Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Тәубе есігі жабылмастан оқылуы тиіс бес дұға

muftyat.kz 12.02.2018 4107 0 пікір

 

Алла елшісінің (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер құл күнә жасар болса, оның жүрегіне қара дақ түседі, егер күнә жасаудан тиылып, тәубе етер болса, әлгі дақ жоқ болады. Ал егер күнәсін қайтадан жасар болса, Алла Тағаланың:

«Жоқ, әсте олай емес! Олардың өз қолымен істеген күнәлары жүректерін әбден қарайтып тастаған (сондықтан олар ақиқатты көре алмауда)»,- дегені секілді ол дақ ұлғайып,

жүрегін толықтай басып алады»,- деген мағынада хадисі жеткен. («Мутаффифин» сүресі, 14- аят); (Тирмизи)

Адам баласы жасаған әрбір күнәсінің ізі жандүниесінде қалады. Адам тәубе еткенше Алла Тағала Өзінің мейірім есігін ашып қоятындықтан, жасаған күнәсі ешқандай зиян бермейді. Алайда, тәубені кейінге қалдырып, күнәлі ісін қайта-қайта жасаған адам күнәсін шыбын құрлы көрмейтін халге жетеді.  

Алла Тағаланың әміріне мойынсұнбау жандүниеміздің мазасыздануына апарып соғып, рухымызды тыныштығынан айырады. Күнәға белшеден батқан адам ашушаң болып, өзгелермен мүлде тіл табыса алмайтын күйге түседі. Сонымен қатар, кейбір хадистерден Алланың әміріне мойынсұнбайтын адамның дұғасы да қабыл болмайтынын аңғарамыз.

Ешқайсымыз күнәдан пәк табиғатқа ие емеспіз, сондықтан да кейбір кездері шалыс басып, қателікке бой алдырып жатамыз. Адам баласының табиғаты сондай, әлсіз. Мұсылман адам Алланың әміріне мойынсұнбаған кезде үлкен сынаққа ұшырайды, жасаған теріс амалы жанын жеп, маза бермейтін болады. Алайда, Алланың тәубе есігі жан алқымға келгенше ашық болғандықтан, тәубе етеміз, күнәдан бас тартып, Алланың рақымы мен мейіріміне қарай ұмтыламыз. Дегенмен, ешқашан кемел әрі пәк бола алмайтынымызды да мойындаймыз.

Алланың әміріне мойынсұнбау мен болмашы нәрседе тиым салынған әрекетке бару, мейлі ол анамызға айтылған ауыр сөз болсын, көмекке мұқтаж жанды көре тұрып, теріс айналып кету болсын немесе жай ғана өтірік сөз қоса салу, жұмыста қызметкерлермен өсек сөз айтысу болсын, мұның барлығы адамның жандүниесінде ащы із әрі ауырлық сезімін қалдырады. Тіпті ол сезім ұлғайып, ол адам ар-ұятының алында азап шегуі мүмкін.

Алайда Аллаға сансыз мадақтар болсын, күнә жасаған кезде Раббымызға қайта алатынымызды, тәубе есігінің әлі де ашық екенін білеміз. Күнәларымыз біздің шынайы болмысымызды тануға, әлсіздігімізді сезінуге әрі Алла тағалаға мұқтаждығымызды бетімізге басып көрсетіп жататын кездері де болады. Күнәлі істен кейінгі жасаған тәубеміз көбірек құлшылық жасауға себеп болуы тиіс. Тәубе мен құлшылық арқылы Жаратушы Раббымыздың шексіз рақымы мен бізге деген сүйіспеншілігін түсінеміз.

Алланың кешірімі мен рухани тыныштыққа қол жеткізу үшін оқылатын дұғалар:

«Аллаһумма әнти Рабби, Лә иләха иллә әнтә, халақтәни уә әнә ъабдукә, уә әнә ъалә ъаһдикә уә уәдикә мәстатаъту, әъузу бикә мин шәрри мә сәнәъту әбуу ләкә диини мәтикә ъаләййә уә әбуу бизәмби уағфирли уәиннәһу лә йәғфиру әссунубә иллә әнтә».

«Раббым, Сен менің Раббымсың, Сенен басқа Тәңір жоқ. Мені Сен жараттың, мен Сенің құлыңмын. Шамам жеткенше Саған берген уәдемде тұрамын, Сенің рақымың маған жеткілікті әрі мен өзімнің жасаған барлық күнәмді мойындаймын. Мені кешіре гөр, Сен – күнәні кешірушісің».

«Аллаһумма, инни заләмту нафси зульман кәсиран, уә лә йағфиру-з-зунубә иллә әнтә, фағфир ли мағфиратан мин ъиндикә уәрхамни, иннәкә әнтәл-Ғафуру-р-Рахиим»

«Уа, Жаратушы Ием, мен шынымен де күнә жасадым, күнәларды Сенен басқа ешкім жарылқамайды! Мені кешіре гөр, маған Өзіңінің рақымыңды бер, расында, Сен- Кешірімді, Рақымдысың!»

«Субханакә Аллаһумма астағфирукә ли-занби, уә әс’әлукә рахмәтакә. Аллаһумма зидни ъилмән, уә ләә тузиғ қалби бәъдә из хадайтәни! Уә хаб ли мин ләдункә рахматән, иннәкә әнтәл Уаххаб»

«Кемішілік атаулыдан ада Раббым! Күнәларымды кешіруіңді әрі мені рақымыңа бөлеуіңді сұраймын. Раббым, менің білімімді арттыра гөр әрі тура жолға салғаннан соң жүрегімді ауытқыта көрме! Маған мейіріміңді төге гөр, расында Сен – Мейірімдісің!»

«Йәә Хаййу, йәә Қайууму, бирахмәтикә әстағису, аслих ли шаъни кулләһу уә ләә такилни иләә нафси тарфәтә ъайн».

«Уа, Мәңгі тірі, Толық меңгеруші, Сенің мейірім панаңды сұраймын, менің барлық ісімді оңда! Мені бір сәтке де нәпсіме қалдыра көрме!»

«Аллаһумма инни астағфирука ли зәнби уә әс-әлуукә рахматәк».

«Раббым! Күнәларымды кешіруіңді сұраймын, Сен кешірім Иесісің!»

Аллаға бетбұруда және жүректің рухани дәрежеге жетуінде өзіндік маңызы бар истиғфар (Алладан кешірім сұрау) рухани кірлерден тазаланудың бірден-бір жолы. Қабыл болған тәубе құл мен Раббысы арасындағы бөгеттерді бұзып, Алланың сүйіспеншілігіне бөлейді. Бұл жайлы Алла Тағала пенделерін былайша сүйіншілейді:

«Күмәнсіз, Алла  көп тәубе етушілер мен көп тазаланушыларды жақсы көреді» («Бақара»  сүресі, 222-аят)

Алла Елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

«Кімде-кім истиғфарды аузынан тастамаса, оған Алла Тағала кез-келген тығырықтан шығу, әртүрлі қайғыдан құтылу жолдарын көрсетеді және оған күтпеген жерден ризық береді»,- деп айтқан.

(Әбу Дәуіт, Үтір, 26/1518; ибн Мәжә, «Әдеп», 57)

Алла Тағала баршамызды тәубесі қабыл болған құлдан етсін! Әмин!

 

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Ұқсастар

Мұрағат