Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

ӘСКЕР САЛАСЫНДА ДІН МӘСЕЛЕСІН ШЕШУ АСА МАҢЫЗДЫ немесе  НЕГЕ  ГЕНЕРАЛДЫҢ  ТАҢДАУЫ – НҰР-МҮБАРАК ?

Айша КЕҢЕСБАЙ, Нұр-Мүбарак университетінің баспасөз қызметі 08.02.2018 1333 0 пікір

Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұлан әскери бөлімдерінің командирі, ҚР Ішкі Істер министрлігі Ішкі әскерлерінің бригада командирі, генерал-майор Рысбек Қалкенұлы Кушербаев  Нұр-Мүбарак университетіне оқуға түсті. Дін саласын оқуды көптен көздеген генерал-майор жан-жақты салыстырып, нәтижесінде  Нұр-Мүбарак университетінің «Дінтану» мамандығын сырттай оқуға бел буған. Тараз қаласында  тұратын  54 жастағы әскери зейнеткердің алға қойған мақсаты зор. Оны қазіргі әскер саласындағы дін мәселесі, сарбаздардың, офицерлердің  құлшылығы  көптен ойландырып, дінге қатысты білімін жетілдіруге, маңызды шешімге жетелеген. Сондықтан генерал-майор Рысбек  Қалкенұлын сөзге тарттық.

- Әскери салада қызмет етіп жүріп ата дінімізді тануға құштарлық пайда болды. Себебі 1990 жылдардан бастап елімізде намаз оқитын балалар күрт өсіп, намазға қатысты түрлі көзқарастар пайда болды. Қоғамда түрлі құбылыстар, ағымдар бой көтеріп, түсініспекушіліктер көбейді. Соның барлығы әрбір саналы адамды ойға жетелеп, көкейінде түрлі сұрақтар туғызды. Сондықтан мен де азамат ретінде ислам дінін  жақсылап түсіну үшін өзімше ізденуге кірістім. 

- Бұл жағдай әскери қызметіңізге не болмаса қызметіңіз құлшылығыңызға кері әсерін тигізбеді ме?

- Жоқ. Алла ілімін зерделеп қарап, мұсылман өміріндегі бес парыздың маңызын түсініп, 2007 жылы сәждеге  жығылып, намаз оқи бастадым. Ал 2009 жылы қажылық парызымды өтедім. Бұлардың ешқайсысы қызметіме кедергі болған жоқ. Қажылыққа келсем, жеке еңбек демалысымды сол қажылық өтейтін уақытқа ыңғайлап, ресми түрде рұқсат алып барып аттандым.

- Ал жалпы әскерде діни құлшылық мәселесі қаншалықты мүмкін?

- Әскерде тәртіп бойынша намазға уақыт қарастырылмаған. Менің қарамағыма көбіне намаз оқитын сарбаздар түсті. Әскери тәртіп барлығына бірдей. Дегенмен оларға командир ретінде жағдай жасауға тырыстым. Таң намазы мен құптанның мерзімі олардың жеке уақыттарына тура келеді. Ал қалған намаздарына мүмкіндігінше уақыт қарастыруға нұсқау беріп отырдым. Бұл үшін ескертулер де алдым. Бірақ біз сұрақты барынша шешуге тырыстық. Себебі бұны басшылық реттемесе, сарбаздар өз бетінше шешуге тырысады. Сапта тұру керек кезде әр бұрышта бұқпантайлап құлшылығын өтеуге ұмтылады. Оларды есепке алып, бақылау үшін ресми бұйрық керек. Келісімшартпен қызметін өтеушілер, офицерлер арасында да намаз оқушылар көбейді. Олардың барлығына тыйым салу мүмкін емес, бұл – тоқтата алмайтын процесс. Бұны тек реттеу арқылы жүйеге келтіру керек. Сондықтан бұл өте маңызды, бүгінгі қоғам үшін өзекті сауалдардың бірі дер едім.

- Өзіңіз қызмет еткен кезеңде байқаған негізгі мәселелерге  қысқаша тоқталсаңыз?

- Бұл мәселенің өзектілігі – әскерде қару-жарақ бар. Ал әскерге келген сарбаздардың қандай ағымда, қандай ұстанымда екендігін білу аса маңызды. Сондықтан оларды зерттеуге тура келеді. Бәлкім ол жасырын үгіт жасап, топ құруға әрекет ету ықтималдығын да жоққа шығаруға болмайды. Сол себепті оларды зерттеп, көзқарастарына байланысты қару-жарақ қоймасына, құпия құжаттарға жақындатпай, қауіпсіз қызметтерге қою керек. Командир ретінде осы мәселелерді назарда ұстадым. Осы тәжірибемді пайдаланып, мәселені зерттеп, бір еңбек жазғым келеді. Себебі бұл – мемлекетімізде шешілмеген өте үлкен күрделі түйткіл. Мен әскери болғандықтан бұны ішінен жақсы түсінемін әрі әскери саланы бейімдей аламын. Еліміздің болашағы үшін соны жүзеге асыру мақсатында Нұр-Мүбарак университетіне оқуға түстім. Бәлкім ойыма ой қосылып, жаңа көзқарастар пайда бола ма, ұстаздарды көрейін деген ойым да бар.  

- Әскер саласындағы діни құлшылықтарға қатысты өзге елдердің тәжірибесі жайлы не айтар едіңіз?

- Әлемде ислам елдерінде әскерлерилерге намаз оқуға бүкіл мүмкіндіктері жасалғанын ғаламтор арқылы байқаймын. Ал Түркияда әскери орындардың өз  мешіттері бар, тіпті әскерилер жұма намазына барады. Көрші Ресейде Қарулы  күштер Бас штабы академиясының ішінде шіркеулері бар. Онда барлық білім алушы әскерилер діни рәсімдерін жасап, шоқынып жатады. Соңғы жылдары Ресей әскеріне діни қызметкерлерді енгізді. Олар қиын, ауыр жаттығулар алдында сарбаздар үшін дұға етіп, діни рәсімдерін жасайды. Бұл ресми, заң түрінде енгізілген. Сондықтан бұл Қазақстан үшін де ескеретін мәселе. Себебі бізде дінге бет бұрған жастар көбейіп келеді. Уақыт өткен сайын бұл көбеюі заңдылық, оны ресми жағдаймен жылдам реттеу керек. Әйтпесе, жағдай шиеленісе беруі бек мүмкін. Алматыдағы жарылыстар, Ақтөбедегі жағдайлар соның дәлелі.

- Алдыңызға маңызды, ұлттық меселені қойған екенсіз. Осы мақсатқа жасаған алғашқы  беталыс, дәрістер қалай өтуде?

- Сырттай бөлім болғандықтан дәрістер ықшам әрі жинақы түрде беріледі. Жалпы бағыт-бағдарды негізге алып, тереңірек оқуға, түсінуге тырысамыз. Ал әскер саласындағы дін мәселесі әлі зерттелмеген, диссертация қорғалмаған  тақырып. Бұл мемлекет үшін маңызды. Осы өзекті сұрақты шешу үшін маман керек. Ол маман әскер саласын  ішінен зерттеген, тәжірибелі әрі деректерді саралай алатын болса деймін. Осы салада мен қолымнан келгенше қызмет етуге дайынмын.      

 - Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге Алла разы болсын. Мемлекет мүддесін көздеген мақсаттарыңыздың жүзеге асуына тілектеспіз.                                                                                                                                                              
  

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Ұқсастар

Мұрағат