Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Ермек Мұқатай: БІЗДЕ АЛАШТЫҢ ҚАМЫН ЖЕУДЕН БАСҚА МҮДДЕ БОЛМАУЫ ТИІС

29.03.2017 806 0 пікір

Ермек Мұқатай,

ҚМДБ-ның Өскемен өңірі бойынша өкіл имамы,

облыстық Халифа Алтай мешітінің бас имамы

 

– Ермек қажы, өңірге өкіл имам болып келгеннен бері бірталай игі іске мұрындық болдыңыз. Атап айтар болсақ, өткен жылы «Исламдағы зайырлылықтың орны», «Зайырлы қоғамдағы ұлттық және рухани құндылықтарды қалыптастырудағы ақсақалдар институтының рөлі», «Дін мәселелері бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарының басым бағыттары», «Имамның тұлғалық келбеті: Діни қызмет-мәртебелі міндет», «Бағытым – Ислам, Бақытым – Тәуелсіздік» және т.б. көптеген келелі құрапаттарды өткіздіңіздер. Биыл да жыл басынан бері де ат үстінен түспеген сияқтысыз?

– Бисмиллаһир рахманир рахим! Ұлы Жаратушы – Алла-Тағалаға сансыз мақтаулар һәм Хақ Елшісі – Мұхаммедке Алланың салауаты мен сәлемі болсын!

Иә, Алла нәсіп қылған игі істі қал-қадірімізше атқарып жатырмыз. Өкінішке қарай базбір бастамаларымыз Өскемен өңірімен ғана шектеліп қалып жатыр. Мысалы, былтырғы жылы өткізген Ақсақалдар форумы мен «Имам такси» қызметі және  «Бағытым – Ислам, Бақытым – Тәуелсіздік» атты ақындар мүшайрасы өзге өңірлерлерде де жалғасын тапса, нұр үстіне нұр болар еді.

Қазір кейбір қарттарымыз күн ұзақ уақытын аулаларда карта, шахмат, нар ойнаумен өткізіп жатады. Күміс сақал аталарымыздың пайдасыз нәрсені ермек қылғанын көріп, көңіліміз құлазып сала береді. Әсілі, мұның бәрі біздің ақсақалдармен тұрақты байланыс орнатпауымыздан деп білем. Егер, ақсақалдарымызды мешіттердің ақылдастар алқасына немесе жергілікті ақпараттық насихат тобына қосып, олардың қоғамдық әлеуетін орынды пайдалана алсақ, көптеген шетін мәселелерді шеше аламыз. Әрі дәстүрлі жүйеміздегі ақсақалдар институтын жандандырған болар едік.

Сондай-ақ, өңірде сөз зергерлері Оралхан, Дидахмет, Қалиқанның ізін басқан аузымен шоқ тістеген қаламы от жас ақын-жазушыларымыз да өте көп. Олардың да жүзін, қарым-қабілетін руханиятқа өзіміз бұрмасақ, кім бұрады? Біз осы мәселеге дұрыс көңіл аудармағандықтан, қазір кейбір жас ақын-жазушыларымыз жат ағым өкілдерінің сапында жүр. Әлбетте, біз әрбір істі әуелі Алланың разылығы үшін һәм Алаштың қамы үшін жасаймыз. Дегенмен, ақылгөйсіну деп ұға көрмеңіз, бір өңірдегі игі бастаманы сол ыстығы басылмаған күйі келесі аймақ жалғап кете алса ғана игі іс тиянақты әрі өміршең болады. 

Біз сіз айтып отырған жиындарды өткізу арқылы өңірдегі ақсақалдар және сөз ұстар азаматтармен жылы қатынас орнатып, олардың қоғамдық әлеуетін және қаншалықты абырой-беделге ие екеніне көз жеткізе алдық. Күнделікті өмірде халықпен тығыз қарым-қатынас жасағандықтан, күйбең тіршілікте ірілі-ұсақты мәселелерге тап келіп жатамыз. Осындайда жанашыр ақсақалдар мен сөз ұстар азаматтардың пайдасы тиіп жатады. Жалпы, біздің қолға алған бұл шараларымыз Алла Елшісінің (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Береке ақсақалдардың қасында» деген хадис-шарифімен һәм мемлекетіміздің бүгінгі таңда жүргізіп отырған медиация (бітімгерлік) саясатымен де астасады деп ойлаймын.

 

ӨСКЕМЕННЕН МЕДРЕСЕ САЛЫНАДЫ

 

– Мешін жылының алғашқы тоқсанында да бірталай шараларды атқардыңыздар. Ұдайы үстемелетіп бірінен кейін бір қоғамдық шаралар өткізулеріңізге не себеп?

– Иә, жыл басынан бері ағымдағы көтерілген мәселелерге орай тиісті іс-шараларды атқардық. Соның ішіндегі «Алла-Һай» деп сүйінші сұрайтын үлкен жаңалығымыз – облыс әкімі Даниял Кенжетайұлы Ахметов мырзаның «Халифа Алтай» мешітіне арнайы ат басын тіреуі еді. Облыс әкімі құр қол келмей, ҚМДБ-ның Өскемен өкілдігінің жұмысымен танысып, мешітке Toyota Camry автокөлігін сыйға тартты. Сондай-ақ, мешіт жанынан 50-60 орындық медресе салып беруге уәде берді. Өңір басшысының бұл мәрттігі оның асыл дінімізге қамқор жан екенін паш етті деп ойлаймын.

Мен Өскеменге өкіл имам болып келгеннен бері Шығыс Қазақстандағы Хақ діннің тарихын зерттеп жүрмін. Төңкеріске дейінгі Патша үкіметі кезінде Зайсан қаласы Шығыстағы діни орталық болған екен. Онда «Қазақия» және «Ғизатия» медреселері жұмыс істепті. Осы тарихи ақтаңдақты қайта жаңғырту үшін басшылықпен (ҚМДБ) келісе отырып, облыс әкімдігіне мәселе қойған едім. Бұл бастаманы Даниял Кенжетайұлы сөзге келместен құптады. Бұйырса Өскеменнен илаһи құтхана – медресе салынбақшы.

 

– Бұл жақсы жаңалық екен. Десек те, онсызда мешіттердегі «сауат ашу курстарында» діни білім берілмей ме?

– Дұрыс айтасыз. Мешіттерімізде де екі айлық сауат ашу курстары жұмыс істейді. Жыл басынан бері сауат ашу курсының алғашқы легі оқуларын тәмамдап, қолдарына сертификат алды. Сауат ашу курсында шәкірттерге Құран оқу, араб тілі, ақида, фиқһ, сира және т.б. да пәндерді оқытамыз. Қазір «Халифа Алтай» мешітіндегі сауат ашу курсында Египет пен Түркиядан келген ұстаздар да сабақ береді. «Сауат ашу курсы» атына сәйкес екі ай мерзім ішінде Құранды жүргізіп оқумен бірге иман және ислам шарттарын үйретумен шектеледі. Ал, медресе-колледжде шәкірттерге тереңірек ислами білім беріледі. Медресе-колледжде шәкірт 3 жыл діни білім алып, ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен «иман хатыф» шифры бойынша арнаулы орта білімге ие болады. Медресе-колледждің дипломына ие болған түлек арнайы жолдамамен мешіттерде имамдық қызмет ете алады. Әзірге облыс әкімі тиісті құзырлы мекемелерге медресе салу үшін жер бөлу жөнінде және медресе ғимаратының жобасын жасауға тапсырма берді. Бұйырса, шығыстың шырайын келтіретін діни оқу орны да ашылатын күн алыс емес.

– Азаматтармен бірге әйел заты да қоғамның белді мүшесі саналады. Нәзік жанды қауымның көңілін аулауға қатысты қандай іс атқардыңыздар?

– Барша әйел қауымын кешегі мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Атаулы мереке күні жылдағыдай арнайы іс-шара өткізіп, әже-апаларымыз бен қыз-келіншектерге сый-сияпатымызды да жасадық.

Жалпы, ҚМДБ құрамынан өткен жылы әйелдер секторы ашылып, бізге оның жұмысын байытып, жаңа белеске көтеру міндеттелген болатын. Осы тұрғыда «Халифа Алтай» мешітінде «Әйелдер-қыздар» секторы «Тәрбие тал бесіктен» атты шара өткізді. Шарада балаға қазақы тәрбие берудегі хикмет сөз болып, ұлттық ғұрыптың тағылымы туралы дәріс оқылды. Ашық сабаққа келген әжелер мен қыз-келіншектер осындай игі шараның куәсі болғанына разы болып жатты.

Сонымен қатар, ҚМДБ-ның «Әйелдер-қыздар секторының» жылдық жоспарына сай тағы бір нәзік жандыларға қатысты «Жар таңдай білудің маңызы» атты шараны өткіздік. Статистикаға жүгінсек, қазір шаңырақ көтерген ерлі-зайыптылардың әрбір үшінші жұбы ажырасып кетеді екен. Бұл дегеніміз нағыз ұлт қасіреті ғой. Қоғам мың жерден демократиялық һәм экономикалық тұрғыда аршындап дамысын, бірақ сол қоғам мүшелері отбасының жылуын сезіне алмаса, ол бәрібір бақытсыз қоғам болып есептелінеді. Осы себептен де шариғатымыз бойынша ажырасу харам болмағанмен, сүйкімсіз іс саналады. Бұйырса, алдағы уақытта отбасылық құндылықтарды насихаттауға қатысты шараларды жиі ұйымдастыруды ойластырып отырмыз. «Жар таңдай білудің маңызы» атты ашық сабақ осы игі істің тек басы деп біліңіздер.

 

ХАҚ ДІН МЕРЕЙІН АСЫРҒАН БИЛІКТІ ҚОЛДАЙМЫЗ

 

– Сіздер ҚМДБ-дан өзге кімнен тапсырма қабылдайсыздар?  

– Нені меңзеп тұрғаныңызды түсіндім (күлді). Білесіздер, ҚМДБ үкіметтік емес қоғамдық бірлестік. Біздің еліміздегі мемлекет пен дін қатынастары зайырлылық қағидаттарымен реттеледі. Сол себепті біз мемлекет саясатына араласпаймыз әрі мемлекеттің жүргізіп отырған саясатына қайшы іс жасамаймыз. Керісінше, республикалық мәртебе беріп, ел аумағында ҚМДБ-ның мерейін асырып отырған билікті біз тек қолдаймыз. Мысалы, биылғы жылы Елбасымыз Н.Назарбаев 31 қаңтар күні Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жасады. Біз, бір күннен кейін облыстық А.Пушкин атындағы кітапханада Өскемен өңірінің имам-молдалары мен мешіт шәкірттері арнайы жиын өткізіп, Елбасы Жолдауын өз арамызда қызу талқыладық. Жолдаудағы ғылымды дамыту және адами капиталды жетілдіру басымдықтары Хақ дініміз – Исламда да жоғары маңызға ие. Татулықты ту етіп ұстау арқылы бейбіт өмірімізді тиянақтай түсу – тек мұсылманның емес, әрбір қазақстандықтың қасиетті борышы. Осыған қатысты Жолдауда айтылған құнды ойларды елге дәріптеу біздің де міндетіміз деп ойлаймын. Әрі-беріден соң қоғамның тыныштығын тілеп, бірлікті насихат қылып, Патшаға дұға ету – мұсылманшылдықтағы айнымас қағида!

 

ДӘСТҮРЛІ ИСЛАМДЫ ДӘРІПТЕУ ТУРАЛЫ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАНДЫ

 

– Жастарға қатысты да іс-шара өткізгендеріңіз есімізде. Ол жиында нені дәріптедіңіздер?

– Бас муфти Ержан қажы Малғажыұлы Діни басқарманың тізгінін ұстағаннан  кейін ҚМДБ құрамынан Жастар бөлімі ашылған болатын. Бұл бөлімнің мақсаты: жастардың бойына имандылық, адамгершілік, отаншылдық сезімдерді орнықтыру, кері ағымдардан сақтандыру, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау болып табылады. Задында, жастар дегеніміз ертеңгі еліміздің болашағы. Ал, олардың тәрбиесі келешегіміздің айнасы десек еш қателеспейміз. Осы себептен де ұлы жазушымыз М.Әуезов: «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп тәлім айтқан болатын. Осы тұрғыда біз «Халифа Алтай» мешітінде «Жастар – Тәуелсіз Қазақстанның болашағы» атты Өскемен өңірі жастарының алғашқы басқосуын өткіздік. Аталмыш жиында Өскемен қалалық «Жастар орталығынының» басшысы Ринад Ахметжанов мазмұнды баяндама жасады. Сонымен бірге, облыстық «Жастар мәслихатының» хатшысы Берік Кәдіров, сондай-ақ, «Самұрық» зияткерлік клуб белсенділері қатысты. Жалпы, жиында Өскемен өңірініе қарасты 11 аудан мен Өскемен қаласының жастары бас қосып, өз ой-пікірлерін ортаға салды. Басқосу соңында діни экстремизм мен терроризм және кері діни ағымдардан сақтану үшін әрбір мешіт жанынан жастар алқасын құруға байлам жасалды. Біз үшін бұл да бір дәтке қуат дейтін ізгі шара болды.

 

Жақындағы Журналистер форумының да жай-жапсары туралы айтып өтсеңіз?

Қыс тоқсанның соңғы күні шымылдығы түрілген «Адамгершілік құндылықтарды насихаттаудағы БАҚ-тың рөлі» атты І Республикалық журналистер форумына негізінен дін тақырыбына қалам тартып жүрген журналистер шақырылды. Алқалы жиынға ҚМДБ-ның баспасөз бөлімінің басшысы Ағабек Қонарбайұлы мен Ғаламтормен жұмыс бөлімінің басшысы Әбдіхалық Мұрат және ғалым Мұхан Исахан, сонымен қатар Діни басқарманың облыстар бойынша баспасөз хатшылары, ШҚО дағы журналистер, ғалымдар, діни бірлестік жетекшілері қатысты. Қалам ұстаған азаматтар аталмыш жиында мылтықсыз майдандағы дін тақырыбының түйткілді мәселелерін сөз етіп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Әсіресе, жастар көбірек пайдаланатын ғаламтор рессурсы мен әлеуметтік желідегі діни ақпараттарды қалай екшеу керектігі жөнінде өз ойларын ортаға салды. Жиын соңында БАҚ-та адамгершілік құндылықтарды насихаттау, ҚМДБ ұстанымы саналатын дәстүрлі ислам құндылықтарын бірлесе дәріптеу хақында ортақ шешім қабылдады.

 

ШЫҒЫС – АЛАШОРДА АЙБОЗДАРЫНЫҢ МЕКЕНІ

 

–  Алдағы уақытта қандай маңызды жоспарларыңыз бар?

Биыл мәшһұр ғалым Халифа Алтай атамыздың 100 жылдық торқалы тойы. Мына Өскеменмен қоңсы жатқан Шығыс Түркістанда 1917 жылы дүниеге келген атамыз ХХ ғасырдың алғашқы жартысындағы Қытай мен Үндістандағы қанды қырғын, небір зұлматтарды бастан өткерген. Пәкістанда 8 жыл діни білім алып, сондағы қазақтардың діни жетекшісі болған. Кейін Түркияға көшіп, діни қызмет жасап, бірнеше кітаптар жазады. Соның ішінде соқталы шығармасы сөз жоқ қазақша Құран аудармасы еді. Бастан сан-сапат нәубетті өткере жүріп, Халифа Алтай атамыздың Құран тәржімасын жасауы, талассыз ерлікке пара-пар іс. Атамыз Қазақстанда бостандықтың боз алатаңы ата салысымен елге оралып, жантәсілім еткенге дейін атамекенінің рухани дамуына қызмет етіп кетті. Бұйырса Халифа Алтай атамыздың 100 жылдығына орай Түркия мен Қытайдан және отандық ғалымдарды шақырып, ғылыми конференция өткізбекшіміз. Соңынан ас беру де ойымызда бар. 

Сонымен қатар, жыл басында ҚМДБ-ның Ғұламалар кеңесінің XV мәжілісінде Алашорда үкіметінің 100 жылдығын атап өту мәселесі көтерілген болатын. Алла қаласа еліміздің бірқатар өңірлерінде Алашқа қатысты біраз іс-шаралар қолға алынғалы жатыр. Ал, біз де Алаш зиялыларының елге сіңірген еңбектерін насихаттамақпыз. Шығыс өңірінен Халел Ғаббасов, Отыншы Әлжанов, Райымжан Мәрсеков секілді Алаштың айбоздары шыққан. Сондықтан, Алаштың 100 жылдығына үлес қосуға қақымыз бар деп ойлаймын.

Одан бөлек азан айтылмайтын ауылдарға кәсіпкерлердің көмегімен мешіт тұрғызуды, бұрын салынып қойған мешіттерге діни  һәм қазақы реңкте ат қоюды ойластырудамыз. Мысалы, мына Өскемен қаласында «Защита» атты мешіт бар. Осы атауды кезінде Өскеменді ойраттардан азат еткен Қабанбай батырдың серігі Даулетбай батырдың атымен неге атамасқа? Әлбетте, бұл мәселелердің бәрі кеңесіп шешілетін дүниелер. Бұйырса, қолымыздан келгенінше Отанымыздың дамуы мен асыл дініміздің өрісінің кеңеюіне қолымыздан келген қызметті жасамақпыз.

 Сұқбатыңызға рахмет!

 

Сұқбаттасқан: Аскерхан Ақтай

Muftyat.kz

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Ұқсастар

Мұрағат