беру, оған қайырымдылық жасау деген сияқты қағидалар олардың ұстанымдарына кереғар болып келеді. Тәкфіршілердің осынау қатал шешімдері мен қатал күресін өзек ететін идеологиялары – мұсылман мемлекеттердің арасын ушықтыру, іріткі тудыру, билікпен жаңағы кейбір жамағаттардың, исламдық топтардың арасындағы бүліктердің асқынуына түрткі болуда. Бұл идеологияларды жақтағаннан немесе бұл идеологияларды діни тұрғыдан сынағанан гөрі болашақта келтіретін зияны немесе зардабынан сақтанған бек дұрыс.

- Әрине, дұрыс айтасыз, аға. Біз «Ат-тәкфир уәл Хиджраның» тарихы мен сипатынан сыр тартып жатсақ, өзінің адасқанын білмейтін кей замандастарымыз осы әңгімеден сабақ алып, аяғын жаман ортадан тарта ма деп ниет етсек керек. Енді, аға бұл топтың өз сөздеріне дәлелді Құран мен хадистен келтіретіні бар. Мұнысы қаншалықты дұрыс?

- Құран мен хадистегі мәселелерді желеу ете отырып, жалпы, исламның мазмұнына қайшы келетін әрекеттермен айналысу – бұл ағымға да тән. Олардың исламнан бір ғана элементті пайдалана отырып, қалған бөліктерін назардан тыс қалдыруын еліміздің ғана емес, әлемнің ислам ғалымдары сынға алуда. Кейде бұлар, тіпті мұсылманның атына жараспайтын іс-әрекеттерге дейін барып жатыр. Мәселен, адамның ішкі сенімі әркімнің құрметпен қарайтын дүниесі. Иман және сенім мәселелері әркімнің өз жүрегіндегі дүние. Ал, біреудің жүрегінің сыртынан пәтуа беру, ол адамды өлімге итермелеу немесе іріткі тудыру – «имандылық», «адамгершіліктен» гөрі «қатыгездік» деп бағалауға лайықтырақ әрекет. Себебі, олардың әрекеттері Исламның болмысына қарсы дүние. Айта кетейік, бұл ағымның әрекеттері радикалды формаларға өткен кезде, «жиһад» мәселесіне кету, мемлекеттен безіну, басқа жаққа көшіп кету немесе мемлекеттің ішінде іріткі тудыру, көше алмаса, тұрған жерінде «жиһадқа» бару сияқты пәтуаларды шығару – қатал негіздерге, қатал діни үкімдерге сүйеніп жатыр. Осыған қарап біз оларды қатаң дін ұстанушы деп те тани алмаймыз. Олар өздеріне керек ұғымдарды қатаңдандырып, қажетсіздерін елеусіз қалдырып жатады. Дінді қатал ұстанған адамдар теріс ағымдарға кетпейді. Дінді қатаң ұстанғандарда діннің барлық үкіміне тең қарау үрдісі бар. Ал, олар қайтеді? Әсіресе, үйлену мәселесінде, ажырасу мәселесінде, басқа діннің үкімдерінде жеңіл өздеріне пәтуа шығарып алу, басқаларды «кәпір» санап, мал-мүлкін иеленуге мүмкіндіктер табу, ұрлық жасау, «жиһадқа ақша жасаймыз» деп басқа әрекеттер мен құйтырқылықтарға бару, басқалардың мал-мүлкін заңсыз иелену, ел арасына бүлік шығару, осының барлығын өздеріне икемдей заңдастыруында, әрине, үлкен мән бар. Жалпы алғанда, тәкфіршілердің ұстанымы - біздер он екі ғасырдан бері қарай ұстанып келе жатқан Исламның рухымен, мазмұнымен, өсиеттерімен, Құранның мазмұнымен, Пайғамбардың (с.ғ.с) сүннетімен үш қайнаса сорпасы қосылмайды деп нақты айтар едім.

- Тәкфіршілердің адамның иманына орай шығаратын үкіміне ислам не дейді?

- Исламға келген кезде немесе Ислам дінін түсінген адам. «Құдай – бір» деп, «Пайғамбар – оның Елшісі» деп түсінеді. Бірақ, біз, ол іштей түсінді ме, түсінген жоқ па, іштей қабыл етіп тұр ма, етпей тұр ма, біз оның ішкі дүниесіне үкім шығармаймыз. Біз оның сыртқы формасына қарап, "иманды", "мұсылман" деп баға береміз. Ал, олар айтады. «Егер», - дейді, - «адам иман айтса, иманның мағынасын түсінбей айтса, ол – кәпір» дейді. Ол мұсылмандықтың мағынасын түсініп тұр ма, түсінбей тұр ма? Біз оны қайдан білеміз? Былайша айтқанда адамның көрінбейтін жүрегіне басқа адамның үкім шығаруы мүмкін емес.

- Ал «хижрат» жасауға қай кезде рұқсат етілген?

- Хиджрат дегеніміз – белгілі бір мемлекетте мұсылмандарға қиыншылықтар туындап, исламбасшысы, былайша айтқанда, қолбасшы солай үндеу жасайтын болса немесе мұсылманның өмір сүруіне ешқандай жағдай жасалмаса, онда, өмір сүруге мүмкіндіктер бар жерге көшу. Бұл Пайғамбар (с.ғ.с) өмірінде болған дүние. Меккедегі жағдайдың ушығуына байланысты, Мединеде мұсылмандар жиналып, өздері кішігірім мемлекет құрып, ары қарай мұсылмандар өмірін жақсартқан мәселе. Бұл тарихта бар дүние. Бірақ, қазіргі заманда мұсылман мемлекетінде тұрып, мұсылман басшының қол астында тұрып, бүкіл діни мүмкіндіктерге қол жеткізе тұрып, мешіттер ашыла тұрып, барлық діни еркіндікке, сенім еркіндігіне қол жеткізген қоғамда өмір сүре тұрып «хиджрат» етудің салмағы қанша? Немесе бұл дінге қаншалықты сай келеді? деген мәселелерде үлкен сұрақтар туындайды. Мәселен, біздің елде кісінің исламды ұстануына қандай да бір қиындық бар ма? Жоқ! Онда «хиджрат» деген атауды ауызға алудың өзі ұят!

- Осы тұста теріс ағымдағылардың арғы жағында исламға тас ататындар, ислам атына күйе жағатындар тұрған жоқ па деген ой туады, аға...

- Оны исламофобия – адамдардың исламнан қорқуы деп атайды. Мысалы жоғарыда айтылған мәселелерді «Ислам» деп санайтын кейбір діннен хабары аздау немесе діннен мүлде хабары жоқ адамдар исламнан үркіп, тіпті, бас тартуы мүмкін. Демек, бұл ағымды ислам дініне жанашырлық танытып, Құдайдың сөздерін уағыздау немесе Құранның абыройын асыру үшін жұмылып отыр деп айта алмаймыз. Керісінше, соның атына зиян келтіру, мұсылмандардың атына күйе жағу, құпия топтар мен жасырын ұйымдар арқылы мұсылманның атына зор шығын келтіру немесе бетперде тағып алып күресу арқылы қоғамға бүлік салып отырған радикалды ағым деп ашық айтсақ болады. Осы тұрғыдан келгенде, исламға күйе жағу арқылы, исламға деген жек көрушілікті ояту бұл ағымның бойында бар деп айта аламыз.

- Осыншалықты зияны бар, әрекеттері адам бойына үрей тудыратын болса, бұл ағымның жетегіне еріп, айтқанына көнетін азаматтар неге көп?

- Әр адамның жан дүниесі әртүрлі. Кейбір қатал көзқарас иелері бұл ағымның ұстанымдарын өздері ұнатуы мүмкін. Басқалай, әлеуметтік жағдайға байланысты дағдарысқа ұшыраған адамдар бұлардан ақиқатты тапқан сияқты болуы мүмкін. Осылай жүргенше, «мен ана жаққа барып өлейін» деуі мүмкін. Әртүрлі психологиялық ауытқушылықтарға немесе қиыншылықтарға тап болған адамдар өздеріне сол жерден орын табуы мүмкін. Сондықтан, бұл адамдардың жалпы адамзатқа әкелетін, соның ішінде, отанымызға әкелетін, біздің азаматтарымызға әкелетін, мұсылман қауымына әкелетін зардабы ерекше, орасан. Яғни, бұлар Исламның жанашыры емес, Исламның дұшпандары деп қарастыруға болады. Біздің қазіргі мақсат – сол жақтың идеологиясына елтіген азаматтарымыздың бетін бері қарату.

- Елімізде аталған ағымның белсенділері жасырын жұмыс жүргізіп жатқаны рас. Демек олардың соңынан ерген қаракөздеріміз де бар. Салт-дәстүр, тарихымызды місе тұтпай, исламның Қазақстанға келуін өздерінің қызметімен тікелей байланыстыратын бұл топ бүгін елімізде қаншалықты қауқарға ие болды?

- Жалпы біз мынандай мәселеге назар аударуымыз керек. Біздің мемлекетте заң бойынша ресми тіркеуден өткен, жарғысын көрсеткен діни ұйымдар бар. Ал енді бір шоғыры – тіркелуге де, сол өздері әрекет етіп отырған елдің заңын мойындауға да өте құлықсыз келеді. Біз тілге тиек етіп отырған «Ат-Тәкфир уәл-Хиджра» ұйымы осы екінші топтан. Яғни, «Құран үкім жүргізбеген мемлекетте Шайтан үкім жүргізеді» деп санайды. Құқықтық жағынан қатаң қадағалауға алуға көнбейді. Сондықтан олардың сапына қаншалардың кіріп, қаншаларға олардың зияны тиіп жатқанын дөп басып айту қиын. Десе де, қоғамды кінәлау, билікке қайшылық азаматтарымыз тарапынан байқалып жатқаны да жасырын емес. Демек олар осыған қол жеткізген болса, бұл араздық асқына берер болса, олардың қауқар-қарекеті де арта түсері даусыз.

- Демек ұлттың өткенін ұмыттырып, бүгінін күстәналап, ертеңіне балта шабуды көксеген тәкфіршілерге құзырлы органдар тарапынан берілген шешімді дөп шыққан дейік... Бірақ халықтың көкейінде осы шешімді ертерек шығарып, бұл ұйымды тамыр жаймай тұрғандатүп-тұқиянымен неге жоймады? деген сұрақтардың да туындауы да заңды. Жалпы шешім осы шиеленістің оң шешілуіне ықпал ете ала ма? Сіз бұл туралы не айтасыз?

- «Темірді қызған кезінде соқ!» дейді халқымыз. Прокуратура тарапынан шешім кешелері шықса да, бұл топтың зиянын айтудан ғалымдар да дін қайраткерлері де танған емес. Олармен күрес ертеректен жүргізіліп келеді. Олардың қызметі, іс-әрекеттері, қоғам мен мемлекетке тигізген зардаптары екшеліп отырғаны, осы зерттеулердің негізінде құқықтық шара қолданылатынын да айта кеткен жөн. Жалпы, «топтың қызметі белең алып кетті, болды, біз де енді құрдымға кеттік!» деген сияқты үмітсіздікке салынуға ешқашан болмайды. Өйткені, бұлар, жаңағы, «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деген сияқты кейбір топтардың ғана іс-әрекеттері. Жаппай халық теріс ағымға түсіп кетті деуге болмайды. "Бәрінен кеш қалдық" деп айтуға да болмайды. Сондықтан бұл бағытта жасалып жатқан шаралар бар. Осы шараларды ары қарай жүйелеп, жетілдіре беру керек. Бұның жемісін, мен ойлаймын, жақын уақытта көреміз деп. Енді құзырлы органдармен қабылданған шешім не береді? деген сұраққа ойыссақ, бұл шешім – белгілі бір адам не топтың бойынан біз жоғарыда келтірген белгілер кездесетін болса, қосымша тексеруге, тергеуге, қосымша зерттеуге мүмкіндік береді. Ол толық зерттеліп болған соң, дәйектеледі. Ал дәйектелген айып, заң алдында жауап беруге алып келеді. Қылмыскер шетел асып кеткен күннің өзінде, заңда көрсетілген баптардың негізінде жауапқа тартылады.

- Өз сөзіңізде бұл ағымның заңды мойындамайтынын айттыңыз... Бұл ағыммен немесе оның мүшелерімен күресте құқық қорғау органдарының қызметкерлері неден абай болмағы абзал? Немесе олармен күресудің қандай да бір жолдарын ұсына аласыз ба?

- Шын мәнінде қазір біздің мынау мамандарға ғана емес, құқық қорғау саласы мен мемлекеттік қызмет саласына да үлкен жауапкершіліктер жүктеліп отыр. Себебі, бұл жерде мынандай нәрселерден сақ болуымыз керек. Бұл ретте, біздің күрес «дінге қарсыны іздеп тап» деген атүсті әрекеттермен дінге қарсы күрес сипатын алып кетпегені жөн болар. Яғни, экстремизммен күрес әйтеуір кінәліні іздеп табуға бағытталып, осы жолда адамдардың шырқын бұзуға алып келмеуі керек. Сонымен бірге олар ұстанатын қаталдықпен, қатігездікпен өндіреріміз аз. Абзалы - үлкен сабырмен, пайыммен, аса ыждағаттылықпен жүргізілетін жұмыс.

- Сөз соңында жұртыңызға айтарыңыз болса...

- Пайғамбардың (с.ғ.с) хадисі бар: «Кімнің аузынан және қолынан басқа адамдарға зиян келмейтін болса, міне, нағыз мұсылман сол» делінген. Олай болатын болса, біз аузымызбен, қолымызбен, іс-әрекетімізбен басқаларға зиян келтіретін топтан сақ болуымыз керек. Біз он екі ғасырдан бері қарай мұсылман дінін ата дініміз ретінде ұстанып келе жатқан қауымбыз. Бізден қаншама ғалым-ғұламалар шыққан. Бәрі діннің шыңына шыққан деп айтуға болады. Әлем бойынша үлгі болатын мұсылмандар, ғалымдар шықты. Олай болатын болса, «Біз дінді түсінбеген халықпыз. Біз Исламды дұрыс түсінбегенбіз. Біздікінің барлығы бидғатқа негізделген, күпірлікке негізделген. Діннің бәрі адасқан. Қазіргі біздің түсініп жатқан нәрселеріміздің барлығы ширік» деген сияқты, бүкіл тарихымызды сырып тастай салу, әрине, бұл – белгілі бір топтардың мүддесіне сай келеді. Өйткені, бір жерге ғимарат орнату үшін ол жердегіні сүріп тастау керек. Олардың көксегені осы. Осы нәрсені азаматтарымыз түсінсе деймін!

- Тұшымды әңгімеңізге рахмет! Ел ішінің тыныштығын берсін!

Сұхбаттасқан Шарафат Рысбайқызы

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Ұқсастар

Мұрағат