Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Мәрия – пайғамбарға ﷺ ұл сыйлаған әйел

muftyat.kz 10.01.2018 1463 0 пікір

 

Мәрия (ол кісіге Алла разы болсын) Исламды қабылдаған күң болатын. Оны Алла Елшісіне (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мысыр билеушісі Мукаукис  сыйға тартқан. Ол Хадиша анамыздан (ол кісіге Алла разы болсын) кейінгі әз пайғамбарға ұл бала туып берген екінші әйелі еді. Ол дүниеге Ибраһимді әкеліп, мүміндердің анасы атану бақытына ие болады.

Ол мысырлық болатын. Ол Копттық Мәрия деген атпен таныс болды. Оның шын аты Мәрия бинт Шамъун. Мысырдағы Ніл өзенінің шығысындағы Саид провинциясының Хафн деген ауылынан шыққан. Мәрия туралы жеткен мәліметтерде оның әкесінің копт, ал анасының христиан дінідегі кісі болғандықтары және оны жастайынан Мукауис сарайына бергендігі айтылады.

Алла Елшісінің (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Худайбиде Меккелік пұтқа табынушылармен алдағы он жыл ішінде өздеріне соғыс ашпайтыны туралы мәміле жасағаны белгілі. Осыдан кейін ол көрші мемлекеттерге өз өкілдерін жібере бастайды. Өкілдер Мұхаммедтің Исламға шақырған хаттарын жеткізетін болған. Мысыр билеушісі Мукаукиске Хатиб ибн Әбу Балта (ол кісіге Алла разы болсын) жіберіледі.

Мукаукис Алланың Елшісінің өкілін жоғары деңгейде қабылдап алады. Ол әдепті сақтап сыпайылықпен хатты қабылдап мұқият оқып шығады. Оның жүрегі ақиқатпен нұрланады. Алайда ол биліктен айырылып қалудан қорыққандықтан Исламды қабылдай алмайды. Ол патшаға тән кеңпейілділік танытып, өкілге Алланың Елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үшін қымбат сыйлықтар мен жауап хатты жібереді.

Ол пайғамбарға Мәрия және Сирин есімді екі күң, маталар мен жақсы араб сәйгүліктерін сыйға тартады. Осы шағын керуен Мәдинаға хижраның жетінші жылы жетеді.

Алланың Елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) билеушінің сыйлықтарынан бас тарта алмайды. Ол оларды қабылдап, Мәрияны өзіне қалдырады да, Сиринді Хасан ибн Сәбитке береді.

Алла Елшісінің әңгімелері Мәрияға қатты ұнайды. Ол пайғамбардың өзіне жасған қарым-қатынасына және оның тұрмыстағы қарапайымдылығына тәнті болады. Оның әйелдеріне үй шаруасында көмектескені Мәрияға қатты әсер етеді. Мукаукистің сарайында өзі үйренген әдеттегі даңғазалық пен маңыздылықтың орнына мұндағы жылы шырай, адамгершілік пен ықыластылық оның Исламға тез жақындауына әсер етеді. Ақырында ол өзі қалағандай өмір сүруге және өзі дұрыс деген нәрсесіне сенуге мүмкіндік алады. Осы таңдау еркіндігі оның ақиқат жолуына түсуіне мүмкіндік береді.

Ол мұсылман болу арқылы биік деңгейге көтеріледі. Ол Хадишадан (ол кісіге Алла разы болсын) кейінгі Мұхаммед пайғамбарға бала сыйлаған екінші әйел болды. Ол күллі мүміндердің анасы болу арқылы азаттық алады, бұдан кейін оған ешкім де күң ретінде қарамайтын болады. Оның ұлы Ибраһимді Мәдинаның сыртындағы Авали ауылында тұратын сүт анаға береді. Алла Елшісі (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ұлын көруге жиі келіп тұрады. Ол Алланың берген сыйына бақытты болады. Ұлының өсіп жатқанына қатты қуанады. Ибраһим анасы Мәрия үшін де қуаныш пен жұбанышқа айналады.

Алайда, өкінішке орай, кішкентай Ибраһим ауырып қалады. Ол ата-анасының көз алдында сола бастайды. Оның кішкентай денесінен жаны шығып бара жатқан кезде, оны Мәрияның қолынан Алла Елшісі алып, кеудесіне басып үлгереді. Ол оның басынан сипап тұрып:  

 «Ұлым менің! Біз Алладан келген нәрсеге қарсы тұра аламаймыз. Ибраһим! Егер бізге өзімізден бұрын дүние салғандармен тағы кездесу жазылмаса, онда мен қайғыдан не істерімді білмес едім. Сенің бізді тастап бара жатқаныңа біз қатты қайғырамыз. Көзден жас еріксіз ағады, жүректен маза кетеді. Осының бәрі үшін біз Құдайымызды жазғыра алмаймыз»,- дейді.

 Осыдан кейін ол Мәрияға осы оқиғаға қатысты дұрыс көзқарасты түсіндіріп, оны жұбатуға тырысады.

Алла Елшісінің (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) рақымды жаны сезімге толып, көз жасын ұстауға шамасы жетпей қалады. Сол жерде тұрған Абдуррахман ибн Ауф таңқалып: «О, Алланың Елшісі! Сіз расымен де жылап тұрсыз ба?»,- деп сұрайды. Бұған Алла Елшісі:

«Мен сендердің жылауларыңа тыйым салмаймын. Жүрегім қайғы мен мұңға, ал көздерім жасқа толуда. Бұл адамның еркіндегі нәрсе емес. Мен сендердің боздап жылауларыңа әрі жоқтау айтуға және бұрынғы кездегі адамдардай жаман әдеттерді ұстануға тыйым саламын»,-деп жауап береді.

Алла Елшісі үшін Ибраһимнің туылуы қандай қуаныш болса, оның өлімі де дәл  сондай қайғы болды. Әз елші сәбиін сол күні жерлеп, жаназа намазын шығарып, өз қолымен топырақ салады. Содан кейін ұлының моласының топырағына су құяды да, бас жағына шағын тас қояды. Ибраһим әл-Бақи зиратына жерленеді.

Осы күні күн тұтылады. Кейбіреулер мұны Ибраһимнің өлімімен байланыстырып: «Ибраһимнің өліміне байланысты күн тұтылды»,-десті. Мұндай пайымдамаларды естіген Алла Елшісі: «Күн мен ай – бұл Алла Тағаланың нышандарынан. Олардың тұтылуының қарапайым ажалды адамдардың ешбірінің өліміне де, туылуына да қатысы жоқ»,-дейді.

Ұлы дүние салғаннан кейін Мәрия жұрттың алдына шықпайтын болады. Ол баласының қазасына қатты қайғырып, моласына жиі барып тұрады. Алайда көп уақыт өтпей дүниеден Алла Елшісінің өзі де өтеді. Осыдан кейін Мәрия пендешілік өмірден мүлдем алыстап кетеді.

Ол өте тыныш, оңашаланған қалыпта өмір сүреді. Үндемейтін, ешкімнің шаруасына араласпайтын болады. Осы себептен де ол бірде-бір хадис жеткізбеген. 

Ибраһимнің анасы Мәрия хиджраның 16 жылы Омардың халифалығы кезінде қайтыс болады. Оның жаназа намазын халифаның өзі шығарды. Ол да әл-Бақи зиратына жерленеді. Алла ол кісіге рахмет етсін. Әумин.

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Ұқсастар

Мұрағат