Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Берік АРЫН: Дәстүрлі рухани құндылықтар діни тұрақтылықтың тетігі

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ «Заң газеті» 09.04.2018 1068 0 пікір

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арынмен сұхбат

– Берік Сақбайұлы, қазақтың дәстүрлі сенімі мен қазіргі кейбір діни ұғымдардың арасындағы қайшылықты реттеудің қандай жолы бар?

– Қоғамда кез келген ұлттың мәдени ерекшеліктері, ділі, өзіндік дүниетанымы мен руханияты дәстүрлі дінімен сабақтасады. Дін – жеке тұлғаның ішкі жан дүниесіне, тіпті тұтас бір қоғамның ішкі ахуалына тікелей ықпал ететін өте нәзік әрі асқан ыждаһаттылықты талап ететін сала. Кейбір қате діни ұғымдар мен түсініктер, сондай-ақ, бұрмаланған діни идеялардың қоғамда таралуы түрлі жіктелуге себеп болып жататыны жасырын емес. Елдегі дін және сенім мәселелерін тиімді реттеудің бірден-бір жолы ретінде дәстүрлі діннің (сенімнің) қоғамдағы орнын дұрыс түсіндіре білу, рухани құндылықтарды белсенді насихаттауды айтар едім. Сонымен қатар, дәстүрлі діни ұстаным қоғамды біріктіретін, шетін көзқарасты ағымдарға тосқауыл қоятын, діни экстремизм мен радикализмнің алдын алатын қуатты идеологиялық тетік болып табылады. Осы орайда, дәстүрлі рухани құндылықтарды кеңінен насихаттау елдегі діни ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз етудің тиімді тетігі деп есептейміз.
Діни қатынастар саласын реттейтін «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңда мемлекет халқымыздың рухани өмірінде ханафи мазхабының және православиелік хрис­тиандықтың орны мен рөлін танитыны нақты бекітілген. Исламмен уағыздалатын жоғары құндылықтарды әрдайым мемлекет қолдайтын болады. Бірақ, біз Қазақстанның зайырлы мемлекет екендігін ұмытпауымыз керек. За­йырлы мемлекет пен қоғам – біздің тарихи таңдауымыз болып отыр. Зайырлы дегеніміз – озық, толерантты, ашық қоғам. Біз әрқашан дәстүрлі діндерге қолдау көрсетіп, экстремизм мен радикализмнің кез келген түріне үзілді-кесілді қарсы тұруымыз қажет. Сондықтан, Қазақстандағы діни қайраткерлердің осы бағытта жұмыс атқаратындығына сенімдіміз. Бұған қоса, Ұлы дала елі – Қазақстан мыңдаған жылдар бойы түрлі өркениеттердің тоғысқан орталығы болып келді. Сол себепті, толеранттылық біздің қанымыз­ға сіңген, басқа әртүрлі этникалық топтың өкілдеріне, сондай-ақ, басқа дінді ұстанатын адамдарға түсіністікпен, төзімділікпен қарап, оларды құрметтеу халқымыздың мәдениетіне, болмысына айналған. Осы арқылы көпұлтты елімізде этносаралық және конфессияаралық келісім мен татулықтың қазақстандық моделі қалыптасты. Біз осы модель арқылы бұрмаланған діни сенімдердің, дін атын жамылған деструктивті діни ағымдар идеологиясының алдын алып,таралуына тосқауыл қоямыз.

– Мемлекет пен дін арасындағы өзара іс-қимылдың жаңа моделі заңмен бекітілген кезде қандай өзгерістер болады?

– Енгізіліп отырған өзгерістер дін саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Министрлік ұсынған заң жобасы мемлекеттік-конфессиялық қатынастарды жетілдіруге мүмкіндік береді және Қазақстанда діни экстремизм идеяларының таралуына қарсы тиімді іс-қимылды жүргізуге септігін тигізеді. Сонымен қатар, ұзақ мерзімде заңды тиімді іске асыру мемлекет пен қоғамдағы зайырлылық қағидаттарын одан әрі нығайтуға, Қазақстанның діни кеңістігін реттеуге қажетті басқа шараларды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін болады.

– Мемлекеттік грант пен әлеу­меттік тапсырысты алуға қызығу­шылық танытпаған қоғамдық ұйым­дар да «Үкіметтік емес ұйым­дар дерекқорына» ақпарат ұсынуға міндетті ме?

– Ұғынықты болу үшін мұның алдымен заңдағы түсініктемесіне тоқтала кетейін. «Қазақстан Республика­сындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлық­ақылар туралы» заңның 1-бабы 7-5-тармағына сәйкес, Үкіметтік емес ұйымдардың дерекқоры (ҮЕҰ дерекқоры) үкіметтік емес ұйымдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету және жұртшылыққа олар туралы ақпарат беру мақсатында, сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыру шеңберінде пайдалану, гранттар ұсыну және сыйлықақылар беру үшін қалыптастырылатын ақпараттық дерекқор болып табылады. Дерекқор «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заңның 41-бабы 5-тармағында көрсетілген ұйымдар тапсыратын мәліметтер, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар беретін мәліметтер негізінде үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті органмен (ҚР Дін істері және азаматты қоғам министрлігі) қалыптастырылады.
ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі бекіткен тәртіп бойынша көрсетілген нысандағы үкіметтік емес ұйымдар жыл сайын 31 наурызға де­йін өз қызметі туралы, оның ішінде, өз құрылтайшылары (қатысушылары), мүлкінің құрамы, қаражатты қалыптас­тыру көздерi мен жұмсау бағыттары туралы мәліметтерді уәкілетті органға ұсынады. Үкіметтік емес ұйымдар аталмыш талапты орындамаған жағдайда оларға Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 489-1 бабымен жа­уапкершілік көзделгенін айта кету керек. Яғни, бірінші ескерту жасалады, ал мәліметтер ұсынбау бір жылдың ішінде қайталанған жағдайда айыппұл салынады не ол ұйымның қызметі уақытша тоқтатылады.
Осыған байланысты, еліміздегі әрбір үкіметтік емес ұйымдар, сондай-ақ «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заңның 17-бабында көзделмеген өзге де ұйымдық-құқықтық нысандарда құрылған коммерциялық емес ұйымдар, оның ішінде, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс пен грант алуға қызығушылық танытпаған ҮЕҰ-лар да Үкіметтік емес ұйымдар дерекқорына жыл сайын ақпарат ұсынуға міндетті.

– Үкіметтік емес ұйымдардың еліміздегі қоғамдық-саяси процес­терге ықпалы қандай?

– «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы» заңның 1-бабына сәйкес, үкіметтік емес ұйым – ортақ мақсаттарға жету үшін азаматтар және (немесе) мемлекеттік емес заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ерікті негізде құрған коммерциялық емес ұйым. Әрине, саяси партияларды, кәсіптік одақтарды және діни бірлестіктерді қоспағанда.
Аталмыш ұйымдардың қандай қоғамдық қызмет бағыттарында құрылатындығы «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» заңның 4-бабында нақты белгіленген. Мәселен, 2017 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 2333 әлеуметтік жоба іске асырылды. Оның 35-і (1,5 пайыз) республикалық деңгейде, 2298-і (98,5 пайыз) жергілікті деңгейде. Сонымен қатар, 2017 жылы гранттық қаржыландырудың аясында үкіметтік емес ұйымдар тарапынан 57 әлеуметтік жоба іске асырылды.
Жүзеге асырылған жобалар Қазақ­стан қоғамының сыбайлас жем­қорлық­қа қарсы қызметі, медиация инсти­туттарын нығайту, қоғамдық кеңес­тердің жұмысын үйлестіру, ген­дер­лік теңдікті дамыту сияқты өзекті мәсе­лелерді қамтығанын қаперге сала кеткен жөн.

– Азаматтық қоғам мен мемлекеттік институттардың серіктестігін дамыту жұмыстары қалай жүріп жатыр?

– Азаматтық қоғам институттарымен жалпыұлттық диалог жүйесі реттелген деуге болады. Осы бағытта бірнеше диалогтық алаңдар жұмыс істеуде. Мәселен, 2016 жылы 25 қарашада VII Азаматтық форум өтті. Форум аясында Қазақстанның барлық аймақтарынан ҮЕҰ-ның 300-ден астам өкілі 10 орталық мемлекеттік орган басшылығымен кездесті. 2018 жылдың қараша айында кезекті VIII Азаматтық форумды өткізу жоспарланып отыр.
Бүгінде Уәкілетті орган жанындағы Үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл жөнінде үйлестіру кеңесі және бүкіл ел бойынша 300-ге жуық сұхбат алаңдары жұмыс істейді. 2005 жылдан бастап жұмыс жасайтын Кеңес ҮЕҰ саласындағы нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіру мәселелерін қарастырады, министрліктер мен ведомстволардың, облыс әкімдіктерінің ҮЕҰ-мен іс-қимыл ұлттық жоспарын, Азаматтық форумның тапсырмаларын орындау бойынша есебін тыңдайды. Сонымен бірге, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде «Атамекен» бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарламаның негізгі мақсаты – өзекті мәселелерді шешуге азаматтарды тарту. Бағдарлама шеңберінде «Әлеу­меттік бастамалар картасы» және «Жомарт жүрек» секілді 2 негізгі бағыт анықталды. Айтылған бағдарламалар 1836 өңірлік ішкі бағдарламалар мен шараларды біріктіреді. 2017 жылы қазан айында «Рухани жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасы аясында Дін істері және азаматтық қоғам мин­истр­лігінің, Атырау облысының әкімдігі және «Атамекен» ҰКП ұйымдастыруымен «Асар» атты I Республикалық үшжақты серіктестік форумы өткізілді. Форумның негізгі мақсаты – мемлекет, ҮЕҰ және бизнес арасында үшжақты серіктестікті дамытып, осындай үшжақты әрекеттестіктің тетіктерін жетілдіру бойынша ұсынымдарды әзірлеу болып табылады. Кезекті форум 2018 жылдың маусым айында өткізіледі.
Қоғамдық кеңестердің рөлі де күшейе түсті. «100 нақты қадам» Ұлт жоспары шеңберінде қоғамдық кеңес институты құрылды. «Қоғамдық кеңес­тер туралы» заң қабылданғаннан бастап 2 жыл ішінде айқын жұмыстар жүргізілді. Халықты толғандыратын маңызды мәселелер бойынша қоғамдық мониторинг пен тыңдаулар өткізіледі. Азаматтардың құқықтары, бос­тандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік құқықтық актілердің жобаларын сараптау механизмі, сондай-ақ, мемлекеттік органдар басшыларының жұмыс нәтижесі бойынша есеп беруі енгізілді.
Жалпы алғанда, қоғамдық кеңес­тер қызметінің тәжірибесі азаматтық қоғамның көзқарасын білдірудегі нақты қоғамдық институт құрылды деуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта республикамызда 229 қоғамдық кеңес (республикалық деңгейде – 16, облыстарда, Астана және Алматы қалаларында – 16, қалалар мен және аудандарда – 197) жұмыс істейді.
Сонымен қатар, халықтың өзекті мәселелеріне қатысты азаматтық қоғам институттарының өкілдерінен ақпарат жинау бойынша бастама көтерілді. Жалпы, қазіргі таңда, өзекті мәселелерді шешу үшін азаматтық қоғам институттарымен өзара әрекет ету жүйесін құру жалғасуда.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Соңғылар

Мұрағат