Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Жаратушысын іздеген жүрек - 1

Қарлығаш Сарыбай 06.12.2017 433 0 пікір

 

Мен Вера. Орыс қызы. Мен мұсылманмын…  Көктемнің жайма шуақ мезгілінде жайқалып өскен осы бір ағаштың жиегінде тұрған орындықты екі орыс кемпірінің иемденгені баяғыдан бәріне белгілі. Бұл жер сол екі кісінің мекені десе де болады. Ол жерге олардан басқа тірі жан жайғаспайды. Екеуінің  бірі Валя апай, екіншісі Неля апай. Валя апай денесі ірі келген, үстінде үнемі Ұлы Отан соғысынан қалған ерінің медальдарымен көмкерілген костюмі бар. Өткен кеткендерді сынап-мінеп отыратын мінезі бар. Оған ілесем деп Валя апай да кейінгі кезде әңгімешіл болып алды…

Бүгін күн ерекше шашу шашып, солтүстіктен әдемі самал жел есіп, жұрттың бәрі далаға шығып, ойнап- күліп, қыдырып жүр. Сол баяғы әдетінше екі кемпір де өз орнына жайғасқан. Гу -гу әнгіменің ортасында. Өткен -кеткендерге бір қарап, әрбірінің бір мінін айтып, қызу -қызу әңгіме дүкен құруда…

Мен де қастарынан өтіп бара жаттым. Көрмесе екен деп тіледім. Бірақ ойлап үлгергенше, Неля апайымыз көріп қалды. Міне, енді мен де өсектің ортасына гүп етіп кіріп кеттім. Жандарынан жай ғана өтіп бара жаттым. Мен туралы әңгіме бастала кетті…

— Мына Вераны қара. Күні кеше ғана анасының құшағына кіріп, еркелеп жүруші еді, үлкен кісі бола қапты. Күйеуге шығып та үлгеріпті. ­Өз қатарына емес, ересек, бала шағасы бар еркекке шығыпты деседі, деп айтып үлгергенше Неля апайымыздың сөзіне ілесе кеткен Валя апайымыз да қалысар емес:

— Сонымен бірге, кеше ғана түнгі клубтарды қалт жібермейтін, дене мүшесінің бәрі анық көрінетін киім киіп жүрген Верамыз бүгін мұсылман бола қапты ғой. Ешкімнің жолын кескестемейтін тәртіпті қыздың рөліне кіріп кетіпті, шіркініміз…

— Сол бір жол апатынан кейін осы қыз өзгеріп кетті деседі… сондай апаттан аман қалды -ау. Жанындағы жолаушылардың бәрі аман қалмай, осы Вераның ғана өлім аузынан қалып, тірілгені бір ғажайып болды.

— Анасы бейшара, осы қызын аман алып қалам деп, зыр жүгірді. Анау қала шетіндегі жер үйін арзан бағаға да сатып жіберіпті ғой… cөйткен анасына істегенін қара…

Бұдан артық естіп тұруға дәтім де жүрегім де шыдамады. Көз алдымда өткен өмірім елес болып, бұлдырлаған сағымдай жылжи кетті. Мен кім едім, енді кім болдым? Жолай барып жол жиегінде орналасқан жалғыз ағаштың түбіне отыра кеттім.

Мен, Вера, орыс қызы, есімді білгелі дінім христиан деп білген қыз едім. Өмірім бәз қалпынша қарапайым жұрттың күйінде жүргенмін. Қарапайым балаларша мен де біресе артта, бірде алда жүріп мектеп бітірдім. Жоғарғы Оқу орнына әке шешемнің қаржысының сүйемелдеуімен түстім. Кең дүниеге шығып, көзімнің қызыл жасылға қызыққаны, үлкендік өмірдің осыншама қызығына жеткеніме қуаныштан жарылайын деп жүргенім, анама аса ұнай қоймағаны анық.

— Қызым ау, бой жетіп ес кіреме десем, бұл жүрген жүрісің не? Анау бұзақы топқа қалай кіріп алғансың, оданда оқуыңды оқып, менің мақтанышым болсаңшы. Өміріңді өксітпесеңші…

Анамның мен түнделетіп келген кезімде айтқан сөзі. Әрине, тыңдайтын мен бар ма? Өз өмірім өзіме ұнап, тәтті тағдырға мас болып жүргенім, өз ақылым өзіме жетер деп жүргенімде, біреулердің, тіпті анамның да ақылына мойын бұратын мен ба? Жүрген үстінен жүрсем дедім. Қыздардың алды болып, мен ғана сұлу, мен ғана керемет болсам дедім. Достарымның керектісін алып, керек емесімен араласпай қойдым. Өйткені олар тым әсершіл, мінездері бір қалыпты, жуас, үлкендердің айтқанынан шыға алмайтын бірбеткейлер еді. Ал мен үшін ондай өмір іш пыстырарлық болғандықтан, оларды өмірімнен сызып тастадым. Өзіме көздері жанып, саналары бостандықты аңсаған, өз ақылдарына нық сеніммен қарайтын, өмірдің қызығына мас болып, дәлірек айтқанда, нағыз көше кезген достарды қосып алдым. Мен үшін солармен жүрген кездер өте қызықты еді. Қаласам, олармен қыдырып кетем, қаласам би кештеріне де барам. Қаласам, солармен бірге отырып, бастаңғы жасаймын, қаласам, олармен бірге түтінді де түтетемін…

Осындай берекетсіз күндермен өмірім жылжып жатқанда, өмірімнің осы бір тұстан басталып өзгеретінін кім білген? Достарыммен туған күн кешіне жиналатын болып, сәнді киімдерімізді киіп, аяғыма жаңадан алған аппақ әдемі аяқ киімімді киіп шықтым. Күн ала бұлттанып, аспанды солтүстік жақтан қап-қара болып көшіп келе жатқан бұлт жапқалы тұр еді. Елдің бәрі жауынның астында қалып кетпеудің қамымен тірліктерін тез бітіруге асығып, көшеде абыр-сабыр көбейе түсті. Мен достарыммен көлік күтіп тұрдым. Көлік те қырсыққанда тоқтай қоймады. Бірде аяғымды біреудің қатты басып кеткенін байқадым.

— Бұл не? Адамдардың көзі көрмейтін болғанба?,- деп аяғымның ауырғанына емес, жаңа алған аппақ аяқ киімімнің құртылғанына ызам кеп басып кеткен адамға жақтырмаған күйде қарадым.

— Кешіріңіз, кешірім өтінем, байқамай қалдым,-деп жан таласа кешірім сұрап тұрған адамның аяғынан бастап, басына дейін бір шолып өттім. Көз алдымда ұзын көйлекте, басына орамалды орай таққан, қолында бір сөмке азық түлігі бар қызды көрдім. Бетіне қарап мырс еттім:

— Сен не істегеніңді білесің бе? Мен мына аяқ киімді нешеге алғанымды ше? Мына достарымның алдында масқара қылғаныңды білесің бе? Тек кешірім сұрап, қоя салам деп тұрсың ба?,- деп, достарымның алдында өзімді көрсеткім келіп: — Сүрт,- дедім. Қыз маған бір қарады да түсінбеген күйі:

— Кешіріңіз?, - деп тағы қайталады.

— Тіліңмен жалайсың ба, жоқ па өз еркің, бастапқы қалпына келтір аяқ киімімді, дереу сүртіп, тазалап бер,- деп қақшиып тұрып алдым. Қасымдағы достарым да мені қолпаштап, демеу беріп тұрғаны мені одан сала есірте түсті… Қыз сөмкесінен бір жапырақ бет орамалын алып еңкейіп барып сүрте кетті. Біз бәріміз қарап ду-ду күліп, мәз болдық.

— Дұрыс айттың, аяғымен істегенді мойнымен көтерсін, бұларды осылай жазалау керек, тазалап сүртіп бер, біздің ханшайымымыздың аяғын,- деп достарым да мәз болып, дарақылана күліп жатты…

Өзімнің көкіректенгеніме мәз болып, басымды жоғары көтерген күйде одан сайын, осы бір қызға тиіскім кеп, достарымның алдында масқаралағым келді:

— Бұдан былай көзіңе қарап жүр, елдің бәрінің аяғын басып, осылай сүрте берсең, бет орамалың қалмай қалар, кейін басыңдағы жабыстырған орамалыңмен сүртіп жүрмесең болғаны… Біз бәріміз осы бір ерлігімізге мәз болып, қарқ-қарқ күліп тұрғанымызда, көптен күткен көлігіміз де зу ете қалып, бәріміз абыр-сабыр көлікке мініп жаттық. Ол қыз жай ғана бәрімізге мұңайа қараған күйі, артымызда қалып кетті.

Міне күндер тағы өтіп жатты… сабағымның ең бір қорқынышты кезі, емтихандар да басталып кеткен еді. Қызық қуам деп, ұстаздардың бет әлпетін де байқап қалмаппын. Енді емтиханда қалай таныр екенмін деп ойланып келе жатқан тұстан, дәл оқу орнымның алдына апаратын қоғамдық автобусқа отырдым. Оқуыма шейін жарты сағат, барып бос орынға жайғаса кеттім. Жолай жинаған адамдармен көлік іші лық тола кетті. Аяғымдағы биік өкшелі аяқ киіміме қарап, ешкімге орын бергім келмеді. Тұрғандардың бәрі жастар ғой, бәрі емтиханға бара жатыр деп өзімді жұбатып қойдым. Келесі аялдамадан аяғы ауыр бір келіншек автобусқа ене кетті. Мен байқамағансып отыра бердім. Жайлап келіншектің түріне қарадым. Тани кеттім. Дәл сол өзі. Менің аяғымды басып, артынша тазалап, сүртіп берген қыз екен. Ол да мені таныса керек, қадала қарады да артынша мойнын бұрып ала кетті. Мені көргісі келмегені болар, мен де көргім келгені шамалы деп ойладым да, орын беруге жылы орнымды қимадым. Ішімнен намысым да жібермей тұрғаны. Бұл қызды сонша масқаралап, енді кеп майысып орын беремін бе, деген арам ой келіп, әдептілік маған жараспайтын мінез екенін білсін дегендей, мен де бедірейе қарап отырып алдым. Сол отырған күйде, ол тұрған күйде оқу орнымның аялдамасына кеп тоқтадық. Тәлімгерлер арты-артынша түсіп жатты. Мен де жағаласа түсуге асықтым. Байқағаным, жаңағы қыз да бізбен бірге көліктен түсті. Ол да тура мен оқитын оқу орнына қарай тартты…

Қызық қуып жүретін достарыммен қосыла жүрек ұша қорқақтап тұрмыз. Оқыған кітабымыз жоқ, не дер екенбіз деген оймен әрбіріміз қадалып бір кітапқа қарап қоямыз. Сірә, сол жерде миымызға ақыл қона кететіндей, оқымысты болып тұрғанымыз, сырт көзге сондай күлкінішті.

— Вера Александрова ішке кіріңіз, деген дауыстан селт ете түстім. Мені емтиханға кіруімді сұрап жатыр. Алып-ұшып атып тұрдым. Не айтам, не тапсырам, санам сан сұраққа жүгіріп, аяңдап, тартыншақтап барып есікті аштым. Біткен жерім осы деп ойладым.

— Сіздің қалып кеткен сабағыңыз көп екен. Сіз емтихан тапсыра алмайсыз. Келесі жылға қаласыз.

Ашудан жарылардай болып сыртқа шықтым. Ешкімнің сұрағына жауап берместен, дәлізден төмен қарай түсе берім. Ашуымның келгені сонша, көз алдымдағы адамдарды да байқамай, қағып соғып кетіп бардым. Ендігі жылы қайта оқимын, анама не айтам деген сансыз сұрақтар санамды жеп бара жатты. Қарсы алдымда келе жатқан адамды да байқамай, қағып кеттім.

— СубханАллах, ішім, деген дауысты естіп жаңағы қағып кеткен адамыма қарадым. Көз алдымда, маған кезіге беретін орамал тартқан қыз тұр. Сірә, аяғы ауыр болғандықтан, ішіне тиіп кетсем керек. Өзім ашуға бұлығып тұрғандықтан, кешірім сұраудың орнына оған айғай салдым:

— Көзіңе қарап жүрмейсің бе, алдыңда келе жатқан мені көрмейсің бе? Ә, түсінікті, сенің көзің көрмейді ғой, елдің аяғын басып, енді өзіңнің ішіңе ие болмайсың ба? Менің көзіме көрінбе!,-дедім де бұрылып кете бердім. Артымда қалған қыздың жайлап қана:

— Алла сені де, мені де кешірсін!,- деген даусын ғана естідім…

Осылай күндер де өтіп жатты.

 

(Жалғасы бар…)

 

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Ұқсастар

Мұрағат