Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

«Бисмиллә»-ның тәпсірі (2)

 Самет Оқанұлы, Исламтанушы 24.07.2018 310 0 пікір

 

 1-Бөлім http://muftyat.kz/kz/article/3231

«Бисмиллә»-нің ғылымилығы

«Бисмиллә» сөзі 19 әріптен тұрады. Тозақ періштелері жайлы Алла Тағала:

 «(Тозақтықтың) басы-қасында он тоғыз бірдей (азап періштесі) бар» ("Мүддасир" сүресі, 30-аят) деген.

Ибн Масғудтан жеткен бір риуаятта:

«Кім-кім өзін Алла тозақтың он тоғыз періштесінен құтқаруын қаласа, «بسم الله الرحمن الرحيم» деп айтсын. Расында ол он тоғыз әріптен тұрады. Алла «бисмилләнің» әрбір әрпін тозақтың әрбір періштесінен қорғанатын қалқан қылады»[1] деген.

Яғни, тозақ періштелерінің саны «بسم الله الرحمن الرحيم» сөзінің әріптеріне сәйкес болып, адамдар әрбір істерінде «بسم الله الرحمن الرحيم» арқылы күш алатыны, періштелер де «بسم الله» сөзінің құрметіне азапты жеңілдететіні айтылады.

Құран кәрімнің астрономия, биология, физика, зоология, ботаника, космология, жағрафия, психология, математика және т.б жаратылыстық ғылым салаларына қатысты кейбіреуі тікелей, кейбіреуі жанамалай баяндайтын аяттардың мұғжизаларын ғұламалардың көзқарасы негізінде, «Құран кәрімдегі ғылыми негіздер, таңдамалы хадистер» атты еңбек жазған ғалым Ғазез Ақытұлы да «بسم الله الرحمن الرحيم» сөзінің математикалық қырын ашып көрсетеді. Ғалым Ғазез Ақытұлы: «1980 жылы дүниежүзі ислам елдерінің кеңейтілген конференциясында Халифа-Рашид, Ахмет-Дәурат және Әдіп Йүксел қатарлы ғалымдардың, «Құран ең ұлы мұғжиза» деген тамаша баяндамалары жарық көрді. Осы шығармаларда көбінесе Құранның математикалық мұғжизалары өзек етілді. Құранның математикалық мұғжизасын ашқан Халифа-Рашид, Құранның математикалық мұғжизасын түсінген үш Америкалық ғалымның бірі мұсылман болғанын, қалған екеуі де дәлелдерге ден қойғандығын айта келіп, бұл мұғжизаны болашақта бүкіл дүние мойындайды деп түйіндейді»[2] дейді.

Ғалым Ғазез Ақытұлы: «Мүддасир сүресінің 24, 25-ші аяттары мүшріктердің Құранды «үйретілген сиқыр», «адамның сөзі» деген сөздері жала екендігін әшкерелей отырып, 26, 27, 28-ші аяттар мұндай жалақорды Алла Тағала тозаққа тастайтынын ұқтырды. Енді, осы сүренің 30-аяты «Онда он тоғыз бар» дейді. Сонда бұл «Тозақта он тоғыз бар» деуден гөрі «Құранның өзінде он тоғыз бар» деп атап айтқанда, Құран Алланың сөзі екендігін дәлелдейтін «он тоғыз» санды негіз еткен математикалық тамаша мұғжиза бар деген сөз деп межелеуге болады»[3] деген жорамалын жасайды. Қалай десекте, Құрандағы 114 жерде қайталанып келетін, он тоғыз әріптен тұратын «بسم الله الرحمن الرحيم» сөзі құдіретті Алла Тағаланың шеберлігін көрсететін математикалық қырымен қатар дүние-ақыретіміз үшін дұғалық мәнге ие рухани күш екені де ақиқат.

«Бисмиллә»-нің шарғи үкімі

Ғұламалар, Нәміл сүресіндегі:

«Ол Сүлейменнен: Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен (бастаймын деді)»

деген аят Құранның бір аяты екеніне бір ауыздан келіскен. Ал, Фатиха және Құранның басқа сүрелерінің басында қайталанып келетін «بسم الله الرحمن الرحيم» сөзі, сол сүрелердің бір аяты болып саналама, әлде аят болып саналмай ма? – деген сұраққа қатысты әртүрлі көзқараста болған. Мәселен, Шафиғи мәзһабының ғалымдары, Әнас ибн Мәлік (Алла одан разы болсын) Алла елшісінің (саллаллаһу ғәлейһи уа сәллам) қирағаты жайлы сұралғанда: «Намазда бисмилләһир рахмәнер рахим, әлхамдү лилләһи раббил ғәләмин, ар рахманир рахим[4]» деп дауысын созып оқыды деген хадисіне негізделіп «бисмилләні» фатиха және басқа сүрелердің де бір аяты дейді. Ханафи мәзһабының ғалымдары болса, Пайғамбарымыздан (саллаллаһу ғәлейһи уа сәллам) жеткен: «Құранда отыз аяты бар сүре иесін кешіргенге дейін шафағат етеді (تبارك الذى بيده الملك)» деген хадисті дәлел қылады. Ғалымдар, «Мүлік» сүресінің «Бисмиллә» дан басқа отыз аяты бар. Егер «бисмиллә» аят есептелсе, онда отыз бір аят болады. Бұл Пайғамбарымыздың (саллаллаһу ғәлейһи уә сәллам) сөзіне қайшы деген көзқараста бір ауыздан келісілді делінеді[5]. Яғни, Ханафи мәзһабында «Бисмиллә» аят есептелмейді. Бәлки, таза cенімде болып құлшылықты бастау алдындағы рухани дайындықты білдіретін дұға-тілектің қатарына жатады. Ол «Сүбханәка, әғузү және әмин» дұғасы сияқты іштен айтылады.

Қасиетті Құранда:

«Раббыларыңа жасырын түрде жалбарынып, тілек тілеңдер[6]» деп дұға-тілектің іштен айтылауын әмір етсе,

Ибн Мәсғұдтан (р.а) жеткен риуаятта: «Имам төрт нәрсені іштен оқиды: Әғузү, бисмиллә, әмин және тахмид (раббәнә ләкал хамдү[7])» делінген.

«Бисмиллә» ға қатысты, ұсулул фықһ (фықһ негіздері) ғылымынан бірер мәселені келтіре кеткен жөн. Мәселен, Ахад (азғана кісілердің жеткізген хадис) жолымен жеткен хадистің дәлел саналуы үшін, ондай хадистің Құранның хас – жалқылық, ғәм – жалпылық мағынасын білдіретін үкімдеріне қайшы келмеуі шарт. Себебі, Ханафи мәзһабы ғалымдарының көзқарасы бойынша, Құрандағы хас немесе ғәм сөздер қатғи (кескін) дәлел болып, сол сөзге толықтай амал ету міндет болады. Ал ахад жолымен жеткен хадис сахих болғанына қарамастан, занни (кескін емес) дәлел болғандықтан Құранның хас, ғәм сөздерінен  шығатын үкімді мәнсух ете (үкімін жоя) алмайды. Бірақ, ахад хадиске Құрандағы хас және ғәм сөздерінің беретін үкімі төңірегінде қосымша амал етуге болатын жағдайда әр екеуіне де өз деңгейінде амал етіледі.

Құрандағы «Хас» сөздің мәніне қайшы болмаған ахад хадисті Құран үкімімен байланыстырып амал етудің мысалы:

«Ей, иман еткендер! Қашан Намазға тұрсаңдар жүздеріңді және қолдарыңды шынтаққа дейін жуыңдар. Бастарыңа мәсіх тартып, аяқтарыңды екі тобыққа дейін жуыңдар» (Майда сүресі, 6-аят) делінген.

Ханафи мәзһабында бұл аятта әмір етілген төрт іс дәреттің парызы. Ал, ахад хадистерде (занни дәлелдерде) келген: дәретке ниет ету, дәретті тәртібімен алу, дәрет істерінің арасын үзбей жуу және «Бисмиллә...» сөзін айту секілді мәселелердің үкімі сүннет болып есептелінеді. Құранның қатғи (кескін) дәлелі мен занни дәлелі болған ахад хадистің арасында қайшылық болмағандықтан, әр екеуіне де өз деңгейінде амал етіледі. Шафиғи мәзһабында болса, ахад хадистың дәлелдік күші Құрандағы хас, ғәм сөздердің дәлелдік дәрежесімен тең болып есептелгендіктен, ахад хадисте келген дәретке ниет ету, дәретті ретімен алу, дәретті үзбей (бірінен соң бірін) алу және «Бисмиллә...» сөзін айтудың үкімі де парыз болып табылады. Яғни, Шафиғи мәзһабында дәреттің парызына Құрандағы үкімге ахад хадистерге келген «Бисмиллә» сынды амалдар да дәреттің парыздарына қосылған.

Құранның «Ғәм» сөзінің мәніне қайшы келген ахад хадиске амал етілмейді. Мысалы: қасиетті Құранда:

«Және Алланың аты аталмаған нәрседен (бауыздалған малдан)жемеңдер. Күдіксіз арам нәрсе» (Әнғам сүресі, 121-аят)

деген аятқа байланысты мәзһаб ғұламалары арасында мұсылман кісінің әедейі немесе ұмытып кетпестен Алланың есімін (Бисмилләні) айтпай бауыздаған малының еті харам ба, әлде харам емес пе? деген түрлі пікір туындап отыр. 

Ханафи мәзһабы бойынша, аяттағы «мә» (нәрсе) сөзі ғәм. Бұл сөздің үкімі қатғи болғандықтан, оған амал ету шарт. Ханафи ғалымдары: «Егер мұсылман немесе кітіп иесі әдейі, біле тұра Алланың атын айтпай малды бауыздаса, аңшылық кезінде де әдейі Алланың атын айтпай аңға итін, қыранын жіберсе немесе атса өлген хайуан өлексе саналады, жеу харам. Ал ұмытып кету бір басқа»[8] деп, ұмыту үзіріне кеңшілікпен қараған. Бұл жерде Ханафи мәзһабының ғалымдары, Құран үкіміне сәйкес келмейтін: «Одан (Алланың аты аталмай бауыздалғаннан) жеңдер. Расында әр мұсылманның көкірегінде Алланың есімі бар»[9] деген ахад хадисті дәлел ретінде қабыл етпейді. Ал Шафиғи мәзһабының ғалымдары болса, осы ахад хадиске сүйеніп Алланың аты аталмай бауыздалған немесе ауланған хайуанның етін жеуге болады деп есептейді. Себебі, олардың көзқарасында бұл ахад хадистің дәлелдік күші Құрандағы хас немесе ғәм сөздердің дәлелдік күшімен бірдей.

Ханафи мәзһабының ғалымдары үкім беруде әуелі Алланың қасиетті кітабы Құранға толық жүгінген. Ал, ахад хадистерді болса мәні мен мағыналық жағынан болсын, жету тізбектері немесе дәлелдік қуаттылық жағынан болсын Құраннан кейін тұратынын көзде ұстаған. Сондықтан, Ханафи мәзһабында мәселелерге ахад хадистермен үкім шығарудан гөрі Құранның әрбір хас немесе ғәм сөздерінің мағынасына терең үңіліп, шешіміне тоқтаған.

Қорыта айтар болсақ, күнделікті айтатын «Әғузү» дұғасы арқылы сенімге кереғар, шариғат талаптарына қайшы іс-әрекеттерді жасап қоюдан Алла Тағалаға сыйынып, зияндылардың шәрінен пана талап етеміз. Ал «Бисмиллә» дұғасы арқылы әрқандай бір игі амалдың сауапқа айналып, дүние-ақыретіміз үшін берекелі болуын тілейміз. Бұл сөзіміздің дәлелі ретінде Ибн Аббас жеткізген бір риуаятта: «Жәбрейіл Мұхаммедке ең алғаш түскен кезде:

Уа, Мұхаммед! «أستعيذ بالله السميع العليم من الشيطان الرجيم» ді, содан кейін: «بسم الله الرحمن الرحيم» ді айт деді» десе, тағы бір риуаятта: «Оқысаң да, отырсаң да және орныңнан тұрсаң да Алла еске ал»[10] делінген.

Бұл риуаяттан пайғамбарымыз Мұхаммедке Құран аяттары түсуден бұрын «Әғузү» және «Бисмиллә» дұғаларын Жәбрейіл арқылы пайғамбарымызға үйреткенін көреміз. Жаратылыстың абзалы болған пайғамбарымыз Мұхаммед Алла Тағаланың әмірімен «بسم الله الرحمن الرحيم» дұғасын Құрандағы 113 сүренің алдына кіргізіп, бұл сүрелерді әр оқыған сайын «بسم الله الرحمن الرحيم» дұғасын да бірге оқуды үмметіне жол қылды. Сондай-ақ, әрбір игі істің басында «بسم الله الرحمن الرحيم» дұғасын айту арқылы адам баласы сол ісінің нәтижелі болуы үшін Алла Тағаланың көмегіне мұқтаж екенін сезінуі тиіс. Исламда Алланың есімін ұлықтап, Ұлылығы дәріптелмей жасалған әрқандай бір істің соңы тыянақсыз, баянсыз. Пайғамбарымыз Мұхаммед бір хадисінде:

«Әрбір мағыналы істі бастағанда Алла еске алынып, «بسم الله الرحمن الرحيم» айтылмаса, ол іс баянсыз»[11] деген.

Демек, «Бисмиллә» екі дүниелік істеріміздің берекелік ұйытқысы болған қасиетті сөз.

                                                         

 

[1] Мұхаммад ибн Ахмад әл-Құртуби, Әл-Жамиғу ли әхкамил Құран, «Мәктабату сафа» баспасы, 20 томдық тәфсір кітабы. 1-том, 92-бетте.

[2] Ғазез Ақытұлы, Құран кәрімдегі ғылыми негіздер, таңдамалы хадистер (Мұхаммед с.ғ.с Пайғамбардың «сахихи» хадистері), «Тоғанай Т» баспасы, Алматы. – 2007. 220 бет. 49-бетте.

[3]Ғазез Ақытұлы, Құран кәрімдегі ғылыми негіздер, таңдамалы хадистер (Мұхаммед с.ғ.с Пайғамбардың «сахихи» хадистері), «Тоғанай Т» баспасы, Алматы. – 2007. 220 бет. 50-51 бетте.

[4] Тәфсирү аятүл ахкам лис-Сабуни, 1-том, 34-бет.

[5] Әхкамүл Құран лил Жассас, 1-том, 9-бет.

[6] Ағраф сүресі, 55-аят.

[7] Тәфсирүл Мүнир, Уаһбатүз Зүхайли, 1-том, 57-бет.

[8] Док. Килани Мұхаммад Халифа,  Мәнһәжүл Ханафия фи нақдил хадис, «Дәрүс Сәләм» баспасы. – 2010., 621 бет. 176-бетте.

[9] Мұхаммад ибн Исхақ әш-Шаши, Ұсулү әш-Шаши, «Дәрүл-күтүбул ғилмия» баспасы, Бәйрут. – 2003., 256 бет. 16-бетте.

[10]Ибн Атия әл-Әндулуси, Әл-Мухаррарул уажиз фи тәфсирил китабил ғазиз, «Дәрул кутубил ғилмия» баспасы, Байрут. – 2001. 6 томдық тәфсір кітабы. 1-том, 566 бет. 58-бетте.

[11] Махмуд ибн Ахмад әл-Ғәйни, Ғұмдәтү әл-Қари шәрхү сахих әл-Бұхари, «Дәрүл күтүбүл ғилмия» баспасы, Байрут,. – 2001., 25 томдық хадис кітабы. 1-том, 510 бет. 35-бетте.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Ұқсастар

Мұрағат