Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Құдай жайлы жақсы ой

Мұса ЕРБАТЫР 09.08.2017 304 0 пікір

Картинки по запросу сидеть в мечети

Имам Науауи бір сөзінде: «Біліңіз, пенденің дені сау уақытында қорқушы әрі үміт етуші күйде болуы құп саналады. Яғни, өзінің күнәлары себепті Алланың жазасынан қорқуы мен Алланың кешірімі және сауабына деген үмітті жүрегіне сыйғыза білуі[1]», - деген екен. Демек, адам бойындағы қорқыныш пен үміт тепе-теңдікте үйлесім табуы керек. Мұндайда қорқыныш үміттен, үміт қорқыныштан басым түспеуі тиіс. Мұны Алла Тағала жайлы жақсы ойда болу дейді. Алла жайлы жақсы ойлау деген не? Оның мәні неде, қалай болады? Оның талабы неден тұрады?..

Құдси хадисте:

يقول الله -تعالى-: أنا عند ظن عبدي بي، وأنا معه إذا ذكرني؛ فإن ذكرني في نفسه، ذكرتُه في نفسي، وإن ذكرني في ملأ، ذكرته في ملأ خير منه...

«Алла Тағала: Мен пендемнің ойы қандай болса, солай мәміле жасаймын. Мені есіне алса, жанынан табыламын. Өз ішінен Мені еске алса, Мен де оны ішімнен еске аламын. Егер, жұрт алдында еске алса, олардан да жақсы адамдар жанында оны еске аламын..., -  дейді[2]»,-делінген.

Хадисші ғұлама Мұхаммед Ауама өзінің «Мин сихах ахадис құдсиа» атты еңбегінде: «Пенде ойы – анық таным, шынайы сенім. Алла Тағала жайлы пенделерінің ойына тыныштық беріп: Сендер қорықпаңдар және үрейленбеңдер. Менің мағфиретімнен үмітте болыңдар. Мен күнәларыңды кешіреді деп кәміл иман етсеңдер, Мен күнәларыңды кешіргеніме толықтай сеніңдер. Егер Менен дұға етіп сұрасаңдар, жауап берілетініне және қол жетілетіне иман етіп жасаңдар. Менің құзырымнан мол сыйды үміт етіп жасаңдар. Оған толықтай сеніңдер. Сонда тілектеріңе қол жеткізесіңдер. Мен сендердің сенімдерің һәм үміттеріңе қарай мәміле етемін», -  дейді»,  - деп жазған екен.

Пенделердің басқа жағдайларында да осылай. Барлық жағдайда пенде Раббысына толықтай иман етіп, әрекет етуі тиіс. Сондықтан да бұл хадистің басқа да риуаяттарында

أنا عند ظن عبدي بي، فليظن ما شاء

«Мен пендем қалай ойласа (сенсе, иман етсе), солай қарым-қатынас етемін. Пендем қалаған нәрсесіне (дұға-тілегінде) кәміл сеніп әрекет етсін», - делінген. «Бұл дегеніңіз ауырғанда – шипаны, кедейлік кезде – кеңшілікті, қысым көрген – көмек пен қолдауды, білімсіздік кезінде – таным мен ілімді ниет етіп тілеуі сияқты», - дейді. Бұл құдси хадистегі «егер» болашақты аңғартса, «еске алу», яғни «зікір ету» сөзі дұға ету, басқа да ұлықтау және мадақ сөздерін қамтиды. Ал, имам Науауи: «Алланың пендені еске алуы, зікір етуі оның күйін білумен шектелмейді. Сонымен бірге, мейірімділік, сәттілік, тура жол және қамқорлығын да білдіреді. Демек, пендеге Алланың мейірімі болған және сәттілігі серік болған іс беріледі. Сол сияқты барлық ісінде иләһи қамқорлық және қорған болмақ», - дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бақилық сапарға аттанардан үш күн алдын:

لا يموتنَّ أحدكم إلا وهو يحسن الظن بالله تعالى

«Сендердің ешбірің Алла Тағала жайлы ойы жақсы болмайынша өлмесін[3]», - деген екен. Ал, Тирмизи мен Әбу Дәуітте: «Анығында, Алла жайлы жақсы ой – көркем құлшылық[4]», -деген риуаят бар.

Алайда, Жаратқан жайлы жақсы ой мен алдану арасында байқалмайтын бір айырмашылық бар. Жаратушы жайлы жақсы ой пендені құлшылыққа және қам-қарекетке жетелейді. Ал, алдану «Құдай кешіреді» деп пендені күнәға үндейді. Құдай бізді көркем ниет пен жалғандығы жоқ жақсы ойдан айырмасын.

 

[1] Риядус Салихин

[2] Бұхари

[3] Муслим, Әбу Дауд

[4] Тирмизи, Әбу Дауд

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Ұқсастар

Мұрағат