Таң

Күн

Бесін

Екінті

Шам

Құптан

Руслан Тыныштықұлы: КЕШІРІМДІ БОЛУ – КЕҢШІЛІК

02.11.2015 2419 0 пікір

Кешірімділік – адам бойындағы жақсы қасиет, пенде біткенге құрметпен, ізгілік тұрғыдан қарау. Кісінің оқыс істері мен зиянды іс-әрекетттері анықталғанда, оған адами тұрғыдан кеңшілік жасап, залалды істерінің мән-жайын түсіндіру, кеңшілік көрсету – кешірімділік болып табылады. Кешірім сұрауда – әрбір адамның өзі жіберген қатесін ой-санасымен сезініп мойындауы және оның мінезіндегі ерлігі мен батылдығын көрсетеді. Кешірімді болу – қоғамдағы азаматтардың болашағына сенім артып, оның саналы түрде тәлім-тәрбие алуына қамқорлық көрсетудің көрінісі. Ислам - қоғамдағы тыныштық пен ынтымақты сақтау үшін мейірімді және кешірімді болуды қажет етеді.

Неге кешірім исламның негізгі сипаттарынан деген сұраққа жауап берер болсақ? Жалпы кешірімді болудың бірнеше себептері бар.

1. Қазіргі таңда адамдардың көпшілігі кешірімділікті: ол әлсіздігінен немесе қорыққандығынан кешірді деп түсінеді.

2. Мүмкін кешірім деген нәрсе қазіргі кезде жоқ болар. Бір кісі болмашы дүние үшін ызаланса, кейбірі мүмкін кішкентай қателік үшін ашуланады. Сол кезде оны ештеңе баса алмайды, тек қана ол өзін-өзі басу арқылы ғана ашуын жеңеді.

Бір кісі үйіне келсе, әйелі ас әзірлеуде кішкене кешігуі немесе бір қателікке бой алдыруы мүмкін. Осыны себеп етіп күйеуі әйеліне ашумен орынсыз, шектен тыс сөгуі мүмкін.

3. Адамдар арасында кешірімділік жайында мынадай көзқарас бар. Өз-ара ренішті бетпе-бет келгенде кешіргенімен жүрегінде өшпенділік тұрады. Яғни, тілмен кешіріп, жүрекпен кек сақтайды.

4. Біліңіздер кешірімді болу момын мұсылмандардың ең маңызды сипаттарынан болады. Бұл сипат кейбір адамдардың түсінгеніндей әлсіздер мен қорқақтардың сипаттарынан емес.

Кешірім дегеніміз - саған деген жамандықтың бәрін еш жүректе сақтамай кешіру. Ұру, өш алу, міндетті түрде ақысын алу деген емес.

Исламдағы бауырмашылдық, кешірім ең жақсы істерден болып табылады. Өйткені ислам осындай ұлы жетістіктерге кешіріммен жетті. Кешірім деген отбасының салауатты өмір сүруіне жетелейді. Кешірім деген адамдардың бір-бірінің арасындағы сүйіспеншілік, махаббатты нығайтады. Кешірім деген адамдар арасында араздық болса, сол араздықты жеңіп, бір-бірімен достастырады. Кешірім деген бір-бірінен алыстап кеткен адамдардың арасын жақындатады. Бір-біріне күмәнмен қарағандардың күмәнын жояды. Кешірім деген бірін-бірі жек көретіндердің амалын босқа шығарып достастырады. Бұл жайлы Құран кәрімде Алла Тағала былай дейді:

وَلَا تَسْتَوِي الْحَسَنَةُ وَلَا السَّيِّئَةُ ادْفَعْ بِالَّتِي هِيَ أَحْسَنُ فَإِذَا الَّذِي بَيْنَكَ وَبَيْنَهُ عَدَاوَةٌ كَأَنَّهُ وَلِيٌّ حَمِيمٌ 

Жақсылық пен жамандық тең емес. Жамандықты ең көркем түрде жолға сал. (Жамандыққа қарсы жақсылық қыл.) Сол уақытта сені мен екеуің араңда дұшпандық болған біреу, өте жақын достай болып кетеді[1].

Кешірім - кешірім жасаушының дәрежесін көтеріп, барар орнын ұлық етеді. Кешірімді адам біреуге зиян етуді жек көреді. Ол біреуге көмек беруге дайын болады. Кімде-кім кешірімділік сипатына ие болса, ол адам бұл дүниеде бақытты, ал ақыретте жомарттықпен нығметтеледі. Сондықтан да бұл сипат ислам дінінде де көркем мінезділіктің шыңы болып табылады. Кімде-кім кешірімді болса, ол адам өзіне жамандық ойлағандарды кешіріп жібереді. Мұны Алла Тағала өзге аяттарда былай деп түсіндіреді:

وَدَّ كَثِيرٌ مِّنْ أَهْلِ الْكِتَابِ لَوْ يَرُدُّونَكُم مِّن بَعْدِ إِيمَانِكُمْ كُفَّاراً حَسَداً مِّنْ عِندِ أَنفُسِهِم مِّن بَعْدِ مَا تَبَيَّنَ لَهُمُ الْحَقُّ فَاعْفُواْ وَاصْفَحُواْ حَتَّى يَأْتِيَ اللّهُ بِأَمْرِهِ إِنَّ اللّهَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ

Кітап иелерінің көбі, оларға шындық айқын болғаннан кейін өз күншілдіктерінен сендерді иманнан кейін қарсылыққа қайтаруды қалайды. Алла бір әмірін келтіргенге дейін, оларды кешіріңдер, елемеңдер. Күдіксіз Алланың әр нәрсеге күші толық жетеді[2].

Демек, бұл іс аятпен шектеліп қалмайды керісінше Алла Тағала Пайғамбарымызға ﴾ﷺ﴿ мейірімділікпен сипатталудың қаншалықты маңызды екенін айтып келесі бір аятта былай деп әмір етеді.

وَمَا خَلَقْنَا السَّمَاوَاتِ وَالأَرْضَ وَمَا بَيْنَهُمَا إِلاَّ بِالْحَقِّ وَإِنَّ السَّاعَةَ لآتِيَةٌ فَاصْفَحِ الصَّفْحَ الْجَمِيلَ

Көктер мен жерді әрі екеуінің арасындағы нәрселерді бір шындық бойынша жараттық. Сөзсіз қиямет келеді. Сондықтан көркем, жұмсақ сыңай байқат[3].  Бұл жайлы қазақтың бір туар тұлғаларының бірі Шәкәрім Құдайбердіұлы былай дейді:

Біреудің мінін кешірсең,
Құдай да сені кешеді.
Бірін де қылмай есірсең,
Төбеңді әлі-ақ теседі.
Көңілі жұмсақ адамның,
Күрмеуін тағдыр шешеді.
Пейілі жаман адамның,
Орыны дайын деседі.

Бір күні Пайғамбарымызға ﴾ﷺ﴿ Жәбірейл ﴾а.с.﴿ келіп: «Ей, Мұхаммед! Мен саған бұл дүниелік және ақыреттік болатын көркем мінездер әкелдім», - деп мына аятты оқыды:

خُذِ الْعَفْوَ وَأْمُرْ بِالْعُرْفِ وَأَعْرِضْ عَنِ الْجَاهِلِينَ

(Мұхаммед) кешірім жолын ұста және оларға туралықты әмір ет. Сондай-ақнадандардан бет бұр[4]. Сонда Пайғамбарымыз ﴾ﷺ﴿ одан бұл аяттың мағынасын сұрағанда Жәбірейл ﴾а.с.﴿: «Расында Алла Тағала саған, сенімен арасын үзген адаммен қарым-қатынасыңды жақсартуды, саған бермеген адамға беруді, саған зұлымдық жасаған адамды кешіруді, саған дұшпандық қылғанға сабыр етуді бұйырды», - деген екен.

Енді Пайғамбарымыздың ﴾ﷺ﴿ өмірінен және сәләфус-салихтардың (сахабалар т.б.) кезеңінен кешірімділікпен қалай сипатталғандығы жөнінде бірнеше мысал келтірейік:

Бірде пайғамбарымыз ﴾ﷺ﴿ жорықтан келе жатып жолда түнейді. Сонда жаудың бір адамы бәрі ұйықтап жатқанда жасырынып келіп, Пайғамбарымыздың ﴾ﷺ﴿ бас жағында тұрады да қылышын суырып: «Мен сені өлтірем десем кім тоқтата алады»-дейді. Сонда Пайғамбарымыз﴾ﷺ﴿: «Алла тағала»-дейді. Сол сәтте әлгі адамның қолынан қылышы түсіп кетеді. Қылышты қолына алған Пайғамбарымыз ﴾ﷺ﴿: «Ал енді мен сені өлтірем десем мені кім тоқтата алады»-дейді. Әлгі адам: «Шамасы жете тұра зұлымдық істемейтіндердің ең абзалы болыңыз»-дейді. Пайғамбарымыз ﴾ﷺ﴿: «Алланың жалғыз екеніне және менің Алланың елшісі екендігіме куәлік келтір»,-дейді. Әлгі адам: Енді адам өлтіруге тырыспаймын, сенімен бірге де болмаймын және сенімен соғысатындардың ішінде де болмаймын,- деп сөз береді. Сонда пайғамбарымыз ﴾ﷺ﴿ әлгі адамды жөніне қоя берді. Әлгі адам өз қауымына келген соң «Мен адамзаттың ішіндегі ең абзалының алдынан келдім», - деген екен.

رَوَيَ الْبُخَارِي وَمُسْلِمٌ عَنْ زَيْدِ بْنِ اْلأَرْقَم قَالَ :سَحَرَ رَسوُلُ اللِه صَليَّ اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ رَجُلٌ مِنَ اْليَهوُدِ ، فَاشْتَكَي لِذَلِكَ أَيَّامًا فَجَاءَهُ جِبْرِيلُ فَقَالَ : إِنَّ رَجُلاً مِنَ اْليَهوُدِ سَحَرَكَ عَقَدَ لَكَ فِي بِئْرِ كَذاَوَكَذاَ، فَبَعَثَ رَسُولُ اللهِ صَلَّي اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ عَلِيًا فَاسْتَخْرَجَهاَ فَجاَءَ بِهاَ فَحَلَّلَهَا ، فَقَامَ الرَّسُولُ صَليَّ اللهُ عَلَيْه وَسَلَّمَ كَأَنَّمَا نَشَطَ مِنْ عِقَالٍ ، فَمَا ذَكَرَ ذَلِكَ اْلَيهُودِيَّ ، وَلَا رَأَى وَجْهَهُ حَتَّى ماَتَ

Пайғамбарымыздың ﴾ﷺ﴿ өзін сиқырлаған Ләбид ибн Ағсам атты яһуди кешіріп жібергендігі жайында Бұхари мен Мүсілімде келген риуаятта Зайд ибн Арқам былай дейді: «Пайғамбарды бір һхуди сиқырлайды, Пайғамбарымыз ﴾ﷺ﴿ бірнеше күн ауырады. Сонда бір күні Жәбірейл﴾а.с.﴿ келіп: «Сені сиқырлаған еврей бірнеше түйнек түйіп пәлен деген жердегі құдыққа тастады. Бір адамды жібер барып алып келсін»-дейді. Сонда Пайғамбарымыз ﴾ﷺ﴿ Әлиді ﴾р.а.﴿ жібереді. Түйнекті әкеліп шешкен кезде Пайғамбарымыз ﴾ﷺ﴿ құдды бір байлаудан босағандай бірден өзіне келіп, орнынан тұрады. Сонда Пайғамбарымыз ﴾ﷺ﴿ ол еврейді кешіреді. Оған бұл нәрсені бетіне баспаған, айыптамаған, ренжімеген, ұрыспаған, тіпті бұл дүниеден қайтқанша бетін көрмеген екен. Міне, пайғамбарымыздың кешірімділігі!»

رَوَيَ اْلبُخَارِي عَنْ عَبْدِاللهِ بْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُماَ: أَنَّ عَبْدَ اللهِ بْنِ أُبَيِ لَماَّ تُوِفِّيَ جَاءَ اِبْنُهُ إِلَي رَسوُلِ اللهِ صَلَّي اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَالَ: أَعْطِنِي قَميِصَكَ أُكَفنَهُ فِيهِ ،وُصَلِّ عَلَيْهِ، وَاسْتَغْفِرْ لَهُ فَأَعْطَاهُ قَمِيصَهُ وَقَالَ :آذِنِّي أُصَلِّي عَلَيْهِ. فَآذَنَه فَلَماَّ أَرَادَ أَنْ يُصَلِّي جَذَبَهُ عُمَرُ فَقاَلَ: أَلَيْسَ اللهُ قَدْ نَهَاكَ اَنْ تُصَلِّي عَلَي اْلكَافِرِينَ ؟فَقَالَ صَلَّي اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَنَا بَيْنَ خَيْرَتَيْنِ، قَالَ» اِسْتَغْفِرْ لَهُمْ أَوْ لَا تَسْتَغْفِرْ لَهُمْ» فَصَلَّي فَنَزَلَتْ هَذِهِ اْلآيَةُ» وَلَا تُصَلِّ عَلَي أَحَدٍ مِنْهُمْ ماَتَ أَبَدًا وَلَا تَقُمْ  عَلَي قَبْرِهِ  إِنَّهُمْ كَفَروُا باِللهِ وَرَسُولِهِ  وَمَاتُوا وَهُمْ فَاسِقُونَ»

Бұхариден жеткен риуаятта Абдулла ибн Омар ﴾р.а.﴿ айтады: «Абдулла ибн Убай өлгенде оның баласы (мұсылман еді) Пайғамбарымызға ﴾ﷺ﴿ келіп: «Көйлегіңді бер әкемді кебіндейін, оның жаназасын оқы және ол үшін кешірім сұра», - дейді. Сонда Пайғамбарымыз﴾ﷺ﴿ оған көйлегін беріп тұрып: «Рұқсат бер, жаназасын оқиын», - дейді. Ол рұқсат береді. Сонда Пайғамбарымыз ﴾ﷺ﴿ намазға тұрайын деп ыңғайлана бергенде Омар ибн Хаттаб ﴾р.а.﴿ білегінен тартып: «Расында Алла Тағала сені мұнафықтарға жаназа оқудан қайтарды емес пе?», - дейді. Сонда Пайғамбарымыз ﴾ﷺ﴿: «Мен екі таңдаудың ортасында тұрмын», - деп мына аятты оқыған екен.

اسْتَغْفِرْ لَهُمْ أَوْ لَا تَسْتَغْفِرْ لَهُمْ

Мұхаммед ﴾ﷺ﴿ мұнафықтар үшін жарылқануларын тілесең де, тілемесең де) деп, кейін жаназасын шығарады. Осы оқиғадан соң Алла тағаладан Тәубе сүресінің 84-аяты түседі.

وَلاَ تُصَلِّ عَلَى أَحَدٍ مِّنْهُم مَّاتَ أَبَداً وَلاَ تَقُمْ عَلَىَ قَبْرِهِ إِنَّهُمْ كَفَرُواْ بِاللّهِ وَرَسُولِهِ وَمَاتُواْ وَهُمْ فَاسِقُونَ

Олардан біреу өлсе, әсте, жаназа намазын оқыма да қабірінің басында тұрма! Өйткені, олар Аллаға, Пайғамбарына қарсы келді. Сондай-ақ олар бұзық күйінде өлді[5].

Ал енді Абдулла ибн Убайдың кім екені ешкімге жасырын емес. Ол мұнафықтардың басы болған және Айша (р.ғ.-һа) анамызға зина жасады деп жала жапқанда сол еді. Момындардың анасы, Әбу Бәкірдің қызы, Пайғамбарымыздың ﴾ﷺ﴿ әйелі таза әрі пәк болған Айша (р.ғ.-һа) жайлы: «Алланың атымен ант етемін, Айша одан, ал ол болса Айшадан құтылмады. Яғни зина жасады», - деді. Оған қоса: «Пайғамбарымыздың ﴾ﷺ﴿ әйелі бөтен еркекпен бірге түнеді, тіпті бірге таң атырды, кейін ол оны түйесіне отырғызып, жетектеп әкелді», - деді. Бұл сөз Пайғамбарымыздың ﴾ﷺ﴿ абыройына тіл тигізді. Ол мұнымен де шектелмей Мәдинаға оралған соң Мұхаммедті ﴾ﷺ﴿ ол жерден масқаралап шығарамын деді. Бұл жайында Мұнафиқун сүресінің 8-аятында былай деп келеді.

يَقُولُونَ لَئِن رَّجَعْنَا إِلَى الْمَدِينَةِ لَيُخْرِجَنَّ الْأَعَزُّ مِنْهَا الْأَذَلَّ وَلِلَّهِ الْعِزَّةُ وَلِرَسُولِهِ وَلِلْمُؤْمِنِينَ وَلَكِنَّ الْمُنَافِقِينَ لَا يَعْلَمُونَ

Ол мұнафықтар: «Егер соғыстан қайтып, Мәдинаға барсақ; ол жерден ардақтылар, ынжықтарды әлбетте шығарады» дейді. Негізінде, ғиззат Аллаға, Елшісіне әрі мұсылмандарға тән. Бірақ мұнафықтар білмейді[6]. Осылардың барлығына қарамастан Пайғамбарымыз ﴾ﷺ﴿ оны кешірді, оның жаназасын оқыды, ол үшін истиғфар (кешірім) тіледі. Қалайша?! Өйткені ол, Пайғамбарымыз ﴾ﷺ﴿ әуелгілер мен соңғылардың мырзасы еді, бүкіл әлемге рақым етіп жіберілген болатын.

Әбу Бәкір ﴾р.а.﴿ өзінің бір жақынына нәпақа беріп тұратын еді. Көп уақыттан бері ол адам сол Әбу Бәкірдің ﴾р.а.﴿ берген садақасына күн көріп жүрген болатын. Бірақ ол адам Айшаға (р.ғ.-һа) жала жабылғанда мұнафықтар жағында болатын. Ол адам исламдағы хаққысын, туысқандық хаққысын, өзіне жақсылық істеп жүрген адамның хаққысын ұмыт қалдырды. Сонда Әбу Бәкір ﴾р.а.﴿ қатты ашуланып: «Алланың атымен ант етемін, енді ол адамға ешқашан нәпақа бермеспін»-деді. Сол сәтте Алла Тағаладан мына аят түседі.

وَلَا يَأْتَلِ أُوْلُوا الْفَضْلِ مِنكُمْ وَالسَّعَةِ أَن يُؤْتُوا أُوْلِي الْقُرْبَى وَالْمَسَاكِينَ وَالْمُهَاجِرِينَ فِي سَبِيلِ اللَّهِ وَلْيَعْفُوا وَلْيَصْفَحُوا أَلَا تُحِبُّونَ أَن يَغْفِرَ اللَّهُ لَكُمْ وَاللَّهُ غَفُورٌ رَّحِيمٌ

Сендерден кеңшілік, молшылыққа ие болғандар; жақындарына, міскіндерге, мұһажірлерге Алла жолында бермеуге ант етпесін. Ғапу етіп, кешірсін. Алланың сендерді жарылқауын жақсы көрмейсіңдер ме? Алла аса жарылқаушы, ерекше мейірімді[7].

Сонда Әбу Бәкір ﴾р.а.﴿ өзінің қызын, Пайғамбарымыздың ﴾ﷺ﴿ әйелін, момындардың анасын зина жасады деген адамды кешіріп: «Әрине, Менде Алла Тағала күнәларімді кешіргенін қалаймын», - деп әлгі адамға нәпақа беруді жалғастырған екен.

Құрметті бауырлар, кешірімділік сипатымен сипатталған адамға қандай сый дайындап қойғанын айтатын болсақ: Біріншіден дәрежеңнің көтеріліп, күнәларыңның кешірілуі. Тирмизи мен Ибн Мәжәдан жеткен хадисте Пайғамбарымыз ﴾ﷺ﴿: «Егер адамның денесіне зұлымдықтан болған қандай да бір зиян жеткенде оны кешіріп жіберетін болса, Алла ол адамның дәрежесін көтеріп, күнәсін кешіреді.» Ал қазақы мақал-мәтелдерде «Кешірімділік — анадан, кішіпейілділік — данадан», - деген қазақ халқы асыл қасиеттерді үйретуді Ислам дінінің құндылықтарымен байланыстырған. Сондай-ақ, «Жақсылыққа жақсылық әр кісінің ісі, жамандыққа жақсылық ер кісінің ісі», - деген.

رَوَي اْلبَرَّازُ وَالطَبَرَانِيُّ أَنَّ رَسُولَ اللهِ صَلَّي اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ:»أَلَا أَدُلُّكُمْ عَليَ مَا يَرْفَعِ اللهُ  بِهِ الدَّرَجَاتُ» قَالُوا بَليَ يَا رَسوُلَ اللهِ قَالَ:» تَحْلِمْ عَلَي مَنْ جَهَلَ عَلَيْكَ، وَتَعْفُو عَمَّنْ ظَلَمَكَ، وَتُعْطِي مَنْ حَرَمَكَ، وَتَصِلُ مَنْ قَطَعَكَ»

Барраз және Табарониден жеткен өзге бір хадисте Пайғамбарымыз ﴾ﷺ﴿ былай дейді: «Сендерге Алла Тағала дәрежені көтеретін амалды айтайын ба? Сонда сахабалар:-Әрине,- дейді. Сонда Алла елшісі ﴾ﷺ﴿: «Саған жауластық қылғанға сабыр етуің, зұлымдық қылғанды кешіруің, бермегенге беруің, сенімен қарым-қатынасты үзген адаммен байланыс орнатуың»,- деген.

رَوَي اْلبَرَّازُ وَالطَبَرَانِي وَالحَاكِمُ أَنَّ رَسُولَ اللهِ  قَالَ:» ثَلاَثٌ مَنْ كُنَّ فِيهِ حَاسَبَهُ  اللهُ حِسَابًا يَسِيرًا وَأَدْخَلَهُ  اللهُ اْلجَنَّةَ بِرَحْمَتِهِ»قَالُوا وَمَا هِيَ يَا رَسُولَ اللهِ ؟ قَالَ:» تُعْطِي مَنْ حَرَمَكَ ، وَتَصِلُ مَنْ قَطَعَكَ، وَتَعْفُو عَمَّنْ ظَلَمَكَ، فإِذَا فَعَلْتَ ذَلِكَ تَدْخُلُ اْلجَنَّةَ»

Расында Алла ол адамның есебін жеңілдетеді. Барраз, Табарони және Хакимнен жеткен хадисте Алла елшісі ﴾ﷺ﴿ былай дейді: «Егер кімде үш қасиет болса, Алла тағала оның есебін жеңіл етіп және мейірімімен жәннатқа кіргізеді. Сонда сахабалар Алла елшісінен﴾ﷺ﴿ ол қандай қасиет деп сұрайды? Сонда пайғамбарымыз ﴾ﷺ﴿ былай дейді: «Бермегенге беруің, сенімен арасын үзген адаммен қарым-қатынас орнатуың және саған зұлымдық еткен адамды кешіруің. Егер осы амалдарды істесең жәннатқа кіресің», - дейді.

رَوَي الطَبَرَانِيُّ أَنَّ رَسُولَ اللهِ صَلَّي اللهُ عَلَيْهِ  وَسَلَّمَ قَالَ: ثَلاَثٌ مَنْ جَاءَ بِهِنَّ مَعَ إِيمَانٍ دَخَلَ مِنْ أَيِّ أَبْواَبِ اْلجَنَّةِ شَاءَ، وَزُوِّجَ مِنَ اْلحُورِ اْلعِينِ كَمْ شاَءَ، « مَنْ أَديَّ دَيْنًا خَفِيًّا، وَعَفَا عَنْ قاَتِلِهِ، وَقَرَأَ فِي دُبُرِ كُلِّ صَلَاةٍ مَكْتُوبَةٍ عَشْرَ مَرَّاتٍ قُلْ هُوَ اللهُ  أَحَدٌ»

Кешірімшіл адам хор қыздарына қалағанынша үйленеді. Табарониден жеткен риуаятта Пайғамбарымыз ﴾ﷺ﴿: «Қандай да бір адамда иманымен бірге үш қасиеті болатын болса, онда ол адам жәннаттың қалаған есігінен кіріп, хор қыздарына қалағанынша үйленеді.

1. Қандай да бір адам жасырын қалған қарызын өтесе яғни біреу екіншіге қарыз, ол өліп кетті. Және мұның қарыз екенін ешкімге айтпады. Сол жасырын қалған қарызын өтесе.
2. Өлтірген адамын кешіріп жіберсе.
3. Әрбір парыз намаздан кейін «Ықылас» сүресін он мәрте оқып жүрген болса».

رَوَي الحَاكِمُ وَاْلبَيْهَقِيُّ عَنْ أَنَسٍ قَالَ بَيْنَمَا رَسُولُ اللهِ صَلَّي اللهُ عَلَيْهِ  وَسَلَّمَ جَالِسٌ رَأَيْنَاهُ ضَحِكَ حَتَّي بَدَتْ ثَنَايَاهُ فَقَالَ لَهُ عُمَرُ: مَا أَضْحَكَكَ يَا رَسُولَ اللهِ بِأبِي أَنْتَ وَأُمِّي؟ قَالَ صَلَّي اللهُ  عَلَيْهِ  وَسَلَّمَ:» رَجُلاَنِ مِنْ أُمَّتِي جَثَيَا بَيْنَ يَدَيْ رَبِّ اْلعِزَّةِ فَقَالَ أَحَدُهمُاَ: ياَ رَبِّ خُذْ لِي حَقِّي مِنْ أَخِي، فَقَالَ اللهُ تَعاَليَ: كَيْفَ تَصْنَعُ بِأَخِيكَ وَلَمْ يَبْقَي مِنْ حَسَنَاتِهِ شَيْءٌ؟ قَالَ: يَا رَبِّ فَلْيَحْمِلْ مِنْ أَوْزاَرِي» وَفاَضَتْ عَيْنَا رَسُولِ اللهِ  صَلَّي اللهُ  عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بَاْلُبُكَاءِ ثُمَّ قَالَ:» إِنَّ ذَلِكَ لَيَوْمٌ عَظِيمٌ يَحْتَاجُ فِيهِ النَّاسُ أَنْ يَحْمِلَ مِنْ أَوْزاَرِهِمْ، فَقَالَ اللهُ للِطَّالِبِ: اِرْفَعْ بَصَرَكَ، فَانْظُرْ فَرَفَعَ، فَقَالَ أَرَي مَدَائِنَ مِنْ ذَهَبٍ، وَقُصُورًا مِنْ ذَهَبٍ، مُكَلَّلَةً  باِلُّؤْ لُؤٍ، لِأَيِّ نَبِيٍّ هَذاَ؟ أَوْ لِأَيِّ صِدِّيقٍ هَذَا؟ قَالَ: لِمَنْ أَعْطَي الثَّمَنَ، قاَلَ: يَا رَبِّ وَمَنْ يَمْلِكُ ذَلِكَ؟ قَالَ: أَنْتَ تَمْلِكُهُ، قاَلَ: بِماَذاَ؟ قَالَ: بِعَفْوِكَ عَنْ أَخِيكَ، قَالَ: قَدْ عَفَوْتُ عَنْهُ، قَالَ اللهُ تَعَالَي: فَخُذْ بِيَدِ أَخِيكَ وَأخله الجَنَّة وَ أَدْخِلْهُ الْجَنَّةَ»

Жәннаттан жоғары орын беріледі. Хаким мен Байһакиден жеткен риуаятта Әнәс ﴾р.а.﴿ айтады: «Біз Пайғамбарымызбен отыр едік. Бір кезде Пайғамбарымыз ﴾ﷺ﴿ күлді. Күлгені соншалық тіпті тістері көрінді. Сонда Хазрет Омар ﴾р.а.﴿: Иә, Алланың елшісі! Ата-анам жолыңда құрбан болсын, не нәрсе сені күлдірді?», - дейді. Сонда Пайғамбарымыз ﴾ﷺ﴿: «Қияметте үмметімнен екі адам Алланың алдына тізерлеп келеді. Сонда біреуі: «Иә, Раббым! Бұл бауырымнан маған жасаған зұлымдықтарының ақысын алып бер»-дейді. Алла: «Бауырыңнан не аласың, оның ешбір сауабы қалмады», - дейді. «Иә, Раббым! Олай болса менің күнәларымды арқаласын»-дейді. Осыны айтқанда Пайғамбарымыз ﴾ﷺ﴿ көзіне жас алды. Кейін сөзін жалғастырып: «Ол күн сондай ұлы күн, адамдар күнәларын біреудің арқалағанына мұқтаж болады. Сонда Алла Тағала ақысын талап етушіге: жанарыңды көтер де қара», - дейді. Әлгі адам: «Иә, Раббым! Мен алтыннан болған зәулім үйлерді, алтыннан болған сарайларды олардың жақұт-маржандармен безендірілгенін көріп тұрмын. Бұл қай Пайғамбардікі не қай шыншылдікі не қай шәһидтікі?», - дейді. Алла Тағала: «Бұл ақысын бергендікі», - дейді. Ол: «Иә, Раббым! Ондай ақы иелері кімдер? деп сұрайды. Алла: «Сен оның иесісің». Ол: «Не нәрсеммен ие боламын?», - дейді. Алла Тағала: «Өз бауырыңа деген кешіріміңмен ие боласың»-дейді. Әлгі адам: «Иә, Раббым! расында мен оны кешірдім»-дейді. Алла Тағала: «Онда бауырыңды қолынан жетектеп жәннатқа кіргіз», - дейді», - деген екен.

Сөз соңында айтарымыз Алла тағаланың қасиетті кітабында өзінің кешірімді, кешірім тілегенді кешіретіндігі т.б. Жалпы «кешірім» жайлы 224 жерінде келгендігін көріп отырмыз. Демек, бізге түсетін міндет Алланың әміріне бой ұсынып, адамзат арасындағы келеңсіз жағдайларға түсіністікпен, кешіріммен қарап үйрену керектігін ұғынуымыз қажет екен.

Алла Тағала баршамызға, осы айтылған барлық аят-хадистермен ұлағатты сөздерді санамызға сіңіріп сондай-ақ амал етуімізді нәсіп етсін! Алла Тағала бізді де үлгілі болған құлдарының қатарынан қылып, екі дүниеде де бақыт нәсіп қылған пенделерімен бірге болуға жазсын!

Бүкіл әлемді жоқтан бар еткен Алла Тағалаға мадақтар және сансыз шүкірлер, пайғамбарымызға ﴾ﷺ﴿ салауатпен сәлемдер болсын! Әмин!

Руслан қажы Тыныштықұлы
ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы 


[1] «Фуссилат» сүресі, 34-аят.
[2] «Бақара» сүресі, 109-аят.
[3] «Хижр» сүресі, 85-аят.
[4] «Ағраф» сүресі, 199-аят.
[5] «Тәубе» сүресі, 84-аят.
[6] «Мұнафиқун» сүресі, 8-аят.
[7] «Нұр» сүресі, 22-аят.

Пікірлер (0)

Тіркелген қолданушылар ғана пікір қалдыра алады. Сайтқа кіру


Ұқсастар

Мұрағат