Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Рамазан айын тиімді өткізгіңіз келсе...

minbar.kz 16.05.2018 1846 0 пікір

Жыл сайын Рамазан айының алдында көптеген кездесулер, сұхбаттасу және өзге де іс-шаралар өткізіп тұратынымыз бар, сондағы бәрінің қозғайтыны бір – «Рамазан айын қалай ең жақсы түрде өткізуге болады?». Бұл тұста менің әркез айтатыным мынау: білім – күш деп кесіп айту қате секілді, білім, ол тек ықтималды күш, мейлі сіз қанша уағыз тыңдап, діни кездесулерге қатысып жүрсеңіз де, егер сол алып жатқан біліміңізге күнделікті өмірде амал етпеген болсаңыз, онда ол білім сізге өлі жүк болып артылғаннан басқа еш пайда бермейді. Егер, сіз бұл мақаланың маңыздылығын сезініп, оны оқуға уақыт тапқан болсаңыз, демек, сіз өз рухани дамуыңызға бей-жай қарамайтын жансыз деп үміттенемін. Біз расымен де қалайтын болсақ, Алла Тағала пайдалы білім алуға және оған амал етуге әрдайым мүмкіндік сыйлары сөзсіз.


Рамазан – адамның жақсы жаққа өзгеруіне ең қолайлы уақыт, жаңа, нәтижелі дағдыларға үйреніп, жағымсыз әдеттерден арылатын, алдағы уақыттарға дұрыс бағыт алу мүмкіндігі туатын тамаша уақыт.

Төменде келтірілген кеңестер мен ұсыныстар маған талай жылдан бері Рамазанның шынайы мәнін сезінуіме септігін тигізіп келеді. Сіздерге де қарапайым болғанымен, өте тиімді жеті түрлі қадамнан тұратын кеңестерімді ұсынамын, алдағы Рамазан сіз үшін ерекше ай болғанын қаласаңыз, онда осы қадамдарға еріңіз!
 
1.  Ең алдымен, ниет! Сіз үшін осы ай жылдың өзге айларынан гөрі шынында да ерекше ай боларына ниеттеніңіз.

«Амалдар ниетке байланысты» 
(Бухари) деген хадисті көпшілігіміз білеміз. Алайда, осы бір қарағанда қарапайым көрінген, бірақ, өте маңызды саналатын ниет ету амалына (немқұрайлы түрде емес, сөзбен, шын жүректен білдіру) келгенде мүдіріп жатамыз. Негізі, менің ойымша, тиімді Рамазанға ең алғашқы қадам – бұл айда қолыңнан келетіннің бәрін жасауға шынайы шешім қабылдаудан басталмақ.

Бұл, әдетте өмірде де керек нәрсе, бір істі бастамас бұрын алдымен шешімге келіп, ниет қоясың. Ниет еткеннен кейін, Алла Тағала Өзі әрі қарай сол бағытпен әрекет етуге көмектеседі, инша Аллах.

2. 
Анық және нақты мақсаттар қойыңыз.

Өткен жылы әр түрлі жастағы әйел кісілерге арнап дәріс өткізген едім. Сонда тыңдаушыларымнан Рамазанға кім қандай мақсат қойғандығы жайлы сұрадым. Араларынан бір батыл әйел қолын көтеріп: «Мен осы Рамазанда тәртіпті қолға алам!» дегені. Тәртіп пен жинақылық – әрине, мақтауға тұрарлық қасиеттер, бірақ, мұны нақты мақсат дей алмаймыз. Рамазан айына мақсат қоярда бәрін нақтылап алу керек. Әлгі кісінің айтқан «тәртіпті қолға алуын» мысалы, былайша нақтылап алуға болады:

- Әрбір намаздан соң Құраннан бес бет оқу;

- 15 түрлі тағамды мұздатылған күйде сәресіне тез дайын болуы үшін әзірлеп қою;

- Кешке сергек болып, тарауық намазын оқи алу үшін күннің екінші бөлігінде ұйықтап алуға тырысу;

Мақсаттарымыз нақты бола бастады, солай емес пе?! Бұл ораза айын өткен айлардан ерекше өткізем десеңіз, онда сіз де қолыңызға бірнеше карточка немесе үлкен қағаз алып, оған нақты бес мақсатыңызды жазып қойыңыз. Өткен жылғы орындай алмаған мақсаттарыңызды да ұмытпай, еске түсіріңіз. Мысалға, тарауық намазын онсыз да еш қиындықсыз, жеңіл оқи алатын болсаңыз, онда жоғарыда айтылған пунктті тізімнен сызып тастауға болады. Мүмкін, сіздің жаңа идеяларыңыз бар шығар?! Жыл сайын  мақсаттарыңыздың да жоғарылап түруы керектігін ұмытпаңыз.
 
3. Қойған мақсаттарыңызға арнайы уақыт бөліңіз.

Ендігі кезекте, сол мақсаттарға жетуге уақыт табу үшін, әрбір күнге арналған кесте құрыңыз. Жақсылап жоспарланған мақсаттар ғана орындалатынын ұмытпағайсыз. Сондықтан, мақсатыңызды қағазға немесе планшет, ноутбукқа жазып қоюмен ғана іс бітпесі анық. Кестеңіздегі әрбір мақсатқа уақыт бөліп, оны жазып қойыңыз. Бір күндік кестеңізді құрған соң, әрбір іске жарты немесе бір сағаттай уақыт арнаңыз. Бір қарағанда, тым қатаң тәртіп секілді көрінгенімен, мұндай жоспарлау уақытыңызды үнемдейді, себебі, әрбір ісіңізді біліп жүресіз әрі оны өз уақытында орындайсыз, сонда тынығып, күш жинап алуыңызға да уақыт жететін болады.

4. 
Ойыңыз бен уақытыңызды бөлетін істерді азайтыңыз.

Шындығына келсек, адамды маңызды істерден алшақтатып жатқан ғаламда өмір сүрудеміз. Ғаламтордағы хабарлама, хат атаулы уақытымызды ұрлап, маңызды мақсаттарымыздан тосуда. Мұның бәрінен бір сәтте бас тартыңыз дей алмаймын, бірақ, егерде бүкіл телефон қоңыраулары, хаттар мен хабарламаларға жауап беруге тырысатын болсақ, соңында сол құрылғылардың «құлы» ғана болып қаламыз. Әрине, бұған жол бермеген жөн. Егер телефоныңызды тыныштық және авиа тәртібіне (режим) қойсаңыз, электрониканың максималды күш-қуатын қолдана аласыз. Қазіргі кезде ғаламторда көптеген қосымша бағдарламалар бар: Құран жаттауға немесе күнделікті бір хадиске ой жүгіртіп отыруға мүмкіндік береді. Мұның барлығы әрине, жақсы мүмкіндіктер. Дегенмен де, технологияның құлы болып, оған қызмет еткенше, оның бізге қызмет етуін үйренетін кез келді.

5. 
Істеріңізге ертерек қамданыңыз, қиындатпаңыз, оның орнына жеңілдетіңіз.

Ауызашарға ас дайындау ісі, Айт мейрамындағы сыйлықтарға келер болсақ, барлығын алдын-ала жоспарлап алған жөн, сонда уақытыңыздың көп бөлігі үнемделеді. Ас үйде барынша аз уақыт өткізуге тырысыңыз, әрине, оразада әрбір әйел жақындарын ерекше дәмді аспен қуантқысы келетіні белгілі. Бірақ, сіз және туыстарыңыз уақыттың көп бөлігін дүкендерде, базар мен ас үйде өткізіп алсаңыздар, Рамазанның шынайы мәнінен құр қалар едіңіздер. Сол үшін, өміріңізді олай қиындатып алмаңыз. Бір айға арналған мәзірді қазірден бастап дайындап қойыңыз, тағамдарыңыз дәмді болсын, алайда, жасалуы аса қиындық туғызбауы қажет. Тек қонақ күткен күндері ғана ауызашарға ас әзірлеу біраз уақытты алуы мүмкін. Құрған мәзіріңізде сорпа, жаңа көкөністер мен жемістерден жасалған салат, сұйық тағамдар болғаны жақсырақ, себебі, ондай тағам адам ағзасындағы күні бойғы сұйықтық жетіспеуін басады. Сондай-ақ, дәрігерлер де адам бір күндік (майлы, қуырылған, ұннан жасалған) ауыр тамақтардан бас тартқаннан соң, ауыз ашар кезде ағзаға бірден ауыртпалық түсірмеуі керектігін айтуда. Ауызашарға тағам дайындарда екі-үш күнге бірден жасап қойсаңыз да болады, екінші күні тамақтың дәмі бірден кете қоймайды, ал, сіз уақыт үнемдейсіз. Котлет, көмеш (запеканка), макароннан жасалған тағамдарды мұздатып қойыңыз, сондай-ақ, тазаланған және кесілген көкөніс, жемістер де мұздатылған күйде жақсы сақталады, әрі уақыт үнемдеуден ұтасыз.

Енді Айт мерекесіне қалай дайындалуға келсем, біздің отбасымыз бұл мейрамға дайындықты Рамазан айына дайындала бастаған сәттен-ақ бастап кетеді. Рамазанда туатын айды көрмей тұрып, алатын заттарымызды алып, қамданып қоямыз. Алтын уақытты бөліп, дүкендерді кезіп немесе ғаламторда отырып алып сыйлық іздеудің қажеті де жоқ, онсызда Рамазанның әрбір уақыты бағалы болғасын, меніңше, керегіңізді алдын-ала сатып алып, көрсетпей тығып қойсаңыз болғаны, бір жағынан, балаларыңыз бен жақындарыңыз үшін тосын сый болмақ.

Рамазан айы басталмай тұрып оған дайындалу – бұл расымен де өте тиімді әдіс, қаласаңыз, сіз де көз жеткізіп көріңіз!
 
6. Ізгі амалдар жасауға және өзгелерге көмектесуге уақыт бөліңіз.

Бұл өте маңызды іс! Өзге адамдардың өміріне қуаныш сыйлау – нағыз бақыт шығар! Бұл іске бойыңыздағы бар қабілетіңізді қосуға, жиған-тергеніңізді арнауға болады. Мысалға, тәтті нәрселер пісіріп, көршілеріңізді қонаққа шақырыңыз, оларға жылы сөздеріңізді арнап, ерекше көңіл бөліңіз. Егер көршілеріңіз мұсылмандар болмаса, онда бұл әрекетіңіз оларға көркем дағуат болып, Исламның әдемілігін таныта түспек. Ауруханадағы науқастарға жолығып, қарттар үйіне де бас сұғып, сауап жинауыңызға болады. Ауызашарға ас даярлап мешітке әкелсеңіз де болады, жағдайы жоқ жандар сіздің әкелгеніңізбен ауыз ашады. Қарап тұрсақ, ниеті бар адам үшін сауапқа кенелудің жолы өте көп, тек соны ойластыру мен жақсылап соған күш салу ғана қажет.

7. 
Құран оқу - Рамазанның басты басымдылығы деп біліңіз.

Байқасаңыз, мен кеңестерімнің ішіндегі ең жақсысын сөз соңына сақтадым. Ораза айында Құран мен Алла Субханаһу Тағаланы еске алуға аса мән беру керектігін ұмытпайық.

Қасиетті Құранда Алла Тағала біздерге нақты айтып өткен:

«Рамазан айы сондай ай, онда адамдар үшін басшылық әрі тура жол мен фурқанның анық дәлелдері ретінде Құран түсірілген» 
(2, 185). 

Барлық отбасыларға Рамазан айын өте тиімді әрі мағыналы өткізулерін тілеймін! Алла қаласа, менің де кеңестерім бұл жылғы Рамазанды өзге жылдағыдан ерекше, ұмытпастай етіп өткізуге септігін тигізер деп сенемін! Егер, сіздердің де Рамазанды тиімді өткізуге арналған жеке кеңестеріңіз бар болса, өтініш, осында бөліссеңіздер екен.

Біз расымен де қалайтын болсақ, Алла Тағала пайдалы білім алуға және оған амал етуге әрдайым мүмкіндік сыйлары сөзсіз.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Ұқсастар

Мұрағат