Ретке келтіру: Алфавитке 
Уақытпен 

Алфавитпен ретке келтірілген А дан Я ғ
Сұрақтар
Жауаптар
Ғұсыл дегеніміз не? (Айбек)
Ғұсыл (араб тілінде) – жуыну, шомылу деген мағынаны берсе, шариғат терминінде бүтін дененің арнайы түрде толық жуылуын білдіреді.
Құран: «وَإِن كُنتُمْ جُنُبًا فَاطَّهَّرُوا» (Маида, 6) «...жүніп болсаңдар жақсылап тазаланыңдар» – деп жүніптіктен арылу үшін ғұсыл алу қажет екенін баяндаған. Сондай-ақ етеккір көрудің әйелді қажытатын күй екені айтылып, ғұсыл алып тазаланғанша әйелдермен жақындасуға тиым салынады. Жүніп болу, бала босанғаннан кейінгі қан тиылғанда ғұсыл алудың қажет екені және мұның жай-жапсары пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде кеңінен тілге тиек болады. Жаңа мұсылман болған адамға да ғұсыл алу – парыз.
Ғұсылдың денсаулық тұрғысынан және рухани тұрғыдан пайдалары көп. Ол жүніп болудың салдарын жояды, яғни дененің шаршағанын басып сергітеді, сондай-ақ дене қуатының қалпына келуіне, қан айналымының реттелуіне игі ықпал етеді және адамды ғибадатқа дайындайтын қасиеті бар.
[ Жоғары ]
Қадір түнін қалай өткізген жөн? (Әлия)
Алла тағала адам баласын тек қана Өзіне құлшылық етсін деп жаратқаны хақ. Сондықтан мұсылмандар күнделікті өмірлерін құлшылықпен өткізуге тырысады. Олай болса, мың түннен қайырлы бұл түнде түрлі құлшылықтар жасап, нәпіл және қаза намаздарын оқып, Құран оқып, тәубе етіп, кешірім тілеп, өзіміз және басқалар үшін дұға жасауға болады. Алла елшісі (с.а.с.): «Кімде-кім Қадір түнін артықшылығына сеніп, Алла тағаладан сауап күтіп, құлшылықпен өткізсе, оның өткен күнәлары кешіріледі» (Бұхари, Қадір, 1);
Айша анамыз Пайғамбарымыздан (с.а.с.): «Уа, Алланың елшісі, Қадір түнінде қандай дұға жасайын» деп сұрағанда, Расулуллаһ (с.а.с.): «Алаһуммә иннәкә афуун, түхиббүл афуа, фағфу анни (Алла Тағалам, Сен кешірімдісің, кешіруді жақсы көресің, менің күнәларымды кешіре гөр!)» деп дұға етуге кеңес берді.
Сондай-ақ бұл түнді рухани дүниемізді байытатын діни кітаптар оқып, діни сауаттылығымызды арттыруға бағытталатын бейнефильмдер мен бағдарламаларды көрумен өткізуге де болады.
Түннің барлығын ғибадатпен өткізе алмайтын кісілер, тым болмаса, түннің бір бөлігін құлшылықпен, ізгі амалдармен өткізуіне болады.
Алла тағала бұл түнде жасалған бүкіл құлшылықтарды қабыл етсін.
[ Жоғары ]
Қажылыққа жағдайы келген кісі оны дереу өтеуі шарт па?
Қажы ғибадатының парыз болуы үшін қосылған шарттар белгілі бір адамда толықса, ол кісіге ертерек қажылық жасау парыз. Шамасы келе тұра қажылықты кешіктірген күнәкар болады. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Қажылықты орындауда асығыңыздар! Өйткені, сендердің ешқайсыларың өлімнің қай уақытта келіп жететінін білмейсіңдер», – дейді. (Әбу Дәәуд, Мәнасик, 5. Ибн Мажә, Мәнасик, 1)
Қажылық ғибадатының парыздығының шарттары:
Белгілі бір адамға қажылық ғибадатының парыз болуы үшін төмендегі шарттар орындалуы керек.
1.Мұсылман болу. Мұсылман еместерге қажылық парыз емес. Сондықтан мұсылман емес адам қажылық ғибадатын орындап болғаннан кейін Ислам дініне кірсе, шамасы жеткен жағдайда қайтадан баруы керек.
2. Ақыл – есі дұрыс және балиғат жасына жету.
Балиғат жасына жетпеген балалар мен ақыл-есі дұрыс еместерге қажылық парыз емес. Бұл екеуі қажылықты атқарса, сосын бала балиғат жасына жетсе, ақыл есі кем адам жазылса, қажылықты шамалары жеткен жағдайда қайта орындаулары парыз. Жас баланың балиғат жасына дейінгі жасаған қажылығы – нәпіл қажылық саналады.
3. Азат болу. Қажылық ұзақ уақыт атқарылып, ұзақ сапарды талап ететіндіктен тұтқындарға, түрмедегілерге, құлдарға қажылық ғибадаты парыз емес. Өйткені, тұтқындарда ондай мүмкіншілік жоқ.
4. Уақыт. Арафат тауында арнайы белгіленген тұру уақыты мен зиярат тауабы уақытына өмірі жетпеген адам үшін қажылық парыз емес.
5. Қажылық ғибадатын орындауға шамасының жетуі
а) Денсаулығы болуы
Денсаулығы нашар, алып жүретін адамы жоқ соқыр, ақсақ, сал сияқты ауруларға ұшырағандарға және көлікке өздігінен міне алмайтын қарт кісілерге қажылық парыз емес.
ә) Қажетті қаражаты болуы
Қажыға барып-келу қаржысын, жолда, қажылықта жейтін азығына және әйел бала-шағасының, жалпы қарауына міндетті адамдардың қажылықтан қайтып оралғанға дейінгі қаражатын көтере алатын адамға қажылық парыз.
б) Баратын жолдың сенімді болуы
Қажылыққа барудың парыз болуы үшін жол сенімді болуы керек. Баратын жолда соғыс немесе басқа да қатерлі жағдайлар туындаса, қажылыққа бару парыз емес.
[ Жоғары ]
Қаза болған оразаны қай кезде өтеген дұрыс? (Ақан)
Парыз ораза негізінен уақытылы өтелуі керек. Алайда ол үзірлі себептермен қаза болуы мүмкін. Шариғатымызда қаза орзаны орындау үшін арнайы уақыт белгіленбеген. Дегенмен оны барынша ерте өтеген дұрыс. Себебі «Ажал айтып келмейді» және адам қаза оразасы өтелмей тұрып қайтыс болса, о дүниеде одан сұралады.
[ Жоғары ]
Қаза намазын қай уақыттарда өтеуге болады? ал қай кездерде өтеуге болмайды соны нақтырақ айтып берсеңіз. (Ера)
Уқба ибн Әмир әл-Жуһани (р.а.) былай дейді: «Алла Елшісі (с.а.у.) үш уақытта бізге намаз оқу мен өлілерімізді жерлеуімізге тыйым салды: Күн шығып көтерілгенге дейін, күн дәл тас төбеге шығып, төмен түсе бастағанға дейін және күн батуға бет алған уақытта» (Муслим, Мусафирин, 293; Әбу Дәуід, Жәнайз, 51; Тирмизи, Жәнайз, 41).
Яғни бұл күн көкжиектен шығып, найза бойы көтерілгенге дейінгі уақыт. Бұл шамамен 40-45 минуттай уақыт.
Күннің дәл тас төбеде тұруы. Яғни, күннің ең биікте болған кезеңі. Бұл уақыт бесін уақыты кіргенге дейін созылады.
Күннің сарғайып батуға бет алған мезгілі. Шамамен бұл да күн батуға 40-45 минут қалған уақыт. Бұл уақытта сол күннің тек намаздыгер намазын мәкрүһ түрде оқуға болады.
Демек аталмыш уақыттарды ешқандай қаза намазы оқылмайды. Себебі бұл уақытта намаз оқуға салынған тыйым – күнге табынғандарға ұқсамау үшін берілген. Бұлардың тысында қаза намаздарын өтеуге болады.
[ Жоғары ]
Қасиетті үш ай туралы кеңінен түсіндіріп бересіз бе? (Самат)
Иә, мүбәрак саналған үш айға да келіп жеттік. «Режеп», «Шағбан», «Рамазан» барша мұсылман әлемінде қасиетті айларға жатады. Бұл қасиетті күндер мен түндерді біздің тәубе-истиғфар жасауымызға зор мүмкіндік беретін сәт десек те болады. Мұсылмандардың күнәларынан арылып, жақсылық пен әсемдікке шынайы және тікелей жол тартуына зор мүмкіндік. Адам ешбір дәнекерсіз өз жан-дүниесімен Ұлы Жаратушыға жалбарынып, Алланы еске алып, тәубе-истиғфар ететін кез.
Үш айдың қасиетті болуы Рағайып пен Миғраж түнінің режеп айына, Бәраат түнінің шағбан айына, Қадір түнінің рамазан айына дөп келуіне тікелей байланысты.
Бұл жайлы Қасиетті Құран Кәрім аяттары мен пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмірі мен мүбәрак сүннеттерінен мол мәлімет алуға болады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) рамазан айымен қатар режеп, шағбан айларында ауыз бекіткен. Режеп айы кіргенде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Раббым, режеп пен шағбан айларын берекелі қыла гөр. Бізді рамазанға аман-есен жеткізе гөр!» (Ахмад ибн Ханбал, Мүснәд, I/259) деп дұға тілейтін.
Қасиетті үш ай режеп айымен басталады. Ал режеп Ислам діні келмей тұрып та құрметті ай болған. Ислам діні келісімен бұл айға деген құрмет күшейе түсті. Мұны қасиетті Құран Кәрімде: «Олар сенен тыйым салынған айда соғысуға бола ма? – деп сұрайды. Сен оларға бұл айда соғысу – үлкен күнә, – де. Ал адамдарды құдай жолынан тайдыру, күпірлік келтіру, Мәсжид-әл-харамда (ғибадат етуге) тосқауыл болу, ол жерден адамдарды қуып шығару – құдай алдында таудай үлкен күнә. Бүлік жасау – кісі өлтіруден де ауыр қылмыс. Олар (мүшрік кәпірлер) сендерді діндеріңнен бездіргенше тоқтамай, сендермен күресе береді. Сендерден кімде-кім өз дінінен безіп, кәпір болып өлсе, оның істеген әрекеттері бұл дүниеде де, қияметте де түкке тұрмайды. Олардың орны – тозақ, онда олар мәңгі қалады» («Бақара», 2/217), – дейді.
Бұл қасиетті айлардың қадірін осы аяттар анық аңғартады.
Режеп айында қасиетті екі түн бар. Айдың алғашқы жұмасы Рағайып түніне, ал жиырма жетінші түні Миғраж түніне сай келеді.
Рағайып түнін «жақсылық пен игілікке толы және аса құнды, ерекше бағалауды қажет ететін түн» деп түсінеміз. Ислам ғұламаларының айтуына қарағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл түні адамның жан сарайына шуақ берер амалдар жасап, нұрлы сырларға қанығып, Ұлы Жаратушыға мадақ келтіріп, шүкіршілік жасап, дұға, кешірім тілеп, намаз оқыған.
Бұл мүбәрак түннің ерекшелігінің бірі, «Қасиетті рамазан айының келетіндігінен хабар беруінде. «Режеп, шағбан, рамазан» айлары бірінен соң бірі келіп, мұсылмандар өз - өзін қадағалап, біртіндеп тақуалықтың шыңына шыға алады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзіне қарсы дұшпан болған жабайы тобырмен табанды күрес жүргізген шақта, қасиетті Миғраж (түнгі серуен) орын алған еді.
Миғраж сенімді дерек көздеріне қарағанда Мәдинаға көшпестен бір жарым жыл (621 ж.) бұрын болған. Режеп айының жиырма алтысынан жиырма жетісіне қараған түні пыраққа мініп түнгі сапарда көк жүзінен өтіп, Ұлы Жаратуышымен ерекше суретте қауышып, тікелей байланысқа шыққан болатын.
Қасиетті айлардағы сауапты амал турасында Айша анамыз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Шағбан айындағы секілді көп ораза тұтқандығын көрмедім», (Мүслім, Сиям, 176)– дейді.
Айша (р.а): Алла елшісі (с.ғ.с.) Рамазанға дейін шағбан айын толықтай оразамен өткізетін. Сонда мен: «Уа, Расулалла! Шағбан сіз үшін айлардың ең сүйіктісі ме? Сол үшін ораза тұтасыз ба?», – деп сұрадым. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Иә, бір жыл ішінде бақилық болатындардың тізімі осы айда жазылады. Сондықтан да менің де ажалымның құлшылық үстінде жетуін қалаймын».
Алланың сүйікті елшісінен не үшін шағбан айында көп ораза тұтатындығы сұралғанда: «Шағбан – амалдар Алла тағалаға ұсынылатын ай. Мен де амалдарымның ораза тұтқан кезімде ұсынылғанын қалаймын. Шағбан – адамдардың басым көпшілігінің рамазан мен режеп айларының ортасында мән бермей кететін ай. Мен ол айды босқа өткізгім келмейді», – деп жауап берген.
Шағбан айының маңыздылығы туралы: Әнас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінен (с.ғ.с.) «Рамазаннан кейін қандай ораза маңызды?», – деп сұралғанда, ол: «Рамазанға құрмет ретінде шағбан айы», «Қай садақа абзал?», – дегенде, «Рамазан айында берілген садақа», – деп жауап берді» (Тирмизи, Зекет, 28 Ибрахим Жанан, Кутуби Ситта, аудармасы, 9/66).
Мүбәрак шағбан айының 15-түні – Бәрағат кеші. Бұл түнде періштелер жер бетіне түседі, дұғалар қабыл болады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл түннің маңыздылығын былайша түсіндіреді: «Шағбан айының жартысы толған түнді құлшылықпен (мағынасы мен маңыздылығына сай) өткізіңдер. Күндіз ауыз бекітіңдер. Өйткені, Алла тағала күн ұясына батқан шақта: «Кешірім тілеуші бар ма, кешірейін. Рызық сұраушы бар ма, берейін. Ауру-сырқауға ұшыраған бар ма, шипасын берейін» деп таң шапағы атқанға дейін рахымын төгеді».
Сондықтан да бұл мүбәрак айларда Алла тағалаға шүкіршілік етіп, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтуымыз керек. Өйткені, жүрек тек Алланы еске алғанда ғана жай табады. Ал дұғалар сәлем жолдау арқылы қабыл болады. Ұлы Раббымыз режеп пен шағбан айларын мүбәрак етіп, рамазанға амандықпен жетуімізді баршамызға нәсіп етсін.
[ Жоғары ]
Қиямда турғанда қолды кіндіктен жоғары немесе кіндіктің астынан ұстау керек пе?
Имамға ұйыған адамның ифтитах (бастау) тәкбірі имамның ифтитах тәкбіріне жақын болуы – сүннет. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл жайлы былай дейді: «Имам тәкбір алысымен, сен де тәкбір ал» (Бухари, Салат, 18; Муслим, Салат, 62).
Оң қолын сол қолының үстіне қою. Яғни, тәкбір алып, қол байланған кез. Хазіреті Алидің бір риуаятында: «Оң қолды сол қолдың үстіне, кіндіктің астына қою сүннеттен» (Әбу Дәәуд, Салат. 118).
رأيت النبي صلى الله عليه وسلم وضع يمينه على شماله في الصلاة تحت السرة
Уайл ибн Хужр: «Расулаллаһтың оң қолын сол қолының үстіне әрі кіндігінің астына қойғанын көрдім»,деді. (Әсғад Мухаммад Сағид әс-Сағиржи, Фиқһулханафи уә адиллатуһ, 163-бет. Дәрул-калимут-таййб, Димашқ. Рахматуллаһи Абдунғаний Ибараһим Халил, Нақлул ихтилаф биқасдил-и′тиләф, 77-бет. Сауд Арабия, Әл-мактабатул-мәккиаһ. 2000 ж.) (Бұл хадисті Әбу Бәкір ибн Әби Шайба риуаят етті. Хадистің дәрежесі сахих.)
Ерлер оң қолының іш жағын сол қолының үстіне қойып, бас бармақ пен шынашақ арқылы білекті орайды. Әйелдер екі қолын кеудесіне апарып, оң қолын сол қолының үстіне қояды. Бірақ саусақтарымен білектерін орамайды.
[ Жоғары ]
Ұзақ сапарға көлігімен жүк тасушылар оразасын қалай өтейді? (Сапар)
Дінімізде жолаушыларға ораза ұстау парыз емес. Қасиетті Құранда: «Сырқат немесе жолаушылар ораза айында ұстай алмаған күндерін басқа күндері ұстасын» (Бақара, 185) деген. Ол жағдайда тұта алмаған оразаның қазасын кейін өтейді. Ал сапары барысында бірер күн бір аймақта тұрақтайтын болса, сол күндерде ораза ұстағаны жөн.
[ Жоғары ]
Әйелім Рамазан айында ораза тұтпақ. Алайда емізулі баласы бар. Оның ораза тұтқаны дұрыс па? (Ғани)
Баласын емізетін әйел адамның ораза ұстауына шариғатымызда рұқсат. Оның баласын емізуі оразасын бұзбайды. Дегенмен баласына не өзіне зиян тию ықтималы болса ораза тұтпаса да болады. Кейін қазасын өтейді.
Қазасын өтерде: «Алла разылығы үшін уақытында тұта алмаған мүбарак Рамазан айының қаза болған оразасын өтеуге ниет еттім» деп ниет етеді.
[ Жоғары ]
Әттәхиятта отырғанда сұқ саусақты не үшін көтереді?
Отырыстарда әт-тахиятты оқығанда «Ләә иләһә» деген кезде оң қолының сұқ саусағын көтеріп, «иллаллаһ» деп, қайта түсірілуі – сүннет. Сұқ саусақ көтерілгенде, қалған саусақтар бүгіледі. Бұл – Алладан басқа құдай жоқтығын қуаттаудың белгісі. (Тирмизи, Салат, 84.)
[ Жоғары ]
Assalamaleikum!!!!! Men jakyn arada namaz okygym keledi,birak uidegiler ruksat etpeidi. Ne isteuime bolady?
Бұл сұраққа жауап берілген болатын. Сондықтан мына адреске қарағаныңыз жөн. http://www.muftyat.kz/index.php?do=faq&op=ShowCat&id_cat=26&categories=Ǔ
[ Жоғары ]
«Уәсуәса» деген не?
«Уәсуәса» деп – адамның кеудесіне ұялаған шайтанның, есіне қай-қайдағыны салып, қиялын елітіп, жүректі азғыруын айтамыз. Уәсуәса – шайтанның адамға, әсіресе иманды кісіге қарсы қолданатын соңғы шарасы, соңғы қаруы, соңғы үміті. Шайтанның адамды тура жолдан тайдырарлық бүкіл айласы таусылса, оның көңіліне уәсуәса салады. Бір жағынан алып қарағанда, уәсуәса – «маған дос болмадың, ендеше өз обалың өзіңе» дегендей, шайтанның иманды кісіні іштей тұралатуға тырысуы.
[ Жоғары ]
Алкогольсіз Энергетикалық Сусындарды ішуге бола ма?
Аталмыш сусынның құрамына қарау керек. Сонымен қатар бұл сусындар туралы көрсетілген сілтемеде мақала жарияланған болатын соны қарап шығыныз. http://muftyat.kz/print:page,1,1870-jenergetikaly1178-susyndar-el-keleshegi-1198shin.html
[ Жоғары ]
Ассаламу Алейкум мұсылман қауым! Намаз оқуды үйрету қашан ашылады екен?
Жасалу үстінде. Көп ұзамай ашылады.
[ Жоғары ]
Ассаламу Алейкум, жұма намазында "сана" дұғасын тек имам ғана оқи ма? әлде жамағат та қосылып оқи ма?
Азаншы азан шақырып, қамат айтқаннан кейін оқылатын намазға және имамға ұюға ниет етіледі. Мәселен: Жұма намазы делік. «Жұма намазының парызын оқуға ниет еттім, имамға ұйыдым» дейді. Содан кейін имам тәкбір алысымен, жамағат та тәкбір алып, іштей «Субханака» дұғасын оқиды.
«Субханака» дұғасын оқу. Яғни, ифтитах (бастау) тәкбірінен кейін құпия түрде «сәна» (мадақ) дұғасын оқу – сүннет. Ол төмендегідей:
{ سُبْحَانَكَ اللَّهُمَّ وَ بِحَمْدِكَ وَ تَبَارَكَ اسْمُكَ وَ تَعَالىَ جَدُّكَ وَ لاَ إِلَهَ غَيْرُكَ}
«Субханака Аллаһумма уә би-хамдика уә тәбәракас-мука уа та'ала жәддука уә ләә-иләһә ғайрука».
Мағынасы: «Я, Аллаһым! Сені тәсбих етіп (күллі жаратылыс пен нұқсан атаулыдан) пәктеймін. Саған «хамд» айтып, мадақтаймын. Сенің қасиетті есімің аса мүбәрак. Және де сенің ұлылығың аса жоғары. Сенен басқа ешбір құдай жоқ».
Аллаһ Елшісінің намазды бастаған сәтте осы дұғаны оқығандығын Хазіреті Айша (р.анһа) анамыз жеткізген (Муслим, Мусафирин, 202).
Имам «фатиха» сүресі мен қосымша бір сүре оқиды. Сол уақытта жамағат үндемей имамды тыңдап тұрады. Жамағат имамның рүкүғ пен сәжделерін көп кешіктірмей қайталап ілесіп отырады. Имамның дауыстап айтқан барлық тәкбірлері мен намазда оқылатын тасбих пен дұғаларды іштей оқиды. Соңында имаммен бірге сәлем беріп намазды тәмамдайды.
[ Жоғары ]
Ассаламу Алейкум. Осы сайттың көмегімен намаз оқуды үйрене бастадым. Сайт әкімшілігіне мың да бір рахмет. Сайтта жұма намазының оқу үлгісі жасала ма екен?
Оқыған намаздарыңыз қабыл болғай. Бастаған игі амалыңызды одан әрі жалғастырады деген ниеттеміз. Арнайы жұма намазының оқу үлгісі жоқ. Бірақ, жұма намазының 4 ракат сүннет/2 ракат парыз/4 ракат сүннет намаздарын бес уақыт намаздарындағы үлгідегідей оқысаңыз болады.Мәселен: жұма намазының алғашқы және соңғы 4 ракат сүннеттерін үлгідегі бесін намазының 4 ракат сүннеті сияқты, ал 2 ракат парызды үлгідегі таң намазының 2 ракат парызы сияқты оқысаңыз болады.
Қ.Ержан
ҚМДБ-ның қызметкері
[ Жоғары ]
Ассаламуагалейкум уа рахматуллахи уа баракатух! Алдынғы сұрағыма жауап алғаныма өте қуаныштымын. Келесі сұрағым зекетті айналыста жүрген артық ақша мүлкінен бере ме әлде көлігін, үйін айлығын есептеп шағады ма?
Зекеттің парыз болуы үшін күнделікті тіршілікте қолданылатын негізгі қажеттер мен қарыздардан тыс, нисап көлеміне жететін байлыққа ие болуы керек. Нисап дегеніміз – зекетті парыз ететін белгілі байлық мөлшері.
Зекеті берілетін байлықтың түрлері мен зекет беруді парыз ететін нисап көлемі:
1. Алтында: жиырма динар, яғни, 85 грамм
2. Күмісте: екі жүз дирһам, яғни, 595 грамм
3. Түйеде: бес
4. Сиырда: отыз
5. Қой мен ешкіде: қырық
6. Сауда заттарында: 85 грамм алтын немесе 595 грамм күмістің құнына тең болса.
7. Ақшада: 85 грамм алтын немесе 595 грамм күмістің құнына тең болса
8. Бау-бақша және егіс өнімдері.
Күнделікті тіршілікте қолданылатын негізгі қажеттерге:
1. Тұратын үйі, үй жиһаздары мен аспаптары;
2. Ғылым адамдарының кітаптары мен өнер адамдарының аспаптары;
3. Өзі және әйелі, балаларына жететен бір айлық (басқа бір риуаятта бір жылдық) азық-түліктері;
4. Өзі және отбасының киетін киімдері;
5. Егістікпен шаруашылықпен айналысатын адамдардың трактор, комбайн сияқты құралдары мен аспаптарынан зекет алынбайды. Бірақ бұл құралдармен басқаларға жұмыс істеп, ақша табатын болса, тапқан ақшадан зекет алынады.
Зекеті берілетін байлықтың өсімді болуы оларды күнделікті өмірде қажетімізге қолдану мақсатымен емес, иесіне кіріс кіргізу мақсатымен қолға ұсталуы. Мысалға, сауда заттарының сауда жасау арқылы, мал-жануарлардың төлдеу арқылы, егіс, бау-бақшаның жеміс беру арқылы иесіне кіріс кіргізуі сияқты. Алтын, күміс, ақша, әшекей бұйымдармен сауда жасап, кіріс кіргізуі мақсат етілмесе де, олардан зекет беру парыз. Яғни, олардың өсімді болуы шарт емес.
Зекеті берілетін байлыққа ай санауымен бір жыл толуы керек. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде: «Бір жыл толмай байлыққа зекет берілмейді», – дейді. (Әбу Дәәуд, Зекет, 5).
Жыл толу мәселесінде Имам Әбу Ханифаның көзқарасына сүйенсек, зекеті берілетін байлық екіге бөлінеді.
а) Алтын, күміс, барлық ақша түрлері және жылдың көбінде қырда жайылатын малдар мен сауда заттары. (Толық бір жыл толуы шарт. Өйткені, малдардың төлдеп, сауда заттарының кіріс кіргізетін уақыты кем дегенде бір жыл).
ә) Барлық егістік, бау-бақша өнімдері мен қазба байлықтар (Бір жыл толуы шарт емес. Өйткені, егіс пен бау-бақшадан бірнеше айда өнім алуға болады. Сол сияқты қазба байлықты бір жылда бірнеше рет алуға болатындықтан, бұларға нисап мөлшері мен бір жыл толу шарты қосылмайды).
Ал Әбу Юсуп пен Мұхаммедтің бұл мәселедегі көзқарасына сүйенсек, шамамен бір тоннаға жетпейтін және қолда бір жыл сақтауға шыдамайтын егіс өнімдері мен жеміс-жидектерден зекет алынбайды.
Зекет парыз болу үшін ханафи мәзһабында нисап көлемі жылдың басында әрі жылдың аяғында толық болуы шарт. Мысалға, бір адам негізгі қажеттерінен тыс 100 грамм алтынға ие болса, бір жыл толғаннан кейін 50 грамға азайса, бұл адамға зекет беру парыз емес. Бірақ жылдың ортасында азайып, жылдың аяғында нисап көлеміне қайта жетсе, зекет беріледі. Мысалға, алты айдан кейін 50 грамға азайса, бірақ жылдың аяғында 120 грамға шықса, жылдың басындағы 100 грамның немесе жылдың ортасындағы 50 грамның зекеті берілмей, жылдың аяғындағы 120 грамның зекеті беріледі.
Зекеті берілетін байлық, мал-дәулет бір жыл толғаннан кейін көбейіп өссе, көбейген бөлімінің зекеті дәл сол жылы берілмейді. Көбейген бөлімінің зекеті келесі жылы дәл сол уақытта беріледі. Мысалға, бір адамның қолында өткен жылғы Рамазан айының он бесінде 100 мың теңге болса, бұл көлем биылғы жылы Рамазан айының он бесіне дейін 140 мың теңгеге көбейіп, Рамазан айының жиырмасында 160 мыңға жетсе, 140 мың теңгенің ғана зекеті сол жылы беріледі.
Зекеттің парыз болуы үшін малға бір жыл толуы керек дедік, бірақ пақыр кедей-кепшіктердің жағдайын ойлап, бір жыл толмай да зекет бере беруге болады. Бірақ бір жылда екі рет зекет берілмейді.
[ Жоғары ]
Ассаламуалейкум уа Рахматуллахи уа Баракатух! Алыс жолға шыққанда автобуспен немесе пойызбен, намазды отырып оқуға болмай ма? Мен намазды тек тұрып қана оқу керек деп естідім, екінші сұрағым: Қыс айында жолға автобуспен шыққанда, дәрет қалай алуға болады және намаз қалай оқылады? әлде қаза болып кетеді ма?
Намаз парыз ғибадаттардың бірі болғандықтан мұсылман адам қандай жағдайда болса да міндетті түрде намазды уақытында және шарттарына сай орындауы қажет. Намазды уақытынан әдейілеп кешіктіру – үлкен күнә. Намаздың ішкі және сыртқы 12 парызы бар. Қатты зәру жағдай болмайынша бұл 12 парыздың қай-қайсысын орындамаса, намаз дұрыс болмайды. Ал ұзақ сапарға автобус, пойыз, ұшақпен шыққанда, бұл шарттардың орындалуы көбінесе қиынға соғады. Сондықтан мұндай жағдайларда айтылған шарттардың кейбіреулері орындалмай жатса, фиқһ ғұламалары бұны зәруліктен деп қараған.
Бұл зәрулікке себеп болатын жағдайлар: автобустан түссе ұры-қары, жыртқыш жануарлардан, дұшпаннан қауіп-қатер төнуі, жердің балшық болуы, қарт кісінің көліктен түсіп қайта мінгізетін жәрдемшісінің болмауы, тағы сол сияқты себептер болса, автобуста намаз оқуға болатындығын айтқан.
Мысалы: автобуста намаз оқылған сәтте, құбылаға қарау, қиям, сәжде секілді намаздың үш шарты орындалуы қиынға соғады. Бұл үш шартты орындауға тырысып, бірақ еш орындай алмаса, бұл жағдайды зәрулік деп санап намазын автобустың бағытына қарай отырып оқиды. Осылайша бір мұсылман қандай жағдай болмасын намазын шамасы жеткенше қазаға қалдырмауы керек.
Ал пойыз бен ұшақта ыңғайын тауып құбылаға қарап, ал бос жер табылып жатса, рүкүғ пен сәждесін жасап намазын толық оқиды. Егер бос жер табылмаған жағдайда автобуста оқығандай намазын ишаратпен отырып оқиды. Ал кемеде ешқандай кедергі жоқ, құбылаға қарап, ашық жер тауып намазды толығымен оқи алады.
Мұсылман адам намазын дүниелік істеріне қарай реттестірмей, керісінше, намаз уақыттарына қарай істерін ыңғайлау қажет. Тіпті біреумен жолығатын болса да, екінді намазынан кейін, ақшам намазынан бұрын деп уақыттарын намаз уақыттарына сай реттеп жүргені дұрыс. Бес уақыт намаз адамды бір жүйемен, әрбір уақытын есептеп жүруге тәрбиелейді.
Жолға шығатын кісі уақыттарын намаз уақытына қарай есептеп шыққаны дұрыс. Мысалы: ақшам намазын оқып шыққан кісі, құптан мен таң намазын автобустың тоқтаған жерінде дәретін алып орындай алады. Асығыс болған жағдайда тек парыздары оқылады және сапарда 4 рәкаттық парыз намаздарының қысқартылып 2 рәкаты оқылады. Жалпы автобустар 3-4 сағат сайын жолда тоқтайды, намазына қатты көңіл бөлген адам автобустан қалып қоймайтындай әрбір уақытын алдын-ала есептеп тиімді пайдалануға болады.
Құранда: «...Егер науқастанып қалсаңдар яки сапарда болсаңдар, не болмаса біреу түзге отырып келсе яки әйелдеріңе жақындасып, су таба алмасаңдар, таза жерге тәйәммүм соғып, беттеріңді, қолдарыңды сипаңдар», - деген.
Тәйәммүм сөздікте «ниет ету» деген мағынаны білдіреді. Ал діни әдебиеттерде – дәрет немесе ғұсыл алу үшін су табылмаса немесе су бола тұрып пайдалану мүмкіндігі болмаған жағдайда топыраққа немесе құм, тас секілді таза нәрселерге қолдарын соғып жүзі мен екі қолын шынтаққа дейін мәсіх ету арқылы орындалатын тазалықты айтады.
Тәйәммүмнің парыздары
1. Ниет ету.
2. Екі алақанын таза топыраққа ұрып, бетті толығымен мәсіх ету.
3. Екі алақанын таза топыраққа ұрып екі қолын шынтаққа дейін, іші мен сыртына мәсіх ету.
Тәйәммүмнің себептері
1. Дәрет не ғұсыл алуға су жеткіліксіз немесе (шамамен 1848 метр қашықтық) алыс болған жағдайда
2. Су қолдануға мүмкіндігі шектелген жағдайда (қапаста болу, жабайы аңдардан, қарақшылардан қорқу т.б.)
3. Су қолданса, ауруға шалдығуынан яки науқасының қозып кететінінен қорыққан жағдайда.
4. Су аса қатты суық болған жағдайда.
[ Жоғары ]
Ассалаумағалейкум, Қаза намазы қалай оқылады? Азан, қамат айтыла ма? қаза намазында тек парыздар ғана оқылады ма?
Аллаһ Тағала Құран Кәрімде: «Намаз мұсылмандарға арнайы белгіленген уақыттарда парыз етілді», – дейді.
Бір намаздың ешқандай себепсіз белгіленген уақытынан кейін қаза етіп оқылуы – дұрыс емес және өте үлкен күнә. Бірақ бір адам ұмыту немесе ұйықтап қалу себептерімен намазын оқи алмаса, қазасын өтеуі қажет. Кейбір ғалымдар себепсіз намазын қаза еткендер кейіннен қазасын өтерде алдымен тәубе ету керектігін айтады. Қаза намазға бес уақыт парыз намаз бен үтір намазы кіреді. Жұма мен айт, сүннет намаздары үшін қаза қажет емес. Жұманы оқи алмаған кісі сол күннің бесін намазын оқиды.
Жамағатпен оқылатын қаза намаздар үшін де азан, қамат – сүннет. Бірақ жамағатпен бірнеше қаза намазы оқылатын болса, тек қана бірінші намаздан бұрын азан шақырып, қалған намаздарда қамат айтылады. Өз үйінде жеке намаз оқитын адам үшін азан мен қамат – мұстахап. Жамағатпен оқылатын намаз үшін азан, қаматтың айтылмауы – мәкрүһ. Сонымен қатар жұмаға қалада бола тұрып себепсіз қатыса алмаған жандарға бесін намазын оқыр алдында азан мен қамат қажет емес. Сол сияқты әйел заты үшін де азан мен қамат сүннет емес.
[ Жоғары ]
Ассалаумағалейкум, сідерден сұрайын дегенім: 1-Сәһу сәждесі қандай жағдайларда жасалады? 2-Имамға ұйып оқыған жамағат ішінен қандай сөздерді айтады? Сіздерге Аллаһ разы болсын. Үлкен Рахмет.
1-Сәһу (қателік) сәждесі – намазда болған қателікті дұрыстау үшін намаздың соңында жасалатын сәжде. Егер намаздағы парыздардың біреуі немесе бірнешеуі орындалмаса намаз бұзылады, бұл намазды сәһу сәждесімен дұрыстай алмайды. Ал егер намаздың парыздарынан біреуін қателесіп кешіктірсе, немесе бір уәжіпті ұмытып тәрк етсе, намаздың соңында сәһу сәждесін жасайды.
Намаздың соңғы отырысында «әт-тахиятты» оқығаннан кейін екі жаққа сәлем беріп, қайта «Аллаһу әкбар» деп, екі рет сәждеге барып, қайта отырады. Одан кейін әрі қарай қайтадан «әт-тахият», салауат, «Раббәнә әәтина» дұғасын оқып, екі жаққа сәлем беріп намазын тәмәмдайды. Егер имам қателессе, тек қана бір жағына сәлем беріп, екі рет сәжде жасап, дұғаларын оқып намазын тәмамдайды. Екі жаққа сәлем беретін болса, жамағат намаз бітті деп ойлап қалып, тұрып кетуі ықтимал.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Кімде-кім намазда шүбәланса, дұрысы қайсысы екенін ойлап, намазын қанағаттанған ойына қарай толықтырсын. Сосын сәлем берсін де, қателік сәждесін жасасын, яғни жаңылғаны үшін екі сәжде жасасын».(Бухари, Салат, 31.) Басқа бір хадисте: «Кімде-кім намазын төрт рәкат па, әлде үш рәкат па оқығанына шүбәланса, шүбәсін тастап, анық білгенімен намазын толықтырсын. Соңғы сәлемді бермей екі сәжде жасасын. Егер бес рәкат оқыса, сәжделер намазына шапағатшы болмақ. Ал егер намазын толық оқыған болса, сәжделер шайтанның алыстауына себеп болады».(Бухари, Сәһу, 6-7.)
2-Азаншы азан шақырып, қамат айтқаннан кейін оқылатын намазға және имамға ұюға ниет етеміз. Мысалы: «жұма намазының парызын оқуға ниет еттім, имамға ұйыдым» дейміз. Содан кейін имам тәкпір алысымен, біз де тәкпір алып, іштей «Субханәкә» дұғасын оқимыз.
Имам «фатиха» сүресі мен қосымша бір сүре оқиды. Сол уақытта біз үндемей имамды тыңдап тұрамыз. Имамның рүкүғ пен сәжделерін көп кешіктірмей қайталап ілесіп отырамыз. Имамның дауыстап айтқан барлық тәкбірлері мен намазда оқылатын таспих пен дұғаларды іштей оқимыз. Соңында имаммен бірге сәлем беріп намазымызды тәмәмдаймыз.
[ Жоғары ]
Ассаляму алейкум уа рахметуллахи уа баракатух!!! Бет сипауга катысты сурагым бар, бет сипау дурыс емес деген пикирлер айтылып жур,дурыс-бурыстыгына накты далел бар ма?
Бұл сұрақ бұрын қойылғандықтан жауабын мына сілтемеден оқи аласыз. http://www.muftyat.kz/print:page,1,798-d12011171a-zhasa1171annan-kejjin-betti-sipau.html
[ Жоғары ]
Ауыз бекіткенде және ауыз ашарда айтылатын дұғаларды жазсаңыздар екен. (Мұхтар)
Ауыз бекітерде айтылатын дұға:
"Аллаһ разылығы үшін мүбарак Рамазан айының оразасын таңнан күн батқанға дейін ұстауға ниет еттім".
Ауыз ашарда айтылатын дұға:
"Я, Аллаһым! Сенің разылығың үшін ораза ұстадым. Сенің берген ризығыңмен аузымды аштым. Саған иман етіп, Саған тәуекел еттім. Рамазан айының ертеңгі күніне де ауыз бекітуге ниет еттім. Сен менің өткен және келер күнәларымды кешір!".
[ Жоғары ]
Аяғымызды қыбылаға қаратып жатсақ бола ма?
Бұл жайлы нақты тыйым жоқ. Алайда ғұламалардың кейбірі қыбылаға аяқ созбауды әдептілік қатарына жатқызған. Ал Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жатарда оң жағымен, жүзін қыбылаға қаратып, қолын басына қойып жататын.
[ Жоғары ]
Бес уақыт намаз оқып жүріп, денсаулығыма, сабағыма байланысты таң намазын ғана оқуыма бола ма?
Исламның бес парызының бірі бес уақыт намаз оқу. Намазды Алланың әмірі болғаны үшін оқимыз. Сондай-ақ намазды Алла Тағаланың құлдарына берген сансыз нығметтеріне шүкіршілік ету деп түсінуге болады. Олай болса, қандай қиын жағдайға душар болсақ та, бес уақыт намазды ала қылмай толық оқуымыз керек. Құрандағы: «Намазды толық оқыңдар...» (Хаж, 22/78) «Расында, намаз белгіленген арнайы уақыттарда парыз етілді» (Ниса, 4/103) деген аяттар намазды толық және өз уақыттарында оқуды міндеттейді. Ал Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде: «Үлкен күнә жасамаған адамның бес уақыт намазы мен жұма намазы, келесі жұмаға дейінгі жасаған күнәларынан арылтады» деген. Бірақ денсаулығымызға байланысты дінімізде белгілі бір жеңілдіктер берілген. Намазды тұрып оқи алмайтындар орындыққа отырып оқуға, оғанда шамасы жетпесе, жерге отырып оқуға, оған да шамасы келмесе жатып ишарамен оқуына рұқсат. Бұл мәліметтер тек таңертең ғана намаз оқуға болады деген ұғымның дұрыс еместігін көрсетеді. Сондықтан тек таң намазын оқумен шектелуге болмайды.
ҚМДБ, Уағыз-насихат бөлімінің маманы
Исламтанушы Ұтысхан Алтынбек
[ Жоғары ]
Дұха нәпіл намазы қалай, қай уақытта оқылады? (Қуат)
Дұха намазының уақыты күннің найза бойы көтерілгенінен күн тас төбеге жетуіне жарты сағат қалғанға дейін жалғасады. Бұл намазды оқу мәндуб. Бұл намаздың ең азы – екі рәкат. Төрт немесе сегіз рәкат оқиды. Пайғамбарымыздың бір хадисінде кімде кім бұл уақытта намаз оқуды жалғастырар болса, күнәлары теңіз көбігіндей көп болса да (кісі ақысынан басқасы) кешіріледі» деген.
[ Жоғары ]
Дәрет қандай жағдайда бұзылады? (Жума)
Дәрет мына жағдайда бұзылады:
• Несеп жолынан, тік ішектен зәр, қан, үлкен дәрет сықылды органикалық қалдықтардың бөлінуі;
• Жел шығару;
• Ауыздан немесе мұрыннан қан кету, кез-келген дене мүшесінің қанауы; Ауыздан түкірік көлеміндей қан кетсе, дәрет бұзылады. Қанның азды-көптігін түкіріктің түсінен білуге болады. Ағзаның басқа жерінен шыққан қан жан-жағына жайылса дәрет бұзылады. Иненің жасуындай қан жайылмай қаз қалпында қалса, дәретке кедергі келтірмейді.
• Құсу;
• Естен тану, мас болу;
• Намазға жығылған адамның абайсызда немесе әдейі жанындағыларға естірте күлуі намазын да, дәретін де бұзады.
• Босану;
• Жантайып немесе әлденеге сүйеніп ұйықтау;
• Үзірлі адамның үзір себебінің бітуі. Үзірлі адамның дәреті намаздың уақыты шыққанда бұзылады. Су таба алмай тәйәммүм жасаған адамның дәреті су табылғанда, мәсіге мәсіх тартқанның мәсіх уақыты біткенде дәреті бұзылады.
[ Жоғары ]
Дәрет алғанда беттің қай бөлігі жуылуы керек? (Бауыржан)
Дәрет алғанда шаштың маңдаймен бітіскен тұсынан төмен қарай иекке дейін екі құлақтың сырғалығы арасындағы бөлікті, яғни бетті тұтастай жуу керек. Жақтың құлақ тұсы мен сақалдың арасындағы түксіз бөлік те жуылуға тиіс.
[ Жоғары ]
Дәретті қалай аламыз? Фарид.
Дәрет алу – намазға дайындық ретінде тазалану, дене мүшелерін жуу дегенді білдіреді. Дәрет алу да өз алдына сауапты іс. Ол туралы Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) былай деген: «Мұсылман адам дәрет алып бетін жуғанда, көздерінің барлық күнәлары дәрет суымен немесе судың соңғы тамшысымен ағып кетеді. Егер қолын жуса, қолымен істеген әрбір күнәсі дәрет суымен яки судың соңғы тамшысымен жуылып кетеді. Егер аяғын жуса, басқан күнәлары шайылады. Осылайша мұсылман кісі дәрет алу арқылы тәнін ластықтан, рухын күнәдан тазалайды» .
Бірде Пайғамбарымыздан (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) сахабалары: - Қиямет күні сіз бізді сонша нөпір халықтың арасынан қалай танисыз? – деп сұрайды. Сонда Аллаһтың елшісі (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм): «Ол күні сендерде басқа үмбеттерде болмаған бір белгі болады. Сендер менің алдыма келгенде, үнемі дәрет алғандықтан, маңдайларың мен қол-аяқтарың нұрланып тұрады» деп жауап береді.
Сүйікті Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм): «Кімде-кім әмір етілгендей дәрет алып, намаз оқыса, өткен күнәлары кешіріледі», - деген.
«Мәида» сүресінің 6-аятында: «Ей, иман келтіргендер! Егер намазға тұрсаңдар, беттеріңді, қолдарыңды, білектеріңді жуыңдар. Бастарыңа мәсіх тартыңдар. Аяқтарыңды қызыл асықтарымен бірге жуыңдар»-делінген. Демек, аятта дәреттің төрт парызы аталған:
1. Бетті жуу;
2. Қолды, шынтақ және білекпен бірге жуу;
3. Басқа мәсіх тарту (төрттен біріне);
4. Аяқтарын қызыл асығымен бірге жуу;
Бұл парыздардың біреуі орындалмаса, дәрет дұрыс болмайды.
Дәреттің сүннеттері: Сүннет – Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) парызға қосып істеген амалдары. Сүннет амалын істеу көптеген күнәлардан арылтып, молырақ сауап алуға септігін тигізеді. Дәрет алу барысында төменде көрсетілген амалдарды істеу – сүннет сауабын алуға септігін тигізеді:
1. Дәретке іштей ниет ету.
2. Дәрет алмастан бұрын қолдарын білектеріне дейін жуу.
3. Дәретті «Ә’узу» және «Бисмилләһпен» бастау. Яғни дәрет аларда «Ә’узу биллаһи минаш- шайтанир-ражим» «Бисмилләһир-рахманир-рахим» деп айту.
4. Ауыз бен мұрынды шаю.
5. Мисуак қолдану.
7. Дәретте жуылуы тиіс ағзаларды рет-ретімен жуу. Яғни, алдымен қолды, бетті, содан соң екі білекті шынтағымен бірге, басты, аяқты жуу.
8. Дәрет алу ағзаларын жуғанда оңнан бастау. Алдымен оң қолды жуып, одан кейін сол қолды жуу. Оң аяқты жуып, одан кейін сол аяқты жуу.
9. Дәрет алу ағзаларын үш реттен жуу. Бірінші жуу парыз болса, екінші және үшінші рет жуу сүннет.
10. Қол мен аяқ саусақтарының арасын салалап жуу.
11. Сақалдарды салалау. Тығыз сақалы болғандар қолдарын сақалдарының арасына кіргізіп, жоғары қарай тартып салалау керек. Қысқа не сирек сақалдардың араларына су кіру оңай болғандықтан жуу жеткілікті.
12. Басына толық мәсіх жасау.
13. Құлақ пен мойынға мәсіх тарту.
14. Дәрет мүшелерін жуғанда араларын үзбестен жуу. Яғни, бірі құрғамай жатып, екінші мүшені жуу.
Бұл сүннеттердің біреуі немесе одан көбі орындалмаса дәрет дұрыс, бірақ сауабы кем болады.
[ Жоғары ]
Дініміз футбол ойнауға, көруге тыйым салған ба?
Барлық нәрсенің өзіндік шегі бар. Футболды спорт ретінде қарастыратын болсақ ойнауға да көруге де болады. Егер де бұл спорттың құлшылығымызға кері әсері болатын болса онда ол біз үшін үлкен қауіп. Сондықтан дініміз спортқа тыйым салмаған. Алайда айтып кеткеніміздей намазға кешігуге немесе намаз уақытының шығып кетуіне кедергі болмауы керек. Сонымен қатар ойын барысында дененің де жарақат алып қалмауына да абай болғанымыз жөн.
Тағы айта кететін жайт:
1-футбол ойнында ойнап жатқанда немесе көріп жатқанда жаман сөз сөйлемеу керек.
2-Негізгі (маңызды) жұмысты тастап уақыт ысырап етпеу керек.
3-Ойын құмар ойынына айналмауы керек.
4-Намаз, ораза секілді парыздарды орындауға кедергі болмауы керек.
5-Адамның денесіне зияны (жарақат), өлімге алып келіп соқпауы керек т.б.
Пайғамбарымыз спротқа ерекше көңіл бөлген. Мәселен пайғамбарымызбен (с.ғ.с.) күрескен хазірет Руканә күресу нәтижесінде мұсылман болған. Сонымен қатар пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Айша анамызбен бірнеше рет жарысқандығы айтылады. Хабаштықтардың көрсеткен найза ойындарын пайғамбарымыз Айша анамызбен бірге көрген т.б. яғни құлшылық, адамдар арасында наразылық, құмарлық, соңы жамандыққа алып бармаған спорт ойындарын дініміз тыйым салмаған.
[ Жоғары ]
Дінімізде намазын тастап кеткен адамның үкімі қандай? (Қайсар)
Ақылды, балиғат жасына жеткен, хайыз бен нифастан тазаланған мұсылман адамға намаз оқу парыз. Намаз бен ораза секілді тәндік ғибадаттарда өкілдік іске аспайды. Намаздың парыздығын теріске шығарған діннен шығады. Өйткені, намаз айқын аят, хадис және ижмағ дәлелдерімен анықталған. Жалқаулық, немқұрайлылық себебімен намазды тастаған күнәкар және пасық болады.
Намаз оқымау – дүние мен ақырет азабына себеп. Ақыреттегі азап туралы Құранда былай айтылады: «Олар жәннатта тұрып күнәкарлардан: «Сақар жаһаннамға түсулеріңе нендей себеп болды?», – деп сұрайды. Сонда олар: «Біз намаз оқымайтын едік», – деп жауап қатады» (Мүддәссир, 74/40-43). Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әдейі намазды тастаған адамға Аллаһ пен Пайғамбардың көмегі болмайды»,( Бухари, Мауақит, 15, 34; Насаи, Салат, 15.) – дейді. «Кімде-кім жұма намазына немқұрайлылықпен қарап, оны үш рет тәрк етсе, Аллаһ Тағала оның жүрегіне мөр басады»( Насаи, Жума, 2; Тирмизи, Жума, 7; Ибн Мажа, Иқама, 93.).
Имам Ағзам мәзһабы бойынша, жалқаулық жасап, намазды тастаған адам, намаздың парыздығын теріске шығармайынша, діннен шықпайды. Бірақ күнәкар, пасық болады. Оған намаз жайлы ескертіліп, насихат етіледі немесе тәрбие үшін жаза беріледі.
Кімде-кім намазын ұмытып немесе ұйықтап қалса яки жалқаулықпен оқымаса, сол оқымаған намаздарының қазасын міндетті түрде оқиды. Хадисте: «Кімде-кім ұйықтап қалып, ұмытып намазын оқи алмаса, еске түскен сәтте дереу оқысын» (Әбу Дәәуд, Салат, 11) деген.
Сондықтан да намаз оқу өте маңызды мәселе. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Қиямет күні адамның алғаш есепке тартылатыны – парыз намазы. Егер осы намазды толық орындаса, неткен тамаша?! Керісінше жағдайда: «Қараңдар, нәпіл намазы бар ма екен? Егер нәпіл намазы болса, парыздардың кемістігін осы намаздармен толтырыңдар. Бұдан кейінгі басқа парыздар да дәл осылай жасалады», – деп айтылады (Әбу Дәәуд, Уитр, 2).
[ Жоғары ]
Егер намаз оқып отырған жағдайда мұрын қанаса немесе жел шықса, не істеу керек?
Намазда адамның мұрны қанаса немесе аузына құсық келу секілді себептерге байланысты еркінен тыс дәреті бұзылса, мұндай жағдайда адамның дәреті бұзылса да, намазы бұзылмайды. Ол сөйлеместен және басқа бір әрекет етпей тек дәретін қайта алып келген жағдайда, намазын келген жерден жалғастыра алады. Бірақ намазын қайта басынан оқыса – абзал.
[ Жоғары ]
Етекір кезінде зікір істеуге, Алланы еске алу, шахадат сөзін айтуға бола ма? (Салима)
Дініміз етеккір болған әйелдердің намаз оқуына, Құран оқуына және ораза ұстауына тыйым салғанымен тәсбих тартып, дұға оқуына шекетеу қоймаған. Сонымен қатар етеккір болған әйелдердің Құныт дұғасы секілді түрлі дұғаларды оқуына, пайғамбарымызға салауат айтуына әбден болады.
[ Жоғары ]
Жұма күні нәпіл оразасын ұстауға бола ма? Әлде бұл күні Мұсылмандардың мейрамы деп, тұтпай-ақ қойған абзалырақ па? (Мәлікұлы)
Жұма күні жайлы Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Түндер арасында тек қана жұма түнін ғибадатқа бөлмеңдер. Бірақ кімде-кім әдет етіп ұстап жүрген оразасы сол күнге сәйкес келсе, бұдан тыс нәрсе». Яғни, тек қана жұма күні ғана ораза ұстау және сенбі күні ғана ораза ұстау– тәнзиһан мәкрүһ. Бірақ әдет етіп, ұстап жүрген оразасы сол күнге сәйкес келсе, ештеңе етпейді.
[ Жоғары ]
Жұма намазында намаз оқитын орын тар болса, алдындағы адамның арқасына сәжде жасауға бола ма? болса, оның тәртібі қалай?
Сәжде – намаздың парызы. Сәждеде маңдай, жүз, екі аяқ пен екі қол, екі тізе жерге немесе жермен жалғасқан бір нәрсеге қойылады. Сәжде әрбір рәкатта – екі рет жасалады. Құранда оның парыз болуы туралы: «Ей, иман еткендер! Рүкүғ пен сәжде жасаңдар» (Хаж, 22/77)– делінеді. Нағыз сәжде – жеті мүшемен жасалған сәжде. Жүз, екі қол, екі тізе және екі аяқ. Алла Елшісі былай дейді: «Мен жеті сүйекпен сәжде етуге әмір етілдім. Бұлар: маңдай (қолымен мұрнына ишарат жасады), екі қол, екі тізе және екі аяқ» (Бухари, Азан, 133-134; Муслим, Салат, 226-227)
Сәждеде маңдай жерге қойылып, мұрын қойылмаса да, дұрыс деп есептеледі. Мұндай сәжде себепсіз болса, мәкрүһ. Имам Ағзам бойынша, ешқандай себепсіз маңдай жерге тимей тек қана мұрын тисе де, ол сәжде дұрыс деп саналады. Екі имам бойынша, маңдай себепсіз тимесе, сәжде дұрыс болмайды. Егер маңдай мен мұрында сәждеге кедергі жасайтын себеп шықса, сәжде ишарат, белгімен жасалады. Сәждеде екі қол мен тізені толықтай жерге тигізу – сүннет. Бірақ екі аяқтың немесе бір аяқтың саусақтары жерге тимесе, сәжде дұрыс емес. Бұл – парыз. Бір аяқтың бір саусағын ғана жерге қою немесе аяқтың үстін ғана жерге тигізу жеткіліксіз. Сол секілді сәжде етілетін жер аяқ қойылған жерден он екі саусақтай өлшемнен биік тұрса (шамамен 23 см), сәжде саналмайды. Бірақ одан төмен дұрыс. Бір мешітте адамның көптігінен немесе бір себептермен адамдар бір-бірінің арқасына сәжде ете алады. Хазіреті Омардың: «Тар жерде адамдар бір-бірінің арқасына сәжде етсін» (Ханбәл, I, 32)– деген сөзі бар.
Бір адамның киімінің таза жерге түскен артығының үстіне сәжде ете алады. Бірақ сәждеде қаттылық сезілу қажет. Сондықтан мақта т.б. қаттылығы сезілмейтін жұмсақ нәрсенің үстіне сәжде етілмейді. Сол сияқты күннің ыстығы мен суығы секілді себептерге байланысты таза жерге қойылған екі қолдың үстіне сәжде жасауға болады. Мұндай жағдайда сәлде немесе киімінің артығына да сәжде жасай алады.
[ Жоғары ]
Жолаушылық және сапар намазы жайлы мағлұмат бересіздер ме?
Жолаушылық
Бір адам тұратын жерінен алыс жерге жолға шыққаннан бастап, жолаушы саналады. Жолаушының парыз намаздары қысқарады. Ғалымдардың есебі бойынша, жаяу жүрген адам үш күндік жол жүрсе, яғни, шамамен 85-90 шақырымнан астам жерге жолаушылап шықса, жолаушы саналады. Қазіргі замандағы көліктер де бұл үкімді өзгертпейді. Бұл шақырым жаһандану әлеміне сай келсе де, келмесе де ғалымдардың берген пәтуасы осылай. Әлемде көптеген ауылдар бар. Әркімнің шамасы бір емес. Дінде жеңілдік бар. Құранда Алла Тағала былай дейді: «Жер жүзінде сапарда болған уақыттарыңда, кәпірлердің өздеріңе бір қастандық істеуінен қорықсандар, намаздарыңды қысқартуларыңда күнә жоқ» (Ниса, 4/101).
Бұдан басқа қажылық, умра және ғазауатқа шыққан кезінде Пайғамбарымыздың (с.а.у.) төрт рәкат намазын – екі рәкат етіп қысқартып оқығаны жайлы көптеген хадистер бар. Яғни, төрт рәкат парыз намаздар екі рәкат етіліп, оқылады. Ақшам мен таң намазы қысқартылмайды.
Жолаушылықтың үкімі: Тұрған мекенінің (қала, ауыл) соңғы үйлерінен өткен уақыттан бастап жолаушы саналады. Қаламен бітісе орналасқан ауылдар да қала саналып, олардан өткен кезде ғана жолаушылық үкімі жүреді. Яғни, намаздарын қысқартып оқи алады. Қала біткеннен кейін кездесетін бірең-саран үйлер есепке алынбайды.
Жолаушы өз жерінен бөгде жерге барып, сол жерде он бес күн, яки одан да көп мерзім қалуға ниет етсе, тұрғын саналып, жолаушылық үкімінен шығады. Егер де он бес күннен аз қалуға ниет етсе, намаздарын қысқартып оқиды. Жолаушы үйіне қайтып келгенге дейін жолаушы саналады. Негізгі тұрған жерінен көшіп, басқа жерге толық орналасқаннан кейін, көшкен жеріне он бес күннен аз мерзім үшін қайта келсе, намазын қысқартып оқиды. Жолаушылық үкімінің тоқтауы үшін 15 күн тұруды ниет еткен жер – бір жер болуы керек. Егер бөлек-бөлек жерлерде жалпы 15 күн қалуды ниет етсе, жолаушылық үкімінен шықпайды. Мысалы, 10 күн Атырауда, 5, яки 14 күн Қарағандыда болуды ниет етсе, жолаушылығы бітпегендіктен намаздарын қысқартып оқи береді. 15 күн қалу ниеті бірден ниет етілу керек. Егер 7 күн қаламын деп ниет етіп, жеті күн өткеннен кейін кейбір себептерге байланысты тағы да 10 күн қалуды ниет етсе, қалған күндерінің жалпы саны 17 күн бола тұра жолаушылық үкімі тоқтамайды. Өйткені, уақыттар бөлек-бөлек ниет етіліп, белгіленіп отыр. Жолаушылық уақыты бітпесе де бір жерде 15 күн тұруды ниет ету арқылы жолаушылық үкімі тоқтайды. Намаздарын қысқартпастан толық оқиды.
Жолаушы 85-90 шақырым жол жүргеннен кейін, жарты жолдан үйіне қайтуды ниет етсе, үйіне келгенге дейін жолаушы саналады. Яғни, тек қана үйге қайту ниеті жолаушылықтан шығармайды.
Намаз жамағатпен оқылғанда тұрғын – жолаушыға, жолаушы – тұрғынға ұюына болады. Бірақ тұрғын адам жолаушыға ұйығанда, екі рәкаттан кейін жолаушы имамның сәлем беруін күтеді. Жолаушы имам екі жаққа сәлем берген кезде, тұрғын сәлем бермей, орнынан тұрып қалған екі рәкатын толықтырып оқиды. Ал егер жолаушы тұрғынға ұйыған жағдайда, намазын төрт рәкат етіп, толық оқиды. Имамға бағыну шарт. Жолаушылық кезде қаза болған намаздардың қазасын кейін жай уақытта оқыған жағдайда да екі рәкат қылып қысқартып оқиды. Сол сияқты жай уақытта қаза болған намаздардың қазасын жолаушы болған уақытта оқыса, қысқартпай толық оқиды.
[ Жоғары ]
Жуырда операциядан өттім. Аллаһ тағаладан өткен қате-кінәларымның кешірілуін тілеп, саулық нәсіп етуін сұрап, бір қой құрбандық шалдым. Оның бір бөлігін көршіліремізге беріп, бір бөлігіне туған-туыстарды шақырып, Құран оқыттық, аз-маз тағысы отбасының тұтынуына қалды. Бұл бөліс дұрыс па, әлде түгел барлығын таратып жіберуім керек пе еді? (Айгүл)
Шалған құрбандығыңыз қабыл болғай. Дегенмен де дінімізде бір мұсылман баласы көптен күпті еткен бір ісі орындалғанда я болмаса былай да бір малды шалам деп Алла Тағалаға уәде еткен болса, сол уәдесінің уақыты келгенде оны орындауы керек. Бұл құрбанға «нәзір құрбаны» дейміз. Мысалға, ауырып жатқан адам осы ауруымнан жазылып кетсем, бір қойды құрбандыққа шаламын деп ниет еткен болса, ауруынан айыққан кезде, бір қой шалуы – уәжіп.
Бұл шалынған малдың етінен, шалған адамның өзіне, балаларына, немерелеріне және әке-шешесіне тіпті ата-әжелеріне жеуге болмайды. Түгелдей садақа ретінде кедейлерге таратылуы тиіс. Шалынған құрбанның бір бөлшегі аталмыш адамдар тарапынан желінген жағдайда сол желінген бөлшектің құнын кедейлерге тарату керек. Ал уәде емес тек өзгелердің басын қосып игі амал мақсатында тамақ беру болса ештеңе етпейді. Ол сіздің қалай ниет еткеніңізге байланысты.
[ Жоғары ]
Зекет кімдерге беріледі?
Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Маған зекет бер» – деген адамға былай жауап берген:
«Ұлы Аллаһ зекеттің берілетін орындары жайында пайғамбарының да, басқаның да үкіміне разы болмай, өзі берді. Оны сегіз топқа бөлді. Егер сол сегіз топтың ішінде болсаң, саған есеңді беремін».
Иә, зекеттің берілетін орындарын Аллаһ Тағала «Тәубе» сүресінің алпысыншы аятында тағайындап білдіреді: «Шын мәнінде садақалар (зекеттер), кедей-кепшіктерге, түгі жоқ міскіндерге, зекетті жинауға тағайындалған адамдарға, көңілдері жібітілуі мақсат етілгендерге (жаңа мұсылмандарға), құлдарды азат етуге, қарызға батқандарға, Аллаһ жолына және қиналған жолаушыларға берілуі Аллаһ тарапынан парыз етілді».
Бұл аятта айтылған сегіз топты былай түсіндіруге болады:
1-2. Пақырлар мен міскіндер
Пақыр деп – нисап мөлшеріне жететін байлығы жоқ адамдарға, міскін деп – түгі жоқ адамдарға айтылады.
3. Зекет жинауға тағайындалған арнайы адамдар
Зекеттердің жиналуы, сақталуы, есептеліп, лайық адамдарға таратылып, тапсырылуы сияқты жұмыстар үшін мемлекет тарапынан тағайындалған адамдар. Бұларға зекеттен белгілі есе аталмыш еңбектерінің қарымына айлық ретінде берілгендіктен тағайындалған адамдардың бай болулары зекеттен мемлекеттің белгілеген мөлшерін алуларына бөгет емес.
4. Муәллафатул-қулууб
Мұсылман болу бақытына әлі кенелмеген кейбір адамдардың жаманшылығынан сақтану үшін және Ислам дінін жаңадан қабылдаған иманы әлсіз адамдардың, тіпті әлі Исламды қабылдамаған кейбір адамдардың көңілін жібіту үшін Пайғамбарымыз (с.а.у.) кедей болсын, ауқатты болсын, оларға зекеттен белгілі есе беріп отырған. Міне, осы аталмыш үш топ Құранда айтылып, зекеттен белгілі бір есе тағайындалған «муалләфатул-қулууб» тобына жатады.
Бірақ Хазіреті Омар дәуірінде бұл топқа берілетін зекет есесі тоқтатылған. Тоқтатылуының басты себебі, Ислам дінінің дүниеге қанат жайып қуаттанғаннан кейін бұлардың көңілін Исламға жібітіп, жаманшылықтарынан сақтанудың қажеті болмай қалуында еді. Бірақ кейбір ғалымдардың фәтуасына сүйенсек, қажет болған жағдайда, қайтадан бұл топқа беруге болады.
5. Құлдар
Қожайынынан азат болу үшін белгілі ақшаға келіскен құлдарға зекет беріледі. Міне, бұл Ислам дінінің құлдарды азат ету жолында жұмсаған еңбектерінің бір көрінісі.
6. Қарызға батқандар
Қарызынан тыс нисап мөлшеріндегі малға ие болмаған немесе басқасында алатын қарызы болып, қайтарып алуы мүмкін болмағандар «қарызды адамдардың» тобына жатады. Пақырға зекет бергеннен гөрі қарызынан қиыншылық көріп жатқан адамдарға зекет беру – абзал. Өйткені, қарызынан құтылу – қарызы бар үшін басты міндет.
7. Аллаһ жолында
Бұл топқа Аллаһ ризалығы үшін ілім іздеушілер, Аллаһ Тағаланың дінін қорғау және жастарымызды имандылық, адалдық, адамгершілік, әділдік сияқты жақсы қасиеттерге тәрбиелеу үшін, жалпы қоғам пайдасына шешілетін қайырлы істер үшін бар күштерін салып еңбек етушілер кіреді.
8. Қаржылары бітіп, жолда қалғандар
Бұларға негізгі тұрғылықты жерлерінде ақшалары барлар жатады, яғни, бай болса да оларға зекет беріледі (қажылар, ілім ізденушілер, т.б. сияқты).
[ Жоғары ]
Имамға кешігіп ұйыған адам қандай жағдайда мен мына рәкатқа үлгердім деп айта алады және кешіккен рәкатын қалай толықтырады?
Егер кісі намазға кешігіп келіп имамға ұйыса, имам сол сәтте рүкүғте болып ол да рүкүғке барса, онда бұл рәкатқа үлгерген болып саналады. Өйткені әрбір рәкат имамның рүкүғтен түрегелуімен аяқталады. Ал егер имам рүкүғтен көтеріліп қойғаннан кейін (қолын тізесінен алғаннан кейін) имамға ұйып рүкүғке барған болса, онда ол рәкатқа үлгерген болып саналмайды.
Кісі үлгере алмай қалған рәкатын толықтыру үшін ақырғы отырыста тек «әт-тәхият» дұғасын ғана оқиды. Имам екі жаққа сәлем бергенде, ол сәлем бермей орнынан тұрып үлгермей қалған рәкатын оқып қайта ақырғы отырысқа отырады. Бұл отырыста «әт-тәхият», «салауат», «раббанә әтина» дұғаларын толықтай оқып, екі жаққа сәлем беріп, намазын аяқтайды.
Қ.Ержан
ҚМДБ-ның қызметкері
[ Жоғары ]
Исламда әйел затының шалбар киюі күнаға жата ма?
Қай тұрғыдан қарасаңыз да, киінудің өзіндік үкімі болады. Бүгінгі таңда ерлер мен әйелдердің киім кию үлгісінде айырмашылық азайып бара жатқан сияқты.
Біріншіден, әйел адамның киімі дініміздің бұйрығы бойынша жұртқа жария қылып көрсетуге тыйым салынған әурет жерлерін жауып жүруі және ер адамның киімдерінен өзгешелеу болуы маңызды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осыны ескерткен. Ер адамның әйелше киінуі мен әйелдің киімдерін ер адам ұқсатып киінуінен басталған хадистің соңы лағнет дұғасына барып тіреледі.
Әйел заты осы хадисті ескеріп, алдымен дініміз әмір еткен жерлерін жабуға, одан соң, киімдерін ер адамға ұқсатпай, өз қасиеттерін сақтауға тырысуы тиіс. Қоғамда шариғаттың осы заңы қолға алынса, оның екі дүниеде пайдасы мол болар еді. Өйткені күн өткен сайын ер мен әйел кісіні сыртқы киіміне қарай ажырату қиындап бара жатыр. Тіпті кейбір киім үлгілерін ер адамға немесе әйелге тән деп бөліп көрсете алмайтын жағдайға келдік.
Сонымен қатар күнімізде әйелдер киіп жүрген етекті ұзын көйлек әйелдерге ғана тән киім емес. Себебі арабияда мұндай көйлекті ерлер де кие береді. Осы секілді шалбар кию де ерлерге ғана тән емес. Әйелдер де киюіне болады. Бірақ қатты тар болмауы әрі жоғарғы жағына бүйірі мен бөксесін жауап тұратындай етіп ұзынша кофта киюі керек.
Олай болса шалбар еркектің киімі ме, әлде әйел киімдеріне жатады ма деген сұрақтың жауабын ең алдымен, шалбардың тарлығы мен кеңдігін немесе оның дініміз бұйырған әурет жерлерді жауып тұруын қозғаудан бастаған дұрыс. Іштен дене бітімін білдіріп тұрмайтындай бүйірі мен бөксесін жауап тұратын кең шалбар киілген болса, онда оны ер киімі деп түсінбеуіміз керек. Өйткені ол киім әурет орындарды толықтай жауып тұрады.
[ Жоғары ]
Күн мен ай тұтылғанда қандай намаз оқылады?
Күннің тұтылуын – «кусуф», айдың тұтылуын – «хусуф» деп атайды. Бір елде күн тұтылса, сол елдің имамы азансыз, қаматсыз халықпен екі рәкат намазды жария оқиды. Бір хадисте айтылады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) күн тұтылғанда қиямда ұзақ тұрып, екі рәкат намаз оқып былай деді: «Бұл құбылыстар – Аллаһтың ұлылығын паш еткен дәлелдер. Аллаһ осындай құбылыстармен құлдарын қорқытуды қалайды. Бұндай нәрсені көрген кезде ең соңғы парыз намазы секілді намаз оқыңдар»( Бухари, Кусуф, 1, 17). Ай мен күнге байланысты Аллаһ Тағала былай дейді: «Түн мен күндіз және күн мен ай – Аллаһтың (құдіретін көрсететін) дәлелдерінен. Күнге де, айға да сәжде етпеңдер. егер құлшылық қылатын болсаңдар соларды жаратқан Аллаһқа сәжде етіңдер», (Фуссилат, 41/37). Бұл аяттағы «сәжде етіңдер» әмірі ай мен күн тұтылғанда намаз оқу мағынасын білдіреді. Бұл намаз үлкен мешітте оқылса, абзал. Бірақ басқа жерлерде де оқи алады. Намаздан кейін имам күн ашылғанға дейін жамағатқа қарап отырып, дұға етеді. Жамағат «әмин» дейді. Ал хусуф намазы ай тұтылған кезде әркім үйінде құпия немесе жария түрінде екі немесе төрт рәкат намаз оқиды. Әбу Ханифа бойынша, мешітте жамағатпен оқу сүннетте жоқ. Оқыса артықтық қылмайды. Ай тұтылуы түнде болатындықтан жамағаттың мешітке жиналуы қиындық тудырады (Касани 1. 282).
[ Жоғары ]
Көз жасы дәретті бұза ма?
Намазда рухани дүниелерді ойлап көз жасына ерік берудің намазға да, дәретке де зияны жоқ. Ал «аһ, уһ» секілді дыбыс шығарып жыласа, намазы бұзылады. Бірақ адам өз-өзіне ие бола алмай жыласа, еріксіз есінегендей намазы бұзылмайды. Аллаһтан қорыққанынан немесе жәннат пен жаһаннамды ойлап жылауы, есінеуі намазды бұзбайды. Құран немесе хадистегі дұғаларды намазда оқу намазды бұзбайды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Ұлы Жаратушыға жылап мойынсұнған, күліп жұмаққа кіреді. Ал күліп күнә жасаған жылап тозаққа кіреді» деген.
Айтып өткеніміздей адамның дүние мен ақиретке қатысты әлдене үшін көз жасын төгуі дәретті бұзбайды. Аллаһ елшісі (с.ғ.с.), сахабалардың айтуынша, намазда буырқанған сезімдеріне ерік беретін. Ол кейде іштей тынып кейде солқылдап өксіп жылаушы еді. Омар ибн Хаттабтың (р.а.) жылағаны саптың артқы жағында да естілуші еді. Омар (р.а.), Жақып пайғамбардың (ғ.с.) «Мен қайғы мұңымды бір Аллаһқа шағамын және Аллаһтан сендер естіп білмеген нәрселерді білемін» аятын оқығанда көз жасын тия алмағанын және артындағы жамағаттың да онымен бірге тұнжырап қамыққаны айтылады.
Аллаһ Тағала да өзіне жақындаудың жолын қарастыруды бұйырып: «Уа, иман еткендер, Аллаһтан қорқыңдар! Оған жақындаудың жолын қарастырыңдар әрі Оның жолында күресіңдер!» – дейді.
[ Жоғары ]
Мен намазды кітаптан үйренгенмін. Намаздан кейінгі дұғалар әртүрлі кітаптарда әртүрлі болып келеді. Намазда тәсбихаттан кейін қандай дұғалар оқысам болады?
Парыз намазы оқылғаннан кейін:
«Аллаһумма әнтәс-сәләәм уә минкәс-сәләәм тәбәәрактә иәә зәл-жәләәли уәл-икрәәм» Мағынасы: «Аллаһым! Сен сәлемсің. Сәлем сенен. Сен күллі нұқсандық атаулыдан пәксің. Дүние мен ақырет сәлеметі мен бейбітшілігі сенің көмегіңмен ғана болады. Нағыз қасиетті – Сенсің. Уа, құдірет пен жомарт иесі Раббым» деген дұға оқылады.
Содан кейін өзіңіз білген дұғаны яки Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) Муазға әр намаздың соңында оқы деп өсиет еткен дұғасын оқысаңыз да болады. Ол:
«Аллаһумма, а’инни ‘алә зикрикә уә шукрика уә хусни ‘ибәдатик»
Мағынасы: Уа, Аллаһ тағала! Сені әрдайым еске алуымды, Саған шүкіршілік етіп, Өзіңнің талабыңа сай құлшылық етуімді нәсіп ете гөр!
«Раббанәғфирли уәлиуәлидәййә уә лилмуминиинә иаума иақумул-хисәәб»
Мағынасы: Уа, Аллаһым! мені, әке-шешемді және мұсылмандарды қиямет күні кешіріміңе бөлей гөр!
«Аллаһумма уаффиқнә ила мә тухиббу уа тәрда»
Мағынасы: Уа, Аллаһым! Бізге өзің жақсы көретін және разы болатын істерді нәсіп ете гөр!
[ Жоғары ]
Менің бизнесім бар, ондағы айналым зекет мөлшеріне жетеді. Бірақ мойнымда қарызым бар. Ал енді маған зекет беру парыз ба? әлде жоқ па?
Зекеттің парыз болуы үшін күнделікті тіршілікте қолданылатын негізгі қажеттер мен қарыздардан тыс, нисап көлеміне жететін байлыққа ие болуы керек. Нисап дегеніміз – зекетті парыз ететін белгілі байлық мөлшері. Адамдарға болған қарыздың барлық түрі – зекеттің парыздығына бөгет жасайды. Мысалға, бір адам негізгі қажеттерінен тыс 100 грамм алтынға ие болды делік. Бірақ бұл адамның басқа біреуге 20 грамм көлемінде қарызы болса, бұл адамға зекет парыз емес. Өйткені, қарыздан тыс қалған малдың мөлшері нисап көлеміне (85гм шамасындағы алтынның құны) жетпейді.
[ Жоғары ]
Менің намаз оқығым келеді, бірақ анам қарсы. Не істесем болады?
Ислам дінінде әрбір ақыл есі бүтін, балиғат жасына жеткен, ер немесе әйелге бес уақыт намаз оқу парыз. Бұл - Алланың әмірі. Сондай-ақ ата-ананың ризашылығын алу да мұсылманның аса маңызды міндеті. Сондықтан Алланың әмірін орындай отырып, әке – шешенің де көңілін аулаудың жолын қарастырған жөн. Айталық, жылы сөзбен, тілалғыштықпен, тәтті күлкімен, ұнамды сыйлықпен, тіпті тұрақты түрде дұға ету арқылы ата-ананың патша көңілін аулап көруді ұсынар едік. Мәрмәр тасты бірден құйылған бір шелек су тесе алмайды. Ал тұрақты тамып тұрған су тамшылары тесуі әбден мүмкін. Ата-анаға жақсылық жасауды да еш уақытта тоқтатпаған жөн. Баласына жан ашырлықпен қараған әке-шеше имандылыққа бет бұрған баласына қарсы шықпауы ләзім. Бірақ, қандай жағдайда болмасын Алланың әмірі орындалуы шарт.
ҚМДБ, Уағыз-насихат бөлімінің маманы
Исламтанушы Ұтысхан Алтынбек
[ Жоғары ]
Намазға ниет етіп тәкбір айтқанда бас бармақты құлақтың ұшына тигіземіз осыған көпшілік қауым нақты дәлел жоқ деп байбалаң салады, Осыған нақты жауап берсеңіздер және кіндіктің төменгі жағынан қолды байлау жайында да айта кетсеңіздер. Рахмет. Ассаламу алейкум.
Намазға ниет етіп тәкбір алғанда, ер кісілер қолдарының бас бармақтарын құлақтарының жұмсағына тиетіндей етіп көтереді (Кейбір ханафи ғалымдары қолдың құлақ деңгейіне көтерілгенінен хабардар болу үшін тиюгізуге болады деген. Яғни, Ханафи мәзһабында қолды құлаққа тигізу шарт емес, бірақ тиіп жатса, сөкеттігі жоқ), ал әйелдер иықтарына жететіндей кеуделеріне дейін көтеріп, «Аллаһу әкбар» - деп тәкбір алады.
Қолды көтерген кезде алақандары ашық күйде құбылаға қаратылып, саусақтары еркін тұруы керек. Ханафилар бұл жайлы мынандай хадистерге сүйенеді:
عَن الْبَرَاءِ بْنِ عَازِبٍ قَالَ كَانَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا كَبَّرَ رَفَعَ يَدَيْهِ حَتَّى نَرَى إِبْهَامَيْهِ قَرِيبًا مِنْ أُذُنَيْهِ
Бәра ибн А'зиб (р.а.): «Аллаһ Елшісі тәкбір келтірген кезде қолдарын көтеретін. Сонда екі басбармағының екі құлағына жақын болғанын көретінбіз» дейді.
Әнәс ибн Мәликтен: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) намазды бастаған кезде тәкбір айтатын да қолдарының екі басбармағын екі құлағының тұсына дейін көтеретін» деген хадис риуаят етілді. Дәрәқутни бұл хадисті сахих деген.
عَنْ مَالِكِ بْنِ الْحُوَيْرِثِ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ كَانَ إِذَا كَبَّرَ رَفَعَ يَدَيْهِ حَتَّى يُحَاذِيَ بِهِمَا أُذُنَيْهِ
Мәлик ибн әл-Хуайристен риуаят етілген басқа бір хадисте: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) тәкбір айтқан кезде қолдарын құлақтарының тұсына дейін көтеретін...»
Шафиғи мен Маликилер ибн Омардың: «Аллаһ Елшісі (с.а.у.) намазға бастаған кезде екі қолын иығының деңгейіне жететіндей көтерді» – деген хадисі бойынша амал етеді.
Тәкбір алып қол байланғаннан кейін оң қол сол қолдың үстіне қойылады. Хазіреті Алидің бір риуаятында: «Оң қолды сол қолдың үстіне, кіндіктің астына қою сүннеттен» (Әбу Дәәуд, Салат. 118) деген.
رأيت النبي صلى الله عليه وسلم وضع يمينه على شماله في الصلاة تحت السرة
Уайл ибн Хужр: «Расулаллаһтың оң қолын сол қолының үстіне әрі кіндігінің астына қойғанын көрдім» (Әсғад Мухаммад Сағид әс-Сағиржи, Фиқһулханафи уә адиллатуһ, 163-бет. Дәрул-калимут-таййб, Димашқ. Рахматуллаһи Абдунғаний Ибараһим Халил, Нақлул ихтилаф биқасдил-и′тиләф, 77-бет. Сауд Арабия, Әл-мактабатул-мәккиаһ. 2000 ж.),деді. (Бұл хадисті Әбу Бәкір ибн Әби Шайба риуаят етті. Хадистің дәрежесі сахих.)
Олай болса ерлер оң қолының іш жағын сол қолының үстіне қойып, бас бармақ пен шынашақ арқылы білекті орайды. Қос қол кіндіктен сәл төмен тұсқа байланады. Әйелдер екі қолын кеудесіне апарып, оң қолын сол қолының үстіне қояды. Бірақ саусақтарымен білектерін орамайды.
[ Жоғары ]
Намаз, азан сияқты ғибадаттарды әр ұлт өз тілінде орындаса жеңіл болмас па еді? (Жолдас)
Намазда мұсылмандардың Құран Кәрімнен сүрелер оқуға міндеттілігі бәрімізге белгілі. Мұсылмандардың өз тілдеріне, жергілікті жеріне қарамастан сонау Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар заманынан бұлжымай, заңдасқан бұл қағида келешекте де дәл осылай жалғаса бере ме?
Ең алғашында кез-келген адам үшін ана тілінде құлшылығын орындау – әрі жеңіл, әрі орынды көрінері рас. Алайда, мәселені егжей-тегжейлі қарастырар болсақ, кең көлемді түсінікке қол жеткізеріміз анық.
Ең алдымен тілек-дұға мен намаздың ара жігін ажыратып алған жөн. Намаздан тыс жасалатын тілектер мен дұғаларда мұсылман кісіге ішкі тілегі мен мұң-мұқтажын қай тілде айтып жеткізем десе де, бұған тыйым салынбаған.
Өйткені, бұл Жаратушы мен құл арасындағы жеке мәселеге қатысты. Ал намаз болса, ол жалпыға, жамағатқа тән құлшылық болғандықтан, намазға қосылатын басқа да мұсылмандардың қажет тілектерімен санасу керек. Негізінен намаз жамағатпен оқылуға тиіс. Бірақ жалғыз оқуға да рұқсат етілген.
Егер Ислам діні қандай да бір белгілі бір аймақтың яки белгілі бір ұлттың діні болса, онда ешқандай күмәнсіз сол аймақтағы сол ұлттың ғана тілі қолданылар еді. Алайда, төрткүл дүниеге тараған, бір-бірін түсінбейтін қаншама ұлт өкілдеріне ортақ діннің өзіндік ерекшеліктері мен қасиеттері болмақ.
Айталық, қытайша білмейтін қазақ Қытайға барса, көшеден шыққан қытайша дауыстар естісе де оны түсіне алмай, соның кесірінен азанның оқылғанынан бейхабар жұма намазын қазаға ұшыратып алуы мүмкін. (Қытайдағы мешіттер мұнараларымен ерекшеленбейді). Сондай-ақ, Қазақстанға келген басқа ұлттар да мұсылмандардың өз тілінде орындап жатқан ғибадаттарынан ештеңе ұқпасы анық. Олай болса, мұндай жалпы әлемдік діннің өзіндік ортақ жақтары, ортақ тұстары болу заңды. Бұл тұста азан мен қырағаттың орны ерекше екені кімге де болса мәлім.
Бұндай жайттарды күнделікті өмірде де кездестіруге болады. Айталық, Біріккен Ұлттар Ұйымында да әрбір мүше мемлекет өзара белгіленген ортақ тілде ғана сөйлеседі. Ондайда әрбір мемлекеттің жеке бас пайдасы көзделмейді.
Мәселенің тағы бір жағы, қандай да бір аударманың ешқашандай түпнұсқаны толық қамти алмайтындығында (Мустафа Зарқа, Фәтәәуа, 106-бет. «Дарул-қалам» баспасы, Димашқ. 2001 ж.). Құран аяттарының әрбір сөзінің бірнеше мағынасы бар. Аудармада тек біреуі ғана беріледі. Тіпті кейде аятта қолданылған әрбір әріптің де өзіндік бірнеше мағынасы болады. Аудармада осы әріптердің өзіндік мағынасы мүлдем ескерілмей қалуы мүмкін. Яки біреуі ғана ескеріледі. Құранда белгілі бір мағынаны білдіретін бірнеше синоним сөздердің ішінен сөздің дыбысталу жағынан да, мағынаны қамту жағынан да ең қолайлысы таңдалған. Сондықтан кейбір сөздің «сөздік мағынасынан» тыс дыбысталуының өзі баяндалайын деп тұрған жағдайды білдіріп жатады. Ал мұны аудармада беру мүлдем мүмкін емес.
Ең бастысы, Құран сөздерінің оқыған адамды жалықтырмауында. Мысалы, аударманы бірнеше рет оқыған адамның жалығары сөзсіз. Ал Құран сүрелерін оқығанда адам түсінбесе де ерекше рухани ләззат алады. Өйткені, Аллаһ Тағала Құран сөздеріне осындай ерекшелік берген. Міне, сондықтан «Фатиха» сүресін күнделікті әр намазымыздың барлық рәкаттарында оқысақ та жалықпаймыз. Бұған қоса, Құранның өзіне ғана тән әуені мен әуезі оқыған адамның ішкі дүниесіне ағыла құйылып ерекше әсер етуі тағы бар.
Оқылған Құранның әрбір сөзіне, тіпті әрбір әрпіне сауап жазылатындығы көптеген хадистерде білдірілген. Ал кез-келген аударма Құранның дәл өзі болмағандықтан, оның әрбір әрпіне сауап жазылу ерекшелігі де жоғалады.
Тағы бір баса айта кететін жайт, ол – намазда қолданылатын сөздердің көп емес, аз екендігі. Алдымен азан мен қамат, артынша «Аллаһу әкбар», «Субхана раббиял-'азим», «Субхана раббиял-а'ләә» секілді қысқа қайырымдармен қоса «Фатиха» сүресі мен бір-екі қосымша шағын сүрелер. Барлығын қосса бір беттен де аспайды. Бұлардағы сөздердің көбі мағыналары оңай жатталатын, мұсылмандардың көбіне ортақ қолданылатын сөздер. Намазға жаңа жығылған жас бала да бұлардың мағыналарын бір үйреніп алса өмірі ұмытпасы анық.
Бұл дүниелік болмашы тірліктер үшін үлкен-үлкен сөздіктер жаттап, шет тілін үйренетіндер мәңгілік үшін Аллаһ Тағаланың сөздерінен бір бетті жаттауда: «Ғибадат-құлшылықтарымызға Аллаһ Тағала емес, керісінше біз зәруміз» деген шүбәсіз шындықты есте ұстаған абзал.
[ Жоғары ]
Намазда ниет еттім деп тілмен айту міндетті ме? Ниетті жүректен жасасақ жеткілікті емес пе? Аллаһ бәрін білуші ғой. (Ернар)
Ниет ету – намаздың шарттарының бірі. Ниет – намазға кіруді қалау. Адам қандай намазға кіргісі келсе, сол намазды жүрекпен білуі шарт. Адам намазға кірерде қай намаз екеніне күмәнданса, намазы дұрыс болмайды. Қайта ниет ету қажет.
Ниет – жасамақ іске жүрекпен иілу. Мұны тілмен айту шарт емес. Мүштәһид имамдардың бұл жайлы ауызбірлігі бар. Ниет – ғибадатты жай істерден бөлек етіп көрсету. Ниет өте маңызды. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Іс-әрекеттер тек ниетке байланысты», – дейді. Сондықтан рияшылдықпен жасалған ғибадат – Алла үшін емес, адамдар үшін жасалған нәрсе. Оған сауап жазылмауы былай тұрсын, күнәсін алады. Демек, ниеттің орны – жүрек. Тілмен айту – көбірек айтылған көзқарас бойынша, мұстахап. Сол себепті, жүрекпен ниет етумен қоса, «Мына уақыттың намазына ниет еттім» деп тілмен айту абзал. Айтылмаса оқасы жоқ.
Парыз бен уәжіп намаздарға арнайы тағайындап білдіретін ниеттің болуы қажет. Парыздың қаза намаздары да солай. Бірақ нәпіл намаздарға жеке атын атап ниет етумен қатар, жалпы ниет те жетіп жатыр.
[ Жоғары ]
Намазда сүре оқу кезінде шатасып кеткенде не істейміз? aibek8285
Егер де намаз оқып тұрғанда төмендегі қателіктер орын алса, онда сәһу (қателік) сәждесі жасалады.
1. «Фатихадан» кейін қосымша сүре оқымастан рүкүғқа бару. Рүкүғте тұрған кезде есіне түссе қайта қиямға барып, қосымша сүрені оқып рүкүғке барады. Намаздың соңында сәһу сәждесін жасайды.
2. Ұмытып «Фатиха» сүресін екі рет оқу.
3. Ұмытып үтір намазының тәкбірін және құныт дұғасын оқымау.
4. Төрт рәкатты намаздарда екі рәкат оқығаннан кейін отыруды ұмытып, үшінші рәкатқа тұру. Яғни алғашқы отырысты ұмыту. Бұндай жағдайда егер үшінші рәкатқа толық, яки (тізелері ашылып) қиямға жақын тұрып қойса, намазын әрі қарай жалғастырып, соңында сәһу сәждесін жасайды. Ал, егер отырысқа жақынырақ күйде болса, үшінші рәкатқа тұрмай отырады. Сәһу сәждесін жасамайды.
5. Бірінші отырыста «әт-тахият» дұғасын оқығаннан кейін дереу тұрмай «салауат» және басқа дұғаларды оқу яки намаздың бір рүкіні (парызы) орындалатындай уақыт отыру. Егер салауаттан бір сөйлемдей оқып қойса сәһу сәждесі істеледі. Мысалы, «Аллаһумма салли а'ла Мухаммад» сияқты. Ал егер бір сөйлемнен аз болса сәһу сәждесі қажет емес.
6. Төрт рәкатты парыз намаздардың соңғы рәкатынан кейін отырмай шатасып, дереу бесінші рәкатқа тұрған жағдайда, егер әлі бесінші рәкаттың сәждесін жасамаған болса, дереу соңғы отырысқа отырады. «Әт-тахият» дұғасын оқығаннан кейін сәлем беріп, сәһу сәждесін жасайды. Өйткені парыз болған соңғы отырыс кешіктірілді. Ал егер бесінші рәкаттың сәждесін жасап қойған болса, тағы бір рәкат қосып, алты рәкат қылып тамамдайды. Бұл алты рәкаттық намазы парыз емес, нәпіл намазға айналып кеткендіктен парызды қайтадан оқиды.
7. Төрт рәкатты парыз намаздардың соңғы рәкатынан кейін отырып «әт-тахият» дұғасын оқығаннан кейін немесе оқитындай уақыт отырғаннан кейін шатасып, бесінші рәкатқа тұрған жағдайда, егер әлі бесінші рәкаттың сәждесін жасамаған болса, дереу отырып, «әт-тахият» дұғасын оқығаннан кейін сәһу сәждесін жасап, намазын тәмамдайды. Ал егер бесінші рәкаттың сәждесін жасап қойған болса, тағы бір рәкат қосып оқиды. Бұл алты рәкаттық намаздың төрті парыз ретінде екеуі нәпіл ретінде жүреді. Намаздың соңында сәһу сәждесі жасалады. Парызды қайтадан оқу қажет емес. Өйткені, төртінші рәкаттан кейін «әт-тахият» дұғасы оқылғандықтан, яки оқылатындай уақыт отырғандықтан парыз болған соңғы отырыс орындалып отыр. Уәжіп болған сәлем беру кешіктірілгендіктен алтыншы рәкаттың соңында сәһу сәждесі жасалады.
8. Жария (дауысты) оқылатын намаздарды құпия (жасырын), ал құпия оқылатын намаздарды жария оқу. Мысалы, бесін намазында «Фатиха» сүресі мен қосымша сүрені дауыстап оқып, ақшам намазында құпия оқу сияқты. Бұлай оқылған намазда сәһу сәждесі жасалады. Намаздағы тәсбих, тәкбірлерді жария айту сәһу сәждесін қажет етпейді.
9. Намазда бір рүкін яғни, намаздың ішіндегі бір парыз орындалатындай уақыт ойлану. Мысалға, үш рәкат оқыдым ба, жоқ әлде төрт рәкат оқыдым ба деп, бір рүкін орындалатындай уақыт ойлануы немесе «Фатихадан» кейін қай сүрені оқитынын бір рүкін орындалатындай уақыт ойлану сәһу сәждесін қажет етеді.
Ескерту:
Намазда сәһу сәждесін қажет ететін бірнеше қате үшін бір сәһу сәждесі жеткілікті.
Имамға кейіннен қосылған адам өзі оқыған рәкаттарда қате жасаса, сол қатесі үшін сәһу сәждесін жасайды.
Намазда оқып тұрған сүрені жалғастыра алмай, басқа сүреге өтетін болса, сәһу сәждесі қажет емес.
Оқып жатқан намазының рәкаттарының санында жаңылысып, күмәнданған адам, егер бұндай жаңылысу мен күмән бірінші рет болып тұрса, намазын қайтадан оқиды. Ал егер бұндай күмән жиі-жиі кездесіп тұратын болса, жүрегінің басымырақ таңдағанына қарай намазын жалғастырады. Мысалы, таң намазының «бір рәкатын оқыдым ба, жоқ әлде екі рәкатын оқыдым ба?» – деп күмәнданып, бір рәкат оқығанына көңілі толып, жүрегі үкім берсе, тағы бір рәкат оқып, намазын тәмамдайды. Күмәнданып, кідіргені үшін артынан сәһу сәждесін жасайды. Керісінше екі рәкат оқығанына көңілі толып, жүрегі үкім берсе, тәшәһһудке отырып, сәлем бергеннен кейін сәһу сәждесін жасайды. Бір рәкат оқығанын немесе екі рәкат оқығанын басымырақ етіп таңдай алмай, көңілі толмаған жағдайда, ең азын негізге алып, намазын жалғастырады. Мысалы, таң намазының бір рәкатын оқыдым деп, тағы бір рәкат қосып оқиды. Бірақ күмәнданған бірінші рәкатынан соң, тәшәһһудке отырғаннан кейін ғана екінші рәкатын қосып оқиды. Өйткені, бірінші рәкаты екінші рәкат болып қалу ықтималы болғандықтан, екінші рәкаттан кейін ақырғы отырысқа отыру – парыз. Екінші рәкатты қосып оқығаннан кейін, сәһу сәждесін жасайды.
[ Жоғары ]
Намазда фатиха сүресінен кейін әминді іштен айтқан дұрыспа алде дауыстап айтқанба?
Кейбір мұсылмандар: «Намазда «Фатиха» сүресінен кейін «Әминді» іштен айтуға байланысты Ханафи мәзһабының дұрыс дәлелі жоқ. Ең дұрысы «жария» айту» деп уағыздап жүр.
Ханафи мәзһабының қай амалы болсын дәлелсіз алынбаған. Ал, кей дәлелдердің жазылмауы фиқһ кітаптарының халыққа жеңілдігін көздеп қысқартып бергендікте. «Әминді» іштен айтуға келетін болсақ, оған Ханафи ғұламаларының көптеген дәлелдері бар. Мысалы:
• Пайғамбарымыз (с.а.у.):
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ إِذَا قَالَ الْإِمَامُ { غَيْرِ الْمَغْضُوبِ عَلَيْهِمْ وَلَا الضَّالِّينَ } فَقُولُوا آمِينَ فَإِنَّهُ مَنْ وَافَقَ قَوْلُهُ قَوْلَ الْمَلَائِكَةِ غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِهِ
«Имам «Ғайрил-мағдуби алайһим уәладдаллин» деген кезде сендер де «әмин» деңдер, кімде-кімнің «әмин» деуі періштелердің «әмин» деуіне дәл келсе, жасаған күнәлары кешіріледі», – деген. (Бұхари/1-108. Хадисті Әбу Һурайра риуаят етті).
• Пайғамбарымыз (с.а.у.) басқа бір хадисінде былай деген:
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ قَالَ قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا قَالَ الْإِمَامُ { غَيْرِ الْمَغْضُوبِ عَلَيْهِمْ وَلَا الضَّالِّينَ } فَقُولُوا آمِينَ فَإِنَّ الْمَلَائِكَةَ تَقُولُ آمِينَ وَإِنَّ الْإِمَامَ يَقُولُ آمِينَ فَمَنْ وَافَقَ تَأْمِينُهُ تَأْمِينَ الْمَلَائِكَةِ غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِهِ
«Имам «ғайрилмағдуби ғалайһим уәләддаллин» деген уақытта сендер де «әмин» деңдер. Себебі, періштелер «әмин» дейді, имам да «әмин» дейді. Кім де кімнің «әмин» деуі періштелердің «әмин» деуіне дәл келсе, жасаған күнәлары кешіріледі». Хадисті Әбу Һурайра риуаят еткен. Хадистің дәрежесі сахих.
Ханафи ғалымдары бұл хадистегі «имам да әмин дейді» сөзін негізге алып, «әминді» іштей айту сүннет деген. Себебі, «әмин» сөзін егер имам жария айтатын болғанда Пайғамбарымыздың «имам да әмин дейді» деп, имамның да «әмин» дейтіндігін жамағатқа білдіруінің қажеті болмас еді. Яғни, періштелер мен имамның әмин деуі жамағатқа естілмейтін болғандықтан Пайғамбарымыз (с.а.у.) «себебі, періштелер «әмин» дейді, имам да «әмин» дейді» деп, олардың да «әмин» деп айтатындығын білдіріп тұр. (Дұрысы Аллаһқа мәлім).
• «Әмин» сөзі – «Дұғамызды, тілегімізді қабыл ал!» деген мағынаны білдіретін дұға. Cахих Бухари кітабында «әмин» сөзіне «дұға» деп түсінік берілген. Ал, дұғаның іштен айтылуы абзал. Құранда: «Раббыларыңа жалбарынып, іштей (құпия) тілеңдер!» делінеді. («Ағраф» сүресі/55). Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Іштей тілек – жария жетпіс тілекке тең» дегенін де ескерер болсақ, «әмин» дұғасын құпия айту абзал. Намаздағы «субхана раббиял-ағла», «субхана раббиял-азим», «субханака», «әт-тәхият» секілді басқа барлық дұғалардың іштей айтылатындығы «әминнің» құпия айтылуына тағы бір дәлел.
• Әмин дұғасы «әғузу билләһи» дұғасынан артық емес. Өйткені, «Нахл» сүресінде Құран оқыған кезде міндетті түрде «әғузуді» айту керектігі: «Құран оқыған кезде қуылған шайтаннан Аллаһқа сыйын» деп бұйырылған. «Әғузу» дұғасы осы ерекшелігіне қарамастан намазда құпия айтылады. Сондықтан әминнің де құпия айтылуы абзал. Себебі, «әмин» Құранның сөзі емес.
• Бұған қоса, бізге жеткен ешбір хадисте пайғамбарымыздың (с.а.у.) «әминді» дауыстап айтыңдар» деп кесіп айтқан бұйрығы жоқ. Керісінше, «имам уәләддаллин деген кезде «әмин» деп айтыңдар делінген. Ал Бухари және Муслимдегі «имам әмин деген кезде сендер де әмин деңдер» деген хадисіне келер болсақ, бұл хадис те «әминнің жария айтылуына нақты дәлел емес. Себебі, бұл хадистегі «имам әмин деген кезде» тіркесін Ханафи және Малики ғұламалары және басқа да Хафиз Ибн Хажар секілді хадис ғұламалары: «Имам әмин дейтін жерге келген кезде яки әмин дейін деген кезде» деп түсінген. «Әмин» сөзін имам мен жамағаттың бір сәтте айтуы үшін осылай түсінілуі қажет. Бұлай болмағанда, имам «әмин» деп қойғаннан кейін ғана жамағат «әмин» дей алады. Оған дәлел басқа бір хадисте «имам тәкбір алғанда, сендер де тәкбір алыңдар» делінгендіктен, имам тәкбір алғаннан кейін барып жамағат тәкбір алады. Имамның тәкбірінен жамағаттың тәкбірі сәл кеш айтылатыны мәлім. Жоғарыда келтірген «Имам уәләддаллин деген кезде, әмин деңдер» деген хадис пен «Имам әмин деген кезде, әмин деңдер» деген осы екі хадистің мағыналарындағы қарама-қайшылықты болдырмау үшін Ибн Хажар әл-Асқалани осылай жорамалдау керек деген. (Мухаддис Зафар Ахмад, Илаус-сунан, 2-том, 231-бет).
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Имам әмин деген кезде» деген тіркесін «әмин дейін деген кезде» деп түсінуіміздің тағы мынандай негізі бар. Барлық ғұламалар Құрандағы: «Намазға тұрған кезде жүздеріңді және қолдарыңды шынтақтарыңа дейін жуыңдар. Әрі бастарыңа мәсіх тартып, аяқтарыңды жуыңдар» деген аятындағы «намазға тұрған кезде» делінген тіркесті «намазға тұрарда» деп бірауыздан түсінген. Себебі, намазға тұрып қойғаннан кейін дәреттің алынбайтындығы айтпаса да түсінікті.
• Насруддин Әлбани өзінің «Тәмәмул-минна фит-талиқ ала фиқһус-сунна» атты кітабында былай дейді: «Жамағаттың да имаммен бірге «әминді» дауыстап айтуы керек дейтіндердің: «Зубайр және артындағылар әминді айтқанда мешіт жаңғырып кетті» делінген дәлелдерінен басқа дәйектері жоқ. Бірақ, мұның өзі «әминді» жамағаттың да дауыстап айтуына дәлел емес. Себебі, бұл хадисті жеткізілушілердің тізбегі Пайғамбарымызға (с.а.у.) жетпей қалған (марфуғ болмаған). Пайғамбарымыздың дауыстап айтқанына байланысты бірқатар хадистер бар. Бірақ, ешбірінде Аллаһ Елшісінің артындағы сахабалардың да қосылып әминді жария айтқандығы айтылмаған. Әминнің дұға екені белгілі. Негізінде дұға іштей айтылады. Өйткені, Аллаһ Тағала «Раббыларыңа жалбарынып, іштей (құпия) тілеңдер!» деген. Ал бұдан айну үшін оған сахих дәйек керек». (Мухаммад Насруддин Әлбани, Тәмәмул-минна фит-талиқ ала фиқһус-сунна, 177-бет, Мәктабатул-исламия, Дарур-райа лин-нашр, 2-басылым, 1988ж).
Бұл – Насруддин Әлбанидің өз сөздері. Оның ойынша, пайғамбарымызбен (с.а.у.) қосылып сахабалардың да әминді жария айтқандығына байланысты нақты сахих хадис жоқ.
Ал хазреті Атааның (р.а.):
وقال عطاء : أدركت مائتين من الصحابة في هذا المسجد إذا قال الإمام : ولا الضالين سمعت لهم رجة آمين \"
«Осы мешітте екі жүздей сахабаны көзім көрді. Имам «әмин» деген кезде олардың «әмин» деген дауыстарының жаңғырғанын естідім» деген риуаятқа келер болсақ, Насруддин Әлбани бұл риуаятқа «әлсіз» деп баға берген. (Нәсруддин Әлбани, «Тәмамул-минна» кітабынан).
Пайғамбарымыздың ешбір хадисінде «әминді жария айтыңдар» деген тікелей бұйрығының жоқ екенін ескере отырып, Ханафи ғұламалары пайғамбарымыздың өзінің ғана әминді дауыстап айтқанына байланысты кейбір хадистерді былай түсінген:
1. Пайғамбарымыздың намазда фатихадан кейін «әмин» деп айтуын артында яки жанында Оған (с.а.у.) жақын тұрған сахабалар ғана естіп, сол кісілер «әминді дауыстап айтты» деген хадисті риуаят еткен болуы мүмкін. Ал жанындағы адамдардың ғана естуін «Құран оқығандай дауыстап айтты» деп түсінбеуіміз керек. Себебі, кейде іштей күбірлеп айтылғанды жанында тұрғандар да естуі мүмкін. «Дуррул-мухтар» атты кітапта былай делінген: «Егер бір адам яки екі адам естісе, бұл жария айтқанға жатпайды». (Мухаддис Зафар Ахмад, Илаус-сунан, 2-том, 247-бет). Яғни, Пайғамбарымыздың «әмин» деуін кейбір адамдар естіген болса, бұл пайғамбарымыздың дауыстап жария айтқандығын білдірмейді. Пайғамбарымыздың барлық адамдар еститіндей дауыстап айтты яки жоғарыда Насруддин Әлбани келтіргендей сахабалар бірге дауыстап «әмин» деп айтты деген бір де бір сахих хадис жоқ. Ал Әбу Дәуіттегі Әбу һурайрадан риуаят етілген:
عن أبي هريرة قال ترك الناس التأمين وكان رسول الله صلى الله عليه وسلم إذا قال ( غير المغضوب عليهم ولا الضالين ) قال آمين حتى يسمعها أهل الصف الأول فيرتج بها المسجد .
«Халық «әмин» деп айтуды қойып кетті, Пайғамбарымыз (с.а.у.): «ғайрил-мағдуби алайһим уәладдаллин» деген кезде «әмин» дейтін. Мұны бірінші қатардағылар еститін де, мешіт жаңғырып кететін» деген риуаяқа келер болсақ, Насруддин Әлбани бұған да «әлсіз» деп баға берген. (Мухаммад Насруддин Әлбани, Сахих уә дағиф Ибн Мәжа). Сондықтан бұл да дәлел бола алмайды.
2. Пайғамбарыздың «әминді» алғашқы кездері халықты «әмин» деп айтуға үйрету үшін жария айтуы ықтимал. Хазіреті Омардың кейде үйрету үшін «субханака» дұғасын, Әбу Һурайраның «ағузу билллаһты» жария айтқаны секілді. (Мухаддис Зафар Ахмад, Иғлаус-сунан, 2-том, 240-бет).
عن أبي سكن حجر بن عنبس الثقفي قال : سمعت وائل بن حجر الحضرمي يقول:
« رأيت رسول الله صلى الله عليه وسلم حين فرغ من الصلاة حتى رأيت خده من هذا الجانب ومن هذا الجانب وقرأ ( غير المغضوب عليهم ولا الضالين) فقال : » آمين « يمد بها صوته ما أراه إلا يعلمنا »
«Әбу Сакан Хужр ибн Ғанбас әс-сақафи: Уайл Ибн Хужр әл-Хадрамидың былай дегенін естідім: «Пайғамбарымызды намазды тәмамдағаннан кейін көрдім, тіпті, Оның (с.а.у.) жүзін мына жағынан да, ана жағынан да көре алдым. Ол (с.а.у.): «ғайрил мағдуби алайһим уәладдаллин» деп оқығаннан кейін «Әмин» деп даусын созды. Мен мұны тек бізге үйрету үшін жасады деп ойлаймын». (Мухаддис Зафар Ахмад, Иғлаус-сунан, 2-том, 237-бет. Бұл хадисті риуаят еткен кісілердің бәрі сенімді. Тек Иахия ибн Саламаны бірқатар ғалымдар әлсіз десе де, Хаким, Ибн Хиббан секілді хадис ғалымдары қуатты деп бағалаған).
Міне, пайғамбарымыз (с.а.у.) «әминді» дауыстап оқыды деген хадисті риуаят еткен Уайл Ибн Хужр пайғамбарымыздың «әминді» жария айту себебінің «үйрету» мақсатында екенін айтуда. Пайғамбарымыз «әминді» дауыстап айтты деген негізгі хадистерді осы Уайл Ибн Хужрдың риуаят еткенін ескерсек, Ханафи ғалымдарының «үйрету мақсатында» айтуы мүмкін деген сөздерінің қаншалықты негізді екенін аңғаруға болады.
Егер Пайғамбарымыз (с.а.у.) әминді әрдайым жария айтқан болғанда Омар, Али, Ибн Мәсғуд секілді сахабалар іштен айтпас еді. Әбу Сағид «Омар да, Али да «бисмиллаһир-рахманир-рахимді» және «Әминді» жария айтпайтын еді» деп риуаят еткен. (Ибн Жарир әт-Табари, Тәһзибул-әсар. Бұл риуаятты жеткізген рауилердің бәрі сенімді, дұрыс. Тек Әбу Сағид әл-Баққал мудаллис болғанымен сенімді. Ал сенімді мудаллистердің риуаяты Ибн Хажар секілді бірқатар хадис ғалымдарының пікірінше дұрыс деп бағаланады).
Ханафи және Малики мәзһаб ғұламаларының әминнің іштей айтылуына байланысты басқа да көптеген дәлелдері бар. Ұзап кетер деген ниетпен бұл жерге жазылмады.
• Ескерту: Қазіргі таңда қазақстандық мұсылмандар арасында «әминді» іштей айту мен жария айтуға байланысты көптеген дау-дамай болып жүр. Себебі, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «әминге» байланысты хадистерін төрт мәзһаб ғұламалары әр түрлі түсінген. Шафиғи мен Ханбали ғұламалары «әминді» жария айту керек десе, Ханафи және Малики ғұламалары іштей айту керек дейді. Яғни әр мәзһабтың өзіндік шариғи дәлелдері бар. Сондықтан біз жоғарыдағы ханафи ғұламаларының келтірген дәлелдерін «әминді» жария айтуға байланысты басқа мәзһабтардың келтірген дәлелдерін жоққа шығару яки мүлдем дұрыс емес деу үшін жазған жоқпыз. Тек айтпағымыз – әминді іштей айтуға байланысты Ханафи мәзһабының да өзіндік шариғи дәлелдері бар екенін, оның жай айтылған негізсіз үкім еместігін білдіру. Негізі, «әминді» жария яки іштей айту − дауласып, қызыл кеңірдек болып, бір-бірімізге ала көзбен қарайтындай аса бір маңызды іс емес. Маңыздысы – әминнің «Фатиха» сүресінен кейін ықыласпен айтылуы әрі періштелердің «әмин» деуіне дәл келіп, күнәлардың кешірілуі емес пе? Еліміздегі мұсылмандар ғасырлар бойы Ханафи мәзһабын ұстанғандықтан халық арасындағы ауызбіршілікті сақтап, бүлікке жол бермеу әрі ендіенді намаздарын оқып үйреніп жүргендердің ойын сан-саққа жүгіртпеу мақсатында өзге көзқарастағылардың да әминді іштей айтуы абзал.
«Әминнің» «Фатихадан» кейін айтылуы – сүннет. Ал оның іштей немесе жария айтылуы сол сүннетті түсінудегі көзқарас, түсінік қана жатады. Ал, Ислам үмбеті арасындағы ауызбіршілік пен сүттей ұйыған ынтымақ – парыздардың парызы. Ендеше, бір көзқарас, түсінік үшін ақырғы пайғамбар үмбетінің арасында бірлік пен ынтымаққа сызат түсіруге болмайтындығы айтпаса да түсінікті.
Қайрат Жолдыбайұлы
ҚМДБ-ның Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі
[ Жоғары ]
Науқас адамдар намаздарын қалай оқиды?
Ақыл-есі дұрыс кісілер басқа жерлері науқас болса да діни міндеттерден жауапты. Бірақ дініміз бұл діни парыздарды атқару үшін оларға жеңілдік көрсеткен.
Намаз оқудағы жеңілдіктер:
Науқас кісі әл-қуат, шама-шарқына қарай намазын оқиды. Мысалы, түрегеп тұра алмайтын, яки, тұрған жағдайда ауруының күшеюі сияқты жағдайларда, отырып, оған да күші жетпесе, ыңғайына қарай шалқайып немесе жанымен жатып намазын оқиды.
Намазын бір нәрсеге сүйеніп түрегеп тұрып оқи алатындар сүйеніп оқиды.
Ифтитақ (ашу, бастау) тәкбірін түрегеп тұрып ала алатын болса, түрегеп тұрып алып, қалған намазын шамасына қарай отырып, яки, жатып жалғастырады.
Орындыққа отырып оқуға да болады.
Отырып оқыған уақытта мүмкін болса аяқтарын жиған күйде, мүмкін болмаса құбыла жаққа созып оқи береді. Рүкүғ және сәжде ишарат жолымен жасалады. Ишарат: рүкүғда аздау, сәждеде көбірек басты ию арқылы жасалады. Ишаратпен де оқи алмайтындар көз, қас арқылы ишарат жасап оқи алмайды. Ишаратпен де оқи алмайтындар оқи алмаған намаздарының саны 5-тен аз болса, кейіннен қаза етеді. Ал 5-тен көп болса, қазасын өтемейді. Әбу Ханифаның басқа бір пікіріне сүйенсек, кейіннен қазасын өтейді. Науқас адамның алдына сәжде етуі үшін тақтай, жастық, орындық сияқты нәрселер қойылмайды.
[ Жоғары ]
Ораза ұстаған адамның ғұсыл құюынуына болама? Құйынса ораза бұзылама?
Мүмкін болса ауыз бекіткенге дейін ғұсыл құйынған жөн. Ал сәресінен кейін бола ма десеңіз. Әрине. Ғұсыл алу оразаға кедергі жасамайды. Тек ауыз, мұрынға судың кетіп қалмауын қадалау керек.
[ Жоғары ]
Ораза айт намазы қалай оқылатынын айтып берсеңіздер? (Дастан)
Айт намазы – екі рәкат. Жамағатпен жария түрде оқылады. Азан мен қамат оқылмайды. Имам мысалға, «Екі рәкат Рамазан айт намазына ниет еттім» деп ниет етеді. Жамағат «Екі рәкат айт намазына ниет еттім, ұйыдым имамға» деп ниет етеді. «Аллаһу әкбар» деп, ифтитах (ашу, бастау) тәкбірі алынады. Қолдар байланып, имам мен жамағат бірге құпиялай «Субханака Аллаһумма» дұғасын оқиды. Одан кейін имам – жариялай, жамағат – құпиялай «Аллаһу әкбар» деп, үш рет тәкбір алады. Әрбір тәкбірді айтқанда қолдар жоғары көтеріліп, екі жанына түсіріледі. Әрбір тәкбірдің арасында үш тәсбих айтылатындай сәт тұрады. Үшінші тәкбірден кейін қолдар байланып, имам «Ә'узу» мен «Бисмиллаһты» құпиялай, одан кейін «Фатиха» мен қосымша сүрені жариялай оқиды. Осыдан кейін жариялай «Аллаһу әкбар» деп рүкүғ пен сәждеге барады. Жамағат та құпиялай тәкбір алып, имамға ұйиды. Содан кейін екінші рәкатқа бастайды. Имам құпиялай – Бисмиллаһ, жариялай – «Фатиха», содан кейін қосымша сүре оқиды. Міне, осыдан кейін осы жерде алғашқы рәкаттағыдай үш рет тәкбір алады. Бұдан кейін имам – жариялай, жамағат – құпиялай «Аллаһу әкбар» деп, рүкүғ пен сәждеге барады. Одан кейін отырып, «әт-тахият», «салауат», «рәббәнә» дұғасы оқылып, екі жаққа сәлем беріледі. Яғни, бұл айт намаздарының әрбір рәкаттарында үш қосымша тәкбір бар. Бұл тәкбірлер – уәжіп.
Хұтпашы айт намаздарының артынан мінберге шығып, тіке тұрып, жұмадағыдай екі хұтпа оқиды. Айт хұтпаларында тәкбірмен басталып, жамағат та осы тәкбірге жайлап қосылады.
Айт намазына үлгере алмаған адам жеке өзі айт намазын оқи алмайды. Қаласа төрт рәкат намаз оқиды. Бұл да сәске намазының орнына жатады.
Құрбан намазын кешіктірмей, ал, Рамазан айт намазын аздап кешіктіру – сүннет. Рамазан айтта айт намазынан бұрын құрма секілді бір нәрсе жеу, Құрбан айтында болса, айт намазы оқылмай тұрып ештеңе жемеу – мұстахап. Бурәйда (р.а.) былай дейді: «Аллаһ Елшісі (с.а.у.) Рамазан айтында дәм татпай үйден шықпайтын. Ал құрбан айтында намаз оқығанға дейін еш нәрсе жемейтін».
[ Жоғары ]
Рамазан айы жақындап келе жатыр. Ал мен тарауих намазының қалай оқылатындығын әлі білмеймін! Сондықтан тарауих намазының қанша рәкат және қалай оқылатындығын айтсаңыздар екен.
Тарауих намазын жамағатпен оқу сүннет. Бұл намаз Рамазан айында құптан намазынан кейін үтірден бұрын оқылады. Сонымен қатар бұл намазды адам жеке өзі де оқи алады. Бірақ жамағатпен оқу абзал екенін білгеніміз жөн. Тарауих намазы – жиырма рәкат. Күнделікті намаз секілді қиям, рүкүғ, сәжде және отырыстан тұрады. Әрбір төрт рәкат намаздан кейін дем алынып, бой жазылғаны үшін «тарауих» деп аталған. Яғни, тарауих – дем алу, тынығу деген сөз. Тарауих намазының әр екі рәкатында сәлем беріп оқу абзал. Бірақ төрт, сегіз, он, тіпті жиырма рәкаттан кейін де, сәлем беруге болады.
[ Жоғары ]
Рамазан айында күндіз ас беруге болама?Жетісі,қырқы,құдайы,бейсенбілік дегендер.........
Рамазанда оразасы ақыл есі дұрыс, балиғат жасына толған және ораза ұстауға күші жеткен мұсылман баласына ораза ұстау парыз. Сондыктан да көпшілікті ауызашар кезінде шақырғаныңыз дұрыс болар. Сонымен қатар ас беру шариғатымыздың міндетті түрде атқарылуы тиіс парыз амалдарына жатпайды. Яғни, жасалмаған жағдайда ешбір адам күнәһар болмайды. Бірақ жалпы алғанда жұртқа тамақ таратудың сауапты іс екенін хадистерден және кейбір Құран аяттарынан байқаймыз. Сондықтан, жетісі, қырқы, жылы деп нақты күндерді санап жатпай-ақ, кез келген күні сауабын қайтыс болған кісіге бағыштап жоқ-жітіктерге, мұқтаж жандарға тамақ таратып, ас беру абзал. Ал мұқтаж жандар қатарына жатпаса да туған-туыс, жора-жолдастарын жинап ас беруге де шариғат қарсы емес.
Жетісі, қырқы және жылы шариғатта белгіленбегендіктен оны тек рәміздік атау ретінде ғана орындаса болады.
Сондай-ақ дінімізде міндетті түрде қарызданып немесе өзіңе қажетті қаржыңды жұмсап өлі атынан үлкен мал сойып, садақа бер деген үкім жоқ. Ас ысырапқа жол берілместен атқарылуы тиіс.
[ Жоғары ]
Рамазан айында тарауих намазын оқу парыз ба? (Бағылан)
Тарауих - Рамазан бойы оқылатын намаз. Ер мен әйелдер үшін - муәккад (бекітілген) сүннет. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Кімде-кім Рамазан намазын (тарауихты) шын көңілмен сауабын Алладан күтіп оқыса, оның өткен күнәлары кешіріледі» (Бұхари, Салатут-тарауих, 1; Мүслим, Салатуль-мусафирин, 174), деген. Тарауих намазы оразаның намазы емес, Рамазан айында оқылатын сүннет намаз. Алайда сүннет екен деп оған атүсті, немқұлайлы қарап оқымай қою дұрыс емес. Бұл намаз – мол сауапты құлшылықтардың бірі. Сондай-ақ ораза тұтпаған адамдар мен жолаушылардың да бұл намазды оқуы – сүннет.
[ Жоғары ]
Сүннет намаздарды орындамауға бола ма?
Сүннеттің иесі хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) болғандықтан, сүннетті орындау арқылы Пайғамбарымызға жақындап, сүннет сауабын аламыз. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл сүннеттерді мен үшін істеңдер демеген, ол сүннеттің ақыретте бізге қажет екендігін, парыздарымыз кем болған жағдайда оның орнын толықтыратын болғандықтан бұйырған. Бұл – бізге Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жанашырлығының белгісі.
Сүннет намазын тастап тек парыздарын оқыса, ол адам Аллаһ алдында тек парызын ғана орындаған болады. Мысалы: Қажылық – ол Мекке, Мина, Арафат және Муздалифа жерлерінде орындалатын ғибадат. Мұсылман адам Меккеге барып қажылығын толық орындаса, бірақ осы діннің жайылуына, бізге жетуіне басты себепші болған Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мешітіне бармаса, бұл құрметсіздік болып саналады. Сол сияқты парыздарды орындап сүннеттерді орындамау – Пайғамбарымызға және оның сүннетіне құрметсіздік болады. Сондықтан құлшылықты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қалай орындаса, біз де тап солай орындағанымыз жөн.
Құран Кәрімде Аллаһ тағала: «Ей, елші, оларға былай де: Егер Аллаһты жақсы көрсеңіздер, маған бойсұныңдар, сүннетіме еріңдер, Аллаһ та сонда сендерді жақсы көреді» деген.
Олай болса, Аллаһты жақсы көрудің және өзімізді Аллаһқа жақсы көргізудің бірден-бір жолы Пайғамбарымыздың сүннетіне еру болып табылады. Өйткені Аллаһты шынайы жақсы көрген адам, әрине, Аллаһтың жақсы көрген, разы болған адамына ұқсауға тырысып, оның істеген іс-амалдарын өзіне үлгі қылады.
Сүннетті орындауға ниет етіп, оны орындауға тырысқан адам ақыретте Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шапағатына және сүннеттің сауабына ие болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сүннет намаздары жайында: «Кім он екі рәкат сүннет намазын оқыса, Аллаһ тағала оған жәннаттан үй тұрғызып береді. Олар: бесін намазының парызынан бұрын төрт рәкат және парызынан кейін екі рәкат; шамның парызынан кейін екі рәкат; құптанның парызынан кейін екі рәкат; бамдаттың парызынан бұрын екі рәкат сүннет намаздары» – деген. Олай болса, шамамыз жеткенше, сүннеттерді орындап, ал орындай алмаған сүннеттерді алдағы уақытта орындауға ниет етсек, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) шапағатынан құр қалмаймыз.
[ Жоғары ]
Сәһу сәждесі қалай жасалады?
Намаздың соңғы отырысында «әт-тахиятты» оқығаннан кейін екі жаққа сәлем беріп, қайта «Аллаһу әкбар» деп, екі рет сәждеге барып, қайта отырады. Одан кейін әрі қарай қайтадан «әт-тахият», салауат, «Раббәнә әәтина» дұғасын оқып, екі жаққа сәлем беріп намазын тәмәмдайды. Егер имам қателессе, тек қана бір жағына сәлем беріп, екі рет сәжде жасап, дұғаларын оқып намазын тәмамдайды.
[ Жоғары ]
Сәлеметсіздер ме! Оразаларыныз қабыл болсын ағайын? Егер де ораза кезінде тіс ауырса, оны емдеген жағдайда немесе жұлдырған жағдайда ораза бұзылады ма? (Дамира)
Жалпы тісті емдеген кезде ауыздағы қанды не дәріні жұтпау керек. Егер де мүмкіндік болып жатса тісті ауызашардан кейін емдеткен дұрыс. Ал тісті жұлдырып тастаймын десеңіз ол оразаға кедергі жасамайды. Бірақ айтып кеткеніміздей ауыздағы қанды яки дәріні жұтпау шарт.
[ Жоғары ]
Тәһажжүд деген қандай намаз?
Құптан намазынан кейін немесе аз уақыт ұйықтап тұрғаннан кейін оқылатын нәпіл намазды «түнгі намаз» дейді. Түннің жартысынан бастап, сәре уақытының аяқталуына дейінгі уақытта тұрып оқылған намазды «тәһажжүд намазы» дейді. Тәһажжүд намазы екі рәкаттан сегіз рәкатқа дейін. Бұл намаз–Аллаһ Елшісіне парыз. Оның дәлелі мына аят: (Мұхаммед) «Түнде оянып, өзіңе тән нәпіл оқы». (Исра, 17/79) Осы намазға үмбетін қызықтырғаны жөнінде аяттар бар: (Мұхаммед) «Сөз жоқ, Раббың, сенің әрі сенімен бірге болған бір топтың, түннің үштен екісіне жақынырақ, жартысында, үштен бір шамасында намазға тұрғанынды біледі»(Мүзәмміл, 73/20). Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Түнгі намазды үнемі оқыңдар. Өйткені, түнгі намаз оқу – сендерден бұрын өткен салихалы жандардың әдеті. Раббыларыңа бағынудың белгісі. Жамандықтарды бүркеп, күнә жасаудан сақтайды», (Тирмизи, Дә\'ауат, 101.) – деп түнгі намазға шақырған.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) түнгі намазға өте жақсы мән берген. Бірде Ата деген таби\'ин (Сахабаларды көргендер.) Хазірет Айшадан сұрайды: «Аллаһ Елшісінің ерекше бір жағдайын айтып бересіз бе?» Сонда Хазіреті Айша: «Оның ерекше болмаған халі бар ма? Бірде түнде бөлмеме келді. Аздан кейін маған қарап: «Бүгін маған рұксат бер, Раббыма құлшылық етейін?», – деді. Дәрет алып, намазға тұрды. Ол қиямда (түрегеп) тұрып көп жылады. Жанарынан аққан көз жасы көкірегіне сорғалап жатты. Рүкүғке барғаннан кейін де ұзақ тұрып, егіле жылады. Сәждеге барған кезде де халі осылай болды. Аллаһ Елшісінің көз жасы Біләлдің таң намазына хабар берген азан даусына дейін толастамады. Сонда мен: «Пайғамбарым! Аллаһ Тағала сенің барлық күнәларыңды кешіре тұра, сен неге осыншама жылайсың?- деп едім, ол: «Шүкір еткен құл болмайын ба? Қалай ғана жыламаймын. Аллаһ осы түні маған мына аяттарды түсірді: «Шексіз көктер мен жердің жаратылуында және түн мен күннің өзгеріп, кезектесіп алмасуында ақыл-ой иелері үшін дәлелдер бар. Олар түрегеп тұрып, отырып, жанымен жатып, Аллаһты еске алады. Сондай-ақ, олар көктер мен жердің жаратылуы жайлы ойланып, терең толғанып: «Раббымыз! Сен мұны тектен-текке жаратпадың. Сен пәксің. Бізді от азабынан сақта! Раббымыз! Сен кімді отқа салсаң, сөзсіз оны қорлап, жермен-жексен етесің. Залымдардың ешқандай көмекшісі жоқ. Раббымыз! Біз «Раббыларыңа иман етіңдер» деп шақырған шақырушыны ести сала иман еттік. Раббымыз! Күнәларымызды жарылқап, жамандықтарымызды жасыр. Әрі игі жақсылармен бірге жанымызды ал! Раббымыз! Бізге елшілеріңе уәде еткендеріңді бер. Қиямет күні де бізді тастап қор қылма. Сөзсіз, Сен берген уәдеңнен таймайсың деп тілейді» (Әли Имран, 3/190-194.). Осыдан кейін «Осы аяттарды оқып, терең ойға батпағанның халі неткен өкінішті!», – деді».
Сүнниттердің төрт имамы да түнгі намаздарына қатты көңіл бөлген. Әшәб ибн Абдулазиз Имам Мәлик туралы былай дейді: «Бірде ел жатқан уақытта сыртқа шықтым. Малик ибн Әнәстің үйінің жанынан өтіп бара жатып, оның намаз оқып жатқанын байқап қалдым. «Фатиханы» оқып болған соң, «Тәкәсүр» сүресін оқи бастады. «Сол күні берілген ырыс-береке мен несібелерден сөзсіз сұраласыңдар» аятына жеткен кезде кемсеңдеп, жылай бастады. Әлгі аятты қайта-қайта қайталап жылай берді. Мен баратын жеріме де бармай, көз алмай тыңдап қалдым. Осылайша ол таң намазына дейін жылады. Шапақ атқанда ғана, рүкүғке барып, намазын бітірді. Мен де үйге барып, дәрет алып, таң намазын оқу үшін мешітке бардым.
Кейіннен күн шығып, айнала жарыққа толып, оның айналасына ілім алқасы жиналды. Мен жақындап барып жүзіне қарағанымда, жүзі нұр шашып тұрды. Сол кезде мен «Түнгі намазы көп болғанның күндіз жүзі – нұрлы болады» деген хадисті есіме алдым».
Имам Ағзам да түнде ұйықтамай Құран оқитын. Кейде бір аятты таңға дейін қайталап жылайтын. Оның қатты жылағанын көршілері де естіп, жаны ашитын. Иә, бәрі де осылай жылайтын. Бұл ғұмырда жүрекпен жыламаған бейбақтардың ақыретте жылайтыны сөзсіз.
Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Жаһаннам халқы жылаумен азапталады. Олар көз жастары таусылғанға дейін жылайды. Одан кейін көздерінен аққан жастың орнына қан аға бастайды. Соңында беттеріне ойық пайда болады. Көз жастарының аққаны сонша кемелер қонса жүзер еді», (Ибн Мажә, Зуһд, 38.) – дейді.
[ Жоғары ]
Тәһажжүд намазы неше рәкаттан тұрады?
Түннің жартысынан бастап, сәре уақытының аяқталуына дейінгі уақытта тұрып оқылған намазды «тәһажжүд намазы» дейді. Тәһажжүд намазы екі рәкаттан сегіз рәкатқа дейін. Бұл намаз–Алла Елшісіне парыз. Оның дәлелі мына аят: (Мұхаммед) «Түнде оянып, өзіңе тән нәпіл оқы» (Исра, 17/79.) Осы намазға үмбетін қызықтырғаны жөнінде аяттар бар: (Мұхаммед) «Сөз жоқ, Раббың, сенің әрі сенімен бірге болған бір топтың, түннің үштен екісіне жақынырақ, жартысында, үштен бір шамасында намазға тұрғанынды біледі» (Мүзәмміл, 73/20). Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Түнгі намазды үнемі оқыңдар. Өйткені, түнгі намаз оқу – сендерден бұрын өткен салихалы жандардың әдеті. Раббыларыңа бағынудың белгісі. Жамандықтарды бүркеп, күнә жасаудан сақтайды», (Тирмизи, Дауат, 101) – деп түнгі намазға шақырған.
[ Жоғары ]
Тәйәммүм қалай жасалады?
Дәрет немесе ғұсыл алуға тиіс адам екі алақанын таза топыраққа (құмға т.с.с.) ұрып мұнымен бетіне мәсіх тартады. Сосын екі алақанын топыраққа қайта тигізіп кезекпен шынтаққа дейін екі қолына да мәсіх тартады. Бұл амал ғұсылды кешіктірмеу үшін немесе намаз сықылды дәретсіз болмайтын ғибадатты орындау мақсатында жасалады. Тәйәммүмнің парызы ниет пен екі мәрте мәсіх тартудан тұрады.
Тәйәммүм ақырзаманның үмбеті үшін танылған жеңілдіктердің бірі. Алла Тағала мұсылманның қиын-қыстау кезеңде де құлшылығын жасауына көмектеседі. Мұнымен әуелі мұсылманның мұң-мұқтажын қанағаттандырады, сондай-ақ адамды түп негізі болған топыраққа бейімдеп кішіпейілдігі мен Жаратушыға деген сый-құрметін жандандырады.
Толығырақ мәләмет үшін
[ Жоғары ]
Тәкпір алғанда ер адам қолын құлағына дейін көтере ме, әлде иығына дейін бе? Осы мәселе бойынша жауап берсеңіздерші! АбдиНур
Ифтитах (бастау) тәкбірі үшін қолдарын көтеру – сүннет. Ер кісілер қолдарының бас бармақтарын құлақтарының жұмсағының тұсына, әйелдер қолдарын иықтарына жететіндей кеуделеріне дейін көтеріп «Аллаһу әкбар» дейді. Қолды көтерген кезде алақандары ашық күйде құбылаға қаратылып, саусақтары еркін тұруы керек. Ханафилар бұл жайлы мынандай хадистерге сүйенеді:
عَن الْبَرَاءِ بْنِ عَازِبٍ قَالَ كَانَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا كَبَّرَ رَفَعَ يَدَيْهِ حَتَّى نَرَى إِبْهَامَيْهِ قَرِيبًا مِنْ أُذُنَيْهِ
Бәра ибн А'зиб (р.а.) былай дейді: «Аллаһ Елшісі тәкбір келтірген кезде қолдарын көтеретін. Сонда екі басбармағының екі құлағына жақын болғанын көретінбіз». (Сунануд-Дарәқутни, 3-том, 245-бет. Муснад Ахмад.)
Әнәс ибн Мәликтен мына хидис риуаят етілді: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) намазды бастаған кезде тәкбір айтатын да қолдарының екі басбармағын екі құлағының тұсына дейін көтеретін». ( әд-Дарәқутни.) Дәрәқутни бұл хадисті сахих деген.
عَنْ مَالِكِ بْنِ الْحُوَيْرِثِ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ كَانَ إِذَا كَبَّرَ رَفَعَ يَدَيْهِ حَتَّى يُحَاذِيَ بِهِمَا أُذُنَيْهِ
Мәлик ибн әл-Хуайристен риуаят етілген басқа бір хадисте: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) тәкбір айтқан кезде қолдарын құлақтарының тұсына дейін көтеретін...» (Муслим, әс-Салат.)
Шафиғи мен Маликилер ибн Омардың: «Аллаһ Елшісі (с.а.у.) намазға бастаған кезде екі қолын иығының деңгейіне жететіндей көтерді» – деген хадисі бойынша амал етеді.
Ханафи мәзһабында намазда бір-ақ жерде қол көтеріледі. Намазға бастаған уақытта ғана. Ал рүкүғке барғанда және қайтқан кезде тәкбір айтылғанмен қолдар көтерілмейді. Бұған байланысты көптеген сахих хадистер бар. Мысалы:
عَنْ عَلْقَمَةَ عَنْ عَبْدِ اللَّهِ أَنَّهُ قَالَ أَلَا أُصَلِّي بِكُمْ صَلَاةَ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَصَلَّى فَلَمْ يَرْفَعْ يَدَيْهِ إِلَّا مَرَّةً وَاحِدَةً
Алқама Абдуллаһтан риуаят етті: Ол (Абдуллаһ ибн Мәсғуд): «Мен сендерге Аллаһ Елшісінің намазын оқып көрсетейін бе? -деп намаз оқыды. Намазда екі қолын бір-ақ рет көтерді». Бұл хадис Насайиде келтірілген. Дәрежесі сахих. Насруддин Әлбәни сахих деген. Және бұл хадис Ибн Әби Шәйбада да келтірілген. Оның риуаятындағы жеткізген жеткізушілердің бәрі Бухари мен Муслимнің шартына сай. Тек Асым ғана Бухаридің шартына сай емес. Бірақ Муслимнің шартына сай. Бұл хадис тағы да Ахмадтың «Муснадында» келген. Ондағы хадисті Насруддин Әлбәни сахих деп бағалаған. (Зафар Ахмад, Иғлаус-сунан, 3-том, 70-71 бет. Дарул-кутубул-ғилмия, Байрут. 1997 ж.)
Ханафи ғалымдары рүкүғқа барарда және рүкүғдан қайтқанда қол көтерілетіндігіне байланысты хадистерді емес, Ибн Масғудтың осы хадисін негізге алған. Себебі, Ибн Масғуд сахабалардың арасындағы ең көп фиқһ білімін меңгерген әрі жас жағынан да ең үлкені еді.
[ Жоғары ]
Тәсбих намазы қалай оқылады?
Тәсбих намазының сауабы көп. Бұл намазды әрқашан оқуға болады. Аптасына бір рет немесе айына бір рет, тым болмаса өмірінде бір рет оқу керек. Тәсбих намазы–төрт рәкат. Әрбір рәкатта «Фатиха» мен бір сүре оқылады. Бір немесе екі сәлеммен аяқталады. Осы намазда үш жүз рет:
{سُبْحَانَ اللهِ وَ الْحَمْدُ للهِ وَ لاَ اِلَهَ اِلاَّ اللهُ وَ اللهُ اَكْبَرُ}
«Субхан-Аллаһи уәл-хамду лилләһи уә ләә иләһә иллал-лаһу уаллаһу әкбар» тәсбихы оқылады. Яғни, әрбір рәкатта жетпіс бес рет тәсбих оқылады. Ниет етіп, қол байланып, субханакадан кейін он бес рет осы «тәсбих» оқылады. Содан кейін Ә'узу-бисмиллаһ, «Фатиха» және бір сүре оқылып, қайтадан осы «тәсбих» он рет оқылады. Содан кейін рүкүғке барады. Үш рет рүкүғ тәсбихі айтылған соң, сол жерде он рет тағы да осы «тәсбих» оқылады». Содан кейін қиямға барған кезде сол жерде он рет оқылады. Одан кейін сәждеге барады. Сәжде тәсбихы айтылысымен артынша он рет «тәсбих» оқылады. Сәждеден тәкбір айтып тұрады да, екі сәжде арасында тағы да он рет осы «тәсбих» оқылады. Қайта тәкбір айтып, сәждеге барып, сәжде тәсбихін айтқан соң, он рет осы «тәсбих» оқылады. Сонымен бәрі қосылып, жетпіс беске жетеді. Осыдан кейін екінші рәкатқа тұрады да, сол рәкатты дәл осылай оқып отырады. Отырыста «әт-тахият» пен «салауат» оқылады. Осымен «тәсбих» жүз елуге жетеді. Осыдан кейін сәлем беріп яки сәлем бермей үшінші рәкатқа бастайды. Осы соңғы екі рәкат дәл алдыңғыдай оқылады. Осылайша үш жүз «тәсбих» оқылады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) немере ағасы Аббасқа тәсбих намазын үйретіп жатып, осы намазды оқыған жанның құм үйіндісіндей күнәлары болса да, Аллаһ сөзсіз кешіретінін айтады. (Тирмизи, Уитир,19.) Тәсбих намазында жаңылысқан жағдайда, сәһу сәждесінде бұл тәсбихтар қайталанып оқылмайды. Бұл намазды оқыған адам тәсбихтарды ойымен санай алса, саусақтарымен санамайды. Имам тәсбих намазын оқытса, жария оқиды. Тәсбихтарды да жария түрде оқиды.
[ Жоғары ]
Тарауих намазы неше рәкат?
Қазіргі таңда кейбір топтар «тарауих намазын жиырма рәкат оқу дұрыс емес, Алла елшісі тарауих намазын сегіз рәкаттан артық оқымаған» деген пікірді ел арасында жайып жүр. Тіпті, абақтыда отырған намаз оқитындардың арасында осы үшін үлкен тартыс болған көрінеді. Тарауих намазы жиырма рәкат па, жоқ әлде сегіз рәкат па? Осыны шариғат тұрғысынан талдап берсеңіздер?
Пайғамбарымыз (с.а.с) тарауих намазын кей күндері мешітте жамағатпен оқығанын жоғарыда келтірдік. Бірақ ешбір сахих хадисте тарауих намазының нақты рәкат саны айтылмаған. Омардың (р.а.) заманында отыз күн оразада Тарауих намазын мешітте, жамағатпен оқу бір жүйеге келтіріліп, жиырма рәкат оқылды. Сол күннен бүгінге дейін мұсылман үмметінің шығысы мен батысы, яғни күллі ислам әлемі оны жиырма рәкат етіп оқып келеді. Төрт мәзһабта да тарауихтың рәкат саны жиырма. Тек Мәлики мәзһабында жиырма рәкат деген негізгі үкімнің жанында отыз алты рәкат деген де көзқарас бар. Ғалым ән-Нафрауи тарауих намазының рәкат санына байланысты келтірген көпшілік ғұламаның дәйектерінің қуатты екенін әрі Мәлики мәзһабын ұстанатындардың да бұған қосылатындығын айтады. Мәлики мәзһабының көрнекті ғалымы әд-Дардир: «Тарауих намазы құптан намазынан кейін жиырма рәкат оқылады. Үтірден басқа әр екі рәкаттан кейін сәлем беріледі. Рамазанның әр күні бір пара құранды жиырма рәкатқа бөліп, Құранды бастан аяқ бұл айда бір рет хатым ету – мұстахаб» деген. Ибн Хажар Һәйтами мәлики мәзһабындағы тарауих намазының отыз алты рәкат болуының негізін былай деп түсіндіреді: «Мекке халқы тарауихтың әрбір төрт рәкатынан кейін қағбаны тауап жасайтын еді. Мәдинадағы мұсылмандар тауап жасай алмайтын болғандықтан, оның орнына қосымша он алты рәкат намаз оқыған...». (қысқартылып аударылды)
Ханафи мәзһабында да тарауих намазының жиырма рәкат екенін мәзһабтың мәшһүр ғалымы Сарахси: «Тарауих намазы – үтірді қоспағанда жиырма рәкат» десе, Кәсани: «Ал тарауих намазының мөлшері – он сәлемнен тұратын жиырма рәкат, бес таруиха. Бір таруиха екі сәлемнен тұрады. Намаздың рәкатына байланысты бұл көзқарас жалпы ғұламалардың таңдауы» деген. Ибн Абидин де тарауих намазының жиырма рәкаттан тұратынын әрі көпшілік ғұламалардың осы көзқараста екенін, тіпті ислам үмметінің батысы да, шығысы да осыны іс жүзінде ұстанатынын білдірген.
Шафиғи мәзһабының атақты ғалымы Имам ән-Науауи: «Мәзһабымызда тарауих намазы жиырма рәкат оқылады. Үтірден басқа әр екі рәкаттан кейін сәлем беріледі. Жиырма рәкатта бес «таруиха» (аздап үзіліс беруге таруиха делінеді. Қ.Ж.) бар. Бір тәруиха – екі рәкат сайын сәлем берілетін төрт рәкаттан тұрады. Міне бұл біздің мәзһабымыздың көзқарасы. Бұл көзқарасты Әбу Ханифа мен оның ізбасарлары , Ахмед ибн Ханбал, Дәуід және басқа да ғалымдар ұстанады...» деп Шафиғи мәзһабында тарауихтың жиырма рәкат екенін айтқан.
Ханбали мәзһабының үлкен ғалымы Ибн Құдама: «Абу Абдиллаһтың (Ахмад ибн Ханбал) таңдаған көзқарасы бойынша тарауих намазы – жиырма рәкат. Бұл көзқарасты Сәури, Әбу Ханифа, Шафиғи да ұстанады» деп Ханбали мәзһабында да тарауихтың жиырма рәкат екенін білдірген.
Иә, тарауих намазының рәкат саны төрт мәзһаб бойынша да жиырма рәкат екені және ислам үмметінің мұны іс жүзінде орындағанын байқадық. Тарауихтың жиырма рәкат болуының дәлелдері мынандай: Пайғамбарымыздың (с.а.с) аузынан тарауихтың рәкат санының жиырма екенін яки сегіз екенін білдірген ешбір сахих хадис жоқ. Ендеше, бұл жерде сахабалардың іс жүзінде тарауих намазын қалай оқығандығы негізгі дәлел болуға тиіс. Олай дейтініміз, барша сахабалардың іс жүзінде тарауихтың рәкат мөлшеріне байланысты белгілі бір санды таңдауы – кездейсоқтық, яки бидғат емес, керісінше, олардың бұл мәселеге байланысты Пайғамбарымыздың (с.а.с) берген қандай да бір үкімін біліп шығарған тұжырымдары. Яғни, олар белгілі бір санды ойдан шығаруы мүмкін емес. Тарауих намазы Омардың (р.а.) заманынан бастап, жамағатпен әрі жиырма рәкат етіп оқытыла бастаған. Язид ибн Руман: «Омардың (р.а.) заманында мұсылмандар тарауихты (үтірді қосқанда) жиырма үш рәкат етіп оқитын» деген. Абдур-Рахман ибну Абдил-Қари: "Омармен бірге рамазанның бір түнінде мешітке бардым. Адамдар шашыраңқы. Біреуі жеке басына өзі намаз оқып жатса, енді бірде жеке намаз оқып жатқанның артына келіп басқа бір топ адамдар ұйып жатыр. Мұны көріп, Омар (р.а.): «адамдардың бәрін бір қаридың артына жинасам, жақсы болады деп ойлаймын", - деді де, Убәй ибн Кәғбті имам етіп, жамағатты оның артына ұйытты. Сосын басқа бір түні мешітке Омармен (р.а.) бірге бардым. Адамдардың бәрі бір қариға ұйып тұр. Мұны көрген Омар (р.а.): "бұл қандай жақсы бидғат," – деді. » дегенін жеткізді.
Пайғамбарымыздың (с.а.с) заманында мұсылмандар рамазанның әр түнінде жамағат болып, тарауих намазын мешітте оқымайтын. Пайғамбарымыз (с.а.с) бастапқы кезде бір неше күн тарауиқ намазын мешітте оқыса да, кейіннен мешітте оқымаған, әрі тарауиқ үшін мешітке жамағатты жинамаған. Әбу Бәкірдің (р.а.) заманында да солай болған. Кейіннен Омар (р.а.) жамағаттың бәрін бір имамның арқасына жинап, тарауих намазын күнде мешітте өткізу үрдісін қалыптастырған, әрі рәкат санын жиырма рәкат еткізген. Омардың (р.а.) бұл ісіне яғни тарауихтың күнде мешітте жамағатпен жиырма рәкат ретінде оқытылуына ешбір сахабаның қарсы шықпағандығы, олардың бұл мәселеге байланысты пайғамбарымыздың берген қандай да бір үкімін білгендіктерінде. Сахабалардың Омардың (р.а.) қолға алған ісіне қолдау көрсетуі ислам заңдарының негізі бойынша «ижмағқа» жатады. Ал ижмағ Құран, Сүннет секілді шариғатымыздың негізгі дәлелдеріне жатады.
Бұған қоса, Ибн Аббастан пайғамбарымыздың (с.а.с) Рамазан айында жиырма рәкат тарауих намазы мен үтірді оқығандығы риуаят етілген. Тарауихтың рәкатына байланыты келген бұл риуаят әлсіз болғанымен сахабалардың фиғли ижмағымен (барлық сахабалардың тарауихты іс жүзінде жиырма рәкат оқуымен болған ижмағ) қуаттанып отыр. Айша анамыздың «Алла Елшісі (с.а.с) рамазанның түндерінде мол намаз оқитын еді» делінген риуаяты мен сахабалардың және көпшілік мәзһаб ғұламаларының тарауихты жиырма рәкат оқығандығы жоғарыдағы Ибн Аббастан риуаят етілген хадистің дұрыс екендігіне қуатты дәлел.
Ал енді тарауихтың секіз рәкат екендігін ұстанатындардың дәлеліне келер болсақ:
Тарауихты секіз рәкат дейтіндердің негізгі дәлелі Айша анамыздың: «Алла Елшісі (с.а.с) рамазан айында және одан басқа айларда да онбір рәкаттан артық намаз оқымайтын еді» деген риуаяты. Бұл риуаятты тағы да сол Айша анамыздан жеткен: «Рамазан айы кірісімен, Алла Елшісінің (с.а.с) түрі өзгеретін әрі намаз көп оқып, Жартқанға қатты жалбарынушы еді», «Алла Елшісі (с.а.с) басқа уақыттарда көрсетпеген қажыр-қайраты мен ыждақатын рамазан айының соңғы он күнінде көрсететін еді» деген риуаяттармен топтастырып қараған уақытта «Алла Елшісі (с.а.с) Рамазан айында және одан басқа айларда да онбір рәкаттан артық намаз оқымайтын еді» деген жоғарыда келтірілген риуаяттың тарауих намазы емес, түнгі тәһәжжүд намазына қатысты екенін байқаймыз. Он бір рәкаттың сегіз рәкатының - тәһәжжүд, ал қалған үш рәкатын Алла Елшісінің (с.а.с) «Соңғы оқыған намаздарың үтір намазы болсын» дегенін ескере отырып, үтір намазы деп түсінеміз.
[ Жоғары ]
Тарауих намазында айтылатын тасбих дұғасын жазасыздар ма?
Тасбих дұғасы
Субханә зил-мулки уәл мәләкут. Субханә зил-иззати уәл-азамати уәл-қудрати уәл-кибриәи уәл-жәбәрут. Субханәл маликил хаийл ләзи лә иәмут. Лә иләһә иллаллаһ. Нәстәғфируллаһ. Нәсәлукәл жәннәтә уә нәғузу бикә минәннәр.
[ Жоғары ]
Темекі тартқан дурыспа намаз окитын адамға
Бұл сұраққа жауап берілгендіктен мына адреске қараңыз. http://muftyat.kz/print:page,1,1034-shylym-shegu-...-m1240kr11981210-pa.html
[ Жоғары ]
Умраға қашан баруға болады?
Умра (араб тілінде) – зиярат ету деген мағынаны білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – белгілі бір уақыттан тыс жылдың кез-келген уақытында ихрамға кіріп, тауап және сағи жасағаннан кейін шашты алғызып немесе қысқартып, ихрамнан шығу жолдарымен атқарылатын ғибадат.
Умра ғибадатын кез-келген уақытта орындауға болады, бірақ құрбан айт күндері орындау – тахриман мәкрүһ. Умраның Рамазан айында жасалуы абзал және сауабы мол.
Ханафи мәзһабында мүмкіндігі болған әр мұсылманға умра жасау – бекітілген сүннет.
[ Жоғары ]
Шәууәл айында алдымен парыз оразаның қазасын өтеу керек пе, әлде осы нәпіл оразаны бастап жіберуге бола ма?
Дінімізде кейбір уақыттардың өзіндік ерекшеліктері мен қасиеттері бар. Рамазан айының артынша келетін Шәууәл айының да өзіне тән артықшылықтары көп. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде кім Рамазан айының оразасынан соң Шәууәл айында 6 күн ораза ұстаса, бір жыл ораза ұстағандай болады,» - деп бұл айда ұсталатын алты күн оразаның мол сауабын сүйіншілеген (Сахих Мүслим). Бұл ораза сауабының бір жылға пара-пар келуін былайша түсінуге болады. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Кімде-кім бір жақсылық жасаса, оған оның он есе қарымы беріледі» - деген. Ғалымдар Шәууәл айындағы алты күн оразаның бір жылдық сауабын осы аятпен байланыстырады. Рамазан айындағы отыз күн мен Шәууәл айындағы алты күн қосылғанда, отыз алты күн болады. Бұл сан он есеге көбейтілсе, үш жүз алпыс күнді құрайды. Бір жылдың қалған бес күні ораза ұстауға болмайтын Рамазан айтының алғашқы күні мен Құрбан айттың төрт күні. Оразаның әрбір күні он есе молайса, онда отыз алты күндік оразада бір жыл ауыз бекітудің сауабы бар деген сөз.
Шәуууәл айының нәпіл оразасын арасын үзіп бөлек-бөлек күндерде ұстауға болатыны секілді қатарынан ұстауға да болады.
Рамазан айында түрлі себептермен кей күндерін қаза етіп алған кісілер Шәууәл айында әуелі қазасын өтейді ме, әлде осы нәпіл оразаны ұстайды ма деген орынды сұрақ туары сөзсіз. Бұл сұраққа ғалымдардың жауабы мынандай:
Рамазан оразасын толығымен ұстау Алла Тағаланың бұйрығы. Оны орындау – парыз. Ал Шәууәл айында 6 күн ораза тұту - Пайғамбарымыздың (с.ғ.у.) сүннеті. Ол мол сауабы бар нәпіл оразаға жатады.
Ораза қазасы неғұрлым ерте өтелгені абзал. Себебі адамның белгіленген ажалы айтпай келетіндіктен, алдымен парыз оразаның қазасын толық өтеп, нәпіл оразаны одан кейін ұстаған дұрыс. Бұған қоса жоғарыда келтірілген хадисте «Рамазан оразасынан соң Шәууәл айында 6 күн ораза ұстаса» делінгенін ескерсек, әуелі Рамазанның қазасын өтеудің абзалдығын ұғамыз. Сондай-ақ алдымен Шәууәл айының оразасын ұстап, содан соң парыз оразаның қазасын өтеуге болады дейтін ғалымдар да бар.
Ал осы айда қаза оразасын ұстап, нәпіл ораза ұстауға уақыты жетпей қалған адамдар үшін де Шәууәл айының уәделі сауабы үміт етіледі. Бірақ бұл нәпіл оразаға уақыты жетпей қалғандар үшін. Әсілінде, әр оразаны жеке-жеке ұстау қажет. Бұл жоғарыда келтірілген бір жылдық сауаптың математикалық есебіне де сай келіп тұр. Алла Тағала ниеттерімізді қабыл еткей. Әмин!
Діни уағыз-нәсихат бөлімінің маманы
Исламтанушы Ұтысхан Алтынбек
[ Жоғары ]