Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

КЕШІРЕ БІЛУ - ӘЗ ЕЛШІ ҮЛГІСІ

muftyat.kz 03.08.2018 997 0 пікір

Мына қилы заман біздерге екі түрлі жол ұсынады: өмірдің соңына дейін қастасып, қатқан қағидамен жүру не болмаса тату-тәтті өмір сүру.

Пайғамбарымыздың ﷺ  өмірінен осы екі жолдың түрлі мысалдарын көруге болады. Әз елші адамдарды кешіру, оларға жұмсақ болудың таптырмас үлгісін көрсетіп кеткен. Өзгені аяу, кешіру деген қасиеттер ол кісінің бойында шамадан тыс болғаны соншалықты, тіпті дұшпандарының өздері пайғамбардың мейірімін келіп паналайтын еді.

Ардақты елші ﷺ  өзінің халқын алғаш имандылыққа шақыра бастаған уақыттан бастап он үш жыл бойы небір қиындық пен сынақтарға жолықты. Ақыр соңында туған жерді тастап, Мәдинаға көшуге тура келді. Егер оның орнына басқа адам болар болса Мекке халқын дін дұшпандары деп жар салар еді.

Алайда ол ﷺ алауыздықты қаламады. Ардақты елшінің ﷺ адамгершілігі мол еді, десек те кейбір жандар оған жауыздықтың тұзағын құрудан шаршамады. Әз пайғамбар ﷺ еш уақытта көмек қолын созудан тартынбайтын, үнемі жұмсақтық танытып, жаны ашып тұратын. Тіпт Ухуд және Бәдір секілді қан майданда соғысып жүріп бетін тіліп, тісін сындырып, дулығасын қағып кеткендер үшін Раббысынан кешірім сұрайтын.

 

Ол ﷺ өзінің сахабаларына дұшпандарына қатыгездік таныту тұрмақ, Ухуд шайқасында сахабаларының денесі танымастай болып қанға бөленіп, ажал құшқан кезде де, дұшпандарын қарғауларына да жол бермеген. Дін дұшпандары қан төгіс пен шайқасты қалап тұрса да, мейірім пайғамбары болған Мұхаммед ﷺ өзінің қылышын қанға бояп, ешкімді өлтірмеген. Өйткені ол сүйіспеншілік пен мейірімнің айғағы, жаршысы болған еді.

Ардақты пайғамбарымыз ﷺ қандай жағдай болмасын, адамдармен қарым-қатынасты үзбейтін, тірі жан жайлы бөтен ойда болмайтын. Оның есігі кез келген адам үшін ашық болатын. Біреудің ренжіп, әлдекімнің тәкаппарлығына тегеурін беріп қоюдан аулақ тұруды қалайтын. Десе де, оның жаулары кез келгенде әз елшіні өлтіріп тастауға даяр еді. Екі жаһан сардары ﷺ болған пайғамбар әрбір адам өзінше бір тұлға, сондықтан да ол адамның иләһи табиғатын ояту ең дұрыс амал деп санайтын. Айналасында небір қитұрқы құлық-сұмдықтар жоспарланып жатса да, осы ұстанымын жүзеге асырудағы келіп тұрған кез келген мүмкіншілікті бос жіберіп қоймайтын.

Өзінің қарсыластарына ерекше зейін қойып, ол адамның өзін емес, жүрегін жаулап алу үшін стратегиялық қадамдар жасайтын.

Хандақ шайқасынан соң пайғамбарымызға ﷺ :

«Бәлкім, Алла сендер мен жауласқан дұшпандарыңның арасында өзара сүйіспеншілік, достық орнатар. Өйткені Алланың барлық нәрсеге құдіреті жетеді. Алла – Ғафур әрі Рахим»,- деген сүйінші уахи түседі.

Асылында, екі жақ татулықтың табалдырығын аттауға аз қалып тұрған екен. Уахи келе салысымен ардақты пайғамбарымыз меккенің саяси басшысы болып тұрған Әбу Суфиянның қызын сұратады.

Қарсыласпен туыстық қарым-қатынас орнату алауыздықтың нүктесін қоюдың бірден бір жолы еді. Әбу Суфиянның Умм Хабиба атты қызы Меккеден Эфиопияға қоныс аударушылардың қатарындағы мұсылман еді. Сол жақта күйеуі қайтыс болып, жалғыз баламен қараусыз, панасыз қалған болатын.

Умм Хабибаны жар етіп алу арқылы Әбу Суфиянмен мәмілеге келудің жолын да тапты. Неке қиылған соң жағдай күрт өзгерді, пайғамбардың қас жауы болған Әбу Суфиян енді ол үйге келіп-кетіп жүретін болды.

Осылайша ол ислам жайлы көбірек естіп, жақын танып, мұсылмандардың өзі ойлағандай жандар еместігіне көзі жете берді. Осылайша, оның мұсылмандарға көзқарасының өзгергені байқала бастады. Сөзінен сабырлық, ұстамдылық пен шынайылық байқалатын болды.

Ардақты пайғамбарымыз ﷺ дәл осындай мүмкіндіктерді бос жібермей, өзгелермен де келісімге келудің сәтін іздеп жүрді. Әбу Суфиянның кенеттен өзгеруі өзгелерге де әсерін берер деген үміт сыйлады. Мәдинаға келген соң Меккенің экономикалық және әлеуметтік жағдайы төмендей берді. Меккеліктер құрғақшылық, аштық пен жоқшылыққа ұшырады.

Сол кезде де әз елші ﷺ бұл жағдайға бей-жай қарамады.  Оларға тамақ пен қажетті заттар жіберіп отырды, Меккеден келген бар дүниесін жомарттықпен сарп етті. Алайда, Меккеліктер оларды қабылдамады. Сонда ол дүниесін Әбу Суфиянға жіберіп отырды, ол болса мұқтаждарға таратып берді.

Сол кездері әз елші ﷺ сауда-саттық қарым-қатынасты жақсартудың бірден бір жолы екенін білді. Осылайша мұсылмандар қарым-қатынас жасаудың небір жолдарын ойлап тапқан. Бірақ көп жағдайда олардың бұл амалдары құрдымға ұшыратып, сәтсіздікке ұшырап жатты. Оған Худайбия келісіміндегі оқиға дәлел болды.

Осыдан кейін де Алла елшісі ﷺ кек алмай, Меккеге келісімге келу мақсатында бірнеше елшісін аттандырған. Алайда Меккеліктер оның бұл ұсынысынан бас тартады. Пайғамбардың ﷺ Меккеге басып кіруден басқа амалы қалмайды. Өздерінің оларға төтеп бере алмайтындықтарын білген меккеліктер алыс тауға қашып жөнеледі. Алайда Алла елшісі  ﷺ әрқайсысын қуып жетуге бұйырады.

Өзіне қаншама жылдан бері қастандық жасап, өлтірмек болған дұшпандарын алдыртып, кешіруге уәде береді. Әз елшінің ﷺ мейірімділігі мен кешірімділігінің арқасында Мекке жерінде тыныштық пен бейбітшілік орнады.

Пайғамбардың ﷺ теңдессіз шеберлігі кез келген пендеге үлгі. Алла елшісінің ﷺ үлгісі бойымыздағы кек пен дұшпандықты жеңіп, қоғамда, отбасымызда аяушылық пен сыйластық орнатуға көмек болу тиіс.

 

 

 

 

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат