Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

«Шейх» деген атақ мастандырады

Сұхбатты жүргізген Ұлдай САРИЕВА "Иман" журналы 05.09.2018 1548 0 пікір

Соңғы жылдары дінге жаппай бет бұрған жастарымыздың адасып, теріс ағымға ілесіп жатқаны шындық. ҚР Қылмыстық кодексінің 164-бабы, 2-бөлімі, яғни діни араздықты қоздыру бойынша 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, бүгінде Орал қаласындағы РУ-170/2 еңбекпен түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталушымен (сотталушының аты-жөнін жасырын қалдыруды жөн санадық.ред) сұқбаттастық.


Cіз діни радикализмді насихаттап, қоғамда бірнеше рет діни араздық тудырдыңыз. Нәтижесі мынау. Әңгімені әріден бастасақ, адасуыңызға не себеп болды?

– Әдеттегі дінге қызығушылық. 2005 жылы тәкфирлер пайда болған кезде Қазақстанның, соның ішінде 2007 жылы Батыс Қазақстан, Атырау облыстарының жастары Мысырға кетті. Олар онда 3-4 ай араб тілін оқып, әрі қарай Ауғанстанға жихадқа кетіп жатты. 2005 жылы мен де Мысырға кеттім. Онда араб тілін оқытатын орталықта оқыдым. Мақсатым сол елге тұрғын ретінде тіркеліп алған соң Сауд Арабиясына барып, Медине қала сындағы ислам университетінде оқу болды. Иорданиялық Әбу Мухаммад Макдеси деген тәкфирлік ағымды ұстанушының «Религия Ибрахима» деген кітабы көптеген адамды адастырып, түрмеге түсуіне себеп болды. Ислам ғалымдары: «Бұл кітапты оқымаңдар» - дейді. Қазақстанда жихад жасап, адам өлтіруге болады дегендер – осы кітаптан үйренгендер. Менің бүгінде түрмеде отырған күйеу балам да кезінде осы кітапты оқып, дәріс алған.


– Ол кім?

– Орал қаласында жарылыс жасауды ұйымдастырмақшы болған Е.Ахатов.  Ол 9 жылға сотталды.

– Күйеу балаңыз «бізге қосыл» деген жоқ па?

– Мен жихадты әуелден жақтаған жоқпын. Исламды айтпағанның өзінде өз халқыңа қарсы соғыс ашу дегенді мен түсінбеймін. Мысырда жүргенде мені талай рет Ауғанстанға соғысқа шақырды, қазақ жігіттері жаппай дүрлігіп, кетіп жатты. Маған да еш қиындықсыз кетіп қалуға жағдай болды. Бірақ бармадым. Әбу Мунзир Шәнкити деген: «Қазақстанда мемлекеттік құрылым нысандарын жарыңдар, адам өлтіріңдер» деп пәтуә берген. Адам өлтіріп, жарылыс жасауды жоспарлаған Оралдағы Ахатов пен Атыраудағы Лидің тобынан 50 адам түрмеге түсті. Жалпы, Әбу Мунзир Шәнкитиді ешкім көрмеген, ғаламтор арқылы дәрісін ғана оқиды. Қазақстанның жаулары осындай есімді ойлап тауып, ел ішіне іріткі салып, адам санасын жаулау үшін пайдаланып отыр.

– Мысырға кеткенше жамағаттың теріс бағытта жүргенін білдіңіз бе?

– Білдім. Мысырда жүргенде Оралдағы жігіттерге скайп арқылы шығып: «Тәкфир жасамаңдар, жихадқа бармаңдар» деп түсіндіріп, жолдарынан қайтарып жүрдім. Бірақ елге келген соң 1-2 айдан соң соларға ілесіп кеттім.

– Олардың қателесіп жүргенін біле тұра, бұлардың ықпалына қалай түстіңіз? Олардың басты айналдырып әкететін қандай тәсілі бар?

– Бізге білім бер, - деп өтінді.

– Сізге біліміңізді көрсететін адамдар керек болды. Солай ма?

– Солай. Кез келген адам білімі болса, басшы болғысы келеді. Олар мені шейх деп қабылдады.

– Білімді болсаңыз неге имамдармен бірге тәкфирге қарсы жұмыс істемедіңіз?

– Себебі ол кезде бұл жердегі жамағаттың көбі тәкфир идеясын ұстанатын еді. Сондықтан мені тыңдамайтыны анық. 2007 жылы үйленіп, әйелімді алып, тәкфирлік идеямен Мысырға оқуды жалғастыруға қайтып кеттім. «Намаз оқымаған кәпір» деп және «Лә иллаха илла Аллах» сөзіне байланысты ол жерде екі дәріс жаздым.

– «Намаз оқымаған адам кәпір» деп адамдарға зиян тигіздіңіз бе?

– Жоқ, әншейін кәпір дедім, бірақ әрекетке барған жоқпын. Тәкфир ағымын ұстанатын адамдар екіге бөлінеді. Мысалы, мен сияқты оқыған жігіттер «кәпір» дейді де, оның сойған етін жемейді, қыз алып, қыз бермейді, басқа да қарым-қатынасқа шек қояды. Ал екінші топ тәкфир сенімін қатты ұстанады және «намаз оқымаған адам кәпір, оның мал-мүлкін тартып алуға, басқа да әлімжеттік, зорлық, қорлық жасауға болады» деп есептейді. Ондайлардың көбі қазір түрмеде отыр.

– Анаңыздың тамағын жедіңіз бе?

– Анам етті халал сойылатын жерден алады. Сотталмас бұрын көлікпен айналыстым, ауылдарға шыққан кезде етті, берген тамақтың бәрін жеп жүрдім, бірақ ешкімге айтпадым. Намаз оқымайтын адамның тамағын жедім десем, мені баяғыда күстәналайтын еді.

– Яғни «кәпірге» жамандықты істеуге болады, солай ма?

– Ия, сондай ойды ұстанатындар бар.

– Көп пе?

– Көп, бірақ көбі елден шығып, Сирияға соғысқа кетті. Олар: «Бұл елде, кәпірлердің ортасында өмір сүруге болмайды. Айналаның бәрі харам, бізді қыспаққа алады, намаз оқытпайды, шалқайып жүре алмаймыз» дейді. Ал кейбірі басқа облыстарға кетіп қалды, бір тобы түрмеде отыр.

– Сақалды, балағы шолақтар намаздарын мешітте оқып, шалқайып жүрген жоқ па?

– Солай. Бірақ олардың діни білімі жоқ, қай жағынан да білімсіз, надан. Ғаламтордан оқып алып, Сирияға 1-2 қазақ кетеді де, елдегі жамағатына: «Мына жақта керемет, көлігіміз, үйіміз бар» деп қызықтырып, біреудің көлігінің жанында суретке түсіп жібереді, бәрі соған алданып кетіп жатыр. Ең жаманы, жат елге, соғыс қайнап, қан төгіліп жатқан жерге әйелдері мен кішкентай балаларын әкетуде. Қазақ жігіттері оққа ұшып, ажал құшуда. Күйеуі өлген әйелді сол елдің азаматтарына 3-4-ші әйелдікке беріп жібереді. Мен қызғанамын, шынымды айтсам, қазақ қыздарының жат елдікке күң болғанына жүрегім ауырады. Күйеуі өлген қазақ қыздары Сирияда қорлық көріп жүр.

– Шетелден келетін ақша бар ма?

– Жоқ. Шетелден ақша келеді деген әңгіме өтірік. Кезінде өз көзіммен көргенім, Мысырда жүргенімде көп баланы Ауғанстанға соғысқа шақырды. Ақша бермек түгілі, онда қаруды өз ақшаңа сатып аласың.

– Вакцинаға қалай қарайсыз?

– Ол Ресейден келіп жатқан пәле, мұсылмандар баласын екпеге бермейді деп жатады. Бірақ үгіттің бәрі Ресейден.

– Әйеліңіз біреу ме? Талақ берген жоқсыз ба?

– Біреу. Менің отбасымда мәселе жоқ. Шыны керек, жамағатымның некесін көп қидым, айырылысқанда да мені шақыратын, көбіне әйелдер талақ сұрайды.

– Себебі?

– Себебі оларды күйеулері сабайды, сылтау көп. Келіндер ата-енемен сыйыспайды. Біздің ақымақтар ашуланып, әйеліне бірден бір минуттың ішінде үш рет «талақ» деп айтып тастайды. Одан соң тұруға болмайды, ол бейшара әйел басқа біреуге тиеді. Талақтың шарттары бұзылып жатыр. 20 рет талақ етіп әлі күнге дейін бірге тұрғандар да көп. Есімдерін айтпай-ақ қояйын, Оралда ондай адамдар жетерлік.

– Яғни мұны істеп жатқан дар намаз оқып, басқаларды намаз оқымағаны үшін «кәпір» деп, «шын мұсылман біз» деп жүргендер ғой, солай ма?

– Солай.

– Қай мәзһабты ұстанса да Исламда отбасы құндылығы біреу емес пе? Олар Алланың берген шарттарын неге бұзады?

– Олар талақтың шарттарын жақсы біледі. Бәрі нәпсіге байланысты. Өз құлқындарын тыйып ұстай алмау, нәпсіге берілу басты себеп болып отыр. Мысалы, бір жігіт әйеліне талақ бермеген, бірақ әйелі басқа күйеуге шығып, некесін қиып жатыр. Құранда Алла Тағала адам баласының әлсіз жаратылғанын айтқан, сондықтан күнәдан тиылу үшін шариғатты дұрыс ұстану керек. Тағы бір себебі, күйеуі екінші әйел алғысы келеді және әйелі рұқсат етпесе де үйленеді, сосын бұрынғы әйелі талақ сұрап, кетіп қалады. Екінші әйелін талақ етіп, бірінші әйелін қайтып алғандары да жетерлік. Жас әйелдің қызығын көреді де, талақ етіп қоя береді. Ал әйелді 5-6 баламен тастай алмайды. Қазақ әйелдері күйеуіне көп әйел алуға рұқсат бермейді.

– Қазақтың келіні өлген күйеуінің соңын күтіп, шариғат бойынша 4 ай қара жамылып, үйінде отыруға тиісті емес пе?

– Құран суннамен жүреміз дейтіндер қазақтың әдет-ғұрпын мойындамайды. Ата-баба, тарих, ұлттық құндылықтарды жоққа шығарады.

– Істеген ісіңізге өкінесіз бе?

– Әрине, өкінемін. Адасуыма өзім жүрген ортам, аз оқығаным, басшы болуға деген құштарлық әсер етті. «Шейх» деген атақ адамды мастандырады. Алла Тағала сол үшін маған осындай жаза берді. 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат