Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Абайдың «һижреті» мен «жиһады»

Оразбек САПАРХАН ummet.kz 10.04.2018 370 0 пікір

Жатқан жері бейіш болғыр Абай атамның іші толған кеніш, кеудесі кенен болғанын уақыт өткен сайын сезіне түсесің. Жіті назар салып, жиі үңілген кісі қоғамды мазалаған әр ненің жауабын тауып,  өз өміріне баһра алады екен.

Әңгімені бастамас бұрын;

Біреулер шетел асып іздеп жүрген «һижрет» пен «жиһад» туралы мүбәрак мәтінді хадистердің бірінде «Өсиет сұраған Әнас ибн Маликтың анасына Ардақты Алла Елшісі (с.ғ.с) Күнәларды таста, бұл – һижреттің ең абзалы. Парыздарды үзбе, бұл – жиһадтың ең абзалы» деп (Табарани, әл-Мұғжамул-әусат) баяндалыпты.

Имам Ағзам Әбу Ханифа (р.а.) бір жағынан дәулетті саудагер болғанын білеміз. Бірде имам Ағзамға керуені тоналғаны туралы хабар жетеді. Оны естіген Әбу Ханифа (р.а.) аздан соң «Әлхамдулиллә», - депті. Әлгі кісі бір айналып келіп, «тоналған керуен сіздікі емес екен, керуеніңіз аман-есен», - деп сүйіншілейді. Әбу Ханифа (р.а.)  бұл жолы да аз уақыттан соң «әлхамдулиллә» дейді. Мұны көргендер ғалымның мына ісіне таңданыс білдіріп: «Сізге керуеніңіз тоналды дегенде қайғырғанның орнына «әлхамдулиллә» дедіңіз, керуеніңіздің амандығын естігенде, тағы да «әлхамдулиллә» дедіңіз. Сіздің жүзіңізден не реніш, не қуаныш байқалмады», - деп сұрапты. Сонда Әбу Ханифа (р.а.): «Мен керуен тоналғанын естігенде жүрегімді тыңдадым. Ол жайсыз хабарға ренжіген кейіп танытпай, қалыпты ырғағынан ауытқымады. Ал, жақсы хабарды естігенде де қуанған сыңай танытпады. Жүрегімнің дүние қызығына байланбағанына қуанып, Аллаға шүкіршілік жасадым,»  - деген екен.

Осы жерден сәл кідіріп, Хакім туралы тұщымды естеліктердің не айтатынына кезек берейік.

«Абай» журналының 1992-жылғы 3-санында жарияланған «Тұрағұлдың естеліктерінде» мынадай жолдар кездеседі:

«Ұлғайған сайын әкемнің ашуы азайып, жұмсақ тарта берді. Жасы ұлғайған адамның бәрі де жасып, қайрат ажары кеміп, жұмсармағы табиғаттың жолы шығар. Бірақ, менің әкем осы жұмсарғандығын бір жағынан өзі еңбек қылып тапты деп білемін,» - дейді.

Тұрағұл, «менің жоғарыдағы ашуын өзі де бір жағынан еңбек қылып азайтты дегенімнің бір себебі» деп бұл сөзіне мына бір оқиғаны дәлел қылып айтады.

 «1899 жылы май айының бас кезінде, Үлкен ауылға (Ділда апамыздың ауылын айтады.  – О.С.) келіп едім. Менің сәлемімді алар-алмастан:

– Биыл Сыртқа шығасыңдар ма? - деді.

Біз елдің белгілі жайлауы Шыңғыс тауының сыртына, қыстауымыздың қашықтығынан шыға алмай, жазды күні бауырдағы күзектерді жайлап жата беретұғынбыз.

Мен:

– Түйеміз аз, жүгіміз сыймайды ғой, - дедім.

– Олай болса, мен түйе жинап берейін, жайлауға көшіңдер, - деді. Сол арада сыйлас Есіргеп дегенге бір жігітті жіберді.

Үш-төрт түйе берсін, біздің Кіші ауыл (Айгерім апамыздың ауылы. – О.С.) Сыртқа артып шығады. Түйесін ақсатпай, жауыр қылмай бергіземін, - деп жіберген жігіті барып келді де:

–  Түйем жоқ деп айтады, - деді...

Бұл Есіргеп біздің Ырғызбайдың төрт баласының ішіндегі ең азы, нашары Жортар деген кенже баласы болады. Сол Жортардың Арқат деген ұлының екі баласының бірі – Есіргеп. Есіргепке орташа дәулет біткен соң, Жортар балаларының ергенінен қашып, екі-үш жылдан бері менің әкемнің қасын қыстап, жаз болса, және жайлап, күзеп жүруші еді. Әкем әлгі жауапты естіген соң, азырақ үндемей отырды да, аздан соң басын көтеріп:

- Иә, Құдай! Бергеніңе тәубе, мен мұсылман екенмін. Осы Есіргеп Тәңірбердінің қасында отырып, Тәңірберді түйе сұратып жіберсе, «Түйем жоқ» деп айта алмас еді. Бұл түйемді бермегеніме Абай ашуланбайды деп, менің мінезімнің жұмсақтығына сеніп бермеді, - деп қатты қуанды».

Жұмсақтық Алла Елшісінен (с.ғ.с.) әмме адам баласына үлгі екенін көп айтсақ та осы «өзіміз еңбек қылып табарға» келгенде шабан екенімізді қайдан жасырайық. Яғни, «үлкен жиһад» жасауға келгенде кежегеміз кейін тартып, өз мінімізбен күресуге қауқарсыз, дәрменсіз боп қаламыз.

Бірде Алла Елшісі (с.ғ.с.) соғыстан шаршап, шалдығып келе жатқан сахабаларына: «Біз қазір кіші жиһадтан үлкен жиһадқа бет алдық,» - дейді. Сахабалары «үлкен жиһадтың» не екенін сұрағанда, «ол – өз нәпсіңмен күрес» деп тағылым берген екен. (Байхақи, әз-Зухдул-кәбир)
Ал, тағы бір хадисте «Мүжаһид (жиһад жасаушы) - Алла Тағаланың бұйрықтарын орындау тұрғысында өз нәпсісімен жиһад жасаушы (күресуші)» (Тирмизи, Зүхд, 164) дейді. Міне, нағыз «жиһад».  

Демек, Абай атамыз осыны жақсы білген. Өзінің нашар мінездерінен жұмсақтыққа қарай өз еңбегімен һижрет жасаса, ашуын жұтып, жүрегін тыңдап, байсал тарту жолында өз нәпсісімен күресіп «жиһад» жасаған.

Осыны білмеген балалар шетелге «һижрет» етіп, «жиһадты» іздеп саяси ойындардың ортасында өмірін оққа байлап, адасып жүр ғой. Әттең, олар Абайды оқығанда...

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Ұқсастар

Мұрағат