Меню

     

Құттықтаулар

 

 
     

Намаз үйренейік

 

 
     

Намаз уақыты

     

Құран онлайн

     

Статистика

     

 


Ескерту: Сұрақ сұрау үшін тіркелуі қажет.
Өтініш! Сұрақ сұрамас бұрын, сұралған сұрақтар тізіміне қараңыз. Бәлкім сіздің қояр сауалыңызға жауап берілген болар. Бұған қоса «іздеу қызметін» қолдануыңызға болады.


Сұрақтар мен жауаптар

[ Басқы бетке оралу | Сұрақты қою ]

Ретке келтіру: Алфавитке Уақытпен
Алфавитпен ретке келтірілген А дан Я ғ

Сұрақтар
Жауаптар

 "Бiсмiллаh" айтылмай, бауыздалмай, қарумен атылып өлтiрiген аң (хайуан) етi харам ба? әлде халал ма? Аллаh сiздерге разы болсын!

Біріншіден ауланған аңның шариғатта етін жеуге болатын аң болуы керек.
Екіншіден аулаған аңдары – Аллаһтың атын айтып, ауланған жағдайда ғана халал болады. Яғни, аңға оқ атқан уақытта немесе үйретілген ит, құстарды жіберген кезде «Бисмиллаһ» деп, Аллаһ Тағаланың атын айту керек. Бұл жайлы Құран Кәрімде:
{وَمَا عَلَّمْتُمْ مِنَ الْجَوَارِحِ مُكَلِّبِينَ تُعَلِّمُونَهُنَّ مِمَّا عَلَّمَكُمُ اللهُ, فَكُلُوا مِمَّا أمْسَكْنَ عَلَيْكُمْ وَاذْكُرُوا اسْمَ اللهِ عَلَيْهِ}
«Аллаһ Тағаланың сендерге үйреткен ілімі арқылы үйретіп, тәрбиелеген жыртқыштардың сендер үшін аулаған аңдарын жеңдер және оларды аңға жіберген уақытта Аллаһтың атын айтыңдар...» (Мәида сүресі, 4-аят) деген.
Егер де «Бисмиллаһ» сөзі әдейі айтылмаса, ауланған аңның етін жеу – харам. Ұмытылып айтылмай қалған жағдайда жеуге болады.
Ауланған аң тірідей қолға түссе, «Бисмиллаһ» деп бауыздау керек. Тірідей қолға түсіп, кешіктіру себебімен бауыздаусыз өліп кетсе, ол аңның етін жеуге болмайды. Бірақ қатты қансырап өлейін деп жатса, бауыздамаса да болады. Тірідей қолға түскен аңды міндетті түрде бауыздау шарт емес, үшкір, қырлы тас немесе темір сияқты нәрселермен ұрып, кішкене қанын ағызса, жеткілікті.
Аңшы, қаруымен атып немесе аңға үйретілген ит, құстары арқылы жаралы қылған аңды қолға түсіру үшін артынан тоқтамастан қадағалап, ізіне түсу керек. Өйткені, аңды тірідей қолға түсіріп, бауыздауға мүмкіншілік бар. Ал егер басқа істермен айналысып жүріп, аң көзден таса болғаннан кейін барып, аңды өлген күйде тапса, ол аңның етін жеуге болмайды. Өйткені, аң басқа себептермен өлуі де мүмкін. Бірақ аңның артынан дереу барған күннің өзінде, алған жарақатының салдарынан өліп кетсе немесе бауыздауға үлгермей қалса, бауыздамаса да ол аңның етін жеуге болады.
Үйретілген аң иттері сияқты орақ тістері бар жыртқыштар ұстаған аңдардың еттерінен иесінің беруінсіз өздері жемеулері керек. Ал ұстаған аңының етін иесі келмей жатып, өз білгенінше жеп қойса, ұстаған аңының еті бізге харам. Өйткені, үйретілген иттің ерекшелігі өзі ұстаған аңның етін жемеуінде. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бұл турасында былай деген: «Итті жіберген уақытта (аулаған)аңынан жесе, ол аңнан жеме. Өйткені, ол өзі үшін ұстады. Итіңді жіберген уақытта аңды өлтіргеннен кейін өзі жемесе, ол аңды же. Өйткені, ол иесі үшін ұстаған».
Бірақ бүркіт, қаршыға сияқты жыртқыш топшалы құстар ұстаған аңдарының етінен, иелері келмей жатып жеп қойған жағдайда да, ол аңның етін жеуге болады. Аңға үйретілген ит ұстаған аңының қанын ішсе, немесе иесінің беруімен ұстаған аңының етін жесе, ауланған аңның етінің халалдығына еш зиянын тигізбейді.
Аңға үйретілген ит-құстардың, денелерімен соғып немесе тұншықтырып еш жарақаттамастан өлтірген аңдарының етін жеуге болмайды. Өйткені, аңшылықта аңды жарақаттау бауыздаудың орнына жүреді. Міне, сондықтан, ауланған аңда жарақат жоқ болып қан ақпаса, бауыздаусыз арам өлген болып есептеледі.
Сондықтан аңды жаралап, қансырататын мылтық, садақ сияқты қару немесе үйретілген бүркіт, қаршыға сияқты құстар мен үйретілген иттерді аңға саларда «Бисмиллаһ» деп Аллаһ Тағаланың атын айту керек.

[ Жоғары ]

 Ғұсыл қандай жағдайларда қажет?

Жүніп - ерлі-зайыптылар жыныстық қатынаста болса, ұйқыда немесе ояу кезінде ләззатпен шәуіт шықса жүніп болады. Сонымен қатар есінен танған, мастығынан айыққан, ұйқысынан тұрған адам бойынан ылғал бір нәрсе тапса, ғұсыл құйынғаны абзал. Бұл жағдайларда намаз оқуға, Құран ұстауға болмайды.
Хайыз – босану мен науқастанудан тыс уақыттарда, 9–55 жас аралығындағы әйелдердің жатырынан келетін қан. Ол ең азы 3 күннен 10 күнге дейін жалғасады. Ондай кезде намаз оқуға, ораза ұстауға болмайды. Бірақ оразаның қазасын ұстайды, ал намаздың қазасы оқылмайды.
Нифас – әйел адам босанғаннан кейін жатырынан келетін қан. Нифастың ең азы әйел кісілерге байланысты өзгереді, ал ең ұзақ уақыты – қырық күн. Әйелдер мұндай жағдайда намаз оқи алмайды. Ораза да ұстай алмайды, бірақ оразаның қазасын өтейді.

[ Жоғары ]

 Қажылыққа бара алмайтын кісі өзінің орнына басқа біреуді өкіл ретінде жібере ала ма?

Ислам дінінде ғибадаттар үш түрге бөлінеді:
1. Тек қана денемен орындалатын ғибадаттар: намаз оқу, ораза ұстау, Құран оқу, т.б.
2. Тек қана дүние-мүлік, байлықпен орындалатын ғибадаттар: зекет, пітір садақасы, құрбан шалу, т.б.
3. Әрі малмен, әрі денемен орындалатын ғибадаттар: қажылық ғибадаты.
Бұл ғибадаттардың кез-келгенін нәпіл ретінде орындап, сауабын өлі болсын, тірі болсын басқа адамға бағыштауға болады. Бірақ бұл ғибадаттарды мойнындағы парызынан құтылу үшін басқа біреуге өкіл ретінде орындатқызу мәселесі мүлдем бөлек екенін ескертейік.
Тек қана денемен атқарылатын намаз, ораза сияқты ғибадаттарда өкілдік мүлде жүрмейді. Яғни, ешкім басқаның орнына мойнындағы парызынан құтылдыру үшін намаз оқып, ораза ұстай алмайды. Ал тек қана малмен атқарылатын зекет беру, құрбан шалу сияқты ғибадаттарда өкілдік толығымен жүреді. Мысалға, малының зекетін басқа бір адам өкіл ретінде керекті орындарға беруіне болады. Ал қажылық сияқты әрі денемен, әрі малмен орындалатын ғибадаттарда өкілдіктің жүруі үшін қажылығын орындай алмай өліп кету, жазылуы мүмкін болмаған ауыр науқас, қатты кәрілік сияқты бөгеттердің болуы керек.
Қажылықта өкілдіктің кейбір жағдайларда жүретіндігіне байланысты дәлел ретінде Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бірнеше хадисі бар. Мысалға, мына екі хадис бұл дүниеден қажылыққа бармастан көз жұмып кеткен кісілердің орнына өкіл ретінде қажылыққа баруға болатындығын білдіреді.
Жүһәйнә тайпасынан бір әйел Пайғамбарымызға (с.а.у.) келіп былай деді: «Уа, Аллаһтың Елшісі, менің шешем қажылық ғибадатын жасауға уәде берген еді, бірақ орындай алмай бұл дүниеден көз жұмды. Оның орнына қажылыққа барсам бола ма?»
– Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деді:
«Иә, оның орнына қажылыққа бар. Қалай ойлайсың? Шешеңнің басқа біреуге қарызы болса өтейтін бе едің?
– «Иә, өтеймін», – деді.
– Олай болса, Аллаһ Тағалаға болған қарызын да өтеңдер. Өйткені, қарызы өтелуге ең лайық – Аллаһ Тағала».
Басқа бір уақытта бір сахаба Пайғамбарымызға (с.а.у.) келіп: – «Әкемнің мойнына қажылық парыз бола тұра бұл дүниеден өтіп кетті. Оның орнына қажылыққа барсам бола ма?», – деді.
– Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Қалай қарайсың әкеңнің қарызы болса өтейтін бе едің?», – деді.
– «Иә, өтеймін».
– Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Олай болса әкеңнің орнына қажылыққа бар», – деді.
Қажылық ғибадаты мойнында парыз бола тұра көзінің тірісінде қажылыққа бара алмағандар өлмес бұрын артында қалған мирасқорларына өзінің орнына өкіл жіберулерін талап етіп, өсиет етулері уәжіп.
Қажылық ғибадаты мойнында парыз бола тұра бұл дүниеден қайтқан кісілердің бұндай өсиеті жоқ болса, артында қалған мирасқорлары өкіл ретінде басқа біреуді жіберумен міндеттелмейді.
Бұл дүниеден қажылық ғибадатын орындай алмай қайтып кеткен кісілердің орнына өкіл ретінде қажылыққа баруға болатыны сияқты, қажылықты орындай алмайтындай дәрежеде ауру немесе кәрі болғандардың орнына да қажылыққа баруға болады.
Хаасам тайпасынан бір әйел Пайғамбарымызға (с.а.у.) келіп, былай деп сұрақ қойды:
– «Уа, Аллаһтың Елшісі! Аллаһ Тағаланың құлдарына парыз қылған қажылық ғибадаты әкеме кәрілігінде парыз болды. Бірақ ол бұл қажылық жолына шыдай алмайды. Мен оның орнына қажылыққа барсам бола ма?»
– Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Иә», – деп жауап қатты.

[ Жоғары ]

 Қазіргі кезде жас қыздардың көпшілігі қастарын әдемі қылып қияды немесе жұлады, осы дұрыс па?

Ұлы Жаратушы әрбір адам баласын көркем бейнеде жаратқан. Сонымен қатар адам баласы өзінің тамаша жаратылысына шүкіршілікпен, құлшылықпен қараса, ол өзінің бір пенде екендігінің бір нышаны.
Сондықтан да өмірлік қажеттілік, мәжбүрлік болмаса денедегі кез-келген нәрсені өзгертпеуге тырысу керек. Өйткені кез-келген нәрсені өзгерту арқылы соңында оны үлкен жауапкершілік күтіп тұруы мүмкін.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осылардың барлығын ескере келе шаш жалғаған, денеге сурет салған (татуировка), сұлулық мақсатында тістерін егеулеп сиреткен, қас пен кірпіктерін жұлғандар жаратылыс сұлулығын өзгерткендігі үшін Алланың мейірімділігінен ұзақ болатындығын ескерткен.
Фиқһ ғұламалары осы хадиске сүйеніп егер де әйел адамның жүзіне мұрт, сақал өсіп жатса оларды алуға рұқсат деген. Бірақ қастарын сирету, қосымша кірпік тағудың дұрыс емес екендігін айтады. Өйткені тіс, қас және кірпік адам ағзасы болып саналады. Ал кейіннен пайда болған беттегі түктер бұл сыныпқа жатпағандықтан оларды (сақал, мұрт) алуға рұқсат деген.
Бұл түктерді ұстарамен емес, арнайы қою жабысқақ паста, ұнтақпен (пудра) немесе медициналық дәрмектермен алған жөн.
Бұл жерден мынадай қорытынды шығаруға болады. Егер де сізге кедергі жасайтындай қас, кірпік арасынан түк өсіп жатса оларды алып тастауға болады. Ал сндік үшін қас, кірпіктерді жұлдыруға болмайды екен.
Бұл тарихта адам баласын мазалаған сұрақтардың бірі. Пайғамбарымыздың бір хадисінде «Алла тағала бет әлпеттегі түктерді жұлғанды да, жұлдырғанды да лағнет етсін» деген (Бухари, Либас, 84; Мүслим, Либас, 120).
Ғалымдар бұл хадистегі «түктер» дегенді әйел адамның сыртта өзге еркектерге сұлу болып көріну мақсатында қас, кірпіктерін жұлдырса дұрыс емес деген шешімге келген.
Қорыта келе хадистегі «тыйым» бетке біткен жаман түктерді (сақал, мұртты) жұлмау деп емес, бөгде еркектерге сұлу болып көріну мақсатымен қас, кірпіктерді жұлмау керек деп түсінген жөн.

[ Жоғары ]

 Қай жағдайда ғайбат, яғни біреудің сыртынан сөз айтуға рұқсат етілген? (Бота)

Ғайбат – белгілі бір адамның сыртынан сөз айту. Дей тұрғанмен, ізгі ниетпен түзету мақсатында «кейбіреулер былай жасайды» деп жалпылама айту ғайбатқа жатпайды. Өйткені, Пайғамбарымыз (с.а.с.) «кейбіреулер неге былай-былай жасайды» деп оларды түзету мақсатында ескерту жасап отырған. Біз бұл тұста да Аллаһ елшісінің керемет парасаттылығын көреміз. Егер біреудің атын атап көпшіліктің алдында жамандайтын болсақ адамдағы менмендік сезімінің қажеттілігіне сай ол адамның бізге көңілі қалып, жүрегіне дұшпандық сезім ұялауы әбден мүмкін. Ал аты аталмастан ескерту алған сана-түйсігі бар адам ол нәрседен сабақ алып, екінші рет жасамауға тырысады.
Ал енді біреудің сыртынан сөз етуге мына жағдайларда ғана рұқсат етіледі:
Ислам ғалымдары, айтып жеткізудің басқаша жолдары болмағанда, яки адамды түзету мақсатында айтылуға рұқсат берілген ғайбаттың мына алты жағдайда болатынына ортақ пікірлерін білдірген:
1. Жәбірленуші ақысын алу үшін өзіне зұлымдық жасаған адамға арызданып «ол маған мынаны-мынаны істеді» деп мемлекет басшысына, сотқа немесе сол залым адамнан ақысын алып беруге шамасы келетін адамға сыртынан сөз айта алады.
2. Жаңылыс бір әрекетті түзету және күнә жасаған кісіні дұрыс жолға салу мақсатында жәрдем сұрап, ол жайлы сөз айтуға болады. Оның ниеті тек жамандықты түзету жағында болу керек, әйтпесе, басқа мақсатта болса, онда ол харам болмақ.
3. Пәтуа сұраған кезде ғайбатқа рұқсат етіледі. Пәтуа сұраушы кісі «Әкем, бауырым, жолдасым немесе пәленше маған былай әділетсіздік жасады. Бұлай жасауы дұрыс па? Одан ақымды алып, жасаған зұлымдығынан құтылу үшін не істеуге болады?» деп айта алады. Асылы, адамдардың аттарын атамай-ақ «былайша әрекет еткен бір кісі жайлы не айта аласыз?» деуі жөн болса да, мұндай жағдайда атын атау да күнә емес.
4. Залалдың алдын алу, зиянға жол бермеу мақсатымен мұсылман бауырын ескерту үшін насихат жасаған кезде. Біреу екінші бір адаммен ортақ жұмыс істегісі келіп, оны танитын адамдарынан келешекте бірге жұмыс істейтін адамы жайлы пікір сұраса немесе оған аманат табыс еткісі келсе не онымен көрші болғысы келсе, оны танитын кісі ешқандай жаман ниетсіз оның кемшіліктерін ашық айтып, ол жайлы мәлімет бере алады.
5. Іштей еш дұшпандық ойлап кемсітпестен тек таныту мақсатында «ана ақсақ кісі ше» немесе «ана соқыр кісі бар еді ғой» деп айтуға болады. Басқа сыпайы сипаттарымен таныту мүмкін болса, сол сипаттарын қолданып танытқан абзал.
6. Ашықтан-ашық күнә істеп, бұдан еш ұялмаған, тіпті, жасаған күнәларын мақтан тұтқан пасық адамның сыртынан сөз айтуға болады. Пайғамбарымыз «пасық пен күнә жасаудан қысылмай жария ететін (мужаһир) адамдардың сыртынан айтылған сөз ғайбат болмайды» (Муслим, Зуһд, 52) десе, тағы бір хадисінде «ұяттан жұрдай болған адамның ғайбаты жоқ» (Бәйхақи, Сунән, Х, 10; ән-Науауий, Нузһатуль-муттақин шарху Риядус-салихин, Бейрут, 1991, 2/271-273) дейді.

[ Жоғары ]

 Қандай үлкен күнәлар бар?

Үлкен күнә
Жалпы, күнә атауы үлкен және кіші болып екіге бөлінеді. Үлкен күнә дегенде, бұрыс және бос сенімдер, иманнан, діннен шығу, жеке тұлға мен қоғамның бұзылуы, адасушылық, ақыретте жазалануына себеп болған қылмыстар мен іс-әрекеттер еске алынады.
Әрине, шынайы мұсылман күнәлардың үлкен кішісінен де ұзақ тұрады. Хақ тағала Құран кәрімде: «Сендерге тыйым салынған үлкен күнәлардан сақтансаңдар, кіші күнәларыңды кешеміз...» дейді. («Ниса», 4/31)
Күнә жасаған адам күнәһар болады. Одан арылудың жолы тек Хақ тағалаға жалбарынып, тәубеге келу. Күнәні қайта жасамайтындығына сөз беру, берген уәдесінде тұру өте маңызды. Жаратушы Хақ тағала өте мейірімді. Өйткені Құран кәрімде Алла тағала үміт үзбей тәубе еткен құлын кешетіндігін айтқан.
Үлкен күнәлар сенім, құлшылық немесе күнделікті өмір ағысында жасалуы харам әрі тәрк етілуі парыз болған негіздерден тұрады.
Үлкен күнәлар көп. Олардың ішінде мына күнәларды атай кетуге болады:
Иман шарттарына қатысты үлкен күнәлар:
1. Аллаға серік қосу;
2. Алладан басқаға ант ету;
3. Діннен бас тарту;
4. Жаттаған әрі оқыған Құранды ұмыту;
5. Дүние қызығына берілу, Ақыретті ұмыту, Міндетін ұмыту;
6. Пайғамбарымыздың атынан жалған сөйлеу;
7. Сахабаларға тіл тигізу;
8. Дінде қасиетті болғандарды балағаттау;
Исламның шартына байланысты үлкен күнәлар:
9. Бой дәретсіз жүру, намазын бой дәретке сылтау етіп оқымау;
10. Уақыт кірмей, азан шақыру және намаз оқу;
11. Бес уақыт намазды уақытында оқымай қазаға қалдыру;
12. Себепсіз Рамазан оразасын тұтпау, ораза айында күндіз өзгелердің алдында тамақ жеу;
13. Мал-мүлкінің зекетін бермеу;
Халал-Харамға қатысты үлкен күнәлар:
14. Ер мен әйелдің нәпсісін қоздыратындай етіп киіну;
15. Ердің жібектен жасалған киім киюі;
16. Әуретті жерлерін ашып жүру, өзгелердің әуретіне қарау;
17. Әйелдің ер адамға ұқсап киім киюі;
18. Қарны тойса да жеу;
19. Мас қылатын ішімдік ішу;
20. Иттен қалғанды жеу;
21. Доңыз еті мен майын жеу;
22. Өлген малдың етін жеу, жегізу;
23. Өсім алу, беру;
24. Ұрлық жасау;
25. Біреудің малын тартып алу;
Ахлаққа қатысты үлкен күнәлар:
26. Ата-анаға қарсы шығу;
27. Туыстардан қол үзу, жағдай сұрамау;
28. Аманатқа қиянат жасау;
29. Мұсылманға не кәпірге қиянат жасау;
30. Мұсылманның иманы мен исламның әмірлерін мазақ етум
31. Күпір, зина, балағатқа жататын сөздерді қолдану;
32. Сөз тасу;
33. Ғайбаттау;
34. Мүмін бауырының көңілін қалдыру, ренжіту;
35. Әйел адамға күйе жағу, негізсіз зинақор деу;
36. Әйелдің күйеуінің төсегінен қашуы;
37. Әйел адамның күйеуінің рұқсатынсыз қыдыруы;
38. Екі ағайынды қызбен бірдей некеге тұру;
39. Әйелінің әурет жерлерінің (денесінің) бірін анасының мүшелеріне ұқсату;
40. Әйелін анасына жамандау;
41. Надан болу, діни міндеттерді әдейі үйренбеу;
42. Таразыны дұрыс тартпау, алдау;
43. Алла тағаланың азабынан қорықпау;
44. Алла тағаланың мейірімділігінен үміт үзу;
45. Зина жасау;
46. Қос жыныстымен зина жасау;
47. Етеккір әйелмен қосылу (жыныстық қатынас);
48. Тәкаппарлану, адамдарға зұлымдық жасау;
49. Жетімнің ақысын жеу;
50. Жалған сөйлеу;
51. Жалған куәгер болу;
52. Малды тірідей отқа тастау;
53. Сараңдық таныту;
54. Үлкен не кіші күнәні қайта жасау;
55. Қағбада (Меккеде) күнә жасау;
Қоғамға қатысты үлкен күнәлар:
56. Мемлекет басшылары мен заңдарына бағынбау;
57. Адам өлтіру;
58. Өзіне қол жұмсау (Өз-өзін өлтіру);
59. Майданды тастап қашу;
60. Пара алу, беру;
61. Мүмкіндігі бола тұра, жамандыққа тосқауыл болмау т.б.
Қ.Ержан
ҚМДБ қызметкері

[ Жоғары ]

 Қоян асырауға және оның етін жеуге бола ма? ( Бауыржан)

Қоян етін жеудің еш әбестігі жоқ. Үй қоянының да жабайы қоянның да етін жеуге болады. Кейбіреулер «қоян сор (сәтсіздік) әкеледі, сондықтан оның етін жеуге болмайды» – деп жатады. Бұл сөздің ешқандай діни негізі жоқ.
Қоян асырауға келетін болсақ тауық, күркетауық асырағандай оны да асырауға болады. Бұған ешқандай тиым салынбайды.

[ Жоғары ]

 Өз өзін қолмен қанағаттандыру күнәға жата ма? Мустафа zharas

Қазіргі таңда қоғамда ар-ұяттан жұрдай, нәпсінің жетегіне түсіп, азғындыққа ұшыраған адамдар кездесіп жатады. Бұл індет аз да болса өзге адамдарға әсер етуде. Әсіресе жастар арасында белең алып, олардың ішкі жан дүниесін кеміріп әлсіретуде.
Адам баласының нәпсісін қоздырған сезімдердің көбеюі кейбір адамдардың жаман әдеттерін арттыруда. Некесіне ала алатын қыз балдарға жаман ниетпен қарау нәтижесі адамды шектен шығаруда. Әсіресе өзін қадағалай алмаған адамдар харамды әдетке айналдырып алады. Соңында адам баласының материялдық әрі рухани кемшіліктер болып жатады.
Бұл тақырыпта бір ғұлама: «Әһли Исламда да харамға назар аударған сайын адамның нәпсіқұмарлығы (мұсылмандардың арасында харамға қарау артқан сайын жыныстық құмарлық) одан да толқып денесін жаман жолға қолдану арқылы ысырап жасайды. Аптасына бірнеше рет бой дәрет алуға мәжбүр болады. Сонымен қатар есте сақтау қабілетін де жоғалтады. Ар ұяттың белең алған кезеңде әсіресе жылы аймақта жаман ой, жаман жол, жалпы ұмытшақтық індетіне шалдыға бастайды. Әркім бұған азды көпті шағымдануда» деген екен.
Сезім немесе құмарлыққа алданған кейбір адамдарда харамға қарағанда денесінен шыққан ысырап жалпылама жүніп (бой дәретсіз) арқылы болады. Ал кейбір адамдар болса «ысырапқа» басқа жолдармен тап болады.
«Истимна» (маструбация) бұл жастардың ең көп таңдаған жолы. Ең әуелі ақыл есі дұрыс адам бұл қылықты жасамады. Оған қоса ақылға сыйымсыз әрекет. Бұл қылықты әлсіз болған адамның бойынан көруге болады.
Үйленуге жасы келген, бірақ шамасы жоқ адамдарға Раббымыз намысты аяққа таптамау керектігін айтады: «Үйленуге шамасы келмегендер Аллаһтың рақымы түсіп, байығанша, өздерін бекем ұстасын (суық жолдан сақ болсын)»,(Нұр, 24/33) деген.
Нәпсі және құмарлықтың алдауында жүрген жастарға ең дұрысы пайғамбарымыздың көрсеткен жолымен жүргені дұрыс. Бұл жолға түскен адам әрі құлшылық жасайды, әрі өзін жамандықтардан сақтайды.
Ибн Мәсғудтың риуаят еткен хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ей жастар қоғамы! Шамасы келген үйленсін. Өйткені үйлену көзді харамнан сақтайды. Ал егер үйленуге шамасы келмесе ораза тұтсын. Өйткені ораза нәпсіні тыйады», (Ибн Мажә, Никаһ, 1) деген.
Ораза, адам баласын бүкіл жамандық атаулыдан аман алып қалатын таптырмайтын негіз.
Сондықтан қолменен ләззат алу ислам ғұламаларының көзқарасы бойынша дұрыс емес, тіпті харам. «Қолымен некелескен малғұн» (Ибн Хажәр, Мүнаббихат, 30), «Аллаһ тағала қиямет қайымда жеті адамның жүзіне қарамайды. Оларды (күнәларынан) арылтпайды, игі амал жасағандармен де бірге болмайды, тозақ отына тәубе еткендерден басқаны алғаш болып тастайды. Бұлар қолымен некеге тұрғандар, гомосексуализммен айналысқандар, ішімдікке салынғандар...», (Ибн Кәсир, Тәпсір, 5/9; Ибн Хажәр, әл-Мунаббихат, 30) деген әлсіз хадистер кездессе де Шафиғи, Мәлики ғұламалары және имам Нәсафи сынды ислам ғұламалары Құранның: «Олар – ұятын (абиырларын) сақтаушылар. Бірақ жұбайлары немесе меншіктері болса, оларға сөзіс жоқ. Әйелдері мен жеке күңдерінен басқаға көзін сүзсе, шариғатта шектен шығады», (Мүминун, 23/5-7) деген аяттын дәлел ретінде келтіріп истимнаның харам екендігін баян еткен (Тафсирун Нәсафи, 3/114; Ибн Кәсир, Тәпсір, 5/9).
Егер де рұқсат берілгенде пайғамбарымыз өз дәуірінде бұған жол көрсетер еді. Сонымен қатар Ибн Аббас, Мужаһид, Амр ибн Динар, Жәбир ибн Зейддің истимнаға рұқсат бергендігі туралы да кейбір риуаяттар келген. Алайда бұл екі жамандықтың бірін таңдау яғни аз жамандығын ғана таңдалуына рұқсат деген еді. Мәселен: «зинаға қарағанда истимна таңдалады» дейді. Осы тұрғыда Ханбалилер мен кейбір Ханафи ғұламалыры бұл көзқарасқа келіседі (Ибн Хажар, Фәтһул Бәри би шәрхил Бухари, Мысыр, 1959,11-12; М.Али Айни, Ахлақ дәрслері, 20/69).
Имам Ахмад ибн Ханбал және ибни Хазмның көзқарасы бойынша да «мәни (ұрық) денеден сыртқа шығатын нәрсе, оны қолымен шығарған қан алдырғанмен бірдей, яғни рұқсат» деген пікірді айтса, Ханбали ғұламаларының бұл рұқсаты үйленуге шамасы жоқ әрі зинаны тежеу мақсатында истимна жасау рұқсат деген еді.
Ханафи мазхабының көзқарасын баян еткен ибни Абидин ғұламалардың мына бір көзқарасын бізбен бөліседі: Үйленген адам белгілі бір себептерге байлынысты зайыбымен жыныстық қатынас құра алмаса, сонымен қатар өзінің нәпсісіне ие бола алмаған адам истимна жасаса Әбул Лайс: «жауапкершілігі болмайды ғой деп ойлаймын», дейді (Ибн Абидин, Раддул Мухтар әла Дуррил Мухтар, 2:100. 3:156).
Бұған қоса Ханафи ғұламасы Шүрүнбиләли: «Бойдақ адам өзінің жаман жолға түсіп кетуінен қорқып, истимна жасаса рұқсат. Бұл амалды жасағандықтан күнә да, сауап та алмайды. Бірақ тек ләззат алу басты мақсат болса күнәһар болады», дейді (Шүрүнбиләли, Хасан ибн Аммар ибни Али, Мәракил Фәлаһ Шәрху Нурил Изаһ, Мысыр, 1937, 57).
Қорыта келе нәпсіге ие болу, зинадан арылудың шешім жолы истимна емес екендігін білгеніміз жөн. Бұл жаман қылықтан арылудың басқада жолын қарастырғанымыз дұрыс болар. Бәлкім адам баласы өзін-өзі үнемі қадағалап иманына күш беретін рухани азық алғаны дұрыс болар.

[ Жоғары ]

 9 ай болып іште өлген балаға ат қойылмай жерленсе күнә бола ма?

Дене ағзалары толық жетіліп дүниеге келген сәби (дауыс шығарса, дем алса немесе әрекет жасағаннан кейін) шетінесе, оны жуу уәжіп. Ал ағзалары толық жетілмей немесе өлі туылған сәби жуылмайды. Ат қойылмайды. Матаға оралып, жаназа намазы оқылмайды. Яғни Ханафи мәзһабы бойынша; дүниеге келген сәби дауыс шығарғаннан кейін шетінесе ғана ат қойылып, жуылады және жаназа намазы оқылады. Ал еш дыбыс шығармай, шетінесе яғни өлі туылса матаға оралып жерленеді, жаназа намазы оқылмайды. Егер де анасы немесе қасында болған адам ол сәбидің дыбыс не әрекет еткендігін растайтын болса (көрсе, естісе), онда анасының сөзін негізге ала отырып, сәбиге ат қойылады, жуылады және жаназа намазы оқылады.

[ Жоғары ]

 Ағзаны ауыстырып салуға (трансплантация) бола ма? (Мереке)

Кей жағдайда шариғат рұқсат етпеген үкімдердің зәрулікке байланысты өзгеруі мүмкін. Мысалы, аяғы ауыр әйел адам дүние салса, құрсағындағы тірі шарананы ананың ішін жарып алады. Өйткені анасы қайтыс болса да, тірі бала құтқарылып, өмір сүруі қажет (Ихтияр, 4:167; Раддул Мухтар, 1:602).
Осы үкімге сүйенген шариғат ғалымдары ағзалардың ауыстырылуына да рұқсат беруде. Бұл жағдайда көбіне қайтыс болған адамның ағзасы (жүрек, бауыр, көз т.б.) ауыстырылуда.
Бұл туралы Каирдегі әлемдік әл-Әзһар университетінің ғалымы Ахмад әш-Ширбаси былай дейді: «Бұл операцияны жасар алдында кейбір мәселелерді ескеріп, орындаған жөн. Ағза тек өмір мен өлім арасындағы адамға ғана ауыстырылуы керек.
Сонымен қатар бұл операция туралы негізінен сол саланың білікті маманының шешім қабылдап, жасағаны дұрыс. Мұны кез келген дәрігер жасай бермейді. Оған қоса, қайтыс болған адам ағзаларын беруге келісім білдірген қағаздың да болуы шарт. Келісім туралы қағаз болмаған жағдайда мәйіт жақындарының ризалығы керек. Ал, қайтыс болған адамның «мен қайтыс болғанда денеме тимеңдер» деген өсиеті болса, онда ешкімнің оған тиісуге хақысы жоқ. Дене ағзасы тек қайтыс болған адамнан ғана алынады. Тірі адамнан алынбайды. Тіпті өлім аузында жатқан адамның да ағзасы алынбайды. Кейде дәрігерлердің өзі үміттерін үзген адам Алланың құдіретімен қайта өмірге қауышып жататын жағдайлар да кездеседі. Сондықтан да өлім аузындағы адамға «енді өледі ғой» деп ағзасын өзгеге ауыстыру, дініміз бойынша, дұрыс емес.
Кейде тірі адам екі бүйрегінің бірін өлім аузында жатқан адамға беріп жатады. Бұл жерде де ағзасын берген адамға зиян болмаса ғана рұқсат.
Мұндағы мақсат адам өмірін сақтау болғандықтан, ағза беру аса зәру жағдайда ғана қолданылады. Құранда кімде кім жазықсыз адам өлтірсе бүкіл адамды өлтіргенмен тең. Ал бір адамды өлімнен құтқару бүкіл адамды құтқарғанмен тең («Маида», 32-аят) екені айтылған. Осыған сүйенген ғалымдар қансырап жатқан адамға да қан беруге болатындығын айтқан. Тіпті, қан мұсылман емес адамнан алынса да жарайды (Ясъалунака фид-дин уәл хаят, 1:604-608).
Өз ағзаларын өзгелерге берген адам ол үшін ақы сұрамауы керек. Өйткені адам ағзасы дүкенде не базарда сатыла беретін тауар емес.

[ Жоғары ]

 Аңшылық және оны қандай жолдармен аулауға болады?

Алла Тағала әлемді әлсіз адам баласының пайдасына жаратқан. Сол адам баласының қызметіне ұсынылған сансыз әлемнің ішінде жан-жануар әлемін де адам үшін жаратып, әміріне бой ұсындырған. Міне, сондықтан біз, адам баласы үй жануарларына қоса жабайы, етін жеуге болатын, яки, етін жеуге болмаса да жүнін, терісін, мүйізін қолданауға жарамды жан-жануар, аңдарды пайдаланудамыз. Теңіздегі сан алуан балықтар болсын, тау-тастардағы немесе ну ормандардағы түрлі аңдар болсын бәрі адам баласы үшін жаратылғандықтан, олардың етін және тері, мүйіздерін пайдалану мақсатымен аулауға Ислам діні теріс қарамайды. Бірақ тек қана қызық үшін бейкүнә аңдарды аямастан қыра беруге де тыйым салады. Бейкүнә аңдарды тек қана құмарлықты басу үшін қырып-жою аңдардың азаюына, мейірімділік қасиетімен безендіріле жаратылған адам баласын қатыгездікке тәрбиелейтіні сөзсіз. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кімде-кім бір құсты бостан-босқа, мұқтаждықсыз өлтірсе, ол құс қиямет күні былай деп үн қатады: «Уа, Раббым! Пәленше мені пайдасы үшін ауламай, бостан-босқа өлтірді» дейді.
Аңдарды балалау немесе жұмыртқалау мерзімдерінде аулаудан сақтану – мейірімді адам баласының ұмытылмас міндеті.
Ойын-сауық құрып, құмарлық үшін барлық уақытын аңдардың соңында өткізіп, аңды қалай аулағанын, қалай қуалағанын айтуды ермек қылған адам негізгі көңілін бөлетін маңызды нәрселерді ұмыт қалдырып, руханияттан мақұрым қалары сөзсіз. Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде: «Аңның соңына түскен адам ғафыл (бейқам) болады» – деп, осы шындыққа назарымызды аударған.
Әрине, аң аулап, ризық табу – халал кәсіп жол. Десек те, басқа ризық табу жолдары одан абзалырақ.
Ал аң аулау жолдарына келсек аңды аулау үшін оны жаралайтын, қансырататын мылтық, садақ сияқты қару болуы керек.
Аңның терісін тесіп немесе жыртып қанын ағыза алмайтын шоқпар, таяқ сияқты құралдармен ұрып өлтірілген аңдардың етін жеуге болмайды.
Аң үйретілген бүркіт, қаршыға сияқты құстар мен үйретілген ит арқылы ауланады.
Аңшылыққа үйретілген ит немесе құс аңға жібергеннен кейін қайта шақырылған уақытта иесіне дереу келулері керек. Олардың ұстаған аңдарының етінен ұстаған уақытта жемеулері керек.
Сонымен қатар аң тұзақ, қақпан құру арқылы да аулауға болады.

[ Жоғары ]

 Адамның жақыны қайтыс болса, оған қайғырып, жылау дінімізде дұрыс па?

Бір күні пайғамбарымыз (с.ғ.с.) зиярат ету үшін қабірге барғанда, баласы жерленген зираттың жанында шашын жұлып, бетін тырнап, тағдырын қарғап-сілеп күңіреніп отырған бір әйелді көреді. Қасына жақындап оның бұлайша зарлап жоқтауының дұрыс еместігін айтпақ болғанда пайғамбарымызды танымай қалған әлгі әйел: «Менің қандай қайғы-қасірет шегіп отырғанымды сен түсінбейсің, менен аулақ жүр» деп маңына жолатпады. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үндеместен ол жерден кетіп қалды.
Сол жердегілер күңіреніп отырған әйелге ол кісінің Мұхаммед пайғамбар екендігін айтқанда, есі шыққан әйел өзін қоярға жер таппай қалады. Алла Елшісіне әдеп сақтамағандығын өзі де байқамай қалған еді. Сол мезетте-ақ пайғамбарымыздың үйіне жетіп барады. Есік аузында күзетші жоқ еді. Есікті қақпаған күйі ішке баса-көктеп кіріп барып, әлгіндегі қылығына өкініш білдіріп, пайғамбарымыздан кешірім сұрайды. Сол кезде пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сабыр − соққының алғаш тиген сәтінде» деп ескерткен еді. (Бухари, Жәнәиз, 32; Муслим, Жәнәиз, 15) Иә, ең маңыздысы сабыр. «Жазмыштан озмыш жоқ» демекші, тағдырдың жіберген ауыр сынын да ризашылықпен қабылдау керек. Шашты жұлып, бетті тырнап, тағдырды қарғап-сілеу және орынсыз сөздер айтудан ұзақ тұрған жөн.
Әрине қатты жақсы көрген адамның қайтыс болғанын естігенімізде оның ішінде әке-шеше, аға-әпке, жары, жора-жолдас және бала-шаға үшін қатты қайғырамыз. Бір жақының қаза болса, көңілдің босамауы, көзге жастың келмеуі мүмкін емес. Адамзаттың асыл тәжі біз үшін үнемі үлгілі тұлға бола білген. Мәселен пайғамбарымыздың ұлы Ибраһим жастай шетінегенде екі әлемнің Сардары көзіне жас алған еді. Сонда қасындағы сахабалар таңырқанып «Уа, Расулаллаһ бұныңыз не?» дегенде пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Көңілдер босап, көзге жас келеді. Соған қарамастан Раббымыздың басымызға салғанына наразылық танытып, Оған қарсы келетін сөздер айтпаймыз» деген жауабы біз үшін үлкен ғибрат. Осылайша пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жалғыз ұлын соңғы рет құшағына басып бір иіскеді де «Ей Ибраһим, шындығында да сенің кетуің мені қатты құлазытты» деп көзінен жас парлаған. Бірақ Жаратқанның жазмышына қарсы еш бір сөз айтпаған.

[ Жоғары ]

 Азан шақырылғанда не істеуіміз керек? (Айжан)

Азан – сөзі «хабар беру, естірту» деген мағынаны білдіреді. Дініміздегі терминдік мағынасы – намаз уақытының басталғандығын білдіру үшін айтылатын арнайы шақыру сөздері.
Ол Азан дініміздегі орны ерекше. Сонымен қатар азан – негізгі ислам рәміздерінің бірі. Мұсылман баласы азан шақырылғанда оны ықыласпен тыңдап азан сөздерін қайталауы керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Азанның дауысын естігенде азаншының сөздерін қайталаңдар...» деген. Тағы бір хадисте: «Хаййә алас-Саләһ (Намазға асық!), Хаййә аләл-Фәләх (Азаттыққа, мәңгілік бақытқа жетуге асық!), деген кезде Ләә хаула уәләә қууата иллә биллаһ (Күш қуатқа тек Аллаһ ғана тән) деген сөздерді айту керектігін өсиет еткен» Өйткені намазды өз деңгейінде орындау өте жауапты игі амал. Осылайша мүмін, азаншының дауысын естігенде «күш қуат тек Аллаһқа ғана тән» деу арқылы «Уа, Аллаһ тағалам! Егер де Сенің күш қуатың болмаса намаз да өз деңгейінде өтелмей мәңгілік бақытқа жете алмас еді» деген болады.
Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бір хадисiнде былай деген:
«Ей, менiң үмметiм азан бiткен соң мына дұғаны оқыңдар: «Аллаһуммә раббә һәзиһид дауәтит таммәти, уәс саләтил қаимәти, әти Мұхаммадәнил-уәсиләтә уәл фадийләтә, уәд-дәражатар-рафийъа, уә бъасһу мақамән махмудәнил лазий уа адтәһу».
«Иә Аллаһ тағалам! Мына толық азан мен оқылатын намаздың Раббы! Хазірет Мұхаммедке арқау болуды, ерен ерекшелікті және жоғары дәрежені бер! Және де оны өзің уәде еткен «Махмуд шыңына» жеткіз. Сенің өзің берген уәдеңді орындайтыныңа ешқандай күмән жоқ».

[ Жоғары ]

 Ассалаумағалейкум, Сіздерден сұрайын дегенім Құрбан малы қалай шалынады, қандай дұғалар оқылады?

Құрбан ретінде шалынатын малды қинамау үшін, өткір пышақ қолдану керек. Малды сою үшін жерге жатқызғаннан кейін пышақты көз алдында жалақтатып, қайрау – мәкрүһ. Ал, қинамай сою – сүннет. Пайғамбарымыз бір хадисінде былай дейді: «Малды бауыздаған уақытта жақсылап бауыздаңдар. Кімде-кім мал сойса, пышағын жақсылап қайрасын және тезірек бауыздап малды рахатына қауыштырсын». (Муслим, Сайд, 57)
Құрбан ретінде шалынатын мал құбылаға қарата жатқызылып, дұға ретінде мына аят оқылады:
{إنَّ صَلاتِي وَ نُسُكِي وَ مَحْيَايَا وَ مَمَاتِي لِلّهِ رَبِّ الْعَالَمِينَ لا شَرِيكَ لَهُ}
«Инна салати уа нусуки уа махиаиа уа мәмәти лилләһи Раббил 'аламина лә шәрика ләһ».
«Күмәнсіз менің намазым және басқа ғибадаттарым, өмірім де, өлімім де бүкіл әлемдердің Раббы Алла үшін. Оның еш серігі жоқ». Одан кейін:
{ألله ُ أكْبَرُ, ألله ُ أكْبَرُ, لا إلَهَ إلاَّ اللهُ وَاللهُ أكْبَرُ, ألله ُ أكْبَرُ وَلِلَََّهِ الْحَمْدُ}
«Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллаллаһу, уАллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд» – деп, тәкбір айтып, «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» – деп бауыздалады. Тек қана құрбанның иесінің ғана «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» – деуі жеткілікті емес. Құрбанды бауыздаған адам да «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» – деуі керек. Әдейі ұмытпастан «Бисмиллаһ» деп айтпаса, құрбанның етін жеуге болмайды. Өйткені, Алланың аты айтылып, бауыздалмаған малдың етін жеу – харам. Құрбанның иесі құрбанды бауыздайын деп жатқан қасаптың қолының үстіне қолын қойып, бірге бауыздаса, екеуінің де «Бисмиллаһ» деп айтулары керек.
Сойылатын мал құрбан ниетімен бауыздалу керек. Малдың жаны шыққаннан кейін барып қана терісі сыпырылады. Жаны шықпай жатып басын кесіп алып тастау немесе терісін сыпыру–мәкрүһ.

[ Жоғары ]

 Аяғы ауыр ананың жанын аман алып қалу үшін, оның ішін жарып баланы алғаннан соң (бала өлі туған жағдайда) алты айлықтан асса қолға беріледі, ал алты айға жетпесе онда дәрігерлер қолға бермейді, оны өртеп жібереді екен. Осындай жағдайлар кездесіп жатады, оны қалай шешуге болады?

Негізі аяғы ауыр ананың жанын аман алып қалу үшін, оның ішін жарып өлген баланы алуға шариғатта рұқсат етеді. Ал адамды өртеу ислам дініне жат нәрсе. Сондықтан ғалымдар адамды өртеуге болмайтындығын бір ауыздан айтқан. Ол қандай жағдайда болсын жерленуі керек. Яғни 120 күнге толып жаны берілгеннен кейін өлсе немесе 4 айға жетпей түсіп қалсада жер қойнауына беріледі.
Сондай-ақ адамға тірі кезінде қалай құрметпен қаралса өлгенде де сондай құрметпен қаралған дұрыс. Құран Кәрімде Алла Тағала: «Біз адам баласын құрметті еттік» ( «Исра» сүресі, 70-аят) - десе, Пайғамбарымыз (с.а.с): «Өлген адамның сүйегін сындыру тірі кезінде сындырғандай» дейді. (Ибн Мәджә, ӘбуДәуд, ибн Хаббан сахихында). Тағы бір хадисте зираттың үстіне отырмаңдар деп өліге сый құрметпен қарау керектігін де ескерткен.
Ал дәрігерлердің алты айға толмаған баланы алып, қолға бермей өртеу мәселесін тиісті мекемелерден сұраған дұрыс. Біздің міндетіміз оларға Ислам тұрғыдан өртеуге болмайтындығын түсіндіруіміз керек.

Діни уағыз-нәсихат бөлімінің маманы
Исламтанушы Ұтысхан Алтынбек

[ Жоғары ]

 Дұғаның адамзат өмірінде алатын орны қандай? Оның маңыздылығы жөнінде Құран, хадисте келген бе? (Талғат)

Құран кәрімнің дұғаға ерекше тоқталуы әрі Пайғамбарымызға дұғаның қалай жасалу керектігін тәлім етуі бұл істің қаншалықты маңызды екенін ұқтырса керек. Сонымен қатар адамзаттың асылынан келіп жеткен жүздеген, тіпті мыңдаған хадистер де дұғаның артықшылығына баса назар аудартуда. Ғаламға рахым ретінде жіберілген Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үмметіне дұғаны қай кезде, қалай жасау керектігін өмірімен өрнектеп, үйреткен. Оның өміріне зер салсақ, ешбір сәтін дұғасыз өткізбеген. Пайғамбарымыздан жеткен дұғалардың өзі том-том кітаптарға жүк боларлық. Ендеше, Құран кәрімдегі аяттар мен Пайғамбарымыздың бір қатар хадистеріне сүйеніп, мәселені талдап көрелік.
Құранда Алла тағала:
وَمَا خَلَقْتُ الْجِنَّ وَالْإِنسَ إِلَّا لِيَعْبُدُونِ
«Жындар мен адамзатты тек Өзіме ғана ғибадат жасасын деп жараттым» деп өмірге келуіміздің мақсатын көрсетсе, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
اَلدُّعَاءُ مُخُّ الْعِبَادَةِ
«Дұға – құлшылықтың негізі» , – деп құлшылық негізінің дұға екенін ұқтырған. Құлшылықсыз, дұғасыз өткен өмірде мән-мағына да болмайды. Өйткені, Құран кәрімнің мына аяты да құлшылықпен, дұғаның маңыздылығын айшықтайды:
قُلْ مَا يَعْبَؤا بِكُمْ رَبِّي لَوْلَا دُعَاؤُكُمْ
«Айт (Мұхаммед с.ғ.с.)!: Егер дұғаларың болмаса, Раббым сендерді қалай бағаласын?... ».
Иә, құлшылығымыз бен дұғамыз болмаса, біздің құнымыздың, қадір-қасиетіміздің жоқтығын ескертуде. Сондай-ақ Алла тағаланың құлына өте жақындығы Құранда былай баяндалады:
وَإِذَا سَأَلَكَ عِبَادِي عَنِّي فَإِنِّي قَرِيبٌ أُجِيبُ دَعْوَةَ الدَّاعِ إِذَا دَعَانِ فَلْيَسْتَجِيبُواْ لِي وَلْيُؤْمِنُواْ بِي لَعَلَّهُمْ يَرْشُدُونَ
«(Мұхаммед с.ғ.с.) егер құлдарым, Мен туралы сенен сұраса: Мен оларға өте жақынмын, тілек тілеушінің дұғасына жауап беремін. Ендеше, олар да әмірімді қабыл етсін. Және маған сенсін. Бәлкім, тура жол табар» .
Яғни, Алла тағалаға шынайы сеніммен мінәжат жасап, ықыласпен дұға етсе, оны естіп, міндетті түрде дұғасына жауап қайтарады.

[ Жоғары ]

 Дінімізде кез келген жануардың етін жеуге болмайды деп есіттім. Соның аражігін ажыратып, ненің және қандай жануарлардың етін жеуге болатынын түсіндіріп берсеңіздер. (Бекасыл)

Дінімізде еті желінетін және еті желінбейтін хайуандар тек қана суда өмір сүретін, суда да, құрлықта да өмір сүретін және тек қана құрлықта өмір сүретін хайуандар болып үшке бөлінеді.
1. Тек қана суда өмір сүретін хайуандар
Ханафи мәзһабында жалпы суда өмір сүретін хайуандардан тек қана балық түрлері желініп, балық түріне жатпайтын суда өмір сүретін барлық хайуандардың еті желінбейді. Сырттан белгілі себептің салдарынсыз өздігінен өлген балықтың еті желінбейді. Бірақ судың тартылуына байланысты, қатты ыстық немесе қатты суықтың салдарынан өлген немесе құстар тарапынан өлтірілген балықтардың етін жеуге болады.
2. Суда да, құрлықта да өмір сүретін хайуандар
Кесіртке, жылан, тасбақа, крокадил, дельфин т.б. осы тәріздес әрі суда, әрі құрлықта өмір сүре алатын хайуандардың еті желінбейді.
3. Тек қана құрлықта өмір сүретін хайуандар
Жаратылысында жыртқыштық қасиеті, яғни орақ тістері және жыртқыш топшылары жоқ және адамның табиғатына жиркенішті көрінбеген жалпы хайуандар діни негіздерге сай ауланып немесе сойылса, еттерін жеу – халал.

[ Жоғары ]

 Денеге сурет салу (татуировка) дұрыс па? Бұл ғұсыл алуға немесе дәретке кедергі бола ма?

- Бұл мәселені екі бөлек қарастырғанымыз жөн. Өйткені денеге сурет салдыру мен сурет салынған денемен құлшылық жасаудың айырмашылығы бар.
Денеге сурет салу немесе салдыру Аллаһтың жаратқан тәнін өзгерту болып саналады. Сондықтан Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Денеге сурет салғанға да, салдырғанға да Аллаһтың лағынеті болсын» деп, бұл істің харам екендігін айтқан.
Исламды кейіннен қабылдаған жан, бұл істің харам екендігін кеш білсе, мүмкіндігінше денесіндегі суретті кетіргені дұрыс. Ал кетіре алмаса, оны әдейілеп қырнап, күштеудің, қиналудың қажеті жоқ. Тек тәубе қылып Аллаһтан кешірім сұрауы керек. Ең бастысы, бұл денесіндегі салынған сурет оның ғибадат қылуына бөгет болмағаны дұрыс, шайтан: «сенің денеңде сурет бар. Намаз оқыма, ораза ұстама», – деп адамды азғыруы мүмкін. Салынған сурет терінің астына піспелеп, бояу жіберіп әшекейлегендіктен терінің үстіне су тиюіне бөгет болмайды. Сондықтан салынған суреттің үстіне дәрет алуға, ғұсыл жуынып ғибадат қылуға, намаз оқуға болады.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Амр ибн Асқа: «Исламға кіру – бұрынғы күнәларды жояды» деген хадисі осы мәселені айшықтай түседі. Өйткені ислам діні пенденің мұсылман болмай тұрып істеген күнәларын толықтай кешіріледі.

[ Жоғары ]

 Егер қажетті нисап пайда болған жагдайда, бірақ ол бір жылға жетпеген болса кедей-қарыздар адамдарға зекет беруге бола ма?

Зекеттің парыз болуы үшін күнделікті тіршілікте қолданылатын негізгі қажеттер мен қарыздардан тыс, нисап көлеміне жететін байлыққа ие болуы керек. Нисап дегеніміз – зекетті парыз ететін белгілі байлық мөлшері. Жыл толу мәселесінде Имам Әбу Ханифаның көзқарасына сүйенсек, зекеті берілетін байлық екіге бөлінеді.
а) Алтын, күміс, барлық ақша түрлері және жылдың көбінде қырда жайылатын малдар мен сауда заттары.
ә) Барлық егістік, бау-бақша өнімдері мен қазба байлықтар.
Бірінші бөлімдегі зекет берілетін заттар мен дүние-мүлік, малдардың зекеті берілу үшін толық бір жыл толуы шарт. Өйткені, малдардың төлдеп, сауда заттарының кіріс кіргізетін уақыты кем дегенде бір жыл.
Ал екінші бөлімдегі зекеті берілетін дүниелердің зекеті берілуі үшін бір жыл толуы шарт емес. Өйткені, егіс пен бау-бақшадан бірнеше айда өнім алуға болады. Сол сияқты қазба байлықты бір жылда бірнеше рет алуға болатындықтан, бұларға нисап мөлшері мен бір жыл толу шарты қосылмайды. Ал Әбу Юсуп пен Мұхаммедтің бұл мәселедегі көзқарасына сүйенсек, шамамен бір тоннаға жетпейтін және қолда бір жыл сақтауға шыдамайтын егіс өнімдері мен жеміс-жидектерден зекет алынбайды.
Зекет парыз болу үшін ханафи мәзһабында нисап көлемі жылдың басында әрі жылдың аяғында толық болуы шарт. Мысалға, бір адам негізгі қажеттерінен тыс 100 грамм алтынға ие болса, бір жыл толғаннан кейін 50 грамға азайса, бұл адамға зекет беру парыз емес. Бірақ жылдың ортасында азайып, жылдың аяғында нисап көлеміне қайта жетсе, зекет беріледі. Мысалға, алты айдан кейін 50 грамға азайса, бірақ жылдың аяғында 120 грамға шықса, жылдың басындағы 100 грамның немесе жылдың ортасындағы 50 грамның зекеті берілмей, жылдың аяғындағы 120 грамның зекеті беріледі.
Зекеті берілетін байлық, мал-дәулет бір жыл толғаннан кейін көбейіп өссе, көбейген бөлімінің зекеті дәл сол жылы берілмейді. Көбейген бөлімінің зекеті келесі жылы дәл сол уақытта беріледі. Мысалға, бір адамның қолында өткен жылғы Рамазан айының он бесінде 100 мың теңге болса, бұл көлем биылғы жылы Рамазан айының он бесіне дейін 140 мың теңгеге көбейіп, Рамазан айының жиырмасында 160 мыңға жетсе, 140 мың теңгенің ғана зекеті сол жылы беріледі.
Зекеттің парыз болуы үшін малға бір жыл толуы керек дедік, бірақ пақыр кедей-кепшіктердің жағдайын ойлап, бір жыл толмай да зекет бере беруге болады. Бірақ бір жылда екі рет зекет берілмейді.
Зекеті берілетін байлыққа зекет беруші адам толық ие болуы керек. Яғни, иесінің иелігінде және қолында тұрып, қалаған уақытта қолдана алатындай мүмкіндікте болуы керек. Мысалға, басқа біреуге кепілдікке берілген затқа зекет берілмейді. Өйткені, кепілдікке берілген зат, иесінің иелігінде десек те қалаған уақытында қолдана алмайды.
Сатып алынып, әлі қолына тие қоймаған затқа зекет беріледі. Өйткені, сатып алынған заттың сатып алған адамның қолына тию пайызы басымырақ.
Бір адам зекетті ниет етпей анда-санда кедейлерге бір нәрселер беріп тұрса, зекет парызы мойнынан түспейді.
Зекет тек қана Аллаһ ризашылығы үшін берілуі тиіс.

[ Жоғары ]

 Етеккір келгенде намаз оқуға бола ма? (Қабидош)

Етеккір (Хайыз) – әр айдың белгілі күндерінде әйел адамдарда кездесіп, кей ғибадаттарына кедергі келтіретін қан. Әйел хайызы, Имам Ағзам мәзһабы бойынша, шамамен тоғыз жасынан елу бес жасына дейін жалғасады. Хайыз пайда болған әйел намазы мен оразасын дереу доғарады. Бірақ оразасының кейін қазасын ұстайды. Хайыз күндеріндегі намаздарының қазаларын «жеңілдік қағидасына» байланысты өтеуінің қажеті жоқ. Хайыздың ең аз мерзімі – үш күн. Ең көбі – он күн. Бұдан азды-көпті болса «үзір қаны» деп саналады. Хайыз қаны – Аллаһтың әйелдерге жазғаны. Хазіреті Хауа анамыздан бастап әрбір әйел хайыз көре келген. Пайғамбарымыз: «Бұл хайыз Аллаһ Тағаланың Адамның қыз ұрпақтарына жазған нәрсесі», – дейді. Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз Әбу Хубайш қызы Фатимаға былай дейді: «Хайыз қаны аққанда намаз оқуды доғар. Тоқтағанда ғұсыл алып оқы» деген болатын. Сондықтан да етеккір келгенде намаз оқылмайды.

[ Жоғары ]

 Жүніп күйінде көз жұмған пенде ақыретке имансыз кеткен бола ма?

Жүніп болған күйде қайтыс болу мен иманды болуды шатастырмаған жөн. Жүніп болған адамның намаз оқу, ораза ұстау, Құран оқу секілді ғибадаттарды орындау үшін ғұсыл алуы шарт. Ғұсылы болмаса, бұл ғибадаттардың ешқайсысы дұрыс болмайды.
Ал, жүніп болған күйде көз жұмған адамның жүрегінде иманы болса, ол иманды болып саналады. Бұл мәселеге қатысты үйленгеніне бір күн де өтпей, жүніп күйде Ухуд соғысында шейіт болып, періштелердің марапатына бөленіп, Пайғамбарымыздың (c.ғ.с.) разылығын алған Ханзаланың оқиғасы тура келсе керек.
Соғыстан кейін Ханзаланың әйелі Пайғамбарымыздан:
- «Уа, Аллаһтың Елшісі! Ханзала қайда?» - деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
«Ханзала шейіт болды», – дейді.
Сол кезде Ханзаланың әйелі:
- «Уа, Расулаллаһ! Күйеуім таң ата ғұсыл дәретін алып үлгерместен соғысқа аттанып кеткен еді. Енді рұқсат етсеңіз, күйеуімді жуғызып көмсек», – дегенде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сен Ханзаланы уайымдама! Көктің бірінші қабатындағы періштелер оны рақым суымен жуып шайғанын көрдім», - деп үлкен сүйінші хабар айтады. Бұл оқиғадан кейін халық Ханзаланы «Ғасилул-мәлаика» («Періштелер жуған Ханзала») деп еске алатын болды.

[ Жоғары ]

 Жақсы көрген ер азаматтан балалы болудың азабы қандай?

Кешіріңіз, мен бұл жерден некесіз бала табу деп түсініп тұрмын. Егер де осылай болса мұны дінімізде зина дейді. Зина – сөзінің түсіндірмесі ер не әйелдің бөгде біреумен некесіз жыныстық қатынасқа баруы дегенді білдіреді. Зинақорлық Ислам дінінде ғана емес, сондай-ақ өзге илаһи діндерде де тыйым салынған үлкен күналардың қатарына жатады. Құран Кәрімнің «Исра» сүресінің 32-аятында: «Зинаға жақындамаңдар» деу арқылы осы арсыз қылықтардың барлығына тыйым салып қана қоймай, зинаға жоламауды, тіпті оған апатарын әр түрлі әрекеттерден аулақ болуды бұйырған.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір өсиетінде: «Неке қидырып үйленіңдер, перзентті болып көбе¬йіңдер. Әрине, мен сендердің көп¬тік¬теріңді қиямет күні басқа үм¬мет¬тің алдында мақтаныш етемін» деген.
Зина жасағандарға берілетін жаза туралы қасиетті Құран Кәрімнің Нұр сүресінің 2-аятында:
«Зинақор әйелге де, зина жасаған еркекке де жүз (қамшы) дүре соғыңдар. Егер сендер Аллаһқа, қиямет күніне сенетіндерің рас болса (зинақорларға) аяушылық жасамаңдар. Оларды жазалағанда мүміндерден бір топ куә қастарыңда болсын» деп бұйырған.
Егер де зина жасағанын екі жұп та мойындамаса. Не зина жасағандығына куәгерлер болмаса онда ол екі жұп тәубе еткені дұрыс.
Жамандықтан адам тек бұл дүниеде бiлiп – бiлмей iстеген қателiгiне iштей шын жүректен өкiнiп Алла тағалаға жалбарынумен немесе ахиреттегi тозақ отымен ғана арыла алады. Құранда:«Ей, иман келтіргендер! Аллаға шын жүректен тәубе етiңдер,» (Тахрим, 8)- дейді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кiмде – кiм Алладан күнәлары үшiн кешiрiм сұрауды өзiне мiндет тұтса, Алла тағала да ол пенденi барлық қиыншылықтар мен қайғы-қасіреттен құтқарады. Және оған ойламаған жерден несiбесiн бередi», - деген.

[ Жоғары ]

 Зекет кімдерге берілмейді? (Олжас)

1. Мұсылман еместерге.
2. Нисап мөлшеріндегі байлық иелеріне.
3. Әке-шешеге, ата-әжеге және олардың ата-аналарына зекет беруге болмайтыны сияқты, өзінің балаларына, немерелеріне, олардың балаларына және кейінгі барлық ұрпақтарына зекет беруге болмайды.
Шафиғи мәзһабында аталмыш кісілер қарызданып қалған жағдайда ғана қарыздарын өтеу үшін бір-бірлеріне зекеттерін берулеріне болады. Ал қарызы жоққа беруге болмайды.
4. Әдетте, кедей-кембағалдарды қолдайтын Ислам шамасы келе тұра жұмыс істемей, даярға әдеттенген масыл адамдарға зекет берудің дұрыс еместігін айтады. Өйткені, зекет берудегі мақсат – қоғамда жатып ішерлердің санын көбейту емес, бір жағдайлармен кедейлікке ұшыраған жандарды кедейліктен құтқару.
5. Бәни Һашим. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) туыстары саналатын Һашим ұрпақтары. Пайғамбарымыз (с.а.у.) сыйлықты қабыл алғанымен, ешбір садақаны қабыл алмайтын (Муслим, Зекет,162-165) және туысқандарына да алдырмайтын.

[ Жоғары ]

 Зекет кімдерге және қандай орындарға беріледі?

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Маған зекет бер» – деген адамға былай жауап берген:
«Ұлы Аллаһ зекеттің берілетін орындары жайында пайғамбарының да, басқаның да үкіміне разы болмай, өзі берді. Оны сегіз топқа бөлді. Егер сол сегіз топтың ішінде болсаң, саған есеңді беремін» (Әбу Дәәуд, Зекет, 24).
Иә, зекеттің берілетін орындарын Аллаһ Тағала «Тәубе» сүресінің алпысыншы аятында тағайындап білдіреді: «Шын мәнінде садақалар (зекеттер), кедей-кепшіктерге, түгі жоқ міскіндерге, зекетті жинауға тағайындалған адамдарға, көңілдері жібітілуі мақсат етілгендерге (жаңа мұсылмандарға), құлдарды азат етуге, қарызға батқандарға, Аллаһ жолына және қиналған жолаушыларға берілуі Аллаһ тарапынан парыз етілді» (Тәубе, 60).

Бұл аятта айтылған сегіз топты былай түсіндіруге болады:

1-2. Пақырлар мен міскіндер
Пақыр деп – нисап мөлшеріне жететін байлығы жоқ адамдарға, міскін деп – түгі жоқ адамдарға айтылады.

3. Зекет жинауға тағайындалған арнайы адамдар
Зекеттердің жиналуы, сақталуы, есептеліп, лайық адамдарға таратылып, тапсырылуы сияқты жұмыстар үшін мемлекет тарапынан тағайындалған адамдар. Бұларға зекеттен белгілі есе аталмыш еңбектерінің қарымына айлық ретінде берілгендіктен тағайындалған адамдардың бай болулары зекеттен мемлекеттің белгілеген мөлшерін алуларына бөгет емес.

4. Муәллафатул-қулууб
Мұсылман болу бақытына әлі кенелмеген кейбір адамдардың жаманшылығынан сақтану үшін және Ислам дінін жаңадан қабылдаған иманы әлсіз адамдардың, тіпті әлі Исламды қабылдамаған кейбір адамдардың көңілін жібіту үшін Пайғамбарымыз (с.а.у.) кедей болсын, ауқатты болсын, оларға зекеттен белгілі есе беріп отырған. Міне, осы аталмыш үш топ Құранда айтылып, зекеттен белгілі бір есе тағайындалған «муалләфатул-қулууб» тобына жатады.
Бірақ Хазіреті Омар дәуірінде бұл топқа берілетін зекет есесі тоқтатылған. Тоқтатылуының басты себебі, Ислам дінінің дүниеге қанат жайып қуаттанғаннан кейін бұлардың көңілін Исламға жібітіп, жаманшылықтарынан сақтанудың қажеті болмай қалуында еді. Бірақ кейбір ғалымдардың фәтуасына сүйенсек, қажет болған жағдайда, қайтадан бұл топқа беруге болады.

5. Құлдар
Қожайынынан азат болу үшін белгілі ақшаға келіскен құлдарға зекет беріледі. Міне, бұл Ислам дінінің құлдарды азат ету жолында жұмсаған еңбектерінің бір көрінісі.

6. Қарызға батқандар
Қарызынан тыс нисап мөлшеріндегі малға ие болмаған немесе басқасында алатын қарызы болып, қайтарып алуы мүмкін болмағандар «қарызды адамдардың» тобына жатады. Пақырға зекет бергеннен гөрі қарызынан қиыншылық көріп жатқан адамдарға зекет беру – абзал. Өйткені, қарызынан құтылу – қарызы бар үшін басты міндет.

7. Аллаһ жолында
Бұл топқа Аллаһ ризалығы үшін ілім іздеушілер, Аллаһ Тағаланың дінін қорғау және жастарымызды имандылық, адалдық, адамгершілік, әділдік сияқты жақсы қасиеттерге тәрбиелеу үшін, жалпы қоғам пайдасына шешілетін қайырлы істер үшін бар күштерін салып еңбек етушілер кіреді.

8. Қаржылары бітіп, жолда қалғандар
Бұларға негізгі тұрғылықты жерлерінде ақшалары барлар жатады, яғни, бай болса да оларға зекет беріледі (қажылар, ілім ізденушілер, т.б. сияқты).

[ Жоғары ]

 Интернетте ойын ойнауға бола ма? (Гүлнар)

Ақша тігіп, құмарлыққа салыну және дініміздің тыйым салған ойыны болмаса ойнауға болады. Онда мынадай нәрселерді ескерген жөн:
1- Намаз секілді маңызды құлшылықтарды ұмытып кетпеу;
2- Құмар ойынға айналдырмау;
3- Тіліне ие болу, өзгені балағаттамау;
4- Қарсыласымен адамдық, моралдік қарым-қатынаста болу. Алайда ойынға міндетті түрде азды-көп уақыт кетеді.
Негізінде уақыт адам баласы үшін өте қымбат ұғым. Уақыт бізге емес, біз уақытқа тәуелдіміз. Құранда: «Әрбір үмметтің ажалы (белгіленген уақыты) бар. Олар оны бір мезет кешіктіре де, ілгерілете де алмайды» - дейді («Ағраф», 34). Сондықтан уақыттың мәнін дұрыс түсінген абзал.
Уақыттың қадірін жете түсінген Алла тағаланың тақуа құлы Имам Уақи қарны ашқанда нан жемей, тек сұйық ауқат ішеді екен. Бұның себебі сұралғанда ол: «Нанды шайнауға жұмсалған уақытта күніге 50 аят және хадис оқуыма болады», - деп жауап берген екен. Иә, уақытты бос өткізу де, өлтіру де Имам Уақиға тым жат құбылыс екені осы сөзінен-ақ байқалады. Сондықтан да адам баласы үшін уақыттың қадірін біліп оны тиімді пайдалану өте маңызды.
Ибн Аббас (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.ғ.с.) бір кісіге насихат айтып жатып былай деді: «Бес нәрседен бұрын бес нәрсенің қадірін біл: Қартаймай тұрып жастық шақтың қадірін біл, ауырмай тұрып денсаулықтың қадірін біл, кедейліктен бұрын байлықтың қадірін біл, қысылтаяңнан бұрын бос уақытты қадірле және өлмей тұрып тірілігіңді ғанибет біл».
Ибнул-Жаузи: «Адамға жарасатын нәрсе - уақыттың қадірін біліп, оның әр сәтін ұтымды пайдалана білу. Мен адамдардың уақыттарын сұмдық өлтіретіндіктерін байқадым. Ондай адамдарды батып бара жатқан кемеде алаңсыз әңгіме-дүкен құрып отырған жолушыларға ұқсатам» дейді.
«Адам баласы екі нәрсенің қадірін білмейді: бос уақыт және денсаулық» деп хадисте ескертілген әрі кезінде ислам ғұламалары осыншалықты көңіл бөлген уақыт мәселесіне біз бүгін өте самарқау қарайтын сияқтымыз.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қиямет күні адам баласы мына 5 нәрседен сұрайлмай қоймайды: соның біреуі: өмірін (уақытын қайда) өткізгені» дейді.
Сондықтан да мұсылман баласына маңызды игі амалдар тұрғанда уақытты босқа сарп еткені жараспас.

[ Жоғары ]

 Исламда әйел затының шалбар киюі күнәға жатады ма?

Қай тұрғыдан қарасаңыз да, киінудің өзіндік үкімі болады. Бүгінгі таңда ерлер мен әйелдердің киім кию үлгісінде айырмашылық азайып бара жатқан сияқты.
Біріншіден, әйел адамның киімі дініміздің бұйрығы бойынша жұртқа жария қылып көрсетуге тыйым салынған әурет жерлерін жауып жүруі және ер адамның киімдерінен өзгешелеу болуы маңызды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) осыны ескерткен. Ер адамның әйелше киінуі мен әйелдің киімдерін ер адам ұқсатып киінуінен басталған хадистің соңы лағнет дұғасына барып тіреледі.
Әйел заты осы хадисті ескеріп, алдымен дініміз әмір еткен жерлерін жабуға, одан соң, киімдерін ер адамға ұқсатпай, өз қасиеттерін сақтауға тырысуы тиіс. Қоғамда шариғаттың осы заңы қолға алынса, оның екі дүниеде пайдасы мол болар еді. Өйткені күн өткен сайын ер мен әйел кісіні сыртқы киіміне қарай ажырату қиындап бара жатыр. Тіпті кейбір киім үлгілерін ер адамға немесе әйелге тән деп бөліп көрсете алмайтын жағдайға келдік.
Сонымен қатар күнімізде әйелдер киіп жүрген етекті ұзын көйлек әйелдерге ғана тән киім емес. Себебі арабияда мұндай көйлекті ерлер де кие береді. Осы секілді шалбар кию де ерлерге ғана тән емес. Әйелдер де киюіне болады. Бірақ қатты тар болмауы әрі жоғарғы жағына бүйірі мен бөксесін жауап тұратындай етіп ұзынша кофта киюі керек.
Олай болса шалбар еркектің киімі ме, әлде әйел киімдеріне жатады ма деген сұрақтың жауабын ең алдымен, шалбардың тарлығы мен кеңдігін немесе оның дініміз бұйырған әурет жерлерді жауып тұруын қозғаудан бастаған дұрыс. Іштен дене бітімін білдіріп тұрмайтындай бүйірі мен бөксесін жауап тұратын кең шалбар киілген болса, онда оны ер киімі деп түсінбеуіміз керек. Өйткені ол киім әурет орындарды толықтай жауып тұрады.
Қ.Ержан
ҚМДБ-ның қызметкері

[ Жоғары ]

 Күнге жылыған сумен дәрет алуға бола ма?

Табиғи сулар деп табиғатта кездесетін тұнық жаңбыр, қар, өзен, теңіз, көл суларын және құдық суы секілді жерасты суларын айтамыз. Су дегенде ойға оралатыны да осылар. Дәрет пен ғұсыл алуға тек осы сулар пайдаланылады.
Табиғи үш (реңі, исі, дәмі) қасиетін жоғалтпаған бұл сулар тұрмыста пайдалануға, яғни ішуге, тамаққа қосуға, ғұсыл, дәрет алуға жарайды.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Судың реңі, дәмі немесе иісі өзгермейінше су таза» (Зәилай, Насбур Рая, 1/94) деген.
Сонымен қатар темір, қола сияқты ыдыстарда және ауа райы тым ыстық болған аймақта күн сәулесімен ысытылған сумен дәрет алу, ғұсыл құйыну мәкруһ. Өйткені Айша анамыз (р.анһа) пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үшін күн сәулесінде су ысытты. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ей Хумайра (Айша анамыздың лақаб аты) олай жасама. Өйткені ол алапес ауруына жол ашады» деген еді (Дарекутни, Таһарат, 1/38 2 хадис).
Фиқһ ғұламалары «ауа райы ыстық болған аймақта, суды бір ыдыста (күн сәулесіне) ысытатын болса, күн сәулесінен ыдыстан кішкентай бөлшектер бөлініп суға араласады. Ал ол микроптар адам денесінің клеткаларын бітеп тастайды. Нәтижеде ауруға жол ашады. Бірақ су алтын, күміс, ағаш, шыны секілді ыдыстарда, бассейнде немесе ауа райы тым ыстық болмаған аймақта күн сәулесімен ысыса да дәрет, ғұсыл алуға болады» дейді.
Ал қазіргі таңдағы күн сәулесімен ысытуға келейік.
Фиқһ кітаптарының барлығында емес, тек санаулысында ғана «дәрет алу әдебі» бабында күн сәулесімен ысыған суға дәрет алуды (тәнзиһ-харамнан қашық) мәкруһ деген. Яғни күн сәулесімен ысытылған суды қолдану тек тәнзиһ мәкруһ екен. Ол халалға жақын мәкруһ деген сөз. Фиқһ кітабының «Дәрет алу әдебі» бабында қарастырудың өзі ол судың харамға жақын емес екендігін көрсетеді.
Күн сәулесінде ысыған судың мәкруһ болу себебі:
«Фатхул Уаһһаб» сияқты кітаптарда: «Ыдыс тат басып қасиетін жоғалтатын болса, ол суды қолдану мәкруһ болады. Сонымен қатар күннің ыстықтығы Арабстандағыдай ыстық болуы керек. Осы ыстыққа шыдас бермеген ыдыстар судың құрамын бұзады. Міне осының салдарынан адам алапес сияқты ауруларға шалдығуы мүмкін» дейді.
Ал бұл аймақта айтып өткен аймақтағыдай ыстық емес. Оған қоса өзге ыдысқа қарағанда шыны ыдыстағы сулар тез жылыйды. Салқын суды күн сәулесіне жылытып жатамыз. Демек күн сәулесімен ысыған судың зияны жоқ, ыдыстың қасиетіне байланысты екен.

[ Жоғары ]

 Келіннің үлкендерге «сәлем салу» үрдісінің Жаратқанға серік қосуға жатып-жатпайтындығын нақты шариғи дәлелдермен айқындап берсеңіз?

Бірде ауылда беташар тойы өтті. Бірақ жаңа түскен келін: «беташар кезінде үлкендерге сәлем салмаймын. Өйткені ол ең үлкен күнәға жататын «ширкке» яғни, Аллаһқа серік қосуға жатады» деп байбалам салды. Жиылған жұрт түкке түсінбей, сонда, ғасырлар бойы исламды ұстанған ата-бабаларымыз, оның ішінде қанша ғалым-ғұламалардың «үлкен күнәні» білуге өресі жетпей, сендердің білімдерің жеткен екен ғой деп қарсылық білдірді.
Келіннің үлкендерге «сәлем салу» үрдісінің Жаратқанға серік қосуға жатып-жатпайтындығын нақты шариғи дәлелдермен айқындап берсеңіз?

Иіліп сәлемдесуге ешбір танымал ислам ғалымы «ширк» деп үкім шығармаған. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «иіліп сәлем бермеңдер, олай істеу – Аллаһ Тағалаға серік қосуға жатады, яки, тозақта азапталасыңдар» тәрізді иіліп сәлем беруді қатты ескертіп келген сахихті былай қойғанда, әлсіз де болса ешбір хадисі жоқ. Иіліп сәлем беруге байланысты әт-Тирмизидің хадис жинағында Әнас ибн Мәликтен риуаят етілген мынандай бір ғана хадис бар.
عن أَنَسِ بن مَالِكٍ قال قال رَجُلٌ يا رَسُولَ اللَّهِ الرَّجُلُ مِنَّا يَلْقَى أَخَاهُ أو صَدِيقَهُ أَيَنْحَنِي له قال لَا قال أَفَيَلْتَزِمُهُ وَيُقَبِّلُهُ قال لَا قال أَفَيَأْخُذُ بيده وَيُصَافِحُهُ قال نعم
«Бір кісі Пайғамбарымызға (с.а.у.): Бізден бір кісі өзінің бауырымен яки досымен ұшырасқанда оған (сәлем берген кезде) иіле ме?-деді. Пайғамбарымыз «жоқ» деді. Ал оны құшақтап, (бетінен) сүйеді ме?- деп тағы да сұрақ қойды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) «жоқ» деді. Ал, қолын алып амандаса ма?-деді. Пайғамбарымыз: «иә» деп жауап берді (Сунанут-Тирмизи, 2728-ші номерлі хадис, 5-том, 75-бет. «Дәрул-ихиайтурасил-араби» баспасы. Және қараңыз: Тухфатул-әхуази Шарх жамиғут-тирмизи, 2728-ші номерлі хадис, ІІ/2063. «Байтул-афкарид-даулия» баспасы).
Бұл хадис «иіліп сәлем салудың» ширк екендігін яки харамдығын білдірмейді. Олай дейтініміз, біріншіден, бұл хадис сахих емес. Хадистің дұрыстық дәрежесіне байланысты ғұламалар әртүрлі пікір білдірген. Хадис ғалымдары әт-Тирмизи бұл хадисті келтіргеннен кейін оған «хасан» деп баға берсе, Ахмад ибн Ханбал «әлсіз» деген. Хадисті риуаят етушілердің арасында Ханзала ибн Убайдуллаһ деген кісі бар. Ал ол кісі әлсіздердің қатарына жатады (Әл-Жарх уәт-тағдил, 3-том, 240-бет. «Дәрул-ихиайтурасил-араби», Бәйрут).
Екіншіден, хадисті дәлел ретінде қабылдағанның өзінде хадистегі «иіле ме?» деген сауалға Пайғамбарымыздың «жоқ» деген жауабын үзілді-кесілді қатаң тыйым ретінде емес, «қажет емес» деген мағынада да түсінуге болады. Оған дәлеліміз егер «иіліп сәлем беру» ширк яки анық харам болғанда пайғамбарымыз «жоқ» деп қана жауап бермей басқа қатаң тыйымды білдіретін сөздерімен ескертуін жасар еді. Бұған қоса, хадистегі «оны құшақтап (бетінен) сүйеді ме» деген сауалға да Пайғамбарымыз «жоқ» деп қана жауап берген. Ал енді хадистегі «иіле ме?» деген сұраққа пайғамбарымыздың «жоқ» деген жауабын негізге алып «иіліп сәлем беруді» ширкке яки харамға шығарар болсақ, онда құшақтап амандасу мен беттен сүюді де ширкке яки харамға шығаруға тура келеді. Себебі, Пайғамбарымыз «оны құшақтап (бетінен) сүйеді ме?» деген сауалға да «жоқ» деп жауап берген. Алайда құшақтап амандасуды ешбір ғалым ширк, яки, харам демеген. Керісінше пайғамбарымыз бен оның ардақты сахабаларының сапардан келген кісіні тұрып қарсы алып, құшақтап амандасқандықтары жайлы: «Пайғамбарымыздың (с.а.у.) сахабалары бір-бірімен кездескенде қол алысып амандасатын. Ал сапардан оралған кезде бір-бірімен құшақтасып амандасатын» делінген сахих риуаяттар бар (әл-Муғжамул-әусат лит-Табарани, 1-том, 37-бет. «Дарул-харамайн» баспасы, Каир, 1415 ж. Бұл хадисті хафиз әл-Хайсами «сахих» деп бағалады. (әл-Мәжмаъуз-зәуайд уә мәнбаъул-фауайд, ҮІІІ/36, «Дарул-раййан лит-турас», «Дәрул-Куттаб» баспасы, Бәйрут, Каир, 1407ж)). Олай болса, пайғамбарымыздың \"жоқ\" деген жауабын негізге алып иіліп сәлем берудің Жаратқанға серік қосуға яғи харамға шығарылмайтындығы анық. Яғни, екі сұрақтың да жауабы бірдей болғандықтан үкімдері де бірдей яки ұсқас болуға тиіс.
Үшіншіден хадисте «иілудің» нақты мөлшері көрсетілмеген. Бәлкім хадисте айтылған «иілу» намаздағы рүкіғ деңгейіндегі иілу болуы да мүмкін. Сондықтан рүкіғ деңгейіне жетпейтін иілудің үкіміне мүлдем өзгеше қарауға да болады. Қазіргі таңда адамдар бір бірімен амандасқанда, әсіресе жастар үлкендермен амандасқанда бастарымен қоса кеуделерін сәл иетіндігі мәлім. Ал мұны ешкім «ширкке» яки, «харамға» есептемеуде. Ал егер жалпы иілу харам болғанда, бұл да харам болар еді.
Имам ән-Нәуауий секілді ислам ғұламалары жоғарыда келтірілген хадистің дәрежесін әрі пайғамбарымыздың «жоқ» деген сөзінің қатаң тыйымды білдірмейтіндігін ескере отырып, иіліп сәлем беруге «ширк», яки «харам» деп емес, «мәкрүһ» деп қана үкім берген.
Жалпы құрмет ниетімен иілудің Аллаһқа серік қосу яки харам емес екендігін сахих хадистермен дәлелдеуге де болады. Ол былай. Исламда тақуа яки сыйлы, қарт кісіге құрмет көрсету ниетімен қолын сүюге рұқсат бар. Сахабалардың пайғамбарымыздың, тіпті сахабалардың бір-бірінің қолдарын сүйгендіктері жайлы көптеген сахих хадистер бар.
Қол сүйетін адамның кісі алдында бел бүгіп, иілетіндігі сөзсіз. Ал мұндай иілуге ешбір ислам ғұламасы \"ширк\" яки \"харам\" демеген. Егер жалпы иілу харам болғанда қол сүю арқылы құрмет көрсету де харам болар еді.
Мысыр елінің бұрыңғы мүфтиі Атия Сақрдың «Сахнада өнер адамы тыңдаушылардың қошеметіне алғыс ретінде иілуіне бола ма?» деген сұраққа 1997 жылғы май айында берген пәтуасынан үзінді келтіре кетейік. \"...Кейде үкімдер ниетке қарай бағаланады. Сондықтан халыққа деген алғысын білдіріп, кішіпейілділік ниетімен иіліп сәлем берудің еш оқасы жоқ. Бірақ қатты иілмеген де жөн...\".
Иә, Мысыр елінің бұрыңғы мүфтиі Атия Сақрдың жоғарыда келтірген пәтуасын негізге ала отырып, келіндердің үлкендерге инабаттылық әрі құрмет көрсету мақсатында иіліп сәлем берулерінің еш ағаттығы жоқ деген үкімді шығаруға болады. Бірақ намаздағы (ерлердің жасайтын) рүкүғ деңгейінде болмағаны абзал. Ал егер «сәлем салу» ғибадат ету, табыну мақсатында болса, онда харам әрі ширк екендігінде шүбә жоқ.
Сөз түйіні, құрмет ниетімен сәлем салу исламда харам яки Аллаһ Тағалаға серік қосуға жатпайды. Бұл қазақтың әдет-ғұрыпы. Діни міндет те емес. Қазақ келіндерінің ешбірі табыну мақсатында сәлем салмайтыны баршаға мәлім. Ендеше, ғасырлардан бері ислам дінін жетік білген ғұламалардың көз алдында жалғасын тауып келе жатқан бұл әдетті ширкке балап, елдің шырқын бұзу – әсте дұрыс емес.
Тағы бір қаперге алатын жайт, келіннің ата-енесі мен сол әулеттің үлкендеріне құрмет көрсетіп, ізет білдіруі – тек қана сәлем салумен өлшенбейді. Оның жеке басының имандылығы мен бойындағы басқа да адамгершілік қасиеттерін басты назарда ұстаған жөн.
Қайрат Жолдыбайұлы
ҚМДБ-ның Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі

[ Жоғары ]

 Мәйітті екі күн күттіруге бола ма?

Жаназаны жуып кебіндегенге дейінгі уақытты «дайындық уақыты» дейді. Ислам діні бойынша, мәйітті (қайтыс болған кісінің денесін) тез жуып, кебіндеп, жаназасы шығарылғаны абзал. Яғни мәйітті жерлеуге асығу - мұстахаб.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Өлген адамды жерлеуге асығыңдар» делінген (Тирмизи, Сүнән, Жанаиз, 73).
Өзге дін өкілдері сияқты мәйітті бірнеше күн бойы (жерлемей) күттіріп қою дұрыс емес. Қайтыс болған кісінің туған-туыстары ұзақта болса, олардың жаназаға үлгерулері үшін мәйітті бір күн, бір түн күттіруге болады. Ондай жағдайда да мәйіт бұзылмайтындай болуы керек. Мәселен, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дүйсенбі күні бақилық болған. Дайындық уақыты екі күнге созылғандықтан, Оның сәрсенбі күні жер қойнына тапсырылғандығын деректерден көруге болады. (Ибн Саид, әт-Табақатул Кубра, ІІ/273)

[ Жоғары ]

 Мәйітті табытпен жерлеуге бола ма?

Мәйітті табытпен жерлеу ең соңғы жағдайда ғана қолданады. Негізінде мәйiттi табытқа салып жерлеу - мәкрүһ, тек оған жер құмды немесе сазды болса ғана рұқсат етіледі. Сонымен қатар табыт темірден болмауы керек. Қосымша мағлұмат үшін http://muftyat.kz/787-m1241jjitti-zherleu-zh1241ne-ony1187-1199kimi.html адресіне қараңыз.

[ Жоғары ]

 Намаз оқудың іс-әрекеті әйел мен еркектің арасындағы айырмашылық? (Гүлнар)

Дінімізде әйел адамның намаз оқуында бірқатар өзгешеліктер байқалатыны рас. Алайда олар тек мұстахаб амалдарына қатысты айырмашылықтар. Бұлар әйел адам құлшылық жасағанда әурет жерлерінің жабық болуына байланысты. Өйткені Ислам дінінде әйел адамның әурет жерлерін жабуы ер адамға қарағанда ерекшелеу. Сондықтан Ислам ғұламалары әйел затының намаз оқығанда ер адамға қарағанда кішкене әдептілік сақтағаны жөн дейді. Құлшылықта да ер адамнан ерекше сияқты көрінуінің себебі осы.
Бәйхаки әйел затының намазды сәл өзгешелеу оқуының сырын былай түсіндіреді: «Әйел заты намазда ер адамнан кішкене бөлек болуы оның жабылуына (әурет жерлерін жабуына) қатысты. Сонымен қатар әйел өзінің ұятты жерлерін сақтауы міндетті» (Бәйхаки, Сунәнул Кубра 2/222).
Ибн Нужайм (970/1562): «Азан мен қамат түсіру мәкруһ, дауыстап намаз оқымайды, рукуғ пен сәждеде өздерін жинаңқы ұстайды, ең дұрысы - үйінде намаз оқуы» - деп әйел мен ердің арасында кейбір айырмашылықты түсіндірген (Ибн Нужайм, әл-Асбах 384).
Хазірет Әлидің (р.а.) былай дегені риуаят етіледі. «Әйел заты сәждеге барғанда жерге жақын әрі денесін жинақы етсін» (Абдурраззақ, әл-Мусаннаф 3/138; Ибн Әби Шәйба, әл-Мусаннаф 1/302).
Имам Әбу Ханифаның ұстазы Ибрахим ән-Нәхаи да (табиғииндардан) осылай үкім берген: «Әйел заты сәждеге барғанда омырауын тізесіне жинақтасын» (Ибн Әби Шәйба, әл-Мусаннаф, 1/302). Басқа жерде «жамбасын аса жоғары көтермесін, ер адамдар сияқты қолдарын ашпасын» делінген (Ибн Әби Шәйба, әл-Мусаннаф 1/303).
Осы тұрғыдан ой өрбіткенде, әйел заты күнделікті өмірде өзінің нәзіктік белгілері мен қасиеттерін қалай сақтаса, Алла тағаланың құзырында да солай сақтық-ұяңдық шараларын сақтауы тиіс. Мәселен, әйел заты құлақ қаққанда қолдарын құлақ тұсына дейін емес, омырауына дейін көтереді. Құлағына дейін көтерсе, оның кеуде тұсы ашылып немесе бұлтиып епетейсіздеу көрінуі ықтимал. Бұл әдеп жөнінен дұрыс болмас еді.
Ал намаздың парызы, уәжібі, сүннеттері ер мен әйел үшін айна-қатесіз бірдей. Арасында айырмашылық жоқ: тәкбір айту, қиям (тік тұру), рүкүғ, т.б.
Қорыта айтқанда намаздың парыз, уәжібінде, сүннетінде айырмашылық жоқ. Демек тек айырмашылық деп жүргеніміз - әйел затының тек адамдардың ғана емес, Алла алдында да әдептілік сақтап, қол аса жоғары қөтермей, қатты иілмей, сәждеде қол-аяғын жинақы ұстағаны екендігі күмәнсіз.

[ Жоғары ]

 Намазға тұрғанда ниеттен кейін қолды құлаққа тигізу керек пе, әлде кеудесіне дейін көтере ме?

Ифтитах (бастау) тәкбірі үшін қолдарын көтеру – сүннет. Ер кісілер қолдарының бас бармақтарын құлақтарының жұмсағының тұсына, әйелдер қолдарын иықтарына жететіндей кеуделеріне дейін көтеріп «Аллаһу әкбар» дейді. Қолды көтерген кезде алақандары ашық күйде құбылаға қаратылып, саусақтары еркін тұруы керек. Ханафилар бұл жайлы мынандай хадистерге сүйенеді:
عَن الْبَرَاءِ بْنِ عَازِبٍ قَالَ كَانَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا كَبَّرَ رَفَعَ يَدَيْهِ حَتَّى نَرَى إِبْهَامَيْهِ قَرِيبًا مِنْ أُذُنَيْهِ
Бәра ибн А'зиб (р.а.) былай дейді: «Алла Елшісі тәкбір келтірген кезде қолдарын көтеретін. Сонда екі басбармағының екі құлағына жақын болғанын көретінбіз» (Сунануд-Дарәқутни, 3-том, 245-бет. Муснад Ахмад).
Әнәс ибн Мәликтен мына хидис риуаят етілді: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) намазды бастаған кезде тәкбір айтатын да қолдарының екі басбармағын екі құлағының тұсына дейін көтеретін» (әд-Дарәқутни). Дәрәқутни бұл хадисті сахих деген.
عَنْ مَالِكِ بْنِ الْحُوَيْرِثِ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ كَانَ إِذَا كَبَّرَ رَفَعَ يَدَيْهِ
حَتَّى يُحَاذِيَ بِهِمَا أُذُنَيْهِ
Мәлик ибн әл-Хуайристен риуаят етілген басқа бір хадисте: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) тәкбір айтқан кезде қолдарын құлақтарының тұсына дейін көтеретін...»
Шафиғи мен Маликилер ибн Омардың: «Алла Елшісі (с.а.у.) намазға бастаған кезде екі қолын иығының деңгейіне жететіндей көтерді» – деген хадисі бойынша амал етеді.

[ Жоғары ]

 Носки (шұлық) сыртынан масих тартуға бола ма?

Бүгінгі таңда кейбір жастар дәреттің төрт парызының бірі саналатын «аяқты жууға» жеңіл қарап, жаз болсын, қыс болсын жұқа шұлыққа мәсіх тарта салуды әдетке айналдырып, тіпті өзгелерді де осыған уағыздап жүр. Дәлел ретінде Муғира ибн Шуъбадан риуаят етілген:

عَنْ الْمُغِيرَةِ بْنِ شُعْبَةَ قَالَ تَوَضَّأَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ

وَ مَسَحَ عَلَى الْجَوْرَبَيْنِ وَالنَّعْلَيْنِ

«Пайғамбарымыз (с.а.у.) дәрет алды және екі шұлығына және аяқ киіміне (наъл – аяқ киімнің тәбішке секілді тобықтан төмен келетін жеңіл түрі) мәсіх тартты» деген хадисті келтіреді. Алайда бұл хадис көптеген хадис ғалымдары бойынша «сахих» емес. Әбу Дәуід, ән-Нәсаий секілді хадис ғалымдары бұл хадисті «әлсіз» деген. әт-Тирмизидің хадис жинағына «Тухфатул-ахуази» атты кең түсіндірме жазған Мухаммед Абдур-Рахман ибн Абдур-Рахим да жоғарыдағы хадисті және пайғамбарымыз (с.а.у.) шұлыққа мәсіх тартты деген басқа үш хадистің де түгелдей «әлсіз» екенін білдірген. Негізінде Муғира ибн Шуъбадан Пайғамбарымыздың (с.а.у.) шұлыққа емес, мәсіге мәсіх тартқандығы дұрыс жолмен риуаят етілген (Муслим ибн Хажжаж, Сахих Муслим, 1-том, 229-бет. "Дәру Ихиа'ит-турасил-араби" баспасы, Бәйрут.). Имам ән-Нәуауий бұл хадис жайлы былай дейді: «Бұл хадис – әлсіз. Көптеген Хафыз ғалымдар әлсіз деген. әл-Бәйһақи бұл хадисті «мүнкәр» дей отырып Суфиян әс-Сәури, Абдур-Рахман ибн Мәһди және Ахмад ибн Ханбал, Али ибн әл-Мәдини, Яхиа ибн Мағин, Муслим ибн Хажжаж секілді мәшһүр хадис ғалымдарының да «әлсіз» деп бағалағанын жеткізді (Мәғрифатус-сунан уәл-әәсаар лил-Бәйһақи, 1-том, 349-бет.). әт-Тирмизи бұл хадисті «хасан-сахих» деп бағалағанымен жоғарыда аты аталған хадис ғалымдарының деңгейі одан жоғары деп есептеледі. Тіпті ілім иелерінің келісілген пікірі бойынша бұл ғалымдардың қай-қайсысы да әт-Тирмизиден (хадис ілімінде) жоғары. Екіншіден, хадисті «сахих» деп қабылдағанның өзінде басқа қайшы дәлелдермен үйлестіріп дұрыс түсіну үшін онда айтылған «шұлықты» (аяқ киімсіз) жүруге жарайтын шұлық деп жорамалдау қажет. Себебі хадисте жалпылай шұлықтың барлық түрін білдіретін сөз жоқ (Жалпылай барлық шұлықты білдіретін сөз жоқ деуі – Пайғамбарымыздың (с.а.у.) "Шұлыққа мәсіх тартыңдар" деген әлсіз де болса, ешбір хадисі жоқ. Бар болғаны Муғира ибн Шуъбаның "пайғамбарымыз шұлығына және тәбішкесіне мәсіх тартты деген" оқиғаны баяндау сөзі ғана. Ал мұндай түрлі жорамалдауға болатын әрі бірнеше ықтималға жүкті оқиғаларды баяндау – Усулул-фиқһ ілімінде жалпылықты білдірмейді. Себебі баяндауда қолданған сөздер мен оқиғаны бағалау – баяндаушының көзқарсына тікелей қатысты). Үшіншіден, әл-Бәйһақи (кітабында) ұстаз Әбул-Уәлид ән-Нәйсабуридің былай дегенін жеткізді: Бұл хадистегі шұлық – жеке шұлық және жеке аяқ киім емес, асты терімен қапталған шұлық. Яғни, хадисті: «Пайғамбарымыз екі шұлығына және аяқ киіміне мәсіх тартты» деп емес, «табаны терімен қапталған екі шұлыққа мәсіх тартты» деп түсіну қажет. әл-Бәйһақи Әнас ибн Мәликтің де хадиске байланысты осы мағынаны меңзейтін сөзін жеткізді» (Имам Әбу Зәкәрия ән-Нәуауий, әл-Мәжмууъ, 1-том, 566-бет. «Дәрул-фикр», Бәйрут, 1997 ж.).

Тіпті, имам әт-Тирмизидің өзі аталмыш хадистегі шұлықты жәй жұқа шұлық деп емес, «қалың байпақ» деп түсінген. Оған дәлеліміз Имам әт-Тирмизи жоғарыдағы хадисті келтіргеннен кейін былай дейді: «Суфиян әс-Сәури, Ибн Мүбәрак, Шафиғи, Ахмад және Исхақ сияқты көптеген ғылым иелері: «Наъл (тәбішке тәрізді жеңіл түрі) болмаса да қалың шұлыққа (әт-Тирмизи жинағының «Тухфатул-ахуази» атты түсіндірмесінде әт-Тирмизидің: «"Наъл" болмаса да деген сөзімен – табаны терімен қапталған шұлық болмаса да» деп айтқысы келгендігі жазылған. (Тухфатул-әхуази Шарху жамиъит-тирмизи, 398-бет, 1-том, «Байтул-афкарид-даулия» баспасы)) мәсих тартуға болады» (Мухаммед ибн Иса Әбу Иса әт-Тирмизи, Сунанут-тирмиз, 1-том, 167-бет. «Дарул-ихиаайт-турасил-араби» баспасы, Бәйрут) дейді.

«Жұқа шұлыққа мәсіх тартуға» болады дейтіндердің дәлел ретінде келтіріп жүрген жоғарыдағы Муғира ибн Шуъбадан риуаят етілген хадисті түйіндер болсақ:

Біріншіден, хадис – Муслим ибн Хажжаж (Сунанул-Бәйһақил-кубра,1-том, 284-бет. "Мәктабату Дарил-Бәз" баспасы, Мекке, 1994 ж) сияқты көптеген мәшһүр хадис ғалымдары бойынша «әлсіз».

Екіншіден, хадисті дәлел ретінде қабылдағанның өзінде онда айтылған шұлық жұқа шұлық емес, қалың шұлық. Тіпті хадисті «хасан-сахих» деп бағалаған әт-Тирмизидің өзі осылай түсінген.

Үшіншіден, Әбул-Уәлид ән-Нәйсабури сынды кейбір ғұламалар хадисте айтылған «екі шұлығына және аяқ киіміне мәсіх тартты» дегенді; шұлығына жеке, аяқ киіміне жеке мәсіх тартты деп емес, «табаны терімен қапталған шұлыққа» мәсіх тартты деп түсінген.

Төртіншіден, хадисте тек шұлыққа ғана мәсіх тартты делінбеген, шұлықпен бірге тәбішкесіне (аяқ киімнің тобықтан төмен жеңіл түрі) де мәсіх тартты делінген. Осының өзі аталмыш хадистің тек шұлыққа мәсіх тартудың дұрыстығына дәлел бола алмайтынын білдіреді.

Ендеше, Құранда «аяқтарыңды жуыңдар» деп әмір етілген дәреттің төрт парызының бірі саналатын «аяқ жуу»-ды – хадис ілімінің көптеген ғалымдары бойынша «әлсіз» саналған, тіпті, дәлел ретінде қабылдағанның өзінде әртүрлі түсінуге әрі жорамалдауға болатын күмәнді хадиспен айырбастауға болмайды. Төрт мәзһаб ғұламаларының ешқайсысы «жұқа шұлыққа мәсіх тартуға болады»- деп пәтуа бермеген. Яғни, бұл мәселеде ғұламалар арасында «ижмағ» бар.

Төрт мәзһаб ғұламалары шұлыққа мәсіх тартуға байланысты не дейді?

1. Ханафи мәзһабы:

Ханафи мәзһабының атақты ғалымы Имам әл-Кәсанидің «Бәдаиъус-санайъ» атты кітабында былай делінеді: «Мұхаммед пен Әбу Юсуф (Әбу Ханифаның ең үлкен мүжтаһид шәкірттері. Ханафи мәзһабында осы екі кісінің пікірлері мен пәтулары көп жағдайда ескеріледі, тіпті негізге алынады.) бойынша жүруге жарайтындай (Ханафи мәзһабында ұзақ жол мөлшерін 1 фарсах деп көрсеткен. 1 фарсах – 5565 метр.) мықты, астын көрсетпейтіндей қалың және суды өткізбейтіндей тығыз, аяққа кигенде байламай-ақ өздігінен тік тұратын шұлыққа, немесе, үсті және табаны терімен қапталған мәсі тәріздес шұлыққа, яки, тек табаны терімен қапталған шұлыққа мәсіх тартуға болады. Ал, Әбу Ханифа бойынша тек табаны терімен қапталған немесе табаны да үсті де терімен қапталған мәсі тәріздес шұлыққа ғана мәсіх тартуға болады. Бірақ басқа бір риуаятта Әбу Ханифаның науқас кезінде бұл ойынан Мұхаммед пен Әбу Юсуфтың көзқарасына қайтып, қалың шұлыққа мәсіх тартқандығы айтылады» (Алауд-дин Әби Бәкір ибн Мәсъууд әл-Кәсаний, Бәдайъус-санаайъ, 1-том, 141-бет. «Дарул-кутубил-илмия» баспасы. Бәйрут, 1997 ж.).

Мәлики мәзһабы бойынша:

Мәлики мәзһабында жұқа шұлықты былай қойғанда терімен қапталмаған шұлыққа да мәсіх тартуға болмайды. Яғни, Мәлики мәзһабында табаны терімен қапталған шұлыққа ғана мәсіх тартуға болады (Әбу Омар Юсуф ибн Абдиллаһ әл-Қуртуби, әл-Кәфи, 1-том, 27-бет. "Дәрул-кутубил-ъилмия" баспасы, Бәйрут, 1982 ж. Және қараңыз; Әбу Омар Юсуф ибн Абдиллаһ әл-Қуртуби, әл-Истизкәәр, 1-том, 222-бет. "Дәрул-кутубил-ъилмия" баспасы, Бәйрут, 2000 ж.).

Шафиғи мәзһабы бойынша:

Шафиғи мәзһабында асты көрінбейтіндей қалың, су өткізбейтіндей тығыз және жүруге жарайтындай мықты болмаған, тіпті, кейбір фәтулар бойынша терімен қапталмаған шұлыққа да мәсіх тартуға болмайды. Имам ән-Нәуауий былай дейді: "Біздің мәзһабымыз (Шафиғи) бойынша дұрысы – егер шұлық жүруге жарайтындай мықты болса, онда оған мәсіх тартуға болады. Әйтпесе, жоқ... Ал (аяқ киімсіз) жүруге жарамайтын жұқа шұлыққа мәсіх тартуға болмайтыны даусыз" (Имам Әбу Зәкәрия ән-Нәуауий, әл-Мәжмууъ, 1-том, 564-бет. «Дәрул-фикр», Бәйрут, 1997 ж.).

Ханбали мәзһабы бойынша:

Ханбали ғалымдары табаны терімен қапталмаған шұлыққа мәсіх тартуға болатындығын айтқан. Бірақ ол шұлық – жұқа шұлық емес, аяқ киімсіз жүруге жарайтын қалың және мықты шұлық. Кейбір адамдар ханбали ғалымдарының шұлыққа "мәсіх тартуға болады" деген сөзін дұрыс түсінбегендіктен жүруге жарамайтын жұққа шұлыққа да мәсіх тартуды дұрыс санап жүр.

Алайда, көрнекті ғалым Абдуллаһ ибн Ахмад ибн Қудама "әл-Муғни" атты кітабында Имам Ахмадтың: "Аяқта өздігінен мәсі тәрізді тік тұратындай қалың емес байпаққа мәсіх тартуға болмайды. Ал кейбір адамдардың шұлыққа мәсіх тартуының астарында – ол шұлықтардың мәсі тәрізді (аяқ киімсіз) жүріп тұруға жарайтындай болуынан" деп мәсіх тартуға болатын шұлықтың жұқа емес, қалың шұлық екенін айқындап айтқан сөзін жеткізді (Абдуллаһ ибн Ахмад ибн әл-Қудама, әл-Муғни, 1-том, 182-бет. "Дәрул-фикр" баспасы, Бәйрут, 1985 ж.).

Бұған қоса Ханбали мәзһабының белді ғалымы Шәмсуддин ибн Қудама әш-Шархул-кәбир (кең түсіндірме) аты кітабында: "...Егер өздігінен (байлаусыз) аяқта тік тұратын әрі жүруге жарайтын (шұлық) болса оған мәсіх тартуға болады. Ал жұқа болса болмайды" (әш-Шархул-кәбир, 1-том, 281-бет.) -деп ханбали ғалымдарының "шұлыққа мәсіх тартуға болады" деген пәтуаларындағы шұлықтың жұқа шұлық емес, жүруге жарамды қалың әрі мықты шұлық екенін айқындап түсіндірген.

Ибн Тәймия да шұлыққа мәсіх тарту мәселесінде ханбали мәзһабынан шықпаған. Сондықтан ол да аяқ киімсіз жүруге жарамайтын жұқа шұлыққа мәсіх тартуды дұрыс санамаған. Ибн Тәймия өзінің "Мәжмуъатул-фәтәәуаа" атты фәтулар жинағында "мәсіге мәсіх тартқанымыздай шұлыққа да мәсіх тартуға бола ма?" – деген сұраққа: "Иә, табаны терімен қапталса да, қапталмаса да егер жүруге жарамды болса, болады..." (Ибн Тәймия, Мәжмуғату фәтаауаа, 11-том, 123-бет. «мәктабатул-ъабикан» баспасы, Риад қаласы, 1998 ж.) -деп жауап берген. Ал шұлықтың жүруге жарамды болуы үшін қалың әрі мықты болу керектігі айтпаса да түсінікті.

Жоғарыда төрт мәзһаб ғұламалары пәтуаларынан байқағанымыздай мәсіх тартуға болатын шұлық – жүруге жарайтындай мықты, су өткізбейтіндей әрі асты көрінбейтіндей тығыз және қалың, жуылуы парыз болған, яғни, аяқтың тобыққа дейінгі жерін жауып тұруы шарт. Тіпті, Мәлики мәзһабы бойынша табаны терімен қапталған болуы қажет.

Мәзһаб ғұлмалары мәсіх тартуға жарайтын шұлықта болуы тиіс бұл шарттарды қайдан алған деген сұраққа әт-Тирмизи жинағына «Тухфатул-ахуази» атты кең түсіндірме жазған фиқһ әрі хадис саласының білгір ғалымы Мухаммед Абдур-Рахман ибн Абдир-Рахим әл-Мубәракфури былай дейді:

«Дәрет алуда негізгі нәрсе – Құранда келгендей екі аяқтың жуылуы. Ал, Құран үкімін «мәсіге мәсіх тартуға болатындығын білдіріп» келген хадис сияқты барлық хадис ғалымдарының бірауыздан «сахих» деп бағалаған хадистерімен ғана айырбастауға болады. Ал енді шұлыққа мәсіх тартуға болатындығын білдіретін (жоғарыдағы) хадистің сахихтығына (дұрыстығына) байланысты бұл саланың мамандары арасында сынға толы түрлі пікір бар. Ендеше, қалай ғана (аяқтарыңды жуыңдар деген) Құран бұйрығын мұндай әлсіз хадиспен айырбастауға болады? Осыны меңзеген Муслим ("Сахих Муслимді" жинақтаған әл-Бухариден кейінгі беделді хадис ғалымы Муслим ибн Хажжаж (Һижри, 204-261).): "Әбу Қайс, Һузәйл («шұлыққа мәсіх тартты» деген жоғарыдағы хадисті риуаят еткен кісілер) сияқты кісілердің риуаятын негізге алып Құранның заһири үкімінен (аяқты жуудан) басқа үкімге (шұлыққа мәсіх тартуға) баруға болмайды» дейді (Сунанул-Бәйһақил-кубра, І/284. "Мәктабату Дарил-Бәз" баспасы, Мекке, 1994 ж).

Міне, сондықтан ғұламалар мәсіх тартуға жарайтын шұлықтың мәсі орнына жүруі әрі мәсіге байланысты хадистердің аясына кіруі үшін жоғарыдағы шарттарды қосқан...» (Мухаммед Абдур-Рахман ибн Абдур-Рахим әл-Мубәракфури, Тухфатул-әхуази Шарху жамиъит-тирмизи, 1-том, 401-бет, «Байтул-афкарид-даулия» баспасы.) (әл-Мубәракфиридің сөзі осы жерде бітті)

Жоғарыдағы Мухаммед Абдур-Рахман ибн Абдир-Рахим әл-Мубәракфиридің сөзін тарқатып түсіндірер болсақ, төрт мәзһаб ғұламалары бойынша жоғарыдағы хадис Құранның парыз еткен "аяқты жуу" үкімінің орнына жүретіндей қуатта болмағандықтан жұқа шұлыққа мәсіх тартуға болмайтындығын бір ауыздан білдірген. Ал мәсіге мәсіх тартуды білдіріп келген хадистер өте көп әрі бірауыздан хадис ғалымдары бойынша "сахих" болғандықтан қажет кезде "аяқты жуудың" орнына жүре береді. "Ал су өткізбейтіндей әрі асты көрінбейтіндей қалың әр тығыз және аяқ киімсіз жүруге жарайтындай мықты шұлыққа мәсіх тартуға рұқсат берулерінің астарында мұндай сипаттағы шұлықтың мәсіге ұқсатылуында (қияс қылынуында). Яғни, шұлықтың мәсі орнына жүруі үшін, шұлықта мәсідегі суды өткізбеу әрі жүруге жарамдылық секілді ерекшіліктер болуға тиіс. Міне, сондықтан ғұламалар мәсіх тартылатын шұлықта жоғарыдағы шарттардың болуын талап еткен.

Бір ескеретін жайт, тоғызға жуық сахабаның шұлыққа мәсіх тартқандықтарына байланысты келген риуаяттарды "жұқа шұлыққа мәсіх тартуға" дәлел ретінде келтіруге болмайды. Себебі, сахабалар жұқа шұлыққа емес, аяқтарын жылы ұстау мақсатында киген қалың шұлықтарына мәсіх тартқан. Әбу Мәсғуд әл-Аңсаридің (р.а.) қылдан тоқылған қалың шұлығына мәсіх тартқандығы сахих жолмен риуаят етілген (Әбу Бәкір Абдур-Раззақ ибн Һумам әс-Санъани, Мусаннафу Абдир-Раззақ, 1-том, 199-бет. "Әл-мәктәбул-ислами" баспасы, Бәйрут, 1977 ж. Қосымша қараңыз: Мұхаммед Шамсул-Хақ әл-азим Әәбаади, Ъаунул-маъбууд, "Дарул-кутубил-ъилмия" баспасы, Бәйрут, 1995 ж.).

Ендеше, күніміздегі жұқа шұлықтар, тіпті қолдан тоқылған кейбір байпақтар пайғамбарымыздың (с.а.у.) заманындағы шұлыққа ұқсамағандықтан, оған мәсіх тартуға болмайды. Мәсіх тартуға жарайтын шұлықта болуы тиіс шарттар әһлус-сунна уәл-жәмаъа ғалымдарының "ижмаъына" (бір ауыздан келіскен шарттарына) жатады. Сондықтан бұл шарттары жоқ шұлыққа мәсіх тартқан кісінің дәреті толық болмағандықтан намазы да "жүмһүр" яғни көпшілік ғұламалар бойынша дұрыс емес.

Сөз түйіні, жеңілдікті желеу етіп, дәреттің төрт парызының бірі саналатын «аяқ жууды» жұқа шұлыққа мәсіх тарта салумен айырбастауға болмайды. «Пайғамбарымыз (с.а.у.) екі нәрсенің біреуін таңдар болса, сөзсіз күнә болмаған жағдайда жеңілін таңдайтын еді. Ал егер күнә болса, адамдардың арасындағы одан ең аулағы болатын...» (Сахихул-Бұхари, 3-том, 1306-бет. «Дару ибни Кәсир» баспасы, Бәйрут, 1987 ж.) деген хадисте де көрсетілгендей жеңілді таңдау үшін, ол нәрсенің ең алдымен «күнә» болмуы шарт. Пайғамбар (с.а.у.) заманында қазіргідей жылуынан гөрі сәні үшін киілетін жұқа шұлықтардың болмағанын ескерер болсақ, аталмыш "шұлығына мәсіх тартты" деген хадисті "жеңілдікке" айғақ ретінде келтіре алмайтынымыз ақиқат.

Ал ауа-райының суықтығына яки, басқа да түрлі жағдайларға байланысты аяқ жууға қиналған жандар теріден тігілген шұлық тәрізді жұқа мәсіні қолдануларына әбден болады.

Сондай-ақ, ғибадаттардың қиындығына қарай сауабының да болатынын ескерер болсақ, дәрет алуға байланысты кейбір қиыншылықтарды мол сауаптың қазынасы деп түсінгеніміз жөн. Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабаларына: «Сендерге Аллаһ Тағаланың қателеріңді кешіріп, дәрежелеріңді көтеретін істі көрсетейін бе?-деді. Сахабалар: «Әрине, уа Аллаһтың елшісі!»-деді. Сонда Аллаһ Елшісі (с.а.у.): "Қиыншылықтарға қарамастан кемеліне жеткізіп дәретті дұрыстап алу...» (Муслим ибн Хажжаж, Сахих Муслим, 1-том, 219-бет. "Дәру Ихиа'ит-турасил-араби" баспасы, Бәйрут.) деп дәрет алу кезінде кездесер кейбір қиыншылықтардың күнәларымыздың кешіріліп, дәрежелеріміздің көтерілуіне себеп екенін білдірген.

Құрметті ізгі оқырман! Пайғамбарымыздың (с.а.у.): "Саған күмәнді боп келген нәрселерді таста да күмәнсізді ұстан...!" (Сунанут-Тирмизи, 4-том, 668-бет. «Дәрул-ихиайтурасил-араби» баспасы) немесе, "Харам нәрсе де адал нәрсе де – анық. Бірақ екеуінің ортасында адамдардың көбі біле бермейтін "күмәнді" нәрселер бар. Кімде-кім күмәнді нәрселерден сақтанса дінін де, ар-ұят, абыройын да сақтаған болады. Ал кімде-кім күмәнді нәрселерге түсер болса, харамға түскен болады..." (Муслим ибн Хажжаж, Сахих Муслим, 3-том, 1219-бет. "Дәру Ихиа'ит-турасил-араби" баспасы, Бәйрут) делінген хадистерінде ескертілгендей күмәнді нәрселерден сақ болғанымыз жөн.

Ендеше, намазымыздың кілті саналған дәреттің төрт парызымен тікелей қатысы бар күніміздегі кейбір күдікті "шәзз" (Шәзз пәтуа – барша ғұламалардың пәтуаларына қайшы пәтуа) пәтуаларды тастап, күдіксізін таңдау парасатты әрі ықтиятты мұсылманның ісі болса керек.

Қ.Жолдыбайұлы
ҚМДБ-ның Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі

[ Жоғары ]

 Пайғамбарымыздың дәуірінде футбол сияқты ойын болған ба? (Еркін)

Кез келген адам өзі немесе көпшілікпен дененің саулығын арттыру мақсатында жасалған ойын түріне қатыса алады. Мұсылмандыққа қайшылық туғызбайтын спорт түріне дініміз рұқсат еткен, әрі оған көңіл бөлген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айналасындағы сахабаларға атқа міну, мергендік, күрес, ат және түйе жарысы секілді спорт түрлерін меңгеруге шақырған. Өзге спорт түрлерімен қатар көпшілікке мәлім болған жүгіру жарысына да мән берген. Деректерде пайғамбарымыздың өзі сүйікті жары Айша анамызбен екеуара жүгіру түрінен жарысқандығы сөз етіледі.
Ал, пайғамбарымызға қатысты жазылған классикалық дерек көздерінде футбол секілді ойын түрі туралы кездестірмейміз. Бірақ, ғұмырын пайғамбар тарихына атаған Пакистандық Мұхаммед Хамидуллах «Ислам тарихы» атты өзінің 2 томдық еңбегінде «курра» (аяқдоп) ойыны туралы айтады. Ол дәл бүгінгі футбол ойыны болмаса да ұқсас болуы ықтимал. Жергілікті халық бұл ойында қызықтайтын болған. Пайғамбарымыз да бұл ойын түріне тыйым салмаған көрінеді.
Бүгінгі заманымыздағы орын алған спорт түрлерінің көбісі пайғамбар дәуірінде болмаған. Солай болса да, дініміздің әмірлері мен тыйымдарына қайшы келмесе, ондай спорт түрлерін қолдануға дініміз рұқсат береді.
Сонымен қатар спорт ойындарымен айналысу, қызықтау барысында мына нәрселерді ескерген жөн:
1- Намаз секілді маңызды құлшылықтарды ұмытып кетпеу;
2- Құмар ойынға айналдырмау;
3- Тіліне ие болу, өзгені балағаттамау;
4- Қарсыласына адамдық, моралдік қарым-қатынас жасау;
5- Киген киімі ұятты (әурет) жерлерін жауып тұруы ләзім.

[ Жоғары ]

 Пайғамбарымыздың: "Кімде-кімді адамдардың тік тұрып (қарсы алуы) қуантса, ондай адам тозақтан өзіне орын дайындасын" делінген хадисін қалай түсінуіміз керек.

Пайғамбарымыздың: "Кімде-кімді адамдардың тік тұрып (қарсы алуы) қуантса, ондай адам тозақтан өзіне орын дайындасын" делінген хадисін қалай түсінуіміз керек. Сырттан келген кісіге орнымыздан тұрып құрмет көрсетудің үкімі қандай? Мектепте оқушылардың ұстаздарына орындарынан тұрып құрмет көрсетулері дұрыс па?

Жоғарыдағы хадис әт-Тирмизидің жинағында және муғжамут-Табарани сияқты хадис кітаптарында келген.
عَنْ أَبِي مِجْلَزٍ قَال خَرَجَ مُعَاوِيَةُ فَقَامَ عَبْدُ اللَّهِ بْنُ الزُّبَيْرِ وَابْنُ صَفْوَانَ حِينَ رَأَوْهُ فَقَالَ اجْلِسَا سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ مَنْ سَرَّهُ أَنْ يَتَمَثَّلَ لَهُ الرِّجَالُ قِيَامًا فَلْيَتَبَوَّأْ مَقْعَدَهُ مِنْ النَّارِ
Хадис Әбу Мижләздан риуаят етілді. Бір күні Муғауия келген кезде оны көрген Абдуллаһ ибн Зубәйр мен Ибн Сафуан орындарынан тұрып (амандасады). Муғауия болса отырыңдар, пайғамбарымыздың былай дегенін естідім деп жоғарыдағы хадисті айтқан. "Кімде-кімді адамдардың тік тұрып (қарсы алуы) қуантса, ондай адам тозақтан өзіне орын дайындасын" (Мухаммед ибн Иса Әбу Иса әт-Тирмизи, Сунанут-тирмиз, 5-том, 90-бет. «Дарул-ихиаайт-турасил-араби» баспасы, Бәйрут).
Хадистің әрбір сөзіне жіті назар аударар болсақ, бұл жерде адамдардың араларына келген кісіні тұрып қарсы алуларының дұрыс еместігі айтылмаған. Керісінше, отырған адамдардың қаздай тізіліп, тік тұрып қарсы алуын жаны қатты қалайтын, тіпті, олардың осындай әуреге түсіп жатқанын көріп мәз болатын, елден үнемі осындай құрмет күткен тәкаппар пенденің тозақтық екендігі ескертілген. Яғни, бұл жерде кісіні тозақтық еткен қылық – тұрып қарсы алу емес, жоғарыдағы хадистің "қуантса" деген сөзінен байқағанымыздай өзге жандардың өзіне осылай құрмет көрсетуін күткен пенденің өркөкіректік пен тәкаппарлық ниеті. Әйтпесе, құрмет көрсету ниетімен кісіні тұрып қарсы алудың – тозаққа апаратындай ауыр күнә емес екендігі бесенеден белгілі.
Иә, пенденің елді өзінен төмен санау пиғылы, өркөкірек ниеті – бұл адамның жандүниесіндегі рухани дерт. Мұндай дерттің адамды тозаққа жетелейтіндігі Аллаһ Елшісінің көптеген хадистерінде білдірілген. Мысалы, пайғамбарымыз (с.а.у.): "«Кім де-кімнің жүрегінде тозаңдай өркөкіректік болса, ол кісі жұмаққа кірмейді" (Әл-имам Мухиддин Әбу Зәкәрия Иахия ибн Шәраф ән-Науауий, Шарх Сахихи Муслим, І-ІІ/275. Дәрул-мағрифа» баспасы, Бәйрут, 2007 ж.) деп тәкаппарлықты қатаң ескерткен.
Келген кісіні тұрып қарсы алудың үкімі жайлы Имам ән-Нәуауий өзінің "әл-Әзкар" атты кітабында былай дейді: "Сырттан кірген кісіге құрмет ретінде орыннан тұруға байланысты біздің таңдаған пікіріміз мынандай: "Білім иесіне немесе тақуа, әулие яки сыйлы т.с.с кісілерге құрмет мақсатында тұру – мұстахаб. Ал көзбояушылық және ұлықтау мақсатында орыннан тұруға болмайды. (Кісі кіргенде орыннан тұруға байланысты) бұрынғылар (сәлаф) мен кейінгілердің (халаф) ісі осы үлгіде жалғасып келеді" (Әбут-Таййб Мухаммед Шәмсул-Хаққил-Азим әл-Әәбаадий, Аъунул-Маъбууд Шәрху сунани Әби Дәуіт, 14-том, 99-бет. "Дәрул-фикр" баспасы, Бәйрут).
Иә, сырттан келген кісіге құрмет ниетінде тұру –мұстахаб. Қазақта сырттан келген кісімен, әсіресе жасы өзінен үлкен адаммен немесе сыйлы, тақуа т.с.с. адамдармен тұрып амандасады. Тіпті, қонағыңды яки кей танысыңды тұрып қарсы алмау – жақтырмай тұрғанға есептеледі. "Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа" демекші дініміздің қатаң тыймаған мұндай істерде әр ел өзінде қалыптасқан әдетке жүгінгені жөн.
Бұл жайлы имам ән-Нәуауий былай дейді: "Сырттан кірген кісіге тұру – әдет ретінде арабтарда жоқ. Тіпті, сахабалар Әнастан (р.а.) риуаят етілгендей пайғамбарымызға (с.а.у.) кей жағдайда тұрмайтын. Бірақ, бұған байланысты жалпылай тыйым жоқ болғандықтан, сыртан келген кісіге орыннан тұрып құрмет көрсетуді әдет еткен өлкелер үшін мұның ешқандай ағаттығы жоқ. Себебі орыннан тұрудан мақсат – құрмет, ізет, көңілді хош ету" (Имам Әбу Хамид Мухаммед әл-Ғазали, Ихиаауд-дин, ІІ/305, 268-бет. "Дәрул-маърифа" баспасы, Бәйрут.).
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өзі кей кісілерді тұрып қарсы алғаны, тіпті, кей жағдайда тұрып құрмет көрсетуге шақырғаны жайлы риуаяттар бар. Мысалы,
1. Әбу Дәуід және басқа да хадис жинақтарында Айша анамыздан мынандай сахих хадис риуаят етілді.
عَنْ أُمِّ الْمُؤْمِنِينَ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا أَنَّهَا قَالَتْ مَا رَأَيْتُ أَحَدًا كَانَ أَشْبَهَ سَمْتًا وَهَدْيًا وَدَلًّا وَقَالَ الْحَسَنُ حَدِيثًا وَكَلَامًا وَلَمْ يَذْكُرْ الْحَسَنُ السَّمْتَ وَالْهَدْيَ وَالدَّلَّ بِرَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مِنْ فَاطِمَةَ كَرَّمَ اللَّهُ وَجْهَهَا كَانَتْ إِذَا دَخَلَتْ عَلَيْهِ قَامَ إِلَيْهَا فَأَخَذَ بِيَدِهَا وَقَبَّلَهَا وَأَجْلَسَهَا فِي مَجْلِسِهِ وَكَانَ إِذَا دَخَلَ عَلَيْهَا قَامَتْ إِلَيْهِ فَأَخَذَتْ بِيَدِهِ فَقَبَّلَتْهُ وَأَجْلَسَتْهُ فِي مَجْلِسِهَا
«Көркем мінез-құлық, жүріс-тұрыста және жаратылыста (басқа бір риуаятта сөз сөйлеуде) Фатимадан артық Аллаһ Елшісіне (с.а.у.) ұқсас ешкімді көрмедім. Фатима оның үйіне кірген кезде пайғамбарымыз (с.а.у.) орнынан тұратын да оның қолын алатын әрі (екі көзінің ортасынан немесе басынан) сүйетін. Сосын өз орнына отырғызатын еді. Ал Пайғамбарымыз оның үйіне кірген кезде Фатима орнынан тұратын да қолын алатын әрі (қолынан) сүйетін. Сосын өз орнына отырғызатын еді» (Әбу Дәуід, 5217-ші номерлі хадис, 4-том, 355-бет. «Дәрул-фикр» баспасы. Қосымша қараңыз: Әл-мустадрак ъалас-сахихаин лил-Хаким, әс-Сунанул-Кубра лил-Бәйһақи. Хадистің дәрежесі хадис ғалымдары бойынша «сахих»).
Мұсылмандар мен Мәдинадағы еврей тайпаларының арасында келісім шарт бар еді. Алайда еврейлердің Бәни Құрайза тайпасы сын сағатта сөзден тайып, келісім шартты бұзып мұсылмандарды аса қиын жағдайға душар етеді. Бәни Құрайза тайпасының жасаған осы опасыздықтары мен сатқындықтарына берілетін жаза түрін белгілеу үшін Саъд ибн Муъаз атты сахаба таңдалады. Есекке мінген күйде келе жатқан Саъд ибн Муъазды меңзеп пайғамбарымыз (с.а.у.) мұсылмандарға: "мырзаларыңа тұрыңдар" (Сахихул-Бұхари, ІІІ/1107. «Дару ибни Кәсир» баспасы, Бәйрут, 1987 ж.) деген болатын. Имам ән-Нәуауий сынды бірқатар ғалымдар жоғарыдағы хадистегі Пайғамбарымыздың (с.а.у) "мырзаларыңа тұрыңдар" деген сөзін кісіге құрмет ретінде орыннан тұрудың мұстахаптығына дәлел ретінде келтіреді.
Кейбір ғалымдар бұл жерде пайғамбарымыздың сахабаларға Саъд ибн Муъазға құрмет ретінде "тұрыңдар" демегенін, оның жаралы күйде келгендігін, сондықтан көлігінен түсуіне көмектесу үшін осылай айтқанын алға тартады. Алайда аңсарлық мұсылмандардың орындарынан тұрулары Саъд ибн Муъаздың көлігінен түсуіне көмектесу үшін ғана болмаған. Олай дейтініміз Абдул-Әшһал ұрпақтарының кейбір кісілері: екі сапқа жарылып аяқта тұрғандықтарын және әрқайсысының Саъд ибн Муъазға сәлем бергендерін айтады (Мағазил-Уақиди, І/512. Қосымша қараңыз: Субулул-һуда уәр-рашад, V/254). Пайғамбарымыз Саъд ибн Муъаздан өзге сахабаларына "мырза" деген сөзді қолданғанына байланысты риуаят жоқ. Ендеше, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) Саъд ибн Муъазға арнап айтқан, "мырзаларыңа" деген сөзінің құрмет үшін екенін ескерер болсақ, "тұрыңдар" деп талап етуінің де "құрмет" мақсатында екенін аңғару қиын емес.
әл-Бұхари және Муслимде риуаят етілгендей Каъб ибн Мәлік атты сахабаға өзінің жасаған ағаттығының жазасы ретінде мұсылмандармен араласуға тыйым салынған еді. Қатты өкініп, күндіз түні тәуба тілеген бұл сахабаға елу шақты күннен кейін тәубасының қабыл болғандыған білдіріп арнайы аят түседі. Мұны естіп алып-ұшып мешітке келген Кәъб ибн Мәлікті көрген Талха атты сахаба дереу орнынан тұрады да жылдам жүрген бойда барып оның қолын алып тәубасының қабыл болғаны үшін құттықтайды (Сахихул-Бұхари, ІV/607, «Дару ибни Кәсир» баспасы, Бәйрут, 1987ж). Ғұламалар құттықтау мақсатында кісіге тұрудың шариғатта рұқсат екендігіне осы оқиғаны дәлел ретінде келтіреді. Себебі, егер жалпылай тұру анық харам болғанда пайғамбарымыз (с.а.у.) Талханың бұл ісіне қарсы шығып, дереу ескертуін жасар еді.
Сөз түйіні, Пайғамбарымыздың (с.а.у.): "Кішілерімізге мейірімділік танытып, үлкендеріміздің қадір-қасиетін білмеген адам бізден емес" деп үлкендерімізді құрметтеуге шақырғанындай сырттан келген кісіге, әсіресе, жасы үлкен яки сыйлы немесе білім иесі, тақу жандарға тұру арқылы құрмет көрсету – мұстахаб амалға яғни, жақсы, хош іс-әрекетке жатады. Бірақ кірген адам отырған кісілердің өзіне бұлай тұрып құрмет көрсетуін күтпеуі тиіс. Тіпті, "әуре болмаңдар!" дегендей сөздермен орындарынан тұрмауларын өтінгені де жөн. Әлсіз хадисте, пайғамбарымыз (с.а.у.) өзіне құрмет ниетімен тұрмақшы болған сахабаларына: "Өзге ел адамдарының бір-бірін ұлықтап орындарынан тұрғандарындай орындарыңнан тұрмаңдар" (Сунану Әби Дәуід, ІV/358, "Дәрул-фикр" баспасы) деп орындарынан тұрмауды бұйырған. Пайғамбарымыз өзіне тұрып құрмет көрсетуді ұнатпағандықтан сахабалар да орындарынан тұрмайтын еді (Мухаммед ибн Иса Әбу Иса әт-Тирмизи, Сунанут-тирмиз, V/90, «Дарул-ихиаайт-турасил-араби» баспасы, Бәйрут). Оның (с.а.у.) ұнатпауы аса кішіпейілділігінен туындаған нәрсе.
Иә, кірген адам отырған адамдардың орындарынан тұрып, өзіне құрмет көрсетуін күтпеуі тиіс. Ал, орындарынан тұруларын талап ету, немесе орнынан тұрған кісілердің бұл әрекетіне мәз боп, қуану жоғарыдағы хадисте білдірілгендей тәкаппарлық болғандықтан – харам. Ал егер кірген кісі жасы үлкен немесе сыйлы, яки білімді, тақуа жан болса, отырған адамдардың құрмет ретінде тұрулары – мұстахаб.
Қысқасы, әр кісі өзіне жарасар іс-әрекетті жасағаны жөн.
Қайрат Жолдыбайұлы
ҚМДБ-ның Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі

[ Жоғары ]

 Сәбиге тас қойыла ма? Үші,жетісі беріле ме?

Жалпы қабірге тас қою, оған қайтқан адамның атын, туған күні қайтқан жылын жазу жаиында ғалымдардың арасында пікір талас бар. Бірі харам десе енді бірі мәкрүһ дейді, ал енді бір топ атын жазуға болатындығына рұқсат еткен.
Солардың ішінде Имам Әбу Ханифаның шәкірті Әбу Юсуф, Имам Мәлики, Имам Шәфиғи, Имам Ханбәли және ибн Хазми Заһирлер, қабірді әшекейлеу үшін жазу мәкруһ деп санайды да, ал қайтқан кісінің кім екенін білу үшін жазуға рұқсат береді. Олар Пайғамбарымыздың (с.а.с) Жәбир ибн Абдулла жеткізген «қабірге ештеме жазуға болмайды» деген хадисіне сүйенген. Сондай-ақ Пайғамбарымыз (с.а.с.) да Осман ибн Мазғунның (р.ғ) қабіріне белгі қойғанын дәлел қылып келтіріледі..
Ас беру шариғатымыздың міндетті түрде атқарылуы тиіс парыз амалдарына жатпайды. Яғни, жасалмаған жағдайда ешбір адам күнәһар болмайды. Бірақ, жалпы алғанда, жұртқа тамақ таратудың сауапты іс екенін хадистерден және кейбір Құран аяттарынан байқаймыз. Сондықтан, жетісі, қырқы, жылы деп нақты күндерді санап жатпай-ақ, кез келген күні сауабын қайтыс болған кісіге бағыштап жоқ-жітіктерге, мұқтаж жандарға тамақ таратып, ас беру абзал. Ал мұқтаж жандар қатарына жатпаса да, туған-туыс, жора-жолдастарын жинап ас беруге де шариғат қарсы емес.
Жетісі, қырқы және жылы шариғатта белгіленбегендіктен, оны тек рәміздік атау ретінде ғана орындаса болады. Сондай-ақ, «жетісінде мәйіт ісінеді, қырқында бүйтеді, ал елу екінші күні еті мен сүйегі ажырағанда мәйіт қатты қиналады. Сондықтан ас беріп, дұға жасау керек екен» деген таяз түсініктердің исламда ешбір негізі жоқ.
Дінімізде міндетті түрде қарызданып немесе өзіңе қажетті қаржыңды жұмсап өлі атынан үлкен мал сойып, садақа бер деген үкім жоқ. Ас ысырапқа жол берілместен атқарылуы тиіс.

Діни уағыз-нәсихат бөлімінің маманы
Исламтанушы Ұтысхан Алтынбек

[ Жоғары ]

 Түнде тырнақ алуға болмайды дейді? Осы дұрыс па?

Тырнақты алу тек қажылық пен умрада ихрамға кірген кезде ғана тыйым салынады. Халық арасында белгілі күндері немесе түнде тырнақ алма деп жатады. Бұл бәлкім қазіргідей жарық болмаған уақытта алынған тырнақтын аяқ асты болмауы, асқа түсіп кетпеуі немесе қайда ұшып кеткенін білмей қалмау үшін тыйылған болса керек. Бұны сенім ретінде емес,бір ғұрып ретінде қараған жөн.
Алайда қазір жарық бұрынғы шырақтан әлде қайда жарық. Сондықтан да түнде тырнақ алуға болады. Тек алынған тырнақтар аяқ асты етілмей, бет алды тасталмауы тиіс. Мүмкіндік болса көміп тастаған дұрыс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «шаш және тырнақтарыңызды көміңіз...» деп өсиет еткен. (Муснадул-Фирдаус, 1:102; Фатхул Кабир, 2:375)
Деректерде жұма күні тырнақ алу, тазалану, бой дәрет алу т.б. жасау абзал, сүннет. Өйткені жұма намазына тазаланып дайындық жасалады. Бірақ кез келген күндері тырнақты алса бола береді.
Қ.Ержан
ҚМДБ қызметкері

[ Жоғары ]

 Умра ғибадаты қалай орындалады?

Умра (араб тілінде) – зиярат ету деген мағынаны білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – белгілі бір уақыттан тыс жылдың кез-келген уақытында ихрамға кіріп, тауап және сағи жасағаннан кейін шашты алғызып немесе қысқартып, ихрамнан шығу жолдарымен атқарылатын ғибадат.
Умра ғибадатын орындағысы келген адам миқатта ихрамға кіру үшін дайындалып, екі рәкат ихрам намазын оқығаннан кейін «Аллаһым, мен сенің ризалығың үшін умра жасауды ниет еттім, умраны маған жеңілдет және менен қабыл ал», – деп ниет етіп, артынан тәлбия дұғасын айтып, ихрамға кіреді. Басқа уақыттардағы халал кейбір нәрселер ихрамды болған уақытта харам болады.
Мәсжидул-Харамға келген уақытта «Аллаһым, мен сенің ризалығың үшін умра тауабын жасауды ниет еттім, тауапты маған жеңілдет және менен қабыл ал», – деп ниет етіліп, умраның тауабы жасалады. Тауап біткеннен кейін мүмкін болса, Ибраһим мақамында, болмаса мешіттің кез келген жерінде екі рәкат намаз оқиды. Сосын «Аллаһым, мен сенің ризалығың үшін умра сағиін жасауды ниет еттім, сағиді маған жеңілдет және менен қабыл ал», – деп ниет етіп, Сафа және Мәруа төбелерінің арасында төрт рет бару, үш рет қайту болып, жеті рет барып-келумен умраның сағи міндеті атқарылады. Сағиді орындағаннан кейін шаштарын алғызып, немесе қысқартып, ихрамнан шығады. Осылайша умра ғибадаты аяқталады.

[ Жоғары ]

 Шарананы қойған кезде Құран оқылады ма?

Шарананы қойған кезде Құран оқуға болады. Бірақ оған арналып бағышталмайды. Себебі сәби күнә қателерден пәк. Тек қана шапағатшы болсын деген жақсы дұғалар жасалады.

Діни уағыз-нәсихат бөлімінің маманы
Исламтанушы Ұтысхан Алтынбек

[ Жоғары ]

 Шошқа етін жеу күнә ма?

Доңыз ең әуелі бүкіл әлемдердің Раббы Аллаһ Тағала «жемеңдер» деп тыйғаны үшін харам. Мұсылмандар Аллаһ Тағаланың тыйған тыйымдарының астарлы хикметін, зиянын білмесе де «неліктен, неге?» деместен дереу бойұсынуға тиіс. Себебі, оны бұйырып тұрған ұлы иеміз Аллаһ Тағала болмақ. Мына дүниеге біздер сынақ үшін жіберілгенбіз. Аллаһ Тағаланың адал еткен нәрселері шексіз, санасаң санап бітіре алмайсың. Ал, керісінше, харам еткен нәрселері санаулы әрі шекті. Солай бола тұра, кейбір адамдар осыншама адал нәрселерді ысырып қойып, Аллаһ Тағаланың сынақ үшін харам еткен санаулы нәрселеріне барып ұрынады. Құдды ол харамды жемесе яки ішпесе аштыққа ұрынатындай. Бойұсынудың ең ұлысы һәм ең сауаптысы – істің зияны мен пайдасын есепке алмастан, тек бүкіл әлемдердің раббы – Аллаһ Тағала бұйырғаны үшін ғана орындау. Мұнымен қоса, Аллаһ Тағаланың тыйған кез-келген тыйымдарында бұл дүниелік һәм ана дүниелік пайдалар бар екені де сөзсіз. Доңыз етінің харам болуының да әр түрлі хикметтері бар. Оларды қысқаша қайыратын болсақ:
1. Доңыздың денесінде улы заттар бар. Доңыз еті өте майлы келеді. Бұл май жеген адамның қанына сіңеді. Сөйтіп, қан май түйіршіктеріне толып қалады. Қандағы өлшемінен көп бұл май артерия тамырларының қатаюына, қан қысымының көтерілуіне және жүрек талмасына себеп болады. Бұған қоса, доңыз майының құрамында (sutoksin) «сутоксин» делінген улы зат бар. Денеге енген бұл улы заттың сыртқа шығарылуы үшін лимфа бездерінің шамадан тыс жұмыс істеуі қажет. Ал бездердің бұлай шамадан тыс жұмыс істеуі, әсіресе, жас балалардың лимфа бездерінің асқынуына және ісінуіне әсерін тигізеді. Ауруға ұшыраған баланың тамағы қатты ісігендіктен, доңыз кейпін елестетеді. Міне, сондықтан бұл ауруға медицина тілінде «доңыз ауруы» (skrofuloz) делінеді. Ауру қатты асқынған жағдайда лимфа бездері жарақатқа айналып, қатты ісінеді. Аурудың ыстығы көтеріліп, қатерлі жағдайға душар етеді.
2. Доңыздың денесінде көп мөлшерде күкірт болғандықтан оны жеген адамның организмінде өлшемнен тыс күкірт пайда болады. Ал организмдегі өлшемнен тыс күкірттің болуы шеміршек, бұлшық ет және сіңірлерге сіңіп, буындарда тұз жиналу және омыртқаның жылжуы сияқты ауруларға себеп болуы әбден ықтимал. Доңыз еті жиі желінген жағдайда, денедегі қатты шеміршектердің орнын доңыз етінен келетін бөлшектердің әсері нәтижесінде шеміршектер жұмсарып, дене ауырлығына шыдамайды. Бұл буындардың босаңсуына әкеліп соғады. Доңыз етін жейтін адамдардың қолдары ісіп, денелерінде май қабаттары пайда болады. Мысалы, ол адам спортпен айналысқан күннің өзінде жалқау, жайбасар халге енеді.
3. Доңызда өсу гармоны да көп мөлшерде кездеседі. Бірнеше жүз грамдық салмақпен ғана туылған торайлар алты айдың ішінде жүз килоға жетеді. Торайлардың мұншалықты тез өсіп, үлкеюі доңыздың денесіндегі өсу гармонының өте көп мөлшерде болуына тікелей байланысты. Бұл гармондар доңыздың етін жеген адамдардың денесіне де өтетіндіктен, ол адам организміне кері әсерін тигізеді. Денедегі тканьдардың ісіну мен қабынуына әкеп соғады. Мұрын, жақ, қол, аяқ сүйектерінің табиғи қалыптан тыс үлкейіп, өсуіне және жалпы дененің майлануына себеп болады. Гормандардың ең үлкен зияны – денеде қатерлі ісіктің (рактың) пайда болуына жағдай жасайды. Доңыз қасаптары еркек доңыздардың белгілі бір жастан кейін қатерлі ісік ауруына көптеп шалдығатындықтарын айтуда.
4. Доңыз етінің құрамындағы хистамин (histamine) және имидазол (imidazole) делінетін заттар адамның терісінде қышу тудырады, есекжем, бөртпе (экзема), дерматит сияқты тері ауруларға себеп болады. Бұған қоса, бұл заттар соқыр ішек, өт жолдары, тамыр ауруларына да көп жағдайда себеп. Сондықтан дәрігерлер жүрегі ауыратын адамдардың доңыз етін жемеулері керектігін ескертуді.
5. Доңыздың етін жеу салдарынан адамда пайда болатын тағы бір ауру – трихина ауруы. Доңыздар бұл ауруды трихина атты құрттары бар тышқандарды жеу арқылы өздеріне жұқтырады. Доңыздардың денесінде бұл құрт көптеп кездеседі. Бірақ трихина ауруы доңыздарға қатты әсер етпейді. Ал адамдар үшін бұл ауру өміріне қауіп төндіретіндей қатерлі ауру болып саналады. Трихина құрттары асқазан және ішектер арқылы қанға өтеді. Сосын барлық денеге тарайды. Трихина құрттары, әсіресе, жақ, тіл, мойын, жұтқыншақ және көкірек бұлшықтарының тканьдарында орналасады. Сондықтан осы мүшелердің бұлшықтарының тартылып қалуына (сал болуына) себеп болады. (Мустафа Зарқа, Фәтәәуа, 221-бет. «Дарул-қалам» баспасы, Димашқ. 2001 ж.) Бұған қоса, қан тамырларының бітелуіне, менингит және мидың асқынуына әкеп соғады. Трихина ауруы кей жағдайда адам өліміне де себеп. Бұл аурудың тағы бір жаман жағы нақты емінің болмауы. Трихина көбінесе батыс елдерінде кеңінен етек алған. Мал дәрігерлерінің қатты қадағалауына қарамастан, Швейцария, Англия және Польшада трихина ауруы кең тараған. Ал, мұсылман елдерінде бұл ауру жоқтың қасы.
Медицина ғылымы дамығаннан кейін ғана доңыз етіндегі трихина сияқты зиянды құрттар мен микроптардың, улы заттардың бар екенін білудеміз. Ал Құран сан ғасыр бұрын доңызды «харам» деп кесіп үкім берген. Сондықтан доңыздың денесінде әлі де біз біле білмейтін, ғылым дәлелдей қоймаған зиянды нәрселердің жоқ екендігіне кім кепіл?! (Махмуд Хамди Зақзуқ, Хақайқул-Ислам фи муажаһати шубуһатил-мушаккикин, 649-бет. Кайр қаласы, Мажлисул-ағла ли шуунил-Исламия. 2004 ж.)
6. Адамдар мен жан-жануарлардың табиғаты мен мінездерінің қалыптасуында жеген қоректерінің де рөлі бар. Мысалға, арыстан, қасқыр сияқты етпен қоректенетін аңдар жыртқыш болып келсе, керісінше сиыр, қой, қоян сияқты шөппен қоректенетін жануарлар жуас болып келеді. Көбіне көкөністермен қоректенетін адамдардың табиғаты жұмсақ, биязы болып келетіндігі, ал етті көбірек жейтін адамдардың табиғатының қаттылау болып келетіндігі анықталған. Қазақта адамның мінезін суреттеген кезде жылқы мінезді, қой мінезді деуі де осы айтқандарымызды айқындай түседі. Доңыз – өзінің ұрғашысын қызғанбайтын хайуан. Сондықтан доңыз етін жейтін адамдарда қызғану сезімінің әлсірейтіндігі байқалған. Француз ойшылы Саворин қоректенудің маңыздылығын түсіндіре келе «Маған немен қоректенгеніңді айт, сенің кім екеніңді айтайын» деген екен. (Адем Татлы, Мерак еттиклеримиз, Жиһан иайынлары, Станбул)
Қайрат Жолдыбайұлы
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі


[ Жоғары ]


     

Видеолар

 

 
     

Аудиолар

 

 
     

 Ғибратнама

     

Сахабалар

     

Сұрақ - жауап

     

Рамазан хадисі

    «Уа, жастар! Араларыңыздан үйленуге жағдайлары барларыңыз үйленсін. Үйлену – көзді харамнан, бойды күнәдан сақтайды. Үйленуге жағдайы жетпегендер ораза тұтсын. Себебі ораза ол үшін қалқан»

    (Бухари, Саум, 10; Әбу Дәуд, Никаһ, 1)