Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Жәннәттағы  нығметтер

Нұрлыбек Такеев, Ақтөбе қаласы, «Сүлеймен ата»  мешітінің бас имамы www.muftyat.kz 28.06.2017 1833 0 пікір

 

Алласын жөнді танымаған, исламнан алшақ, иманы әлсіз пенделердің кейде мұсылмандарға мүсіркей қарайтыны бар. Себебі олардың пайымынша, пенде бір-ақ мәрте берілетін фәниде бәрін көріп, жалғанды жалпағынан басып, жанын қиналтпай жан рахаты үшін өмір сүруі керек. Ал мұсылмандардың мына жалған өмірдің барлық рахат-ләззатынан, керемет нығметтерінен «мақұрым» қалып, тәні қалаған затын тәрк етіп, бас тартуын мүлдем дұрыс емес деп санайды. Алайда, ақиқатында, нақ өздерінің дүниенің жылтырағына алданып жүргендіктерін, мерзімі жеткенде арқаға мойын бұрып, мұсылмандыққа өтпекке кеш болатындығын әсте сезбейді. Бұл ақиқат Аллаға иман келтіріп, ақыреттің, жәннат пен тозақтың барын мойындаған мұсылмандарға  ғана аян.

Мүминдердің өмір бойы үміт ететін ахиреттік сыйы – Жәннәт. «Жәннәт» сөзі араб тілінен аударғанда «бау-бақша» деген мағынаны береді. Жәннәт – бұл Алланың сүйікті құлдарына о дүниеде беретін сыйы, дүниедегі қайғы, мұң, уайым, ауру, аштық, шөл сияқты қиындықтардың орнына дайындалған мәңгілік мекен.

Алла Тағала жәннәтты Құранда түрлі есімдерімен атайды: «Жәннәтул мәуа» (шәхиттер мен мүминдердің мекені), «Фирдаус» (барлық нәрсені қамтыған жәннат), «Дарул хулуд»   (мәңгілік үйі), «Дарус-салам»  (амандық, есендік мекені), «Жәннәтул адн» (тұрақты, мәңгілік жәннәты), «Дарул муқама» (мәңгілік мекен), «Әл-мақамул әмин» (сенімді мақам).[1]

Біз жәннәттың нығметтерін тек Құран мен хадистерде сипатталған мәліметтерден ғана танып біле аламыз. Жәннәттың қандай екендігін Құранда былайша сипаттайды:

«Олар (алтыннан) тоқылған тақтардың үстінде қарама-қарсы отырып жайғасады. Айналасында мәңгілікке сәби болған балалар  ағып жатқан бұлақтан құмыралар мен кеселерді шарап толтырып отырады. Ол шарапты ішкендердің бастары ауырмайды, мас та болмайды. Өздері таңдаған жеміс-жидектер мен тәбеттері тартқан құс еттері ұсынылады. Олар үшін сақталған інжу маржандай сұлу көзді хор қыздары бар. Осының барлығы олардың дүниеде жасағандары үшін сый ретінде. Олар жәннәтта бос, өтірік сөздер естімейді. Тек сәлем, сәлем деген сөздер естиді. Оң жақ иелері. Оң жақ иелері болу қандай бақыт! Тікенсіз Сидр ағашзарларда. Тізілген банандар бумасында. Жайылған көлеңке астында. Сарқыраған өзеннің үстінде. Таусылмайтын әр бас тартылмайтын алуан түрлі жеміс-жидектің астында. Биікке асылған төсектерде жатады. Расында, Біз Хор қыздарын (анадан тумастан) бірден жараттық. Кейін оларды оң жақ иелері үшін (жасы да, сұлулығы да) бір-біріне тең, құмарлы да құштарлы еркек көрмеген қыздар етіп қойдық»[2].

«Рахман» сүресінде жәннәттың тағы басқа нығметтерін сипаттайды:

«....астары қалың жібектен болған төсеніштерде сүйеніп отырады. Бақшаларда жақындаушы жемістер бар (яғни, жәннәттық жанға жегісі келген жемістерінің өздері иіліп жақындайды). Енді Раббыларыңның қайсы нығметін жалған дейсіңдер? Онда көздерін сақтаушы қыздар бар, оларға алдын ешбір адам және жын жақындаған емес. Енді Раббыларыңның қайсы нығметін жалған дейсіңдер? Олар жақұт пен маржан сияқты. Енді Раббыларыңның қайсы нығметін жалған дейсіңдер? (Дүниеде жасаған) Ихсан[3] жақсылықтың сыйы тек қана жақсылық болмақ. Енді Раббыларыңның қайсы нығметін жалған дейсіңдер? Ол екі жәннәттың төменінде тағы екі жәннәт бар. Енді Раббыларыңның қайсы нығметін жалған дейсіңдер? Жап-жасыл. Енді Раббыларыңның қайсы нығметін жалған дейсіңдер? Ол екеуінде үздіксіз атқылап тұрған екі бұлақ бар. Енді Раббыларыңның қайсы нығметін жалған дейсіңдер? Онда жеміс, құрма және анарлар бар. Енді Раббыларыңның қайсы нығметін жалған дейсіңдер? Онда көркем мінезді, сұлу жүзді қыздар бар. Енді Раббыларыңның қайсы нығметін жалған дейсіңдер? Олар шатырларда сақтаулы хор қыздар[4]».

Жәннәттың кеңдігі туралы пайғамбарымыз ﷺ былай деген: «Жәннәтта жүз түрлі дәреже бар. Әр дәрежелердің арасы жүз жылдық жол болады». Және бір хадисінде:

«Жәннәттә жүз дәреже бар. Әр дәреженің арасы жер мен көктің арасындай кеңдікте. Фирдаус – бұлардың ең жоғарғысы. Жәннәттың төрт өзені осы Фирдаустан бастау алады. Оның үстінде Аршы бар. Алладан жәннәтты сұрғанда Фирдаусты сұраңдар»[5].

Құдси хадисте Алла Тағала: «Мен салих құлдарым үшін көздері көрмеген, құлақтары естімеген, ойына алмаған, тіпті қиялдап көрмеген нығметтер дайындадым»[6].  

Дүниеде  мәңгі жас болып қалуды қаламайтын адам баласы жоқ шығар. Ер кісі де, әйел кісі де өзінің көрікті келбетін сақтағысы келетіні адамның жаратылысынан болса керек. Сол бір сұлу келбетті күту үшін дүниеде әсемдік салондары жұмыс жасап жатса, жәннәтқа кірген адам кәрілікпен мәңгілік қоштасады. Әли (р.а) Пайғмбарымыздың ﷺ былай деп айтқанын жеткізеді: «Жәннәтта бір базар бар. Бірақ ол базарда ешқандай сауда саттық жоқ. Онда тек ер және әйел адамдардың келбеті бар. Еркек қалаған келбетке өзгере алады»[7].  Әнәс ибн Мәликтің естіген хадисінде Пайғамбарымыз ﷺ былай дейді: «Жәннәттықтардың бір базары бар. Олар жұма сайын сол базарда бас қосады. Сол сәтте солтүстіктен бір  самал еседі де, киімдері мен жүздерін сипаған сәтте мүсін келбеттерінің сұлулығы арта түседі. Олар әйелдерінің жанына оралғанда өте көрікті болып барады. Әйелдері:

  • «Уаллаһи, сіздер бұрынғыдан да көрікті болып келіп тұрсыздар» деп таңырқап тұрса, оларға еркектері:
  • «Сіздердің де сұлулықтарыңыз бұрынғыдан да артып кеткен»[8] деп жұбайларына сүйсініп тұрады. Әуелде адамзатты ең көркем түрде жаратқан Раббымыз үшін сол көркемдікті мәңгілікке қалдыру әсте қиын емес.

Осынау кереметтердің барлығы Алланың бізге Жәннатта дайындаған нығметтерінен. Алайда, мұның бірі де ондағы ең зор нығметпен әсте, теңесе алмайды. Бұл, әрине - Алланың дидарын көру нығметі. Бұл туралы Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде былай дейді:

«Жәннәттықтар жәннәтқа кірген уақытта Алла Тағала олардан былай деп сұрайды: «Сендер үшін тағы да нығметімді арттырғанымды қалайсыңдар ма?» «Бізді жәннәтыңа кіргізіп, жүзімізді жарық еттің, тағы не сұрай аламыз?» Сонда Алла Өзі мен құлдарының арасындағы пердені ашады. Жәннәт тұрғындары бұдан артық жақсы нәрсе көрмеген[9]».
Пайғамбарымыз ﷺ осыдан кейінгі сөзін Құранның мына аятымен жалғастырды:  «Жақсылық жасағандар үшін көркем түрде қайтарымы еселенген нығметтер бар. Олардың жүздерін қара дақ та, қорлық та қаптамайды. Міне, солар жәннәт иелері болып, ол жерде мәңгі қалады»[10].

Олай болса, Алла Тағала Өз мейірімімен біздер үшін дайындаған теңдессіз нығметі – жәннәт бақтарында қауышуымызды баршамызға нәсіп етсін!  

 

[1] «Иман негіздері», 347-бет. Смайл Сейтбеков. Астана 2011.

[2] Құран, «Уақиға» сүресі, 15-40-аяттар.

[3] Ихсан – көркем амал. Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) «Ихсан деген не?» деп сұрағанда, «Ихсан – Аллаға Оны көріп тұрғаныңдай құлшылық жасауың. Сен Алланы көрмесең де, Алла сені көреді» деп жауап берген.  

[4] Құран, «Рахман» сүресі, 50-73-аяттар.

[5] Тирмизи, Жәннәт 4.

[6] Сахих Бұхари, Бәдул-халқ 8, Сахих Муслим, Жәннәт 2.

[7] Тирмизи, Жәннәт 15

[8] Муслим, Жәннәт 13

[9] Муслим,Жаннат 3

[10] Құран, «Юнус» сүресі, 26-аят

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Ұқсастар

Мұрағат