Меню

     

Құттықтаулар

 

 
     

Намаз үйренейік

 

 
     

Намаз уақыты

     

Құран онлайн

     

Статистика

     

 


Ескерту: Сұрақ сұрау үшін тіркелуі қажет.
Өтініш! Сұрақ сұрамас бұрын, сұралған сұрақтар тізіміне қараңыз. Бәлкім сіздің қояр сауалыңызға жауап берілген болар. Бұған қоса «іздеу қызметін» қолдануыңызға болады.


Сұрақтар мен жауаптар

[ Басқы бетке оралу | Сұрақты қою ]

Ретке келтіру: Алфавитке Уақытпен
Алфавитпен ретке келтірілген А дан Я ғ

Сұрақтар
Жауаптар

 Ғибадат деген сөзді қалай түсінуге болады?

Дінімізде Алла ризалығы үшін жасалған әр бір игі іс ғибадат болып саналады. Адамзаттың жаратылуының басты себебі де Ұлы Жаратушыны танып-біліп, оның шеберлігінің, ілімінің, құдыретінің алдында таң қалып бас иіп құлшылық ету, ғибадат жасау. Құранда Алла Тағала: «Мен жындар мен адам баласын «тек қана (мені танып), маған ғибадат етсін» деп жараттым» - дейді. Яғни ғибадат сөзі - құлшылық мағынасын береді. Шынайы ықылас пен таза ниет болса өміріміздің әрбір сәтін ғибадатқа айналдыруға болады.

ҚМДБ,
Уағыз-насихат бөлімінің маманы
Исламтанушы Ұтысхан Алтынбек

[ Жоғары ]

 Қыл (сырат) көпір дегеніміз не?

«Сырат көпірі» деген сөз хадистерде көп келеді. Көпір жол мағынасын береді. Бірақ біздің шектеулі ақылымызбен ұға алмайтын түрде тозақтың үстінен бір көпір құрылады. Келіп кеткен бүкіл адамзат осы көпір арқылы өтеді. Өте алғандар жұмаққа өте алмағандар тозаққа түседі. Алла тағала:
وَإِن مِّنكُمْ إِلَّا وَارِدُهَا كَانَ عَلَى رَبِّكَ حَتْماً مَّقْضِيّاً. ثُمَّ نُنَجِّي الَّذِينَ اتَّقَوا وَّنَذَرُ الظَّالِمِينَ فِيهَا جِثِيّاً
«Ондайлардан (тозақ басына) бармай қалатын ешкім болмайды. Мұның өзі Раббының өзгермес үкімі. Сонан соң, тақуаларды (тозақтан) құтқарамыз да, азғындарды жаһаннам жиегіне тізіп қоямыз», дейді. («Мәриям», 19/71-72)
Яғни «Ондайлардан (тозақ басына) бармай қалатын ешкім болмайды» дегені айтып өткен қыл көпірден өтпей жұмаққа бармайды дегені.
Бухарида өткен хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «...кейін тозақтың екі жағына бір көпір құрылады. Бұл қандай көпір? деп сұрады. Тайғанақ көпір. Тікендері бар. Мүміндер көзді ашып жұмғанша ол жерден өтеді де кетеді. Құйындай, жарыс аттарындай зымырап өтетіндері де болады. Адамдардың кейбірі құтылып жұмаққа кіреді. Ал кейбірі тозаққа қарай дөңгеленеді... ол жерден алғаш өтетін мен болармын... Уа, Раббым, мені сақтай гөр! Уа Раббым мені сақтай гөр!» (Бухари, №7439; Мүслим, №183)
Осы себепті Әһли Сүннет сенімі бойынша қыл көпірге сену иман негіздерінен. Көпірдің қылдан жіңішке, қылыштан өткір деп сипатталуы, сірә, ол жерден өту өте қиын екендігін білдірсе керек.
Қ.Ержан
ҚМДБ қызметкері

[ Жоғары ]

 Өліге Құран бағыштала ма? Егер бағышталса оны қандай хадис немесе сүре арқылы дәлелдеуге болады? (Бағдат)

Құранды тек кісі өлгенде, қабірдің басында оқылатын әуен, қайтыс болған әруақтар түске кірген кезде, мешітке барып садақа құтысына ақша салғаннан кейін оқылатын мақам, яки ас берген уақытта жатқа айтылатын мағынасы түсініксіз кітап деп ойлау – өте қате. Ол – Құранның мағынасын дұрыс түсінбеу, қадір-қасиетін аңдамау, тіпті негізгі мақсатынан ауытқу деген сөз. Ендеше, Құран қандай кітап? Құран – ақыретке дейінгі күллі адамзаттың барлық рухани әрі заттық сұраныстарына жауап беретін, қоғамдық әрі әлемдік, жеке тұлғалық барлық мәселелерге қатесіз, толық шешім шығара алатын әрі адамның ақылы жете бермейтін көмескі әлемді суреттеп, беймәлім сырларды ашатын, пәни мен бақи дүниенің бақытын қатар ұсынып, өзіне сеніп, шырақ тұтқан жандарды рухани кемелдікке тәрбиелейтін Ұлы Жаратушы тарапынан жіберілген соңғы қасиетті кітап. Онда Ұлы Иеміз жайлы тылсым мағлұматтар, жеке тұлға мен қоғамдық мәселелердің шешімі, отбасы жағдайлары, ғибадат-мінәжаттың үлгілері, бізге дейінгі ғұмыр кешкен қауымдардың ғибратты оқиғалары, көптеген ғылыми жаңалықтардың мәйегі, салауатты өмір сүру салты секілді алуан тақырыптар қамтылған. Құранның адамзатқа түсу мақсаты мен оның жалпы тақырыптарының қысқаша мазмұны осыған саяды. Осындай ұлы мақсатпен түсірілген қасиетті Құран, өкінішке орай, жетпіс жылдық атеистік саясаттың салқынымен бүгінде тек өлім-жітім жөнелтілген жерлерде ғана оқылып жүргені ащы да болса шындық. Халқымыз Құранның кәусар бұлағынан шөл қандыра сусындай алмай, оның осындай қайғылы жерлерде ғана оқылуын жүрекке медет, көңілге жұбаныш тұтуда.
Иә, халқымыз Құранды қатты құрметтейді. Арнайы қап тігіп, қол тимейтін жерге іліп қояды. Кейде анау-мынау жағдайларға тап бола қалса, Құранды сыртындағы сол қабымен бірге алып, сүйіп, маңдайына тигізеді, бісмілласын күбірлеп, қайта орнына іліп қояды. Десек те, Құран сырты қапталып, шаң басып, ілініп тұрсын яки тек анда-санда бақилық әруақтарға бағышталып оқылсын деп түсірілмеген. Құранның қағазын ғана құрметтеп, оның ішкі құдайылық қағидаларына көңіл бөлмеу, бұйрықтары мен тыйымдарын елемеу, ішкі мазмұнынан хабарсыз болу – үлкен қасірет. Кейде осы көрініске қарап тұрып, Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «Үмбетім сондай бір заманға ұшырайды, ол кезде мұсылмандар бір сайда, ал Құран мүлде басқа бір сайда болады» деген астары терең хадисін еске алып, сірә, осы бір сұрапыл заман суреттелген-ау деген ойға қаласың.
Меніңше, негізгі ішкі мазмұнына көңіл бөлмей, Құранның тек өлім-жітімде ғана оқылуы – кей мұсылмандардың ренішін тудырған. Тіпті, оларды «Құран өліге емес, тіріге түскен, оны өліге бағыштауға болмайды» деп дауласуға дейін апарған.
Алайда, тірі жандардың Құранның ішкі мазмұнын барынша түсініп, мейлінше ғибрат алғаннан кейін оны өлілерге бағыштауға болып-болмауы, оның сауабының әруақтарға тиіп-тимеуі өз алдына бөлек тақырып екені тағы рас.
Сондықтан мәселені осы қырынан қарастырып көрейік. Ол жайлы әһлу сунна ғалымдарының көпшілігі арнайы бағышталып оқылған Құран сауабының өлілерге тиетіндігін айтуда. Мысалы; Ханбали, Ханафи мәзһабы бойынша және Шафиғи мен Мәлики мәзһабтарының кейінгі үлкен ғұламаларының пікірінше, барлық жасалатын жақсылықтардың, бағышталып оқылған Құранның сауабы өлілерге тиеді.
Әбу Ханифа алғашқы кездері қабірдің басында Құран оқуды мәкруһ санаған. Бірақ сахаба Абдуллаһ ибн Омардың қабірдің басында «Бақара» сүресінің алғашқы аяттары мен соңғы аяттарын оқығаны жайлы риуаяттан хабардар болғаннан кейін ол ойынан қайтқан. Ибн Омардың қабір басында Құран оқығанына байланысты риуаятты Хафиз ән-Нәуауийй өзінің «Әзкәр» атты кітабында «хасан» деп баға берген.
Ибн Қудаманың «әл-Муғни» атты кітабында Ахмад ибн Ханбал былай деген: «Бағышталып жасалған барлық жақсылықтың сауабы өліге тиеді. Өйткені, ол жайлы хадистер бар. Барлық қалаларда мұсылмандар жиналып, Құран оқып, сауабын өлілеріне бағыштауда әрі бұған ешкім қарсы шықпауда. Міне, бұл оның дұрыстығына ижмағ (мүжтаһид ғалымдардың белгілі бір мәселеде бір пікірде болуы) болмақ» (Сайд Сабиқ, Фиқһус-сунна, 1 –том, 570-бет).
Ал Ибн Тәймия және Ибну Қаййм әл-Жәузия «жасалған жақсылық пен оқылған Құранның сауабы өліге тиеді» деген көзқарасты таңдаған (Фәтәәуал-әзһар, Атия Сақр. 1997 жыл, Май айы).
Ибн Таймиядан: «Өлі үшін оқылатын хатым Құран жайлы және Құранды жалдап оқытса, сауабы өліге тиеді ме?» деген секілді сұрақтар сұралған. Ибн Тәймия бұл сұрақтарға былай деп жауап берген: «Құран оқып сауабын өліге бағыштау үшін адам жалдау дұрыс емес. Мұны ешбір ғұлама құптамаған. Сауабы жететін Құран – ол тек Алла разылығы үшін оқылатын Құран. Құран оқыған адамға оқығанының ақысы ретінде емес, өлінің атынан садақа етіп берсе, онда бүкіл мұсылмандар бойынша оқылған Құранның сауабы өліге тиеді. Сол секілді сауабын тек Алладан күтіп Құран оқығаннан кейін оны өлілерге бағыштаса, сауабы өліге жетеді. Алла ең дұрысын біледі» (Мәжмуғу Фәтауа Ибн Тәймия (Ибн Тәймияның пәтулар жиынтығы), 24-том).
Ибн Тәймияның үлкен шәкірті Ибнул-Қаййм әл-Жәузия Құран оқып бағыштауға болатындығын дәлелдеп, оған қатысты сан салалы дәйектерін үйіп төгеді. Ол: «Ғибадат екіге бөлінеді: денемен және дүниемен атқарылатын ғибадат. Пайғамбарымыз өлген кісінің атынан берілген садақаның қабыл болатындығын айту арқылы дүниемен атқарылатын жалпы ғибадаттардың сауабынының өліге тиетіндігін білдірсе, өлген кісінінің атынан ұсталынған ораза сауабының қабыл болатындығын айту арқылы денемен жасалатын жалпы ғибадаттардың сауабының өліге жететіндігін білдірген. Бұларға қоса, денемен де, дүниемен де бірге атқарылатын қажылық сауабының өліге тиетіндігін айтқан. Ғибадаттың осы үш түрінің де «денемен, дүниемен, дене және дүниемен) сауабының өліге тиетіндігі хадистермен білдірілген» (Сайд Сабиқ, Фиқһус-сунна, 1–том, 570-бет) -деп, оқылған Құранның сауабының өліге жететіндігіне байланысты көзқарасты дәлелдеуге тырысқан.
Ибнул-Қаййм әл-Жәузия «Рух» атты кітабында былай деген: «Өліге бағышталатын істердің ең абзалы – садақа, өлі үшін дұға жасау, кешірім сұрау және қажылыққа бару. Ал, Құран оқып, бағыштауға келетін болсақ, оны ақысыз оқып, бағыштаған жағдайда сауабы өліге тиеді» (Ибнул-Қаййм әл-Жәузия, әр-Рух, 202-бет).
Ибнул-Қаййм әл-Жәузия басқа бір жерде «Бұларды жасап жатқанда, бұл істерімді өлілерге арнаймын деп ниет еткені абзал. Ниетті тілмен айту шарт емес», - деген.
Арнайы ниетпен бағышталып жасалған жақсылықтар мен оқылған Құранның сауабы өліге тиеді дейтіндердің дәлелдері мынандай:
عن أبي هريرة: أن رجلا قال للنبي صلى الله عليه وسلم: إن أبي مات وترك مالا ولم يوص، فهل يكفر عنه أن أتصدق عنه؟ قال: " نعم ".
Бұл хадис Әбу һурайрадан риуаят етілді. Бір кісі пайғамбарымызға: «Менің әкем қайтыс болды. Артында дүниесі қалды. Артында қалған дүниесін (пәлен жерге берілсін) деп өсиет етпеді. Егер мен оның орнына садақа берсем, күнәлары кешіріледі ме? - деп сұрады. Пайғамбарымыз: «Иә» деп жауап қайырды» (Сахих Муслим, Муснәд Ахмад).
عن ابن عباس قال: جاء رجل إلى النبي صلى الله عليه وسلم فقال: يا رسول الله إن أمي ماتت وعليها صوم شهر أفأقضيه عنها؟ قال: " لو كان على أمك دين أكنت قاضيه عنها " قال: نعم. قال: " فدين الله أحق أن يقضى ".
Бұл хадис әл-Бухари мен Муслимде кездеседі. Ибн Аббастан риуаят етілді. Ибн Аббас айтты: «Бір кісі Пайғамбарымызға келіп: Уа, Алланың елшісі, менің шешем мойнында бір айлық қарыз оразасы бар күйде қайтыс болды. Оның орнына сол оразасын өтесем бола ма?- деп сұрады. Пайғамбарымыз: «Егер шешеңнің елге қарызы болса, өтер ме едің?», - деді.
Сұраған кісі: «Иә», - деп жауап берді.
Пайғамбарымыз: «Онда Алла алдындағы шешеңнің қарызы өтелуге одан да лайығырақ»,- деді.
عنْ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا أَنَّ امْرَأَةً مِنْ جُهَيْنَةَ جَاءَتْ إِلَى النَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَالَتْ إِنَّ أُمِّي نَذَرَتْ أَنْ تَحُجَّ فَلَمْ تَحُجَّ حَتَّى مَاتَتْ أَفَأَحُجُّ عَنْهَا قَالَ نَعَمْ حُجِّي عَنْهَا أَرَأَيْتِ لَوْ كَانَ عَلَى أُمِّكِ دَيْنٌ أَكُنْتِ قَاضِيَةً اقْضُوا اللَّهَ فَاللَّهُ أَحَقُّ بِالْوَفَاءِ
Бұл хадисті Ибн Аббас риуаят етті. «Жуһайнадан бір әйел пайғамбарымызға келіп былай деді: - Шешем қажылыққа барамын деп уәде (нәзір) еткен еді. Бірақ, қажылық жасай алмай бақилық болып кетті. Енді мен оның орнына қажылық жасасам бола ма? Егер шешеңнің басқа біреуге қарызы болғанда, оның қарызын өтер ме едің? (Әрине). Ендеше, шешеңнің Аллаға деген қарызын өте. Себебі, қарызы өтелуге ең лайық – Алла Тағала»,- деді».
Жоғарыдағы хадистерді саралай келе, ғұламалар оқылған Құран сауабының да бағышталған марқұмдарға тиетіндігін айтқан. Себебі, ораза да, садақа да, қажылық та ғибадат бола тұра өлген кісіге арналып атқарылған жағдайда, сауабының жететіндігін пайғамбарымыз жоғарыда келтірілген сахих хадистерінде тікелей білдірген. Сондықтан Құран оқу да өз алдына жеке ғибадат болып есептелетіндіктен бұл үкімнен тысқары қалмасы анық.
Мәлики мәзһабын ұстанушы үлкен тәпсір ғалымы Қуртуби бұл жайлы: «Бұл тақырыптағы еш талассыз нәрсе берілген садақа сауабының өліге тиетіндігі. Ал енді садақаның сауабы өліге тиетіні секілді оқылған Құран мен дұға, истиғфарлардың да пайдасы өліге тиеді. Өйткені, бұлар да садақаға жатады. Садақа тек ақша, дүниемен шектелмейді».
Бұған қоса, өлілерге Құран оқуға болмайды делінген ешбір нақты хадис жоқ. Керісінше, Хаким мен Ибн Хиббанның сахих деп баға берген мынадай хадисі бар:
عن معقل بن يسار ، أن رسول الله صلى الله عليه وسلم قال
« اقرءوا يس على موتاكم »
Бұл хадис Мағқал ибн Ясардан риуаят етілді. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Өлілеріңе «Йасин» сүресін оқыңдар!» (Әбу Дәуід, 8-том, 385-бет) - деді.
Ескерту: Құранды өліге бағыштауға болатындығын мақұлдаған ғалымдардың бәрі ақшаға оқылған Құранның қабыл болмайтындығы турасында бір пікірде. Сондықтан оқи алса, Құранды өліге бағыштағысы келетін кісінің өзі оқығаны абзал. Ал басқа бір адамға оқытса, онда ол адамға Құран оқығаны үшін арнайы ақы бермеуі шарт. Cадақа ретінде берсе болады. Мешіттерге келіп оқытатын кісілер мешітке берген садақаларын Құранның ақысы деп ойламауы тиіс. Бұған қоса, Құран оқыттым, әке-шешемнің күнәлары кешіріліп, жұмақтық болды деген таяз түсініктен де аулақ болғаны жөн. Себебі, бағышталған Құранның қабыл болып-болмауы – бір Жаратқанның құзырындағы іс. Біздікі сауабы жетсе деген үміт пен күнәсі кешіріліп, Құранның шарапаты тисе екен деген игі тілек қана.
«Қабірдің басында яки өліге бағышталып оқылған Құранның мазмұны өлікпен, ақыретпен мүлде қиыспай жатады. Мысалы, кейде қабір басында Құранның намазға, оразаға, үйленуге байланысты аяттары оқылады. Оның өлікпен қандай байланысы бар? Пайдасы тие ме?» деген сөздерді құлағымыз шалып қалады. Әрине, қабірдің басында оқылатын аяттар өліммен яки ақыретпен тікелей байланысты болып жатса құба-құп. Алайда, оқылған Құран мазмұнының өліммен яки ақыретпен байланысты болуы шарт емес. Себебі, біз Құранды бағыштаған уақытта өліктің одан бір нәрсе түсінуі үшін оқымаймыз. Құранның қандай сүресі, қай аяты оқылса да, оқыған адамға сауап жазылатындығы көптеген хадистерде білдірілген. Құранның қандай сүресі, қай аяты, қай әрпі оқылса да, оқыған адамға сауап жазылады. Пайғамбарымыз (с.а.у.): “Кімде-кім Алланың кітабынан (Құраннан) бір әріп оқитын болса, оған бір жақсылық жазылады. Ал әрбір жақсылық он еселенеді. Мен Әлиф, Ләм, Мимді (бәрін қосып) бір әріп демеймін, Әлиф – жеке бір әріп, Ләм – жеке бір әріп, Мим – жеке бір әріп. (әрқайсысына жеке-жеке сауап жазылады)”, - деген (Сунанут-Тирмизи, 5-том, 175-бет.).
Яғни, Құран оқудың өзі намаз, ораза секілді жеке ғибадатқа жатады. Міне, біз сол ғибадаттан келетін сауапты өзімізге емес, әруақтардың амал дәптеріне жазылуын Ұлы Жаратқаннан тілейміз. Яғни, өзімізге жазылар сауапты марқұмдарымызға сыйлаймыз.
Сөз соңы, Құран – өлілерден гөрі тірілер үшін түсірілген кітап. Сондықтан Құранның тіршілігімізді нұрға бөлеп, Жаратушыға жақындатар қағидалары мен ережелерін орындасақ игі. Құран бұйрықтарына құлақ аспай, тыйымдарын белшеден басып, анда-санда мағынасын түсінбестен ақшаға оқытқан Құранның сауабы өліге тиеді деу аңғалдық болар.
Қазақтың құдайы тамақ беріп, Құран оқытуы – бізге уағыз айтыңдар деген ниеті. Уақытын бөліп, мешітке келіп құран оқытуы – уағызға ұйығысы келетін ынтасы емес пе? Сондықтан Құранды өлілерге бағыштауға болмайды дегеннен гөрі дін мамандары халқымыздың көп жыл діннен жырақ қалғанын ескеріп, қайта осы мүмкіншілікті тиімді пайдалануы тиіс. Құран оқытуға келген кісілерге құран оқып бергеннен кейін қысқа болса да дініміздің құндылықтарын насихаттап, мүмкіншілік болса, қолдарына мазмұнды діни кітапшаларды ұстатса, нұр үстіне нұр болар еді. Сондай-ақ, құдайы тамақтарда да Құран оқумен қатар пендеге жүктелген мұсылмандық міндеттерді түсіндіріп жатсақ бұдан асқан сауап бар ма?!
(ҚМДБ-ның аппарат басшысы Қ.Жолбыбайұлы)

[ Жоғары ]

 «Кейбір адамдар көп дұға қыламын бірақ қабыл болмайды» деп жатады, оның себебі неде? (Асан)

Алла тағаланың:
ادْعُونِي أَسْتَجِبْ لَكُمْ
«Маған дұға етіңдер, сендерге жауап беремін» («Ғафир» сүресі, 40/60 аят) деген уәдесі бар.
Иә, Алла тағала – құлдарының барлық дұға-тілектеріне жауап беруші. Осы тұста кейбіреулер: «Қанша дұға етсек те сұрағанымыз берілмейді. Сонда бұл аятты қалай түсінуге болады?» деп жатады. Мына нәрсені білгеніміз жөн: дұғаға жауап беру бір бөлек те, оны қабыл алу бір басқа. Аятта Алла тағала өзіне жасалған барлық дұға-тілектерге жауап беретінін айтты. Ал; дұғада сұралған нәрсенің беріліп, берілмеуі, яғни тілектің қабыл болып, болмауы Алла тағаланың хикметі мен қалауына қарай қилы жолмен жүзеге асады. Осыған қатысты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Алла тағала өзіне дұға жасаған барлық адамның тілегіне жауап береді. Оның дұғаларға жауап беруі – дұға жасаған адамға сұрағанын беруі арқылы, яки, дұғасының сауабын ақиретке жинауы немесе жасаған дұғасының көлеміндей күнәсін кешіруімен болады. Бірақ кісі күнә нәрсені немесе туысқандық қатынастың үзілуін тілемесе әрі дұғам қабыл болмады деп асығыстық жасамаса болғаны», – дейді. Яғни, Алла тағала құлдың сұраған нәрсесін береді немесе сауабын ақиретке қалдырады әрі күнәларын кешіреді. Олай болса, қай жағдайда да дұға етудің пайдасы шаш-етектен.
Бұл мәселені қарапайым тілмен тағы да былай түсіндіруге болады. Мысалы, бір сырқат адам дәрігерді көмекке шақырып, белгілі бір дәріні сұрады делік. Дәрігер әуелі: «Иә, құлағым сізде, не болды?» деп, оның шақыруына ілтипат білдіріп, жауап береді. Бірақ сұраған дәрісі ауруына яки басқа бір ағзасына кері әсерін тигізер болса, ол дәріні бермейді. Орнына басқа бір дәрі беруі мүмкін.
Міне, дәл осы тәрізді Ұлы Жаратушымыз да құлдарының барлық жасаған мінәжат, дұға, тілектеріне жауап береді. Бірақ сұралғанның бәрін қолма-қол ұсына салмайды. Себебі, біз көбіне мына пәни дүниенің өткінші пайдасын ғана күйттеп, мәңгілік дүниемізге кері әсер тиер нәрсені сұраймыз. Сұраған нәрсеміз кейбір жалған сезімдеріміздің яки, асығыс қабылдаған шешіміміздің нәтижесі болуы ықтимал. Кейбір жақсылық деп пайымдаған нәрселеріміздің ақыры біз үшін жамандық болуы мүмкін.
Құранда Алла тағала:
وَعَسَى أَن تَكْرَهُواْ شَيْئاً وَهُوَ خَيْرٌ لَّكُمْ وَعَسَى أَن تُحِبُّواْ شَيْئاً وَهُوَ شَرٌّ لَّكُمْ وَاللّهُ يَعْلَمُ وَأَنتُمْ لاَ تَعْلَمُونَ
«Жек көрген нәрселерің сендер үшін қайырлы болуы мүмкін. Ал, жақсы көрген нәрселерің сендер үшін жаман болуы мүмкін. Алла біледі, сендер білмейсіңдер» («Бақара» сүресі, 216 аят), – дейді. Сондықтан кейбір сұраған нәрселеріміз берілмеген жағдайда: «Дұғам қабыл болмады» дегеннен гөрі «Тілегімнің орындалмауы мен үшін қайырлы шығар», – деп Жаратқанның жазғанына риза болған жөн.
Кейде асығыстық жасап, әлі пісіп-жетілмеген нәрселерді уақыты келмей жатып, шикілей жинап алуды қалаймыз. Алла тағала осындай көңілі мен сезімдеріне ұнамды әр нәрсені сұрай беретін құлына ненің керекті, ненің қажетсіз, дүниесі мен ақиретіне қай нәрсенің пайдалы, қайсысының зиянды екенін жақсы білгендіктен, құлдың тілегін Өзінің хикметіне қарай береді яки сұрағанынан да абзалын нәсіп етпек. Мысалы, біреу Алла тағаладан ер бала тілеуі мүмкін, ал Алла тағала оған қатардағы ер баладан да қайырлы қыз бала нәсіп етуі мүмкін. Имранның әйелі Жаратушыдан ұл бала тіледі. Алайда, Ұлы Жаратқан оған ұл баладан да қайырлы қыз сыйлаған жоқ па. Имранның әйелі Иса (ғ.с.) пайғамбарды дүниеге әкелетін Мәриям анамызды босанған еді ғой.
Ардақты пайғамбарымыздың айтқанындай «Дұға – ғибадат» (Тирмизи, Тәфсир, Ғафир, (2973); Әбу Дәуід, Салат, 358). Біз ғибадатты осы дүниеде пайдасын көру үшін жасамайтынымыз белгілі. Сол секілді дұғаны да ғибадат ретінде орындап, жемісін ақиретте көретіндігімізге сену керек. Сондықтан да дұғада сабырлық пен табандылық қажет. Осы тұста мына бір ғибратты оқиғаны айта кетейік:
Кезінде бір Мәлік ибн Динар деген әулие кісі өмір сүрген. Ол қажылыққа кетіп бара жатып, бір қызық оқиғаға куә болады. Тұмсығында наны бар бір құстың жол шетіндегі жартасқа түсіп шығып, аузындағы нанын тастап, қайта ұшып келіп жүргенін байқайды. Не де болса бұл жерде бір гәп бар деп, әлгі жартасқа өрмелей бастайды. Біраз жоғары шыққаннан кейін таң қаларлық көрініске куә болады. Аяқ-қолы маталып, шұңқырға тасталған бір кісіні көреді. Үсті-басы әбден күнге күйіп, терілері сыпырылып түсе бастаған екен. Ол өз көзіне өзі сенбей:
– Әй, сен адамсың ба, жынсың ба? – деп дауыстайды. Әл-дәрмені қалмаған әлгі бейшара ымдаған соң оны шығарып алады да не болғанын сұрайды. Сонда ол былай деп әңгімелейді:
– Мен қажылыққа кетіп бара жатқан едім. Біздің керуенге қарақшылар шабуыл жасап, жолдастарымның бәрін түк қалдырмай тонап кетті. Мен қарулы болғандықтан, оңайшылықпен беріспедім. Әбден алысып, осы жерге дейін қашып келдім. Ақыры ұстап алып, не бар, не жоқ бәрін тартып алып, аяқ-қолымды байлап шұңқырға лақтырып кете барды. Осылайша күнге қақталып жатқаныма тура бір апта болды. Күн өткен сайын аштықтан бұратылып, әлсіреген үстіне әлсірей түстім. Ақыр соңында ешқандай үміт қалмаған соң: «Уа, Алла тағалам! Өзіңнің разылығың үшін аптап пен шөлге қарамай жолға шықтым. Қандай күйге тап болғаным Өзіңе аян. Өзіңнен басқа жәрдем етер ешкім жоқ. Өзіңе ғана сыйынып, жалбарынамын, мені құтқара гөр!» деп тіледім. Дұғамды бітіргенім сол екен тұмсығында наны бар бір құстың маған қарай ұшып келе жатқанын көрдім. Ол көкірегімен қонып, тұмсығымен нанды үзіп-үзіп аузыма салды. Шамалы болса да әлденіп алдым. Біраздан кейін қайдан әкелгенін қайдам бір ыдыспен су әкеліп, көкірегімен қонып, су ішкізді. Осылайша мені аштықтан құтқарды. Әлгінде де біраз нан әкелгені сол еді, артынша сен келдің.
Мәлік ибн Динар өз көзіне өзі сенбей аң-таң қалды. Ақыры әлгі адамның аяқ-қолын шешіп, керуенге жеткізіп салды. Осы кезде олар әлгі құстың аспанда қалықтап ұшып, шиқылдап жүргенін көрді. Әулие Мәлік ибн Динар құстың бұл қылығын:
– Бұл құс саған былай деп жатқандай: «Алла тағаладан шын көңілмен сұрасаңдар, Ол дұғаларыңды қабыл етеді. Күтпеген жерден орайын келтіріп, құстардың өзін көмекке жібереді» деп жорыған екен. Иә, атам қазақ «Шын жыласа, соқыр көзден жас шығады» деп бекер айтпаған ғой.
А.Ұтысхан
ҚМДБ, Уағыз-насихат бөлімінің маманы

[ Жоғары ]

 Ақида дегеніміз не?

«Ақида» сөзін тілдік тұрғыдан қарастыратын болсақ «бір нәрсенің бөлек ұштарын бір жерге жинау», «топтау» мағынасын береді. Көпше түрі «ақайд». Ал ислами түсінік тұрғысынан алғанда дініміздегі басты тұжырымдарды құрайтын сенім жүйесі, дәлірегі, иман негіздері дегенді білдіреді.
Ақида ұғымы сенім жүйесі ретінде қолданылуымен бірге, белгілі бір мәзһабтың немесе бір мәзһабты құрған имамның иман негіздеріне қатысты айтқан пікірлері мен түсінігін білдіру үшін де қолданылады.
Ислам дінінің сенім жүйесіне қатысты саласын зерттейтін ғылымды «кәлам» десе, тікелей сенімге байланысты айтқанда «итиқад» термині қолданылады. Сол секілді ақиданы да, көп жағдайда иман негіздері деп айтуымызға әбден болады. Яғни, бұл иман негіздеріне «әмәнту билләһ» дейміз. Әмәнту: «Әмәнту билләһи уә мәләикәтиһи уә кутубиһи уә русулиһи уәл-яумил ахири уә бил-қадари хайриһи уә шарриһи миналлоһи тағала уәл-бағсу бағдәл-мәути хаққун. Әшһәду ән лә иләһә иллоллоһу уә әшһәду әннә Мухаммадан абдуһу уә расулуһу» болып айтылады.
Мағынасы: «Мен Аллаһқа, Оның періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына, ақырет күніне, тағдырға, жақсылық пен жамандықтың Аллаһтың жаратуымен болатындығына иман еттім. Өлгеннен кейін қайта тірілу хақ. Аллаһтан басқа ешбір тәңірі жоқ, Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) Аллаһтың құлы және елшісі екендігіне куәлік етемін».
Ислам ақидасы Құран мен хадис үкімдеріне сүйенгендіктен, кейбір сенімдердегідей «көзіңді жұм да, артымнан ер» деген шолақ түсініктен аулақ. Ислам ақидасы адамзатқа иман негіздерін түсіндіргенде кез-келген мәселені анық дәлелдермен келтіреді. Мысалы, Құранда Аллаһтың бар және бір екендігімен қоса, кәміл сипаттарын жеке-жеке түсіндіретін тұстары кездеседі. Сол секілді әлемнің жаратылысы, адамның жаратылысы және тарихта болған кейбір оқиғалар да келтірілген. Сондай-ақ, Құран Кәрімде өлгеннен кейін қайта тірілу мәселесі адамның алғаш жаратылысымен барабар, һәм аспан мен жердің қалай жаратылғандығына теңей отырып нақты дәлелдермен түсіндіріледі.

[ Жоғары ]

 Ассаламу алейкум ! Ыхылас дегеніміз не? түсіндіріп бересіз бе (Береке)

Ықылас – ниеттің кіршіксіз таза, шынайы, тура болуы. Ол көңіл пәктігін, жүрек тазалығын, көңілді кірлететін қылықтардан алыс әрі пікірде ұстамдылықты білдіреді. Құлшылықта Аллаһқа ортақ қоспай, ешқандай ішкі есепсіз қана Аллаһ разылығын көздеп, жауапкершілігі мен міндеттерін тек қана Жап¬пар Жаратушының бұйырғандығы үшін орындау. Осы шынайылық – саф құлдардың ең маңызды қасиеттерінің бірі.
Шынайылық ең әуелгі пайғамбарлардың қасиеті болса, ықылас оның нұрлы ұшар шыңы. Ықыласты болуға адамдар өмір бойы талпынса, пайғамбарлар бұл қасиетке тумысынан ие.
Олардың күллі игі амалы мен ниетінде терең ықылас жатыр. Олар пайғамбарлық міндетін атқару барысында бүкіл қиындықтарға мойымай қарсы тұра білді және ізгілікті дәріптеп, жақсылыққа шақыру ісінде ешкімнен де ақы талап етпеді.
Ықылас – жүректің ісі. Аллаһ тағала адамның жүрегіне қарап, амалына сауап жазады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқандай «Аллаһ сыртқы кескін-келбет, дене-пішініңізге емес, жүректеріңізге қарайды» (Муслим, Бирр, 33; Ибн Мажа, Зуһд, 9).
Ықылас – саф жүректерге Аллаһ тарапынан берілген сый. Ол – аз нәрселерді молайтып, берекетін арттырады, шектеулі құлшылықты шексізге айналды¬ратын сиқырлы сый.
Ықылас – жүрекке жасырынған сыр. Ол тек Аллаһқа ғана аян. Сол себепті жүректегі ықыластың қандай екенін періште де біле алмағандай, бұл сырға шайтан да қол жеткізе алмайды.
Ықыластың осы сырлы күшіне байланысты хазірет Әли «Амалдың аздығын емес, қабыл болуын ойла, өйткені, Муаз ибн Жәбәлға Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
«Діни өміріңде аз амал етсең де, ықыласты болсаң жеткілікті» деген және басқа бір хадисінде «Амалдарыңызда әрқашан ықыласты болыңдар, өйткені, Аллаһ амалдардың тек қана шынайы болғанын қабылдайды» (Мунауи, фәйзуль-қадир, Бейрут, ж.ж., 1-т., 216-б.) деп ықыласқа ерекше мән бер¬ген.
Жүрегі ықыласқа толы адам ешкімнен мақтау, ма¬рапаттау күтпейді. Істеген ісі үшін атақ, абырой, даңққа кенелуді ойламайды. Істі алғаш бастаған кезде қандай шынайы болса, үлкен жетістікке жеткен кезде де сол шынайылығынан айрылмайды. Ол үшін ең бастысы – істеген амалдарын Аллаһтың қабыл алуы. Бұл тұрғыда Пайғамбарымыздың өмірі – үлгі.
Қорыта айтар болсақ, ықылас – ақыл мен сана һәм жүректің кіршіксіз пәк ниетпен Аллаһ үшін ғана іс істеп, сауабын да тек Аллаһтан күтуі. Дәретсіз намаздың болмайтыны секілді, ықылассыз құлшылық та болмайды.

[ Жоғары ]

 Ассалямуалейкум! Шайтандар қайда мекен етеді және олардың күмәнінен қалай арылуға болады? Калима

Өз деңгейін жоғалтқан шайтан тек лас жерлерді баспана еткен. Мысалыға әжетхана, монша, қоқыс т.б сонымен қоса оның тамаша баспанасы бар, құмархана, ойынхана т.с.с. Бұл жерлер шайтанның адамдар арасында нағыз ұрыс-кріс шығаратын мекені.
Бір адам келе жатса жолда адам аяғына бататын үлкен тікен жатыр екен. Өзгелерге зияны тимесін деп алып тастамақшы болады. Сол сәтте «сен өз жұмысыңа қара, өзгелерді не істейсің?» деген құлағына сыбырлаған дыбыс естіледі. Бұл шайтанның сөзін демеп тұрған нәпсі еді. Жақсылық періштесі жетіп келді де адамның жүрегіне «жақсы амалмен өзгелерге көмектескен боласың және Алла сенен разы болады», - дейді.
Нәпсісін тыңдамай тікенді жолдан алып тастайды. Өзін іштей жеңіл сезініп қалады. Қу нәпсі қулығын жасап «тікенді алып тастағаның қандай жақсы болды. Егер де сен алмағаныңда өзгелерге зияны тиер еді. Өзіңді қанша мақтан етсең де аз», - деді. Тағы да «жақсылық періштесі жетіп келіп жанашырлық пен мейірімділікті сыйлаған, тікенді орнынан алып тастауға күш-жігер берген Ұлы Жаратушы екенін ұмытпа», - деді. Әлгі адам тағы да нәпсісінің сөзіне құлақ аспай Раббысына шүкір еткен екен. Шайтан да адамды азғыру үшін барлық жолдарды қолданады. Адам баласы амалдардың абзалын жасаймын деп жүргенде харамға қалай кіргенін білмей де қалады. Сүннетті орындаймын деп жүріп уәжіпті тәрк етеді. «Амалым қабыл болды ма жоқ па?» деп күмәнға түседі де жүреді. Дәрет алу барысында да шайтан адамды азғырады. Одан да сақтаныңыз делінді. Намаздан алыстату үшін көз алдына өткен кеткенді еске салып қай рәкатта тұрғанын да ұмыттырып қояды. Шайтан әуелі күмәнді жүрекке салады. Егер жүрек қабылдамаса ол күмән жамандауға айналады. Осылайша жүрек үмітін үзіп Раббыма қарсы құрметсіздік еттім дей бастайды. Құтылу жолдарын іздеп жүргенде нәпсісінің құлына айналады. Нәпсі болса адамның мойнына қамыт кигізіп, қалаған жағына сүйреп, үнемі бұғауда ұстайды. Жүректің бір бұрышында шайтан бір бұрышында періште отырады. Шайтан жамандықпен азғырса, періште жақсылыққа шақырады.
Жын шайтанның жамандығынан сақтанудың бірден бір жолы рухани кемелдену және адам баласының ішкі-сыртқы жан дүниесінің бір-бірімен үйлесуі арқасында болмақ. Алланы еске алумен қатар дұға жасауды әдетке айналдыру өте маңызды. «Ағузу биллаһи минайш-шайтанир-ражим» сөзін Алла тағалаға қарай жоғарылайтын баспалдақ ретінде қолданғанымыз жөн. «Ағузу бикәлиматил-ләһит-тәммати мин шәрри ма халақ» (Жаратылғандардың жамандықтарынан Алланың сөздеріне толығымен сиынамын) деп Аллаға дұға жасаған адамға шайтан зиян тигізе алмайды. Сонымен қатар «Аятул курсиді» оқуға әдеттену керек. Бұл аят та илаһи қалқан қызметін атқарады.
Сонымен қатар пайғамбарымыз «Үйлеріңізді молаға айналдырмаңыз, Бақара сүресі оқылған үйге шайтан жоламайды», - деп бізге Құран оқып тұруды өсиет етеді.
«Нас» сүресі 1-6: «(Уа, Мұхаммед!) Оларға: Жындар мен адамдардан болған, адамдардың көкейлеріне азғындық ой салатын, сыбырлап аздырушы шайтанның кесірінен, адамдардың Раббысына, Патшасына сыйынамын! де» немесе «Мүминұн» сүресінің 97-98 аятында айтылғандай: «Раббым! Шайтандардың түртектерінен саған сиынамын де. Раббым! Олардың жаныма келуінен де саған сиынамын» деп Құран аятарын оқып тұрғанымыз дұрыс болар.

[ Жоғары ]

 Дұға қабыл болу үшін қандай шарттар орындалу керек? (Самал)

Дұғаның шарттары :
1. Дұғаның қабыл болуы үшін мына дүниенің өзіндік заңдары мен себептерін ешбір ақаусыз атқаруымыз қажет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тек қана дұға етіп қана отырмай, ол үшін қажетті шарттардың бәрін орындаған. Мәселен, Бәдір шайқасында Алланың елшісі бүкіл дайындықтарын жасағаннан кейін барып, қол жайып Жаратқаннан медет тілеген болатын. Сондықтан ғалымдарымыз дұғаны екіге бөліп қарастырған. Біріншісі «фиғли дұға», яғни, ісіміз арқылы Ұлы жаратушыдан тілеу. Мысалы, жер жыртып, дән сеуіп, оны жаз бойы суарып, өсіп-жетілуі үшін керекті барлық іс-шараларды атқару. Мұндай дұға Алла тағаланың орнатқан заңдары мен себептерін орындау арқылы жүзеге асатындықтан көбіне қабыл болады. Ал, екінші дұға «қаули дұға», яғни, сөзбен, не жүрекпен тіленетін дұға. Қаули дұғадан бұрын фиғли дұға жасалуы керек. Іс істемей жатып, жасаған барлық дұғаларды Алла тағала қабыл ала беретін болса, елдің бәрі жатып-ішер жалқауға айналар еді. Ал, Алла тағала құлдарының жалқау болуын, әлбетте, қаламайды. Әр сұрағанымызды Алла тағала сол мезет бере берсе, дүниедегі тепе-теңдік бұзылар еді.
2. Дұғаны шынайы ықыласпен жасау. Құрандағы:
«Аллаға шынайы ықыласпен дұға етіңдер» деген аят осыған шақырады. Ал, Алла елшісі (с.ғ.с): «Біліп қойыңдар! Алла тағала құлықсыз жүрекпен жасалған дұғаны қабыл етпейді» , – дейді.
3. Харам аспен қоректенбеу.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде бір адамның алыс сапарға шығып, алба-жұлбасы шыққан кейіпте екі қолын көкке көтеріп, Алладан тілек тілегені жайлы жеткізе келе :
«Алайда, оның ішкен-жегені, киген киімі харам болса, дұғасы қалай қабыл болсын?» деген. Адамдардың көбісі дұға жасай салып, дұғам қабыл болмайды деп шағым айтып жатады, алайда ішкен-жегені мен нәпақасын қалай тапқанына аса көңіл аудармайды.
3. Құбылаға қарап, дұға жасау. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) дұға тілерде құбылаға қарап, дұға жасағаны жайлы Жәбир ибн Абдуллаһ былай жеткізеді:
«Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Арафатқа келгенде, құбылаға қарап күн батқанға дейін дұға жасаған».
4. Дұға жасағаннан кейін бетті сипау.
«Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дұға жасаған кезде қолдарын көтеріп бетін сипамастан түсірмейтін еді».
5. Қасиетті мекендер мен уақыттарда жасау. Дұға жасауға кез-келген уақыт пен кез-келген орын лайық. Бірақ ерекше аталған қасиетті жерлер мен қадірлі уақыттарда жасалған дұғаның айрықша қабыл болатыны туралы да хабарлар бар. Сол хадистің бірінде:
«Құл сәжде кезінде Раббысына ең жақын болады. Сондықтан сәждеде мол дұға жасаңыздар» деген.
6. Дұға тілегенде тек бір Алладан ғана сұрау. Құран Кәрімде:
«Алла тағаладан басқа пайда да, зиян да келтіре алмайтыннан (пұттардан) дұға тілемеңдер» , – дейді.
7. Алла тағаланың көркем есімдерімен дұға тілеу. «Раззақ» есімі арқылы ризықтың сұралуы, «Рахим» есімі арқылы мейрімділіктің қалануы, Шаафи есімі арқылы неше түрлі ауруларға шипа тіленуі дұғаның бір хикметіне жатады. Сол секілді Алланың басқа да есімдері арқылы жәрдем сұрау жайлы Алла тағала былай дейді.
«Алла тағаланың көркем есімдері бар. Осылармен дұға жасаңдар» .
8. Дұғаны үш реттен қайталау керектігі жайлы ибн Масғуд:
«Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дұға еткенде, бір нәрсені сұрағанда, үш реттен қайталайтын» .
Иә, дұға ету, яғни Алладан қажетiн тiлеу – мұсылман тiршiлiгiндегi елеулi орын алатын ғибадат түрi. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
«Дұға – мүміннiң қаруы, дiннiң тiрегi, аспан мен жердiң нұры» , – деген.

[ Жоғары ]

 Дұға жасағаннан кейін бетті сипау дұрыс па?

Кейбір адамдар мұның шариғатта жоқ екенін айтып, қарсы шығуда. Осының ара жігін ажыратып берсеңіздер.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) дұғадан кейін бет сипағанына байланысты \"және\" сипаңдар деп бұйырған көптеген хадистері бар. Мысалы,
عَنْ عُمَرَ بْنِ الْخَطَّابِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ
كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا رَفَعَ يَدَيْهِ فِي الدُّعَاءِ لَمْ يَحُطَّهُمَا حَتَّى يَمْسَحَ بِهِمَا وَجْهَهُ
Бұл хадис Омардан (р.а) риуаят етілді. Ол былай деді: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) қолдарын дұға ету үшін көтерер болса, оны жүзіне сипамастан түсірмейтін еді» (әт-Тирмизи, 3308. Қосымша қараңыз: әл-Мустадрак алас-сахихайн лил-Хаким, 1923. Муснад Абд ибн Хамид, 40, әл-Муғжамул-әусат лит-Табарани, 7252. Субулус-сәлам шарху булуғул-Марам лис-Санғани).
عن ابن عباس رضي الله عنهما ، قال : قال رسول الله صلى الله عليه وسلم : « إذا سألتم الله فاسألوه ببطون أكفكم ، ولا تسألوه بظهورها ، وامسحوا بها وجوهكم »
Осы хадис Ибн Аббастан риуаят етілді. Ол былай деді: «Пайғамбарымыз (с.а.у.): Аллаһ Тағаладан тілеген кезде алақандарыңның сыртымен емес, ішімен тілеңдер және алақандарыңды жүздеріңе сипаңдар деді» ( әл-Мустадрак алас-сахихайн лил-Хаким, 1924. Және қосымша қараңыз: Әбу Дәәуід, Бабуд-Дуға. Муснад Абд ибн Хамид, 717).
عَنْ ابْنِ عَبَّاسٍ قَالَ
قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا دَعَوْتَ اللَّهَ فَادْعُ بِبَاطِنِ كَفَّيْكَ وَلَا تَدْعُ بِظُهُورِهِمَا فَإِذَا فَرَغْتَ فَامْسَحْ بِهِمَا وَجْهَكَ
Ибн Аббастан риуаят етілді. Ол былай деді: «Аллаһ Елшісі: Аллаһ Тағалаға дұға етер болсаң алақаныңның сыртымен емес, ішімен ет. Біткеннен кейін алақандарыңмен жүзіңді сипа» деді (Сунану Ибн Мәжжа).
Жоғарыдағы келтірген хадистердің барлығының дәрежесі әр хадисті жеке алғанда «әлсіз». Бірақ әлсіз хадис басқа да риуаяттармен келер болса, бірін-бірі қуаттағандықтан хадистердің жалпы топтамасы «хасан» дәрежесіне жетеді. Ал «хасан» дәрежесіндегі хадиспен амал етуге әбден болады. Сахих Бухариге «Фатхул-бари» атты 15 томдық түсіндірме жазған Хафиз Ибн Хажар әл-Асқалани өзінің «Булуғул-Марам мин әдиллатил-әхкам» атты еңбегінде жоғарыдағы бет сипауға байланысты Тирмизидегі хадисті келтіргеннен кейін: «Бұл хадис басқа да жолдармен келген мысалы, Ибн Масғудтан. Сондықтан бет сипауға байланысты хадистердің топтамасы бұл хадистің «хасан» болуын қажет етеді» деген. Ғалым Мухаммед ибн Исмағил әс-Санғани «Булуғул-Марамға» түсіндірме етіп жазған «Субулус-Сәлам» атты кітабында Ибн Хажардың осы сөздерінен кейін: «бұл жерде дұғадан кейін бет сипаудың шариғатта бар екенін көреміз» дейді (Субулус-сәлам, лис-Санғани).
Пайғамбарымыздың басқа бір хадисінде дұға үшін жайылған қолдың Аллаһ Тағаланың рақымы мен шарапатынсыз қайтарылмайтындығы айтылған.
عن سلمان الفارسي ، عن النبي صلى الله عليه وسلم ، قال : « إن ربكم حيي كريم يستحيي من عبده إذا رفع يديه إليه أن يردهما صفرا »
«Сендердің Раббылырың ұлы ұят иесі әрі жомарт. Сондықтан қолдарын дұға үшін жайған уақытта оны бос (рақымы мен шарапатынсыз) қайтаруға құлынан ұялады» (Сунану Әби Дәәуід, Сунанут-Тирмизи, Сунанул-Кубра лил-Бәйһақи, Сахих Ибн Хиббан. Хадисті Хаким сахих деп бағалаған).
Міне, сондықтан дұға жасаған адам бетін сипаған уақытта алақанындағы Ұлы Жаратушыдан келген береке мен шарапатты өзінің ең қасиетті ағзасы – бетіне тәбәрік етіп жатқандай болады.
Бұған қоса пайғамбарымыз (с.а.у.) алақанын жайып «ықылас», «фалақ», «нас» сүрелерін оқығаннан кейін жүзіне, денесіне сипағаны жайлы көптеген сахих хадистер бар. Мысалы,
عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِذَا أَوَى إِلَى فِرَاشِهِ نَفَثَ فِي كَفَّيْهِ بِقُلْ هُوَ اللَّهُ أَحَدٌ وَبِالْمُعَوِّذَتَيْنِ جَمِيعًا ثُمَّ يَمْسَحُ بِهِمَا وَجْهَهُ وَمَا بَلَغَتْ يَدَاهُ مِنْ جَسَدِهِ ...
Хадис Айша анамыздан риуаят етілді. Ол Былай деді: «Пайғамбарымыз төсекке жатарда екі алақанына «Қул һу Аллаһу ахад және муғаууизатайн (фалақ, нас) сүрелерін оқып үрлейтін де жүзіне және қолының жететін барлық денесіне сипайтын» (әл-Бұхари. Және қосымша қараңыз: Муслим, Әбу Дәәуід, әт-Тирмизи, ән-Насайй, Ибн Мәжжа, Муснад Ахмад).
Демек, жалпы алғанда алақанды бетке сипау шариғатта бар. Біздің халқымыз және басқа да ханафи мәзһабын ұстанатын тіпті ұстанбайтын көптеген мұсылмандар дұғадан кейін бет сипаған уақытта осындай түсініктер мен негіздерге сүйене отырып жасаған. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) «дұғадан кейін беттеріңді сипамаңдар» деп ешбір хадисінде тікелей тыймағанын ескерер болсақ, халқымыздың әу бастан әдет етіп, ғасырлар бойы қалыптастырған осындай істеріне қарсы шығу – адамдардың ойларын сан-саққа жетелеп, шатастыруға, ел арасындағы ынтымаққа кесірін тигізіп, бүлікке себеп болары сөзсіз. Сондықтан еліміздегі ғасырлар бойы қалыптасқан осындай діннің тармақ мәселелеріне қарсы пәтуә айтуға асықпаған жөн. Шариғаттың кейбір мәселелерінде пәтуалардың ел мен жердің ерекшеліктеріне қарай өзгеріп отыратынан ескергеніміз жөн болар. Шариғатқа қайшы емес, осындай кішкентай мәселелерге «болмайды!» деп аттан салып, қарсы шығудың пайдасынан зияны басым. Мұндай тармақ мәселелерде халқымыздың бірлігі мен сүттей ұйыған ынтымағын басты назарға алуымыз ләзім. Парасатты мұсылман айналасында қаншама түзетілуі тиіс шариғатқа қайшы бұрыс істер тұрғанда, оларды тастап, осындай ел бірлігін балталайтын істермен айналыспасы анық.
Қайрат Жолдыбайұлы
ҚМДБ-ның Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі

[ Жоғары ]

 Күллі жаратылысты Аллаһ жаратты, ал Аллаһ Тағаланың өзін кім жаратты?

Адам баласы кез-келген нәрсені ойлаған уақытта әдетте осы дүниеде жүретін заңдарға және көрген нәрселеріне салыстыру арқылы ойлайды. Мысалы, жәннатта бір ағаш бар екен делінсе, дереу осы дүниеде көріп жүрген кәдуілгі ағаш елестейді. Яғни, топыраққа біткен, тамыры, бұтағы, жапырағы бар ағаш елестейді. Ешқашан тамыры көкке қарап, төңкеріле өсіп тұрған ағашты пайымдамаймыз. Міне, сондықтан «Аллаһты кім жаратты?» деген уақытта адамның қателесетін тұсы – осы дүниеде өзінің үнемі көре жүрген заңдарға Ұлы Жаратушыны да теліп, Оны сол заңдарға тәуелді жаратылғандармен салыстыра ойлауында.

Ұлы Жаратушы өзі жаратқан ешбір жаратылысқа ұқсамайды. Тіпті қарапайым жай суретшінің өзі салған суретіне ұқсамайды ғой. Өйткені, сурет – әр түрлі бояудың қоспасы ғана. Онда суретшідегідей басыбүтін қасиеттер жоқ. Қысқасы, шебер мен оның қолынан шыққан туынды екі бөлек нәрсе. Ендеше, күллі кемшілік сипаттардан пәк Ұлы Жаратушы да өзі салған мына жаратылыс суретіне, жаратқан туындысына мүлдем ұқсамайды. Сондықтан жаратылысқа арнап белгілеп берген заңдарға да тәуелді болмақ емес.

Дүниеге келу үшін не нәрсенің болсын белгілі бір себепке тәуелді екендігін көрудеміз. Барлығымыз туылғанбыз, бізді туғандарды да біреулер туған. Яғни, барлық нәрсенің бастауы бар. Біздің қателігіміз сол, дүниедегі осы туу, туылу, бар болу үшін белгілі бір себепке мұқтаждық заңын Ұлы Жаратушымыз Аллаһ Тағалаға да таңғымыз келеді. Ал Аллаһ болса, барлық туу, туылу былай тұрсын, тіршілік заңдары жоқ кезде де бар еді. Тіпті, Аллаһ Тағала осы аталмыш заңдарды да өзі жаратқан жоқ па? Ендеше, өзі жаратқан бұл заңдарға Ұлы Жаратушының тәуелді болмасы анық. Сондықтан «Ықылас» сүресінде: «Ол еш нәрсеге мұқтаж емес, тумады да туылмады» делінеді. Құдды «Ей, құлдарым, туу, туылу, сыртқы бір түрткіге зәрулік сендерге тән, мені ол заңдарға тәуелді етіп ойламаңдар» деп тұрғандай. Аллаһ Тағаланың бар болуы – өзінен. Оны ешкім жаратпады. Аллаһ Тағала – «әзәли», яғни, Оның барлығының бастауы да соңы да жоқ – Мәңгі.

Аллаһ жаратылмағандығы үшін Аллаһ емес пе? Мысалы, әскерлер бұйрықты қолбасшыдан алады. Ал қолбасшы бұйрықты патшадан алады делік. Ал енді «патша бұйрықты кімнен алады?» деп сауал қоя алмаймыз. Өйткені, патша да бұйрықты біреуден алса, онда ол патша бола алмайды. Тағы бір мысал, мешіттегі жамағаттың бәрі намазда бір имамға ұйиды. Ал сол имам да басқа бір адамға ұйыса, ол имам емес, жамағаттың бірі болып қалады. Сол сияқты Аллаһты да басқа бір Аллаһ жаратса, онда жаратылған бірінші Аллаһ, Аллаһ бола алмайды. Өйткені, біз «Аллаһ» деп о баста еш жаратылмаған, ешкімге мұқтаж емес, жаратылғандарда жоқ мәңгілік сияқты сипаттардың шынайы иесін ғана айтамыз.

Екіншіден, Аллаһты да басқа бір Аллаһ жаратты десек, сол жаратқан Аллаһты да басқа бір Аллаһ жаратуы тиіс. Оны да басқа бір Аллаһ... Міне, осылайша алғашқы қойған сұрағымыз тізбектескен күйі шексіздікке дейін жауапсыз жалғаса береді. Қашан еш жаратылмаған, бастауы жоқ мәңгі бір Аллаһты қабылдаймыз, сол уақытта жауабы табылмаған сұрағымызға нүкте қойылып, жан жүрегіміз жай табады.

Нөл санының оң жағына миллиондаған нөлдерді қатар қойсақ та олардың ешбір мәнді иеленбесі белгілі. Ал егер кез-келген бір санды қойсақ, сол нөлдердің мағынасы болмақ. Дәл осы мысалдағы сияқты барлық жаратылыс атаулының түп негізін бастауы жоқ, мәңгі бір Аллаһқа тіреген кезде ғана шынжырдың өріміндей бір-біріне қосақталған сауалымыз баян табады.

Бұрын-соңды мүлде көрмеген, бізге беймәлім бір нәрсе түсіндірілген уақытта: «Неге ұқсайды екен?» деп сұрақ қойып жатамыз. Демек, біз көрмеген өзімізге таңсық нәрсені тек салыстыру жолы арқылы ғана пайымдай аламыз. Ал Аллаһ Тағаланы салыстыру жолымен түсіну мүмкін бе? Әрине жоқ. Өйткені, Оның мына дүниеде теңдесі әрі ұқсасы болуы ләзім. Ал Оның Құранда еш теңдесі әрі ұқсасы жоқ екендігі айтылады: «Оның еш теңдесі жоқ» , «Оған еш нәрсе ұқсамайды.»

Шынтуайтында, біз Аллаһ Тағаланы толық жете түсіне бермейміз. Сахаба Әбу Бәкір Сыддық: «(Аллаһ Тағалам!) Сені толық түсіне алмауымды мойындауым – сені толық түсінуім» десе, Абай атамыз:

Күні-түні ойымда бір-ақ тәңірі

Өзіне құмар қылған оның әмірі.

Халиққа махлұқ ақылы жете алмайды,

Оймен білген нәрсенің бәрі – дәһрі -дейді, тағы бір өлең жолдарында:

«Ақылға сыймас Ол Аллаһ,

Тағрифқа• тілім қысқа-ақ» деп, осы ақиқатқа үлкен ой салады. Ал философ Декарт былай дейді: «Адам – тұтастай шектеулі жаратылыс. Ал осындай шектеулі адам шексіздікті мүлдем түсіне алмайды».

Иә, адамның не нәрсесі болсын шектеулі. Көзінің көре алатын аясы, құлағының есту қабілеті – бәрі, бәрі шектеулі болғаны секілді, керек десеңіз, оның ақыл-ойы да шектеулі. Ал осындай шектеулі ақылмен шексіз Аллаһты қалай ғана толық түсінбекпіз? Ол – жаратушы, біз – жаратылғанбыз. Жаратылған нәрсе Жаратушысын «неге толық түсінбеймін?» деп шағым айта ала ма? Біздегі ақыл да, жан да кейіннен жаратылған. Солай бола тұра біз тіпті қарапайым жаратылған жанның өзін толық түсіне бермейміз. Енді жаратылған нәрсені жете түсіне алмай жатып еш теңдесі жоқ Ұлы Жаратушымызды қалай толық түсінбекпіз?! Пенденің ой-санасы Оны қалай қамтымақ? Батыстың атақты ойшылы Бергсон былай дейді: «Ақылдың ең соңғы тоқтамы – өзінің әлсіздігін мойындауы». Рас, ақыл өзінің жетер жерін, шамасын білуі тиіс.

Аллаһтың мәңгілік сипатын қабылдағысы келмеген өркөкірек материалистер сол сипатты жансыз материяға телімек болады. Алайда, мәңгіліктік қасиетті шынайы иесі Аллаһқа беру бір басқа да, оны қателесіп күнде өзгеріске ұшырап, пәнилікке бас иіп жатқан жансыз материяға беру бір басқа.

Қ.Жолдыбайұлы
ҚМДБ-ның Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі

[ Жоғары ]

 Кейбір кітаптарда: "Мұхаммед (с.а.у.) болмағанда мына әлем жаратылмас еді" делінген. осыған ұқсас тағы сұрақ: Аллаһ тағала әлемді Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с) нұрынан жаратқан делінген. Осы сұраққа жауап берсеңіздер. Аллаһ разы болсын

Аллаһ Тағала адамзатты өзін танып, құдіреті мен шеберлігінің алдында бас иіп, өзіне ғана ғибадат етсін, құлшылық жасасын деп жаратқан. Ендеше, адамның жаратылуындағы негізгі мақсат – Ұлы Жаратқанға құлшылық жасау. Ал енді оның құлшылық жасап, ғибадат етуі үшін ең алдымен Ұлы Жаратқанды тану қажет. Ал әлсіз адам шексіз Аллаһ Тағаланы қалай танымақ? Танудың бір ғана жолы бар. Жаратылысқа қарап, Жаратқанды тану, туындыға қарап Ұстасын білу жолы. Міне, сондықтан Аллаһ Тағала мына әлемді өзінің шеберлігі мен шексіздігін, құдіреті мен білімін, басқа да кемел сипаттарын танытар көрме іспетті жаратқан.
Аллаһ Тағаланың мына әлемді өзінің құдіретін паш ету үшін жаратқандығы жайлы Құранда:
اللَّهُ الَّذِي خَلَقَ سَبْعَ سَمَوَاتٍ وَمِنَ الْأَرْضِ مِثْلَهُنَّ يَتَنَزَّلُ الْأَمْرُ بَيْنَهُنَّ لِتَعْلَمُوا أَنَّ اللَّهَ عَلَى كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ وَأَنَّ اللَّهَ قَدْ أَحَاطَ بِكُلِّ شَيْءٍ عِلْمًا
\"Аллаһ Тағала жеті қат аспанды және жерден де оның ұқсасын жаратты. Аллаһтың әмірі (мен үкімі) бұлардың арасынды түсіп тұрады. (Мұның бәрі) Аллаһ Тағаланың әр нәрсеге құдіретті әрі білімінің барлық нәрсені қамтығанын білулерің үшін (жаратылды әрі болуда) (Талақ сүресі, 12-аят) - делінген. Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарымыз хадисте: \"Әрбір нәрседе Аллаһ Тағаланың жалғыз екенін білдіретін дәлелдер бар\" деп мына әлемдегі әрбір жаратылыстың Аллаһ Тағаланы танытар жеке-жеке кітап екенін білдірген.
Адам баласы ғалам атты мына ұлы көрмедегі ғажайып жаратылыстарға терең ой жіберіп, міні жоқ сұлу да көркем туындыларға қарап олардың Ұлы ұстасын, өзінің ұлы иесін таниды. Ондағы Адам үшін жасалған пайдалар мен хикметтерді көріп Ұлы Жаратушыларының рақымдылығы мен мейірімділігін сезініп, жомарттығы мен дархандығын, түгесілмейтін қазынасын түсінеді. Ендеше, мына әлемнің жаратылуы – негізгі мақсат емес, негізгі мақсатқа жеткізер құрал, соған апарар жол. Яғни, адамның жаратылуындағы негізгі мақсат ғибадат, ал мына әлем сол мақсатқа жеткізер құрал. Пайғамбарымыздың: \"Жер бетінде \"Аллаһ, Аллаһ\" делінген сөз тоқтамайынша қиямет болмайды\" деуі де мына алып ғаламның адамзаттың Аллаһты тануы үшін жаратылғандығын білдіреді. Яғни, жер бетінде \"Аллаһ\" деп Ұлы Иесін танитын иманды пенде жоғалған кезде ғаламның да жаратылу хикметі бітті, қияметтің уақыты жетті деген сөз. Ендеше, осындай мағынада \"адам болмағанда мына әлем жаратылмас еді\" делінсе оған ешкімнің қарсы айтар дауы болмаса керек. Дәл сол секілді адамзаттың ең кемелі, Ұлы Жаратушының ең сүйіктісі, күллі пайғамбарлардың имамы әрі ақырғысы, бүкіл әлемнің елшісі үшін \"Мұхаммед (с.а.у.) болмағанда мына әлем жаратылмас еді\" деу де қате емес. Олай дейтініміз, адам баласы Ұлы Құдіретті танып, ғибадат ету үшін жаратылса, сол адам баласының ішіндегі Аллаһ Тағаланы ең кемел түрде таныған әрі ең жоғарғы деңгейде ғибадат жасап, құлшылық атқарған адамның Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар екені ақиқат. Ендеше, негізгі мақсатты ең кемел деңгейде орындаған адам Мұхаммед (с.а.у.) болмақ. Ал енді адамдарға жүктелген мақсат пен міндетті толық әрі кемел деңгейде орындаған адам үшін \"Әлем Мұхаммед үшін жаратылды\" немесе, \"Мұхаммед болмағанда мына дүние жаратылмас еді\" делінсе артық емес, тіпті, орынды айтылған мағыналы сөз болмақ. Ағаш егудің мақсаты – жемісін алу. Ендеше, жеміс үшін ағаш егілді деген сөз қандай орынды болса, жаратылыс ағашының жемісі болған Мұхаммед (с.а.у.) үшін де \"Әлем Мұхаммед үшін жаратылды\" делінсе сондай орынды болмақ.
Бұған қоса ол (с.а.у.) бүкіл адамзаттың имамы болғандықтан, адам баласының атынан \"әлем Мұхаммед үшін жаратылды\" делінсе шариғатқа да, ақиқатқа да қайшы емес.
Мұндай сөздің ақиқаттығының тағы бір себебі, Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар мына әлемнің теңдессіз ұлы ұстазы. Мұхаммед (с.а.у.) адамзатқа мына ғалам атты алып кітапты дұрыс оқуды үйретті. Ғаламның бостан-босқа жаратылмағандығын, ондағы әрбір нәрсенің Ұлы Жаратушыдан сыр шертетін әсем де терең мағыналы кітап екенін түсіндірді. Яғни, мына ғалам осы Ұлы Ұстаздың (с.а.у.) арқасында түсінікті алып кітапқа айналды. Егер Ол (с.а.у.) келмегенде ғалам атты бұл алып кітап түсініксіз күйде қалар еді. Ал ондай түсініксіз, иесінен хабар бермейтін мағынасыз кітаптың қажетсіз екені айтпаса да түсінікті. Ендеше, ғалам атты алып кітапты түсінікті кітапқа айналдырған ұлы ұстаз үшін \"Мұхаммед болмағанда мына әлем жаратылмас\" еді деудің қандай терең мәнді сөз екенін ұғарсың.
Жоғарыдағы сұраққа ұқсас сауалға Ибн Тәймия өзінің \"Мәжмуъату фәтауа\" кітабында былай деп жауап берген: \"Мұхаммед (с.а.у.) Адамзаттың мырзасы, күллі жаратылыстың ең абзалы әрі ең ардақтысы болғандықтан \"күллі ғалам Мұхаммед (с.а.у.) үшін жаратылды. Немесе, егер Мұхаммед болмағанда Аллаһ Тағала Аршты да, Күрсіні де, аспан мен жерді де, ай мен күнді де жаратпас еді\" делінген. Бірақ мұндай сөз пайғамбарымыздың сахих болсын, тіпті әлсіз болсын хадисі емес (Ибн Тәймияның бұл жайлы сахих те, әлсіз де хадис жоқ деуі –бұл жайлы хадистердің сол кезде есіне түспегендігінен, ойына оралмағандығынан болуы мүмкін. Әйтпесе, пайғамбарымыздың (с.а.у.) \"...Мұхаммед болмағанда Адамды да жұмақ пен тозақты да жаратпас едім...\" делінген хадисі бар. (Мухаммад ибн Абдиллаһ Әбу Абдиллаһ әл-Хаким ән-Найсубури (321-405 ж), әл-Мустадрак алас-сахихайн, ІІ/671. Дарул-кутубил-илмия» баспасы, Бәйрут, 1-ші басылым. 1990 ж.
Бұл хадистің дәрежесі жайлы хадис саласының білгір ғалымдары арасында \"сахих\", \"әлсіз\", \"ойдан шығарылған\" сияқты түрлі қайшы пікір бар. Бұл хадистің жету жолдарына байланысты пікірлері. Ал мәтіні мен мағынасы жоғарыда түсіндіргеніміздей дұрыс). Ешбір білім иесі мұндай сөзді пайғамбарымыздың хадисі деп жеткізбеген. Сахабалардың да мұндай сөз айтқаны жайлы мағлұмат жоқ. Тіпті, бұл сөзді кім айтқаны да белгісіз. Бірақ мұндай сөзді Аллаһ Тағаланың мына аяттары секілді дұрыс қырынан түсіндіруге болады: \"Жердегі және көктегі бар нәрсені сендер үшін жаратты\" немесе, \"Аллаһтың әмірімен кеменің теңізде жүзуі үшін оны сендерге бағындырды. Өзендерді пайдалану үшін сендердің қызметтеріңе ұсынды. Жүйелі түрде жүретін Күн мен айды әрі күндіз бен түнді сендер үшін сыйлады. Сұраған нәрселеріңнің бәрін берді. Егер Аллаһ Тағаланың сендерге берген нығметтерін санасаңдар, санап тауса алмайсыңдар\" (\"Ибраһим сүресі\", 32-34 аят). Осыған ұқсас аяттарда Аллаһ Тағала жаратылысты Адам баласы үшін жаратқандығын түсіндіреді. Бірақ Аллаһ Тағаланың жаратылыстарда мұнан басқа, тіпті бұл мақсаттардан да жоғары өзге хикметтері бар екені белгілі. Бірақ бұл жерде Аллаһ Тағала адам баласына берген өзінің нығметтері мен бұл жаратылыстардағы пайдаларды түсіндіруде.
Егер, \"бұл іс мынандай мақсатта жасалынды\" делінсе, мұндай сөз ол істің басқа мақсаттар үшін де жасалуына бөгет емес. Дәл осы тәрізді \"мынау болмағанда бұны жаратпас еді\" делінген сөз де оның одан да үлкен хикметтер мен мағыналар үшін жаратылуына бөгет емес. Тіпті, адам ұрпақтарының арасындағы ізгі кісілердің ең кемелі Мұхаммед (с.а.у.) болғандықтан және оның (с.а.у.) жаратылуы негізгі мақсат және басқа жаратылыстардан да жоғары хикметке саналғандықтан, Мұхаммед (с.а.у.) арқылы жаратылыстың шыңы және кемелдіктің ең жоғары деңгейі жүзеге асты\" (Ибн Тәймия, Мәжмуъату фәтаауаа, ҮІ/57. «мәктабатул-ъабикан» баспасы, Риад қаласы, 1998 ж).
Иә, Ибн Тәймия \"Ғалам Мұхаммед (с.а.у.) үшін жаратылды\" делінген сөздің әлемнің басқа да мақсаттар үшін жаратылуына бөгет емес екенін білдіреді. Сондай-ақ, ғаламның жаратылуындағы негізгі мақсаттың кемел деңгейде Мұхаммед (с.а.у.) арқылы жүзеге асқандығын, сондықтан \"Ғалам Мұхаммед үшін жаратылды\" делінген сөзді дұрыс қырынан түсінуге болатындығын алға тартады.
Қысқасы, мұндай сөздердің астары мен мәніне терең бойламай жатып \"қате\" деп асығыс үкім беру – көп жағдайда мұсылмандар арасында бүлікке, діни дүрдараздыққа себеп болады. Сондықтан парасатты мұсылман мұндай мәселелерде әрдайым байып сақтап, ислам ғұламаларының пікіріне жүгінгені жөн.
Қайрат Жолдыбайұлы
ҚМДБ-ның Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі

[ Жоғары ]

 Кешіріңіздер, өз өзін қанағаттандырудан (маструбациядан) қалай арылуға болады? (...)

Біз истимна (маструбация) туралы жауап берген болатынбыз. Ол жайлы мына адрестен оқи аласыз:
"http://www.muftyat.kz/index.php?do=faq&op=ShowCat&id_cat=22&categories=%D0%A8%D0%B0%D1%80%D0%B8%D2%93%D0%B0%D1%82#263"
Ал маструбациядан арылудың жолдарына келер болсақ, ол:
1-Жасы келгенде үйлену:
Бұл індеттен құтылудың ең төте жолдарының бірі үйлену. Сонымен қатар бұл ең қолайлы да табиғи жол. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Уа, жастар! Араларыңыздан үйленуге жағдайлары барларыңыз үйленсін. Үйлену – көзді харамнан, бойды күнәдан сақтайды...» (Бухари, Саум, 10; Әбу Дәуд, Никаһ, 1; Нәсаи, Сиям, 43; Ибн Мажа, Никаһ, 1) деген.
2-Нәпіл ораза тұту:
Балиғат жасына толып алдағы уақытта да үйленуге кейбір тосқауылдар болып жатса Ислам діні ораза тұтуды өсиет етеді. Өйткені ораза адам баласының нәпсісін тежеп, жыныстық қалауын азайтады. Сонымен қатар өзін қадағалап жүйелілікке реттеледі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үйленуге шамасы келмесе ораза тұтсын. Өйткені ораза нәпсіні тыйады»,(Ибн Мажә, Никаһ, 1) деген.
3-Адам баласының нәпсісін қоздыратын мекендерден ұзақ болу:
Егер де қоғам жамандыққа белшесінен батқан болса, онда ол жерден тәрбие алатын жастардың да халі мүшкіл болмақ. Сонымен қатар нәпсі қоздырар жағдайлар, бейне материялдар, суреттерден т.б. ұзақ болған жөн. Өйткені бұл мекендер мен бейнелер адам баласының психологиясымен қоса қоғамның бұзылуына бірден бір себеп.
4-Бос уақытты пайдалы нәрселермен өткізу:
Қалайша сәбиді өз еркімен жіберген кезде бір нәрсені бүлдірері анық. Адам баласы да соған ұқсайды. Тіпті, балиғат жасына толған болса онда оны жаман ойлар баурап алуы әбден мүмкін. Олай болса не жасау керек? Уақытты тиімді пайдалану үшін пайдалы кітап, спорт, өнермен шұғылданған жөн.
5-Көркем мінезді дос таңдау:
«Сен маған әуелі досыңды көрсет, соған қарап мен сенің кім екеніңді айтам» деген екен бір данышпан. Сол айтқандай жора-жолдас, дос таңдау да өте маңызды.
Құранда: «Бұл күнде достардың өздері біріне-бірі жау болады. Тек достықтары құдай атымен бекіген тақуалар бұған жатпайды»,(«Зуһруф» сүресі, 67-аят) десе,
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кісі досының дінінде (мінезінде) болады. Ендеше, әркім кіммен дос болып жүргеніне назар аударсын!»,(Тирмизи) деген.
Сондықтан да адам баласы ғұмырлық өлшемдерін реттеу керек. Құран: «Кім шектен шығып кетсе, пәни дүниені артық санаса, оның мекені сөзсіз тозақ болады. Ал Раббысы алдында (сұраққа тартылудан) қорқатындарға, пәни дүниенің нәпсісіне еруден өзін тыя білгендерге келсек, олардың орны жәннат болатыны анық», («Назиғат» сүресі, 37-41 аяттар) дейді.

[ Жоғары ]

 Мені мазалап жүрген сұрагым бар, адамның бұл дүниеге келу мақсаты қандай, егер пенденін қай жерде қашан ажалы жететіні, қандай күна жасайтыны алдын ала жазылған болса, онда қайда баратынын да белгілі болғаны ма (тозақ па әлде жәннат)? Адамға өмірінде тандау беріле ме? Егер алдын ала адам тозаққа әлде жәннатқа түсетіні шешіліп қойған болса өмірге келудің мағынасы жоғалады ғой...

Адамға байланысты тағдыр мәселесі, задында, күрделі болғандықтан көптеген адамдар оны қате түсінеді. Бәзбіреулер істеген күнәларынан «Тағдырымда осылай жазылса, мен қайтпекпін?» деп ақталып жатса, енді біреулер әр істеген ісімді өз қалауыммен істеймін, «олай болса, тағдыр жоқ» деп шектен шығып жатады. Бұл екі пікірдің біреуі астамдық болса, екіншісі нұқсандық. Орта жолды, тағдыр ұғымын дұрыс түсіне алмағандық.
Адам баласы басқа жаратылыстардан өзіндік ақыл-ойымен, айрықша ерік-қалауымен екшеленгендіктен Оның тағдыры да өзгеше.
Адамға байланысты тағдырдың екі жағы бар.
1. Адамның еркінен тыс жағы
Адамның еркінен тыс Аллаһ Тағаланың қалауы, арнайы белгілеуі арқылы болатын құбылыстар осыған жатады. Мысал ретінде, адамның ұлты, туылған жылы, жынысы, денінің сау яки ауру болып дүниеге келуі, бойының ұзын немесе қысқа болуы, зерек, ұғымтал түрлі қабілеттерге ие болуы, жетімдік тартуы тәрізді қалауынан тыс болатын нәрселерді айтуға болады. Адам баласы қалауынан тыс бұл істерден ақыретте сұраққа тартылмайды. Бірақ, тағдырмен қоса әрбір адамның ерік-қалауының бар екенін де ұмытпағанымыз жөн. Мысалы, бір адамның тағдырында жетімдік тарту жазылғанмен, сол жетімдікке сабыр етіп, қиындықтарға мойымай адамдығын, арын таза ұстап, сынды жіберген Ұлы Жаратушысына бас иіп, имеуі – өз еркінде. Ол жетімдігі үшін сұраққа тартылмағанымен, өзінің қалауы мен еркі арқылы іске асатын басқа істерден сұралмақ.
Аллаһ біреуге сәтін салып, барлық шарттарды ыңғайлап, күні-түні жүгіріп істеген істеріне берекет беріп, бай етті делік. Яғни, Аллаһ Тағала оның бай болуын қалап, тағдырына байлықты жазды. Демек, Ұлы Иесі бұл құлына мына дүниеде «байдың рөлін» беріп, байлықпен сынағысы келді. Бірақ, бұл байлықты жақсы жолда жұмсап, жетімдердің басын сипап, кедей-кепшікке қол ұшын беріп, Ұлы Иесіне шүкіршілік етуі немесе керісінше байлықтың буына мастанып, Жаратқанды ұмыт қалдырып, тәкаппарлыққа бой алдыруы – бәрі-бәрі құлдың өз қолында, өз еркінде. Құл екі жолдың біреуін өз қалауымен таңдап, жәннатқа яки тозаққа қарай жол салады.
Иә, пешенеге жазылған тағдырмен қоса адамға берілген өзіндік ерік-қалау да бар. Тағдырдың өзіне жүктеген рөлін дұрыс жолда, байсалды ойнап-ойнамауы әркімнің өз еншісінде.
2. Адамның қалауына байланысты жағы
Аллаһ Тағала әу баста әр адамның қай жерде, қай уақытта не істейтінін бастауы жоқ әзәли әрі шексіз ілімі арқылы білген. Өйткені, Аллаһ Тағала үшін өткен шақ, осы шақ, келер шақ деген ұғым жоқ. Міне, Ұлы Жаратушымыз сол білгенін адам үшін тағдыр етіп «Ләухул-Махфузға» жазған. Яғни, адамның қалауы – Аллаһ Тағаланың жазған тағдырында есепке алынған.
Яғни, біз күнә немесе ізгі іс істеуге мәжбүрленбейміз. Өйткені, бізде таңдау еркі бар. Мысалы, жолда кетіп бара жатып, түсіп қалған ақшаны көрдік делік. Осы сәтте адамның таңдауына бірнеше нұсқа келеді. Біз соның біреуін өз қалауымызбен таңдаймыз.
1. Ақшаны ақырын ғана қалтамызға сүңгітіп жіберіп, ол жерден дереу қарамызды батырамыз.
2. Ақшаны алып, иесін тауып қайтарамыз.
Жоғарыдағы таңдаулардың қайсысын таңдасақ та өз еркімізбен, дербес қалауымызбен іске асырамыз. Бірінші таңдауды істеп күнәға батуымыз да, екіншісін таңдап сауапқа кенелуіміз де мүмкін.
Аллаһ Тағала Құранда:
«Оған (адамға) жақсылық және жамандық жолдарын көрсетпедік пе?», «Кім жақсылық істесе пайдасы өзіне, ал, кім жаманшылық істесе зияны өзіне. Раббың құлдарына ешқашан зұлымдық жасамайды», (Фуссилат сүресі/46) -деп, жақсы-жаманды таңдаудағы адамға берілген ерікті білдіреді.
Ақын Майлықожа да осы ақиқатты мына жыр жолдарымен жеткізген:
«Аллаһ берді екі жол
Бірі оң да, бірі сол.
Ойланыңдар, бауырлар!
Дүние қысқа, ақырет мол».
Аллаһ Тағаланың бұйрықтарын орындаған адам Жаратушының сүйікті, салиқалы құлдарының тұғырына көтеріледі. Ал, бұйрықтарына қарсы шыққан пенде күнәһар болады. Аллаһ Тағала әу баста күнәһар не салиқалы құл болудың жолдарын осылай тағайындап белгілеген. Сондықтан кімде-кім осы екі жолдың қайсысын ұстанса, жазылған нәтижесіне жетеді. Міне, осы құлдың қалауына қарай таңдалған нәтиженің Аллаһ Тағала тарапынан әу бастан білінуі «тағдыр» делінсе, білінген нәрсенің уақыты жеткен мезетте Аллаһ Тағаланың құдіретімен жүзеге асуына «қаза» делінеді.
Жоғарыда Ұлы Жаратушымыз әзәли ілімі арқылы біздің мына дүниеде не істейтінімізді біліп, білгенін тағдыр етіп «Ләухул-Махфузға» жазған дедік. Демек, біз бұл дүниедегі барлық істерімізді Аллаһ Тағала алдын ала білгені үшін істемейміз, керісінше, Аллаһ Тағала не істейтінімізді білгені үшін тағдырға жазған. Яғни, Аллаһ Тағаланың біздің істейтін ісімізді алдын ала білуі – бізді сол істі істеуге мәжбүр етпейді.
Мысалы, біз күннің шығу сағатын астрономия ғылымы арқылы алдын ала біліп, күнтізбеге жазып қоямыз. Уақыты жеткен мезетте күн шығады. Ал енді осы күннің шығуы біздің алдын ала есептеп білгеніміз үшін жүзеге асты ма? Жоқ, әлде сол уақытта шығатын болғаны үшін біз білеміз бе? Міне, гәп осында.
Қайрат Жолдыбайұлы
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі

[ Жоғары ]

 Не үшін 8-сыныптың "Биология" пәнінде адам маймылдан жаратылды деген, негізінде, адам лайдан (топырақ,саз балшық) жаратылған жоқ па ? Адам алғашында маймыл болған деген шын ба?

Негізінде дарвинизм нақты дәлелденген ғылыми жетістік емес, тек қана теория, болжам, яғни осылай болуы мүмкін деген ой-пікір. Теория ғылыми түрде дәлелденген жағдайда ғана теориялық болжамнан шығып, нақтылық шапанын киіп, ғылымға айналады.
Ал дарвинизм теориясынан бастау алған «Адам маймылдан пайда болды» пікірі бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, ғылыми түрде дәлелденіп, нақтылық тұғырына жете алмады. Олай болатын болса, бұл пікір қара дүрсін болжам ғана. Сондықтан оны талқылап жатудың өзі артық. Десек те, оқырманға пайдасы болар деген ниетпен кейбір негізгі ұстанымдарын талдап көрелік.
Дарвинизм теориясының негізгі ұстанымдарын қорыта айтсақ, төмендегідей:
1. Жан-жануар, өсімдік әлемі және жалпы жан иелері бір-бірінен пайда болды. Барлық жан иелерінің түпкі тегі біреу. Жан-жануарлар мен өсімдіктер уақыт өте келе бүгінгі пішіндері мен түрлеріне айналған. Бастауы миллиондаған жылдарға барып тірелетін жан иелерінің қазіргі түрлері – мақсатсыз, мағынасыз, кездейсоқтықтың әсерінен кішкентай бір жан иесінен сатылай-сатылай дамып, пайда болған.
2. Жан-жануарлар мен өсімдіктер өмір сүріп, тіршілік бетінде қалу үшін өте үлкен күш жұмсап, күрес жүргізіп, бір-бірімен қырқысуда. Өмір үшін жүргізілген бұл күресте ең күштілері тірі қалып, ал әлсіздерінің тұқымы құрып, жан иелерінің қатарынан шығуда. Тірі қалғандардың ұрпақтары көбейіп, уақыт озған сайын бір түрден екінші түрге ауысып, өзгеруде. Бұл өзгерістер жаңа ұрпақтарға да өтуде.
Дарвинизмшілердің бірінші ұстанымдарында айтылғандай, жан-жануарлар мен өсімдіктердің шығу тегі бір болуы мүмкін бе?
Дарвинизм пікіріне сенетіндер бұл сұраққа «иә» дейді. Дәлелдері – тек болжам ғана.
Олардың пікірлері бойынша қазіргі жан иелерінің бәрі жалғыз клетканың дамуы арқылы сатылай-сатылай пайда болған. Ал енді барлық жан иелерінің бастауы болған кішкентай клетка қалай пайда болды? Олардың айтуынша клетка да сатылай даму жолы арқылы пайда болған.
Жансыз материя мен жанды нәрсенің арасында таңғаларлық үлкен айырмашылық бар екендігі бәрімізге белгілі. Ал енді жансыз бір зат қалай ғана өз-өзінен, сырттан, басқа бір күштің әсерінсіз жанды клеткаға айналуы мүмкін? Бұл сұрағымызға тағы да «кездейсоқтың әсерінен» деген жауап аламыз. Алайда бір клетканың өзі кездейсоқтың әсерінен, өз-өзінен пайда болмайтындай дәрежеде керемет, тамаша жүйеге ие. Олай болса, ілімсіз, күш-қуатсыз, санасыз кездейсоқтың нәтижесінен мұндай тамаша, керемет жүйемен безендірілген жанды клетканың пайда болуы мүмкін емес. Санасыз, ілімсіз, жансыз, соқыр, көр материядан кездейсоқтың әсерінен мың бір түрлі қабілет, сезімдер мен ақыл иесі – адамның пайда болуы мүлдем мүмкін емес.
Профессор, доктор Klous Dose (Германиядағы Johannes Gutenberg университетінің биохимия институтының ректоры): «Соңғы 30 жыл бойғы өте терең зерттеулерге қарамастан алғаш жанды клетканың пайда болуы туралы ешқандай ғылыми дәлел табылмады»,–деп, алғашқы жанды клетканың өз-өзінен пайда болуының ешқандай ғылыми негізге сүйенбейтінін айтса, Keith Graham: «Алғашқы өмірдің (жанды клетканың) бастауы деп есептелген элементтер қазір де бар. Бірақ қазір неліктен олардан жанды нәрсе пайда болмайды?» ­ деп, жансыз элементтерден өз-өзінен жанды нәрсе пайда болмайтынын дәлелдейді.
Батыстың белгілі ғалымы Max Planck материяның қалай пайда болғандығы жайлы былай дейді:
«Материя белгілі бір күш-құдірет арқылы тіршілік бетіне шығып, пайда болады. Материяның ішінде кішкентай-кішкентай күн жүйесі тәріздес жүйелер бар. Атом және электрон деп аталатын бұл жүйелер материяны ыдырап кетуден қорғайды. Ғарышта мұндай керемет күш-қуат болмағанына қарағанда күллі жаратылысты белгілі бір жүйеде ұстап тұрған керемет ілім, шексіз құдірет иесі болуға тиіс. Міне, материяның бастауы – осы құдірет. Бұл құдіреттің Аллаһ Тағала екені күмәнсіз».
Эволюционерлер табылған сүйектің бір бөлігі арқылы белгілі бір жан иесінің суретін яки макетін ғылыми негізсіз өз мақсаттарына орайластырып қияли жобалау арқылы халықты өздеріне сендірген. Газеттердегі, журнал, кітаптардағы дарвинизмді дәлелдеуге қолданған көптеген суреттер мен макеттер, міне, осындай сурет, макеттер.
Эволюционерлердің бұл тұрғыда шектен шыққандары соншалық, «Zinjanthropus» деп аталатын адамның бас сүйегін негізге алып бір-біріне мүлде ұқсамайтын үш түрлі қияли сурет салған.
Эволюционерлер маймылдың адамға айналу кезіндегі «аралық түр» жартылай маймыл, жартылай адамның болғандығын дәлелдейтін сүйектерін таба алмағандықтан бұл проблемаларын маймыл мен адамның сүйектерін құрастыру арқылы шешуге бел байлаған.
Атақты доктор, ескі сүйектерді зерттеуші Чарльз Доусон 1912 жылы: «Англиядағы Пилтдаун деп аталатын жердің маңайындағы бір шұңқырдан бір жақ сүйек пен бас сүйек тауып алдым» деп әлемге жар салады. Жақ сүйек маймылдікіне ұқсағанымен, бас сүйегі мен тістері адамдікіне ұқсайтын бұл сүйектерге 500 мың жылдық жас берілді. Сөйтіп «Пилтдаун» деп аталған бұл сүйектерді әр түрлі мұражайларға қойып, адамның маймылдан сатылай даму жолы арқылы пайда болғанын дәлелдейтін табылмас нақты дәлел ретінде қолданды. Бұл сүйекке байланысты 40 жылдам астам уақыт ғылыми мақалалар жазылып, суреттер сызылды. Әлемдегі әр түрлі университеттерден 500-ге жақын докторлық еңбек қорғалды. Алайда, 1949 жылы Кеннет Окли атты ғалым Британ мұражайындағы сүйектерді зерттеу бөлімінен сүйектердің нақты жасын анықтайтын «Flor test» тәсілін «Пилтдаун адамына» да қолданады. Нәтиже өте таңғаларлық, бір сөзбен айтқанда, масқара! «Пилтдаун адамының» сүйектері адам мен маймылдың сүйектерін өте шеберлікпен құрастыру арқылы жасалғандығы әшкереленді. 500 жыл бұрын өмір сүрген адамның бас сүйегіне 60 жыл бұрын өмір сүрген Орангутан маймылының жақ сүйегі, жақ сүйегіне адамның тістері жасанды түрде өте шеберлікпен орнатылғандығы анықталды. Сүйектердің жанынан табылды делінген құралдардың қолдан жасалғаны да белгілі болды. Осыдан кейін ғана 40 жылдай Британ мұражайында тұрған бұл құрастырылған сүйек дереу шығарылып тасталды. Иә, өз мақсаттарын дәлелдеу үшін осындай айла, қулықтарға жүгінген ғалымсымақтардың қандай дәлелдеріне сенуге болады?

[ Жоғары ]

 Ораза қабыл болсын! Жалпы дін дегеніміз не?

«Дін» сөзінің араб тіліндегі мағынасы – «сыйлық», «үкім», «есеп», «жаза», «мойынсұну», «бағыну», «құлшылық», «шариғат», «заң», «жол», тіпті кейбір жағдайларда ұлт деген ұғымды да қамтиды. Ал «діннің» терминологиялық мағынасын, Аллаһ Тағала тарапынан жіберілген адамзаттың өмір сүруін ретке келтіретін, адамның аса күрделі жан-дүниесіне рухани тірек болатын заңдылықттарды, ақыретте Аллаһтың разылығына кенелумен уәде етілген мәңгілік жәннәттағы қуаныш пен бақытқа жетелейтін жолдарды көрсетеді деп түсіндіруге болады. Сондай-ақ, «дін» ұғымы – адамзатқа пайғамбарлар арқылы жеткен Жаратушыға деген құлшылықтың заңдылықтары мен тәртіптері т.б.
Дін бүкіл әлемнің жаратушысы тек Аллаһ Тағала тарапынан ғана жіберіледі.
Дін адамға Аллаһ Тағаланың таңғажайып даналыққа құрылыған жаратылысының алдындағы мақсат, міндеттерін айқындап береді.
Дін адамға екі дүниенің бақытына апаратын тура жолды көрсетеді. Адамның бүтін іс әрекетін қайырымдылыққа, ізгілікке бағыттайды.
Дін пайғамбарлар арқылы адамдарға жеткізілген Аллаһтың бұйрықтары мен тыйымдарынан тұратындықтан тек уахиге ғана сүйенеді. Діннің ең басты ерекшелігі осы уахи арқылы келуінде.
Дүниеге келген адамның бойында дінге, рухани тазалыққа, тылсым күшке сену сезімі болады. Бойдағы бұл сезім адамды ерте ме, кеш пе әйтеуір бір тылсым күшке сенуге жетелейді.
Тарихи деректерге көз жүгіртсек дінсіз (яки, имансыз) адам болғанымен, дінсіз қоғам болмаған. Себебі, адам баласы сенімге мұқтаж.
Аллаһ адамзатқа жаратылысқа дейін рухтар әлемінде Өзінің Жаратушы Ие екендігін үйретіп, бізден Өзін Жаратушы Иеміз деп танитындығымыз турасында уәдемізді алды. Атам қазақтың «әлмисақтан мұсылманбыз» деуінің төркіні де осында жатыр. Бұл жайында аятта былай дейді: «Сол уақытта Раббың адам балаларының белдерінен нәсілдерін алды да өздеріне куә етіп; Мен сендердің Раббыларың емеспін бе? – дегенде олар: «Әрине куәміз», деген. Қиямет күні: Бұдан хабарымыз жоқ демеңдер» (7. Ағраф-172).
Хазіреті Пайғамбарымыз да бір хадисінде адамның ислам дінімен дүниеге келетіндігін айтып өтеді: «Әрбір сәби (жаратылысында) мұсылман болып дүниеге келеді. Бірақ ол баланың әке-шешесі оны өз діндеріне кіргізеді. Яһуди болса яһуди, христиан болса хрстиан, мәжуси болса мәжуси етеді» (Бухари, Жәнайз 80; Муслим, Қадар 22; Тирмизи, Қадар, 5). Хазіреті Пайғамбарымыз осы хадисімен адамдағы діни сезімнің туа біткеннен болатындығын білдіреді.
Сонымен қатар қоғам өмірінде діннің алар орны ерекше. Өйткені, дін әдептілік қағидалары мен қоғам бірлігін, тәрбиелік жүйелерді қалыптастыруда елеулі рөл атқарады. Адам дінге сенген соң, өзгелерге жәбір көрсетуден, тәртіпсіздік жасаудан, ішімдік, есірткі секілді жаман әдеттерден бойын алыс ұстайды. Дінсіз қоғамда тәртіпсіздік пен қылмыс етек жаятындығы белгілі.

[ Жоғары ]

 Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туылған күнін – қасиетті мәулітті мереке ретінде атап өтудің дінімізде үкімі қандай? Кейде мәуліт мерекесінің «бидғат», яғни, дінімізге кейіннен қосылған қате, тіпті күнә амал екендігі айтылып жатады. Осының ара-жігін ажыратып берсеңіздер.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) туылған күнін қасиетті мереке ретінде атап өту үрдісі ислам әлемінде IV-V һижри ғасырлардан басталады. Ислам ғұламалары бұл жайлы көптеген құнды еңбектер жазып, мәуліттің дініміздегі орнын анықтауға тырысқан. Қазіргі таңда бұл мерекені бір-екі мемлекеттен тыс барлық ислам әлемі ерекше атап өтеді. Мерекеде Аллаһ Тағаланың кәламы – қасиетті Құран оқылып, пайғамбарымыз жайлы мадақ өлеңдер мен жырлар, салауаттар айтылып, сәлем жолданады. Пайғамбарымыздың өнегелі өмір жолы барынша қыр-сырымен насихатталып, үмметінің Аллаһ Елшісіне (с.а.у.) деген сүйіспеншілік сезімдері одан әрі күшейтіле түседі. Мүмкіндікке қарай қасиетті мәуліт күнін себеп етіп жұртқа сусын, тамақ таратып, сыйлықтар беріп, басқа да игі шаралар атқаруға болады. Мәуліт мерекесін атап өтуді дұрыс деген ғалымдардың бәрі бір ауыздан бұл мерекені атап өту барысында шариғатқа қайшы іс-әрекеттердің орын алмауын шарт қосуда.

Мәуліт мерекесіне байланысты дәлелдерді жазбас бұрын бұл мерекені арнайы атап өтудің пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисіндегі "...Кейіннен (дінде) шығарылған барлық жаңа нәрселер – бидғат, ал барлық бидғат – адасушылық" (әл-Мустадрак алас-сахихайн, 1-том, 174-бет, Дарул-кутибил-илмия, Бәйрут, 1990 ж.) деп ескерткен адастырушы бидғатқа қатысы бар-жоқтығын анықтап алайық.

Иә, мәуліт мерекесін тойлау пайғамбарымыздың заманында болмағаны рас. Пайғамбарымыздың заманында болмаған істі ғибадат ретінде тұрақты жасау бидғатқа жатады. Бірақ бидғат түсінігі ғұламалар арасында әр түрлі түсіндірмеге ие күрделі мәселе. Бір топ ғалымдар бойынша бидғат; «бидғат хасана», «бидғат саййа» яғни, жақсы және жаман бидғат болып екіге бөлінеді. Шариғатқа қайшы емес әрі мұсылмандарға пайдасы бар, құлды сауапқа жетелер барлық істер кейіннен қосылса да жақсы бидғатқа жатады. Бұл жайлы Имам Муслимнің хадис кітабына 18-том етіп кең түсіндірме жазған, әрі мұсылман әлемінде өте танымал «Риадус-салихин» (салиқалы құлдардың бақшалары» атты хадис кітабының авторы Имам Нәуәуи: «Пайғамбарымыздың заманында болмаған барлық істер бидғатқа жатады. Бірақ бидғаттың жақсы да жаманы да бар» деп бидғатқа түсінік берсе, Имам Шафиғи: «Кейіннен шығарылған істер екі түрлі болады. Біріншісі, Құранға, сүннетке, әсаарға яки ислам ғұламаларының ортақ ижмағына (үкімдегі ортақ көзқарас) қайшы келетін бидғаттар, бұл адастырушы бидғат. Ал екіншісі оларға ешкімнің қарсылығы жоқ жақсылық істер. Бұл дұрыс бидғат» (Әбу Бәкір Ахмед ибн әл-Хусайн ибн Али ибн Муса Әбу Ахмет, Мағрифатус-сунан уәл-әәсаар лил-Бәйһақи, 2-том, 521-бет. Дәрул-кутубил-илмия, Бәйрут) деп бидғатты екіге бөліп қараған.

Пайғамбарымыздан кейін қалыптасқан кейбір жақсы істер мен үрдістердің ғибадатта болса да жақсы бидғатқа жататындығына Омардың заманында болған мына бір оқиға дәлел бола алады: Абдур-Рахман ибну Абдил-Қаридан риуаят етілді. Ол былай деді: "Омармен бірге рамазанның бір түнінде мешітке бардым. Адамдар шашыраңқы. Біреуі жеке басына өзі намаз оқып жатса, енді бірі өзінше намаз оқып жатқанда артына келіп басқа бір топ адамдар оның оқып тұрған намазына ұйып жатыр. Мұны көріп Омар: "адамдардың бәрін бір қаридың артына жинасам жақсы болады деп ойлаймын",-деді де Убәй ибн Кәғбті имам етіп жамағатты артына ұйытты. Сосын басқа бір түні мешітке Омармен бірге бардым. Адамдардың бәрі бір қариға ұйып тұр. Мұны көрген Омар: "бұл қандай жақсы бидғат" деді. (Сахихул-Бухари, 2-том, 707-бет, Дәру Ибни Кәсир баспасы, Бәйрут, 1987 ж. Сунанул-Бәйһақил-кубра, 2-том, 493-бет, Мәктабату Дарил-Баз, Мекке, 1994 ж.) Яғни, пайғамбарымыздың заманында мұсылмандар рамазанның әр түнінде жамағат болып тарауих намазын мешітте оқымайтын. Пайғамбарымыз бастапқы кезде бір неше күн тарауиқ намазын мешітте оқыса да кейіннен мешітте оқымаған әрі тарауиқ үшін мешітке жамағатты жинамаған. Әбу Бәкірдің заманында да солай болған. Кейіннен Омар жамағаттың бәрін бір имамға жинап тарауих намазын күнде мешітте өткізу үрдісін қалыптастырған. Әрі "бұл қандай жақсы бидғат" деп бидғаттың барлығының жаман еместіген меңзеді.

Рифағату ибну Рафиғ әз-Зурақииден риуаят етілген мына бір оқиғаны да дәлел ретінде келтіруге болады. Рифағату ибну Рафиғ әз-Зурақии былай деді: "Бір күні пайғамбарымыздың артында намаз оқып тұр едік пайғамбарымыз рүкүғден басын көтерген кезде: "Самиғаллаһу лиман хамидаһ" (Аллаһ Тағала мадақтың кім үшін екенін әлбетте естіді) деді. Артында тұрғандардың бірі: "Раббана уә лакал-хамду хамдан таййбан мүбәракан фиһ" (Раббымыз! күллі тамаша әрі мүбәрак мақтаулардың бәрі саған тән) деп дұға оқыды. Намаздан шыққаннан кейін Пайғамбарымыз: "Жаңағы сөйлеген кім?"-деді. Әлгі кісі: "Мен" деп жауап қайырды. Пайғамбарымыз: "отыз неше (Араб тілінде "бид'атун" сөзі үш пен тоғыз санының арасындағы мөлшерді білдіреді. Біз бұл жерде "неше" деп қазақ тіліндегі ең жақын баламасын ғана беріп отырмыз) періште (айтылған бұл дұған ың) сауабын қайсымыз бірінші жазамыз деп жарысқанын көрдім"-деді (Сахихул-Бухари, І/275, Дәру Ибни Кәсир баспасы, Бәйрут, 1987 ж. Және қосымша мына хадис кітаптарына қараңыз: Муснад Ахмад, Насаай, Муатта, Бәйһақи, Әбу Дәәуід. Сахиху Ибни Хиббан). Хадис саласының танымал хафиз ғалымы Ибн Хажар Асқалани бұл хадисті түсіндіру барысында: "осы хадис арқылы намазда сүннет дұғаларға қайшы емес, дұғаларды қосуға болатындығын дәлелдеді" (Ибн Хажар Асқалани, Фатхул-Бари шархул-Бухари, ІІ/287, Дарул-мағрифа баспасы, Бәйрут) деді. Пайғамбарымыз айтпаған бұл дұғаны әлгі сахабаның намазда айтуы әрі пайғамбармыздың әлгі сахабаға қарсы шықпауы, тіпті, айтқан дұғасының сауабының зор екенінен хабар беруі – пайғамбарымыз істемеген әрбір нәрсенің дінімізде тыйылмағандығын аңғартады. Намаздың өзінде осындай сүннет дұғаларға қайшы емес дұғаларды айтуға тыйым салынбаса, намаздың тысындағы істерде қаншалықты кеңдік бар екенін аңғару қиын емес.

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) басқа бір хадисінде: "Кімде-кім исламда жақсы жол бастаса (салса, үрдіс қалыптастырса, ойлап шығарса), ол адамға сол істің сауабы және өзінен кейін сол жолмен қияметке дейін амал еткен барлық адамдардың алатын сауабындай сауап жазылады. Ал кім де-кім исламда жаман жол бастаса (салса, үрдіс қалыптастырса, ойлап шығарса) ол адамға да сол жолдың күнәсі және өзінен кейін сол жолмен қияметке дейін амал еткен барша адамдардың күнәсындай күнә жазылады" (Сахих Муслим, ІІ/705, Дәру Ихиа'ит-турасил-араби баспасы, Бәйрут. Сунану Ибни Мәжа, І/74, Дәрул-фикр баспасы, Бәйрут) -деген. Демек, Сахих Муслимдегі бұл хадистен пайғамбарымыздан кейін қалыптасқан барлық істердің жаппай адастырушы бидғат емес екендігін, тіпті кейіннен қалыптасқан кейбір шариғатқа қайшы емес істердің өте сауапты іс екенін аңғаруға болады.

Ендеше, мәуліт мерекесін атап өту де иншаллаһ "жақсы бидғаттың" қатарына жатады. Хадис саласының мәшһүр ғалымы Хафиз Жәләлуддин әс-Сюти өзінің "Мәуліт нәбиді атап өтудегі жақсы мақсат" деген кітабында мәуліттің үкімі жайлы сұралған сұраққа былай деп жауап берген: "...Мәуліт мерекесі жақсы бидғатқа жатады. Бұл амалды атқарушы сауапқа кенеледі. Себебі, мәулітте Пайғамбарымыздың қадір-қасиетін құрметтеу әрі Оның (с.а.у.) дүниеге келуіне қуануды көрсету бар" (Али Жум'а, әл-Баян ми'әту фәтуа ли радди әһәмми шубәһил-харижи уә лима шамилад-дахил, 166-бет, 2005 ж.) -деп жауап берген.

Енді бір топ ғалымдар бойынша бидғат; "жақсы", "жаман" делініп екіге бөлінбесе де, дінде негізі бар әрі шариғатқа қайшы емес кейіннен пайда болған барлық іс әрекеттер бидғатқа жатпайды.

Енді мәулітті атап өтудің дұрыс, тіпті, мұстахаб амал екендігіне байланысты дәлелдерді саралап көрейік:

عن أبي قَتَادَةَ الْأَنْصَارِيِّ رضي الله عنه أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صلى الله عليه وسلم سُئِلَ...عن صَوْمِ يَوْمِ الإثنين قال ذَاكَ يَوْمٌ وُلِدْتُ فيه وَيَوْمٌ بُعِثْتُ أو أُنْزِلَ عَلَيَّ فيه

Сахих Муслимде Әбу Қатададан мынандай хадис риуаят етілді. Ол былай деді: Пайғамбарымыздан (с.а.у.) дүйсенбі күнгі ораза жайлы сұралған еді. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Бұл күні мен дүниеге келдім әрі елші болып жіберілдім немесе бұл күні маған құран түсті» (Пайғамбарымыздың елші болып жіберілдім дегенін яки Құран түсе бастады деп айтқанын хадисті риуаят етуші кісі нақты есіне сақтай алмағандықтан осылай риуаят еткен.) -деп жауап берді (Сахих Муслим, ІІ/819, Дәру Ихиа'ит-турасил-араби баспасы, Бәйрут. Сахих ибни Хиббан, ҮІІІ/403, Муәссатур-Рисалә, Бәйрут, 1993ж.). Хадисте пайғамбарымыздың дүниеге келген күнінің ерекшелігі мен қасиеттілігі, тіпті, бұл күнде Ұлы Жаратқанға шүкір ниетімен ораза ұстаудың сауаптылығы айтылған. Иә, пайғамарымыздың дүниеге аяқ басуы Ұлы Жаратушының ғаламға сыйлаған ең үлкен нығметі мен жақсылығы екені сөзсіз. Құранда: «Біз сені күллі ғалам үшін рақым етіп қана жібердік» (Әнбия сүресі, 107-аят.) деп осы ақиқатты меңзеген. Сондықтан Оның (с.а.у.) дүниге аяқ басып, ғаламды нұрға бөлеуі – артына ерген үмметі үшін үлкен қуаныш. Ол (с.а.у.) дүниеге келмес бұрын барша ғалам қараңғылыққа тұншығып жатқан-ды. Адамзат небір меңіреу пұттарды құдай танып, ес-түссіз құлшылық ұрды. Ақ қара саналып, асыл құнсызданды. Небір сорақы істер мен арсыз қылықтар игілікке бағаланып, иелері атақ-абыройға кенеліп жатты. Осы бір сұрапыл да қараңғы заматта Пайғамбарымыз Нұр Мұхаммед (с.а.у.) дүниеге қадам басты. Оның құтты қадамы осынау қараңғы дәуірге нұр боп шашылды.

Иә, біздер пайғамбарымыз (с.а.у.) арқылы Ұлы Жаратушыны қатесіз танып, оның тура жолын түсіндік. Ақ пен қараны ажыратып, жұмақ пен тозақты білдік. Бізге ғайып болған ақыреттің сырларына сүңгіп, небір тылсым дүнилерден хабардар болдық. Адамдық борышымыз бен асыл міндетімізді аңғарып, дүниенің мәні мен жаратылыстың мағынасын ұқтық. Ендеше, пайғамбарымыздың (с.а.у.) дүниеге келуі – мұсылмандар үшін зор қуаныш, Ұлы Иеміздің құлдарына жасаған ұлы жақсылығы. Ал қуанышты бөлісудің, оны белгілі бір жүйемен көрсетудің, Аллаһ Тағаланың жақсылығы мен нығметін шүкір мақсатында жария етудің дінімізде негізі мен дәлелі бар. Құранда «Дұха» сүресінде: «Ал, Раббыңның саған берген нығметін (шүкір ету мақсатында) айт!»-десе, «Ибраһим» сүресінде: «...Аллаһ Тағаланың күндерін олардың есіне сал» (Ибраһим сүресі, 5-аят.) делінеді. Ибн Аббас: «Аллаһ Тағаланың күндерін» дегенді «Аллаһ Тағаланың жақсылықтары берілген күндер»-деп те тәпсірлеген (Алфайруз Абади, Тануирул-миқбас мин тафсири Ибн Аббас, І/211, Дарлул-кутубил-илмия, Лубнан.). Олай болса, пайғамбарымыздың дүниеге келуін мереке ретінде атап өту – ең әуелі Аллаһ Тағалаға шүкір етудің, көкіректегі қуанышты жария етіп бөлісудің көрінісі деуге әбден болады. Иә, оның дүниеге келіп, ғаламды нұрға бөлей бастаған күнге қуанбау әсте мүмкін емес. Сахихул-Бухариде және басқа да хадис кітаптарында Әбу Ләһабтың әр дүйсенбі күні тозақтағы азабының аз да болса жеңілдейтіндігіне байланысты хабар бар (Сахихул-Бухари, 5-том, 1961-бет, Дәру Ибни Кәсир баспасы, Бәйрут, 1987 ж.). Себебі, Әбу Ләһаб Пайғамбарымыз дүниеге келгенін естіген кезде қуаныштан Суәйба атты күңін азат еткен. Ал енді өмірден кәпір боп өткен әрі Құранда Аллаһ Тағаладан тікелей «екі қолы бірдей құрысын!» (Мәсад сүресі, 1-аят.) -деп қарғыс алған Әбу Ләһабтың пайғамбарымыздың дүниеге келгенін естіп, бір рет қуанғаны үшін тозақта аз да болса азабы жеңілдейтін болса, Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбардың дүниеге келгені үшін өмір бойы көкірегін қуаныш билеп, Раббысына сол үшін шексіз шүкір еткен мұсылман баласының ақыретте Ұлы Жаратушысынан алар сауабын пайымдау қиын болмаса керек-ті. Хафыз Шамсуддин ибн Насырид-димашқи былай деп бәйт жазған:

إذ ا كان هذا كافر جاء ذمه * وتبت يداه في الجحيم مخلدا
اتي أنه في اليوم الاثنين دائما * يخفف عنه للسرور باحمدا
فما الظن بالعبد الذي كان عمره * باحمد مسرورا و مات موحدا

Ибн Хажар Асқалани мәуліт мерекесінің дұрыстығына байланысты Бухари мен Муслимде және басқа да хадис кітаптарында кездесетін Ибн Аббастан риуаят етілген мына бір сахих хадисті дәлел ретінде келтіреді:

عن بن عَبَّاسٍ رضي الله عنهما أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صلى الله عليه وسلم قَدِمَ الْمَدِينَةَ فَوَجَدَ الْيَهُودَ صِيَامًا يوم عَاشُورَاءَ فقال لهم رسول اللَّهِ صلى الله عليه وسلم ما هذا الْيَوْمُ الذي تَصُومُونَهُ فَقَالُوا هذا يَوْمٌ عَظِيمٌ أَنْجَى الله فيه مُوسَى وَقَوْمَهُ وَغَرَّقَ فِرْعَوْنَ وَقَوْمَهُ فَصَامَهُ مُوسَى شُكْرًا فَنَحْنُ نَصُومُهُ فقال رسول اللَّهِ صلى الله عليه وسلم فَنَحْنُ أَحَقُّ وَأَوْلَى بِمُوسَى مِنْكُمْ فَصَامَهُ رسول اللَّهِ صلى الله عليه وسلم وَأَمَرَ بِصِيَامِهِ

Пайғамбарымыз (с.а.у.) Меккеден Мәдинаға келген кезде еврейлердің Ашура күні ораза ұстап жатқанын көрді де: "Ораза ұстап жүрген бұл күндерің қандай күн?" деп сұрады. Олар: "Бұл – ұлы күн. Өйткені, бұл күні Аллаһ Тағала перғауын мен оның жұртын суға батырып, Мұса пайғамбар мен оның қауымын құтқарған еді. Мұса пайғамбар осы күні Аллаһ Тағалаға шүкір ниетімен ораза ұстайтын. Міне, біз де ораза ұстаймыз"- деп жауап берді. Пайғамбарымыз (с.а.у.): "Мұса пайғамбарға біз сендерден де жақынбыз"-деп осы күні ораза ұстады әрі мұсылмандарға осы күні ораза ұстауды бұйырды" (Сахихул-Бухари, ІІ/704, Дәру Ибни Кәсир баспасы, Бәйрут, 1987ж. Сахих Муслим, ІІ/796, Дәру Ихиа'ит-турасил-араби баспасы, Бәйрут.).

Ибн Хажар Асқалани бұл хадистен мәулітке байланысты мынандай дәлел шығарып отыр: "Бұл хадистен Аллаһ Тағаланың арнайы бір күні құлдарына берген жақсылығы яки бір қиыншылықтан құтқарғаны үшін құлдарының оған алғыс білдіріп, шүкір етудің қажетті амал екенін түсінуге болады. Әрі бұл күн жыл сайын қайталанып отырады. Аллаһ Тағалаға шүкір ету – сәжде жасау, ораза ұстау, садақа беріп, құран оқу секілді түрлі ғибадаттар арқылы жүзеге асады. Ендеше, рақым пайғамбар – Мұхаммедтің мәуліт күні дүниеге келуінен де артық Аллаһ Тағаланың қандай жақсылығы, нендей үлкен нығметі бар?" (Али Жум'а, әл-Баян ми'әту фәтуа ли радди әһәмми шубәһил-харижи уә лима шамилад-дахил, 167-бет, 2005 ж.) -деп пайғамбарымыздың (с.а.у.) дүниеге келуінің Аллаһ Тағаланың құлдарына берген ұлы жақсылығы екенін және мәуліт мерекесін атап өтудің Ұлы Жаратушының осы жақсылығына деген құлдарының алғысы мен шүкірі, пайғамбарларына деген сүйіспеншілігі екенін түсіндіруде. Иә, Ибн Хажар Асқалани секілді Сахих Бухариға "Фатхул-Бәри" атты кең түсіндірме жазған хадис саласының майталман шебері, "хафыз" ғалымының келтірген дәлелі ойлануға тұрарлық дәлел.

Әртүрлі зиянды яки пайдасыз мерекелердің көптеп аталатын бүгінгі қоғамда, сан-алуан жолдармен ділімізге, салт-санамызға жат ұғымдардың барынша жарнамаланып жатқан қиын да қым-қиғаш мына заманда мәуліт мерекесіне "бидғат" деп қарсы шығу былай тұрсын, оны жастарымыздың, жалпы халқымыздың имандылығының артып, пайғамбарына деген сүйіспеншілігінің нығайуы үшін бар мүмкіндігінше пайдалана білуіміз керек.

Сөз соңы, Пайғамбарымыздың өнегелі өмір жолын жан-жақты ашып түсіндіретін, исламның асыл құндылықтарын насихаттайтын түрлі рухани кештер мен жиындарды ұйымдастыру – мерекені атап өтудің негізгі мақсаты мен асыл мұраты екенін ұмытпағанымыз жөн. Әйтпесе, пайғамбарымыздың туылған күні – тек ән салып, ішіп-жеумен ғана өткізілетін пендешілік мереке емес. Сондықтан мәуліт мерекесін атап өту барысында шариғатқа қайшы түрлі іс-әрекеттерден барынша аулақ болуымыз ләзім. Бұған қоса, жыл сайынғы мәулітке орай ұйымдастырылатын іс-шараларды түрлендіріп, мазмұнын сан алуан тақырыптармен гүлдендіріп отырсақ халықтың ынта-ықыласының да артып, мерекенің берер нәтижесі де жемісті болары сөзсіз.

Хақ Тағала баршамызды өзіне сүйікті құл, хазіреті Мұхамметке (с.а.у.) шынайы үммет болуды нәсіп еткей! Әмин!

Қайрат Жолдыбайұлы
ҚМДБ-ның Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі

[ Жоғары ]

 Рамазан айында белгілі бір себептермен ұсталмай қалған оразаны келесі жылғы Рамазан айына дейін қаза қылып өтесе болады ма? Әлде қаза оразаларды өтейтін, белгіленген уақыт бар ма?

Рамазан айының оразасын белгілі бір себептерге байланысты (себеп: өзіңіздің қалауыңыз емес. Дініміздің рұхсат еткен шеңберінде) ұстай алмаған болсаңыз оны айт күндерінен басқа кез келген күндері қазасын өтей аласыз. Кімде-кім Рамазанда әдейі ешқандай себепсіз оразасын бұзса, оған кәффарат ретінде бір құлды немесе күңді азат етуі, егер оған шамасы жетпесе, екі ай қатарынан ораза ұстауы, егер бұған да күші жетпесе, алпыс жоқ-жітікті тамақтандыруы тиіс. Құранда бұл жайлы былай делінеді: «Бастаған ізгі істеріңді бұзбаңдар» (Мұхаммед, 47/33). Пайғамбарымыз былай дейді: «Кімде-кім Рамазанда оразасын бұзса, оған зиһар жасаған адамға тиісті (кәффарат) жүктеледі». Бірақ Рамазан оразасынан тыс оразаларға тек қана қаза керек.

[ Жоғары ]

 Тағдыр өзгере ме?

Аллаһ Тағала жер бетіндегі келіп кететін күллі тіршілік атаулының тағдырын әуелде Ләуһу Махфузда жазып қойған. Ләуһу Махфуз негізгі ана кітап болғандықтан Аллаһтың одан басқа «Ләуһу Маху», «Лауһу Исбат» есімді тағдыр кітаптары бар. Міне, осы тағдыр кітаптарында Аллаһ қалағанын өшіріп, қалағанын сол күйінде қалдырады. Сол секілді адам тағдырының өзгеріп, өзгермеуі де Аллаһтың қалауында. Аятта да бұл жөнінде: «Аллаһ қалағанын өшіреді, қалағанын қалдырады. Негізгі Кітап (Уммул Китаб) Оның қасында» (13.Рағыд-39) деп ашық айтылған.
Аллаһ қаласа пендесінің тағдырын немесе қазасын өзгертуі мүмкін. Дегенмен бұл мәселеде пенденің ниеті мен іс әрекеті негізгі рөл ойнайтындығын мына хадистен аңғаруға болады.
Бір күні Хазіреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) құлайын деп тұрған үйдің қасынан өтіп бара жатып, жылдам жүреді. Сонда қасындағы сахабалар: «Ей, Аллаһтың Елшісі! Аллаһтың қазасынан қашып барасыз ба?» – деп сұрағанда, Хазіреті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Аллаһтың қазасынан Аллаһтың тағдырына (қадарына) сыйынамын», - деп жауап береді.
Хазіреті Омар (р.а.) хижридің 18 жылы Шамға бармақ болып жолға шығады. Жол жүріп келе жатып Сәрғ атты елді мекенге жеткенде Шамда оба ауруының шыққанын естіп, кері қайтпақ болады. Сонда Шам қолбасшысы Хазіреті Әбу Убайда ибн әл-Жәррах: «Ей, Мүминдердің әміршісі! Аллаһтың тағдырынан қашпақсыз ба?» - дегенде, Хазіреті Омар оған: «Ей, Әбу Убайда! Әттең бұл сөзді сенен басқа жан айтқанда ғой! Иә, Аллаһтың тағдырынан қайтып, Аллаһтың тағдырына қашып барамыз. Тағдырға не жазылғанын бір Аллаһ біледі. Мәселен, сенің жайылымға шыққан түйелерің, бір жағы тақыр, оттығы жұтаң, бір жағы шалғынды сайға түсті делік. Сен түйелеріңді шалғынды, шайырлы жотаға жайып тойдырсаң да, немесе тақыр, шөпсіз жотаға жайып, аш қалдырсаң да, Аллаһтың тағдырына сәйкес әрекет еткен болмайсың ба!?» - деп қисынды жауап береді.
Хазіреті Абдуррахман ибн Ауф бұл мәселеге қатысты мынадай хадис айтады: «Бір жерден оба шыққанын естісеңдер, ол жерге бармаңдар. Егер сендердің тұрып жатқан жерлеріңде оба ауруы шықса, онда ол жерден шықпаңдар» (Бухари риуаяты).
Хазіреті Омардың ұсынысына Хазіреті Әбу Убайда ибн әл-Жәррах құлақ аспай тағдырда жазғанын көрермін деген ниетпен Шамға кетеді. Кейіннен Хазіреті Әбу Убайда және өзге де беделді сахабалардың осы оба ауруынан шехит болған хабары Мадинаға жетеді. Хижри 18 жылы Шам өлкесінде шыққан осы «Амуас обасынан» 25 мың адам өледі .
Хазіреті Омар тағдырдың өзгеруі үшін Аллаһқа үнемі дұға еткендігі белгілі. Ардақты сахаба былай деп дұға ететін: «Аллаһым! Егер есімімді шақилардың (жамандар, тозақтықтар) арасында жазған болсаң, атымды ол жерден өшір. Егер сайдтардың (бақыттылар, жәннәттықтар) арасында жазған болсаң сол жерде берік қыл. Өйткені Сен «Аллаһ қалағанын өшіреді, қалағанын қалдырады. Негізгі Кітап (Уммул Китаб) Оның қасында» (13.Рағыд – 39), деп айттың. Сенің бұл сөзің хақ» (С.Вехби, Мәжмуатул-Маариф, Коня 1327, 123 бет).
Егер де тағдыр мен қаза өзгермейтін, яғни адамның қолынан тағдырын өзгерту келмейтін болса, Хазіреті Пайғамбарымыз (с.а.у.) бен Хазіреті Омар бұлай істемес еді, әрі арттарында әлгіндей ғибратты оқиғалар қалдырмас еді. Олай болса, тағдырдың өзгеруі пенденің тілеуімен Аллаһтың қалауымен болатын жайт екен.

[ Жоғары ]

 Тауап дегеніміз не?

Тауап – араб тілінде зиярат ету, бір нәрсені айналу сияқты мағыналарды білдіреді. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – Қасиетті Қағбаны жеті рет ғибадат ниетімен айналу. Тауап Аллаһ Тағаланың аршының айналасында тауап ететін періштелер тәріздес Аллаһ Тағалаға деген сүйіспеншілікпен, тағзыммен жасалатын ғибадат. Пайғамбарымыз (с.а.у.) тауаптың намаз тәріздес ғибадат екенін білдіреді: «Байтуллаһтың (Қасиетті Қағба) айналасында тауап жасау – намаз оқу сияқты. Ерекшелігі тауапта сөйлеуге болады, бірақ тауап жасап жүріп кім сөйлесе, қайырлы сөз сөйлесін». (Тирмизи, Хаж,112)
Қағбаның оңтүстік жағындағы бұрышында «Хажарул-Әсуәд» деп аталатын қасиетті қара тас бар. Тауап осы қара тастың қарсысынан басталады. Қағбаны жеті рет айналады. Әрбір айналымға «шаут» делінеді. Жеті рет айналғанда, бір тауап толық бітті деп саналады. Тауапта айналымдарды бірінен кейін бірін істеу шарт емес. Тауап толық бітпей жатып, ортасында дәрет алып, намаз оқып, қайтадан айналуды одан әрі жалғастыруға болады.
Тауап жасап жатқан уақытта парыз намаздары үшін қамат айтылса, тауапты тоқтатып, жамағатпен бірге намазға тұру керек. Қалған айналымдарды намаздан кейін жалғастырады.

[ Жоғары ]

 Хадисте «Бақытты адам анасының құрсағында-ақ бақытты, бақытсыз адам анасының құрсағында-ақ бақытсыз» делінген екен. Оны қалай түсінуге болады?

Иә, әрбір адамның бақытты болу-болмауы анасының құрсағында жатқан уақытта-ақ жазылып қояды. Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әли сияқты заңғар сахабалардың иман нұрымен нұрланып, екі дүниеде де бақытты болатыны және Әбу Жәһил, Әбу Ләһәб секілді имансыз жандардың бақытсыз болатындығы аналарының құрсақтарында жатқан уақытта жазылған. Бірақ, бұл жазылу – олардың мына дүниедегі ниеттері мен қалаулары есепке алынбастан жазылмайды. Яғни, Аллаһ Тағала әзәли ілімімен барлық адамның мына дүниеде не істейтінін, қалауларын қай бағытта қолданып, иманды яки имансыз болатындықтарын алдын ала білгендіктен солай жазып қояды. Олар Аллаһ Тағала жазғаны үшін бақытты не бақытсыз болмайды. Керісінше, олардың бақытсыз яки бақытты болатынын Аллаһ Тағала әу бастан білгендіктен тағдырларына солай жазған.

[ Жоғары ]


     

Видеолар

 

 
     

Аудиолар

 

 
     

 Ғибратнама

     

Сахабалар

     

Сұрақ - жауап

     

Рамазан хадисі

    «Уа, жастар! Араларыңыздан үйленуге жағдайлары барларыңыз үйленсін. Үйлену – көзді харамнан, бойды күнәдан сақтайды. Үйленуге жағдайы жетпегендер ораза тұтсын. Себебі ораза ол үшін қалқан»

    (Бухари, Саум, 10; Әбу Дәуд, Никаһ, 1)