Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

«Соскасыз бала» тәрбиелеу және спорттық ойындардың маңызы

Шынәділ Салтанат www.muftyat.kz 13.11.2017 155 0 пікір

Картинки по запросу дети интернет

Жаһандануға құлшына құлаш сермеген заманда еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін қалта телефонымен әуес болып кеткені, қала берді компьютер ойындарының «патшасы» болып, тағы мен тәжін бергісі келмей сағаттап отырып алатыны ащы да болса ақиқат. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген әр балаға ата-анасының артар сенімі мен үкілеген үміті бары және рас. Алайда, сол мақсатқа жету жолында қандай жұмыстар жасап жатырмыз?! Оңы мен солын ажырата қоймаған, ата-анасын идеал тұтатын баламызға үлгі бола алып жүрміз бе? Тіпті, қоғамда «соткасыз адам соскасыз бала сынды» дейтін сөздер тарап үлгерді. Қоғамға індет болып жайылған өзекті мәселе жайлы бірер сөз қозғамақпыз.

Баласының шырқыраған үні шықса қолына қалта телефон ұстатып алдарқататын ата-аналарды көзіміз көріп жүр. Бірақ, ол нәрсе арқылы баланың бүгініне һәм болашағына қандай қауіп келтіріп отырғанын ескере бермейміз. Әлемді аузына қаратқан атышулы программисттер балаларын сандық технология құрылғысынан барынша аулақ ұстауға тырысады екен. Мәселен, «Apple» компаниясының негізін қалаған Стив Джобс The New York Times арнасына берген сұхбатында балаларына бірер сағаттан артық, ал демалыс күндері мүлдем телефон ұстатпайтындығын айтқан. Ал 3D Robotics компаниясының атқарушы директоры Крис Андерсон да өз үйінде қалта телефонды көп қолдануға рұқсат етпей, арнайы құралдармен шектеу қойған. Blogger мен  Twitter желісінің негізін қалаған Эван Уильямс балаларының күніне 1 сағаттан артық планшет, смартфон ұстамайтындығын, есесіне үйіндегі 100-ден аса кітаптан қалаған уақытында керек ақпаратты ала алатынын айтады.

Интернетке күніне сағаттарын кетіріп немесе өнбейтін іске уақыт жұмсайтын тәуелді жандар секілді, балаларының да  ғаламторға тәуелді болып қалуынан қорқатын көрінеді. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Ал ардақты пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын):

«Балаға бір мәрте көңіл бөліп, тәрбие беру – бір сағат (2120 гр) көлемінде садақа бергеннен де жақсы»,-деген. [1]

Ғаламторға жұмсаған уақыттың орнын бір сәт оның қалауын сұрап, баланың пікірімен санасып, өнегелі оқиғалар айтып һәм көрсетіп, спорттық ойындармен шұғылдандырумен толтырсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Осындай қарапайым істерді жасауға уақыт жұмсау – балаңыздың келешегі үшін құйған капиталыңыз. Осы ретте спорттық ойындардың баланың денсаулығы, жетілуі үшін маңызы зор екенін мамандар да ескертуде. Баланың бұғанасын қатайтып, буынын бекітетін, артық салмақтан арылудың бірден-бір жолы – спорттық ойындармен шұғылдандыру. Сонымен қатар, соңғы зерттеулер нәтежиесінде дене жаттығуларының созылмалы аурулардың алдын алу тұрғысынан дәрі-дәрмекпен пара-пар екендігі дәлелденді. Әлем халықтарының физикалық жаттығулармен шұғылдану арқылы денсаулығын жақсартуға күш салуы – жыл сайын медициналық шығындарға жұмсалатын 68 миллиард долларды үнемдеп, әлем экономикасын көтеруге айтарлықтай үлес қосады екен.[2]

Саңлақ сахаба Омар ибн Хаттаб (ол кісіге Алла разы болсын) Шам еліне жолдаған хатында:

«Балаларыңа жүзуді, садақ атуды және ат өнерін үйретіңдер»,-дегені тегіннен тегін емес.

Қара қылды қақ жаратын әділдігімен тарихта аты қалған әйгілі сахаба «Отанның отбасыдан басталатынын», оны құрайтын әр адам мықты болса, мемлекеттің дамуына жағдай жасап (экономикалық жағынан), пайда келтірмесе де, тым болмаса зиян келтірмейтінін айтқысы келген болар. «Адам ұрпағымен көрікті» деп қазақ айтқандай болмысының бөлшегін тәрбиелеу, уақытын неге жұмсап жатқанын қадағалау, сол жолда қайрат жұмсау – әз пайғамбарымыз (ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын) айтқан баласына «ең жақсы сый» беретін әкенің сипаты. Алла Тағала баршамызға дұғасы үзілмей жетіп тұратын салихалы ұрпақ нәсіп етсін!  

 

[1] Тирмизи риуаяты

[2] Facts: Sports Activity and Children

                                                                  

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Ұқсастар

Мұрағат